Көп көңілінде қалған Қонай
Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдардағы сандарына көз жүгірткенде Қуаныш Әлжанов деген атпен берілген мақалалар алдыңыздан жиі шығар еді.
Жүрегі де, жүрісі де сергек, денсаулығы соншалықты мығым азаматтың ғұмыр белесін тағдыр қырық төрт жаспен шектеді. Осы өлшеулі мерзімде ол өмірге құштарлығын, адамдарға деген ақ көңілін бір сәтке де бәсеңдеткен емес.
Біз бұл мақаламызда көпшілік ортасында Қонай аталып кеткен азамат-ағаның адамгершілік асыл қасиеттеріне көбірек назар аударғанды жөн көрдік.
Ақындық жолы бір басқа…
Қонай ағамыздың журналистік қабілетімен бірге ақындық таланты да ешкімнен кем емес-ті. Бірақ өлеңдерін жария етуге онша құштарлық танытпайтын. Облыстық газетте ол қызмет атқарған жылдарда Мұхтар Құрманалин, Смат Қабылбаев, Есенбай Дүйсенбаев секілді атағы алысқа жететін ақын ағаларының туындылары жиі жарияланып жататын. Бәлкім, өзі ардақтап, құрмет тұтқан сол кісілермен жарыса шапқысы келмеген де болар. Шын мәнінде, ол қай жағынан да мәдениетті, үлкеннің алдына шықпайтын, қатарларына да жол беріп жүретін инабатты жігіт болатын.
Оның бозбала кезеңдегі, жастық шақтағы жазған бірсыпыра өлеңдері Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жарияланып тұрды, өзі қызмет істейтін облыстық газетке де анда-санда ұсынып қоятын.
Мәз бола алман аға арқаға қақты деп,
Құлын-өлең желіні үзіп шапты деп.
Құнан шығар, дөнен шығар кезі алда,
Ал мен кеттім қақпамды жыр қақты деп…
Бұл Қонайдың өлең өлкесіне алғаш рет жүрегі өрекпіп ұмтылған тұстағы көңіл күйі болса керек.
Одан кейінгі бір жыр жолдарын ардақты әкеге арнайды.
О, әке, мейріміңді төктің маған,
Борышым тау іспеттес өтер саған.
Сен үшін кеудем менің кең бір жайлау
Жырымды көкірегіңе гүл қып тағам, — деп бір тереңнен тебіренеді.
Өзін құшағына қысып өсірген аяулы әжесін де ұмытпайды.
Ақ жүзіне көз жіберіп өтіп ем,
Сызықтанып әжім басқан бетінен.
Ұққандаймын қасиетін өмірдің,
Әжімдері сыр шерткен шетінен, — дейді ол.
Оның әрбір жырының астарында орамды ой, көңіл толқыныстары жататын. Соңынан ерген інісі Қонысбайға арнаған өлеңінде:
Жүргем жоқ қамыменен қара бастың,
Сен болсаң биіктен де құламаспын.
Көгеріп тұратұғын себебіміз —
Екенбіз қос бұтағы бір ағаштың, — деуі бауырлардың арасындағы сыйластықты, бір-біріне деген жылы сезімді білдіреді.
Қолына қалам ұстаған ақындардың махаббат ауылына соқпай өтері болмайды.
Жүрек болып кеудемді ұрғыладың,
Жанарыңмен жанымды бұрғыладың.
Жай оғыңның жарқ еткен жарығымен
Құшағыма нұр болып бір құладың, — деген нәзік иірімдерімен ол оқырманының да ыстық ілтипатына ие болған-ды.
Оның артында осындай жылы жазылған талай жырлары қалды. Соның барлығы Қонайдың жалындаған жүрегінің жалпы адамзат қауымына деген сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын білдіретіндей.
