«Ақтөбе» — 100!

Қазынашылармен кездескен сәт

Құрамына облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері және «Үш таған» журналы кіретін «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті қызметкерлерімен кездесті. Кездесу ғасыр жасаған «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі уәкілдердің 2024 жылға арналған үлгілік жұмыс жоспары бойынша қазынашылық департаментінде азаматтық қоғам институттары және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау іс-шаралары өткізілуде. Осыған байланысты азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ашық есік күні науқанын өткізуді ұйымдастырдық. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Ақтөбе» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне биыл 100 жыл толып отыр. Мерейтой аясында редакция ұжымымен кездесу ұйымдастыруды жөн көрдік, — деген Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Рахым Мыңбаев ұжымға редакция өкілдерін таныстырды.

Кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Мемлекет хатшысы Ерлан Қариннің басылымның мерейлі жылына арнаған құттықтау хаты ұжым үшін үлкен серпіліс болғанын тілге тиек етіп, жүз жасқа толған «Ақтөбе» газетінің тарихына аз-кем тоқталып өтті.

Бүгінде облыстық газеттердің ұстанған өз форматы бар. Газеттерді гаджеттермен салыстыруға болмайды. Мерзімді басылымдардың қоғамда өз орны, бағыты болады. Газет шығару — ұжымдық жұмыс. Кезінде «Ақтөбе» газетінде Қуандық Шаңғытбаев, Тобық Жармағанбетов сияқты белгілі қаламгерлер қызмет еткен, — деген «Ақтөбе Медиа» компаниясының басшысы департамент қызметкерлерін биыл еліміздің қазынашылық жүйесінің құрылғанына отыз жыл толу мерейтойымен құттықтап, облыстың бас қазынашысы Рахым Мыңбаевтың әкесі Төлеген Мыңбаевтың бір кездері Темір аудандық газетінде жемісті еңбекеткенін атап өтті.

Сондай-ақ басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нүркеева, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, ардагер журналистер — Жанғабыл Қабақбаев пен Жақсылық Айтжановтар сөз сөйлеп, ұжымды басылымға жазылуға үлес қосуға шақырды.

Өз кезегінде облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Жұмасейіт Сағынғазы мен аталған департаменттің персоналмен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Гүлайна Дәлелхандар облыстық газеттердің қоғамдық пікір тудырудағы маңыздылығына тоқталып, «Ақтөбе» газетін мерейлі тойымен құттықтады.

Кездесу соңында жиналғандар редакция тарапынан департаменттің акт залында жасақталған шағын мұражайды тамашалады. Бұдан соң қонақтарға қазынашылық органның шағын мұражайы таныстырылып, естелік суретке түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button