…Бір күні Қонай ағамыздың өзі өлеңнің кейіпкеріне айналды. Жетпісінші-сексенінші жылдары Коммунистік сенбілік өткізу барлық мекеме-кәсіпорындар үшін міндетті іске айналғандай кезең болды. Сол күні ұжым мүшелері қолдарына күрек-тырмасын алып, қала тазалығына үлес қосуға шығады. Бұл бір жағынан мереке де іспетті. Үлкен-кішісі бар, журналистер әзілдесіп жүріп көзделген шаруаны тиянақты етіп тез бітіріп тастайды. Содан кейін қалыптасқан дәстүрі бойынша сенбіліктен соң редакция ұжымын бір қызметкер үйіне қонаққа шақырады. Ет асылып, шай қойылып дегендей бәрі арқа-жарқа болып қалады. Сол жолғы кезек жас журналист Қуаныш Әлжановқа тиген сияқты.
Тағы бір қызығы, сенбілік қорытындысы бойынша редакцияда қабырға газеті шығарылады.
Редакциядағы қаламы ұшқыр ақын Есенбай Дүйсенбаевтың қабырға газетіне шыққан әзіл шумақтары көпшілік аузында көпке дейін айтылып жүрді. Онда мынадай жолдар бар еді:
Идош бәрін байқайды,
Камал балшық шайқайды.
Бүгін қонақ келед деп,
Қонай үйге қайқайды…
Қонай ағамыз былайынша да қонақжай адам еді. Ол уақытта ауылда тұратын ағайындардың қазіргідей қалада бір-бір үйі жоқ. Сол ағылып келіп жататын тума-туыстарды былай қойғанда, таныс-білістердің өзі оның төрін босатпайтын.
Ал дастарқаны берекелі Қатира жеңгеміз күлімдеп жүріп бәрін атқаратын…
Айтылар естеліктер ол туралы…
Ол өмірге құштар еді…
Бір орында байыз тауып көп отырмайтын. Ол кезде журналистер көбінесе мақаланы қолмен жазады да, теруге машинистка апайлардың қолына береді. Әр журналистің жазуы әртүрлі. Әп-әдемі етіп, түсінікті қылып жазатындары бар. Екінші қайтара оқығанда өздері де не жазғанын ұғына алмай, басқаларынан сұрап алатындары және кездеседі. Ал машинистка апайлар соның қай-қайсысын да көздерінің қиығымен қарап, кідірместен тере береді.
Қонай да терімшілер бөлмесіне асығыс кіріп, жазғандарын тастап шығып бара жатқанда апайлардың бірі ыммен кідіртіп, әйтеуір, бір шаруасын айтып қалады. Қонай ағамызда «жарайды!» деген бір ғана жауап. Күніне бір адамға көмектеседі. Ол кезде үнді шайын, сары май дегендер қолға түспейді. Телевизор, түрлі жиһаздарға қол жеткізудің өзі бір ақырет. Осының бәрін ол көшеге бір шықанында тиянақтап қайтатын.
Қонай өмірден өткеннен кейін көп адамдар оның осындай ізгілікті, ізгі қасиеттерін сағынып, ерекше құрметпен еске алып жүрді.
Журналистика ардагері болған Айдос Шөкіштің бір естелігіне көзім түсті жақында. Ол былай деп жазыпты: «Мен Торғай облысы жабылғасын 1988 жылғы маусымда «Коммунизм жолымен» «жүріп» өтіп, енді ғана «Ақтөбе» атанған газет редакциясының босағасын имене аттадым.
Газеттің бас редакторы Нұрқайыр Телеуов аға жылы қабылдап, облыстық газеттің Ленин ауданы бойынша меншікті тілшісі етіп тағайындау жөнінде бұйрық берді. Қазақ мемлекеттік университетінде сырттай оқып жүргенде жерлес ретінде танысқан Аманқос Орынғалиұлы, партия мектебінің «қызығын» бірге бөліскен Ұзақбай Төлебаев жақын тартып, тілектерін білдіріп жатыр.
Отбасы әлі Арқалықта. Түске дейін редакция кеңсесінде алаңсыз отырып, түстен кейін «бүгін қайда қонатынымды» ойлайтынмын. Автокөлік кәсіпорны кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуаныш Әлжанов өз демалыс үйлерінен жолдама алып беріп, көп көмектесті».
Иә, бұл Қуаныш ағаның өз әріптестеріне жасаған көп жақсылық-қамқорлығының бір парасы ғана еді. Ол мүлдем басқа салаға қызмет ауыстырғанымен де журналистикадағы жолдастарын еш уақытта ұмытқан жоқ. Тіпті бірсыпырасының сауықтыру орындарына баруына жағдай жасады, қаншама қаламгер бауырларының балаларын балабақшаға орналастырды, көптеген мектеп оқушыларын жазғы лагерьлерге жіберіп, көптің алғысын алды.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын белгілі сатирик Көпен Әмірбеков өзінің курстас досы Қуаныш Әлжанов туралы «Ерте сынған емен» атты эссе жазды. Сағынышқа толы иірімдер көңіліңді толқытады, жүрегіңді жылытады.
Үзінді келтірейік: «1968 жыл. Шілде айы.
Қарашаңырақ КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдық. Киров көшесіндегі жатақхананың бір бөлмесіне бес жігіт жайғастық. Қасында әкесі бар боталы түйе секілді жас жігіт жайраң қағып тұр. Аты Қонай екен. Ақтөбенің Шалқар ауданының Жылтыр деген жерінен келіпті. Әкесінің аты — Нойыш. Әкесінің қолы ашық, баласының жолы ашық, бәрімізді асханаға апарды. Аузымыз аққа тиіп жарып қалдық.
— Мына Қонай екеуің түйдей құрдас екенсіңдер. Дос боп бір-біріңе қарасып жүріңдер! — деді әкеміз маған.
Қонай — жібектей есілген жігіт. Биязы. Қабағыңа қарап сөйлейді. Жұғымды. Бірақ басынан сөз асырмайтын сияқты. Әп дегеннен тай құлындай тебісіп өскен бір ауылдың балалары секілді тез тіл табысып кеттік.
Бастапқы оқуға түскен кезде студенттер арасында өлең шығармайтыны сирек. Қонай да ақын. Бірақ жұлынып тұрған жоқ. Бірсыдырғы. Ауыздықпен алысқан арғымақ секілді арын байқалмайды. Мінезі жұмсақ. Тақырыбы — табиғат, туған елі мен жері.
Бірде «Көл бетінде көк толқын әжімденген» деген жолдарын мақтадым. «Қай ақын көл бетін әжімге теңеген? Сен ғана? Сен!» деп жігерлендіріп қойдым. Бірақ ол курстағы басқа ақындарды айтып, шегіншектей берді. Бұл — қарапайымдылығы, сыпайылығы еді».
Қонай досым жақсы өлеңді жазып жүрді. Бірақ жарияламады. Қойын дәптерлерінде қалып қойды. Жарнаманы ұнатпайтын».
Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин да берігіректегі бір естелігінде бірқатар курстастарымен бірге Қонай есімін де атап өтіпті.
«…Бірсыпыра жігіттеріміз бен қыздарымыз қайтпастың кемесіне мініп кеткен. Тірілеріміз тіршіліктің қамымен жүрміз. Бәрібір өлшеулі дүние ғой, өлшеулі…
Шығармашылық еңбек жолын «Лениншіл жастан» бастаған Марат Қабанбаев курстасымыз қазақ прозасын соны леппен сергітіп, Ханс Христиан Андерсен атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды, ақындар базарының ақ сәулесі, ғажап лиригіміз Күләш Ахметованың Қазақстан Ленин комсомолы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанғанына бір марқайып қалдық. Бейсенбай Сүлейменов— республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы, Көпен Әмірбеков «Ара» журналының бас редакторы болды.
Телерадиокомитеттің орталық аппаратында қызмет істегенімде Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Ақтау қаласына барғанымда Бекзаттар Дінәсілов пен Әмзе Молдабаевқа жолықтым.
Ақтөбеде Қонай Әлжанов курстасым ұшыраса кетті. Баяғы ақжүрек қалпы, алдымнан аңқылдап шықты. Бірге оқыған жолдастарымызды сұрап мәре-сәре болды, мен атаған курстастардың жетістіктеріне шын жүректен қуанғанын білдірді».
Белгілі журналист Серік Жолдыбайдың жазбалары да Қонай ағаның өзгеше бір қырларын аша түседі.
«Біз университеттің журналистика факультетінің қабырғасында студенттік балдәурен шақтарды бірге өткердік, — деп жазады ол. — Осының өзі, әрине, ғұмыр бойы бір-бірімізге қатты сенетін, сыр жасырмайтын достық қарым-қатынаста қалуымызға әбден жеткілікті болды.
Сол кезде Қонайдың әкесі Нойыш аға Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының сырттай бөліміне құжат тапсырып, оқуға түсті. Ол бізді кафеге емес, астананың міндетті түрде ең таңдаулы мейрамханаларының біріне қарай бастайды…
Қонай облыстық газетте біраз жыл қызмет істеп, сосын біраз уақыт өндірістік автокөлік бірлестігінің біріккен кәсіподақ комитетін басқарды. Қолында едәуір мүмкіншіліктер болды. Реті келгенде қайырым-көмегін ешкімнен аямады. Барға малданған, қызмет машинасын мінгеніне шіренген жоқ. Әлі де жаяулап-жалпылап жүрген бұрынғы әріптестерінен «бүгінде сендерден ауылым басқа» деп сырт айналып кетпеді. Әрине, патша да, жарты патша да болмағанымен, өзі ортасынан шыққан журналистерге қолынан келгенше жәрдем жасауға әрдайым әзір тұратын».
Жылтыр деп аталатын ауылдан қолдарына қалам ұстаған біраз журналист шықты. Солардың қатарында Қуаныш Әлжанов есімін жерлестері қай кезде де мақтан тұтады.
Белгілі қаламгер Серікқали Байменше айтқан әңгіме біздің кейіпкеріміз туралы пайымымызды толықтыра түсті.
«Мен мектеп бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің бірінші курс студенті атанғанымда, Қуаныш бесінші курсқа көшкен екен. Сол кездегі дәстүр бойынша біздің кездесуіміз өтті. Өз қатарының ішінде беделі жоғары, сырт көзге салмақты да сыпайы көрінетін ағамыз мені бұрыннан да жақсы біледі ғой, өзінің ақыл-кеңесін айтып жүретін, — дейді ол. — Аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тәжірибеден өтіп жүрген кезі есімде. Үш аяқты мотоциклмен аудан орталығына кетіп бара жатады, құйғытып қайтып келе жатады. Сол уақытта мақалалары жергілікті газетте көп шықты.
Жақсы ақын еді, өлеңі көп болатын.
Менің тағы бір байқағаным — курстастары шетінен талантты еді. Олар қатар жүріп журналистикада, әдебиетте өздерін көрсетті. Қонайдың қаламгерлік қабілеті осындай ортада қалыптасты.
Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын, көпшіл болатын, өзін бөлектемейтін. Жымиып тұратын».
* * *
Оның артында журналистік еңбектері, көптеген өлең, әңгімелері мұра болып қалды.
Өзі өмірден ерте кеткенімен, сөзі сақталды. Ал кейінгі ұрпаққа сөзі жеткен адамды өлді деуге бола ма?!
Қуаныш Әлжановтың өмірден өткеніне де 30 жылдың жүзі болыпты. Бауырлары мен балалары құран оқытып, ағайын-туыс пен көз көргендерді жинап ас бермекші. Еске алу шарасы 28 қыркүйек күні Шалқар қаласындағы Матай Қоқанұлы мешітінде сағат 16.00-де өтеді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.