«Ақтөбе» — 100!

Дара мінездің иесі еді…

Облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихына үңілгенде Иман Төренияз есімі де алдыңыздан жарқырап шыға келер еді.

Ол бұл басылымда еңбек еткен жылдар елімізде қайта құру деп аталатын өтпелі кезеңмен сәйкес келді. Бұл үйреніп қалған көнені қиып кете алмай, жаңа атаулыға жатырқап қарап, заман көшіне қалай ілесеріңді болжамдауың қиындау бір кезең еді.

Иман ағамыз облыстық газеттегі қызметін басылымның корректорлығынан бастады. Бұған дейін Мұғалжар аудандық газетінде қызмет атқарып, біраз тәжірибе жинап келген оған жаңа ұжымға сіңісіп кету қиынға соққан жоқ. Алғашқы күннен іске мұқияттылығымен көзге түсті.

Көп ұзамай газетке тілші болып келді. Бұл уақытта облыс орталығындағы көптеген ірі мекеме-кәсіпорындар жаңа экономикалық саясатқа көшіп, жекешелендірудің алғашқы қарқыны басталған еді. Атап өтерлігі, көптеген ұжым басшылары өзге ұлт өкілдері болатын. Олар басқарып отырған жерлердегі игіліктердің иесі ретінде өздерін бекем сезініп, қазақ кадрларына қырын қарап, ара-араларында өркөкіректік танытып қоятындары да аз болған жоқ.

Иман Төренияз өзінің бір жағынан журналистік қызметін пайдаланып, екінші жағынан осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою мақсатында көптеген жұмыстар атқарды. Ара-арасында сын мақалалар жазып, дандайсыған шовинист шенеуніктерді кәдімгідей ықтырып та алды.

Газеттің сол жылдардағы тігіндісіне көз сала отырып, оның қаламынан көптеген мақалалар туындағанын байқаймыз. Мәселен, «Экономикалық байланыстар» айдарымен «Ақтөбе-Стармод Лейзер-Бирпа» бірлескен қазақ-түрік фирмасы туралы жазғаны сол мезгілдегі қазақ жерінің байлығын игерудегі жаңашылдықтар жөнінде баяндайды.

«Лизингтік әдіс фермерлерге тиімді» деп аталған мақаласында экономикада жекешелендіру өріс алған соң шаруашылықты жүргізу механизмдері өзгергені, меншік иесі барлық мәселеде өз жағдайын дербес әрекеттер арқылы түзеуі тиістігі нақты дәлелдермен келтіріледі.«Бүгінде Мұғалжар ауданындағы «Темір», «Орқаш», Октябрь ауданының «Ащысай» және «Жаманағаш», Мәртөк ауданының «Жайсаң-6»  кооперативтік шаруашылықтары лизинг арқылы көп шаруасын түзей бастады» деп алғашқы талпыныстар нәтижесін жұртшылыққа ұғынықты етіп жеткізеді.

Тағы бір мақаласы «Атақ алма, алғыс ал!» делініпті. Онда Ақтөбе аудандық мәдениет бөлімінің өз істеріне сын көзбен қарап, облыстық мәдениет басқармасы мен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы берген социалистік жарыс озаты атағы мен ауыспалы Қызыл тудан бас тартқаны айтылады. Неге? Журналист бұл сұраққа аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі В.Ширяевпен сұхбат арқылы жауап береді.

Иман Төренияздың қолтаңбасы аудандық «Мұғалжар» газеті тарихында да сақталып қалды.

«Иман ағамыз негізі білімді адам болатын. Ұмытпасам, Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген болуы керек, саясаттан да, халықаралық жағдайдан да терең хабардар болып, әріптестер арасында пікірталас туындай қалған жағдайда өз ұстанымын айқын білдіріп, келіспейтін тұстарында алған бетінен қайтпайтын және нақты дәлелдер келтіріп, өз ойларына сендіре білетін.

Сексенінші жылдардың алғашқы жартысында біздер Мұғалжар аудандық газетінде бірге қызметтес болдық. Газет ол кезде «Октябрь туы-Знамя Октября» деп аталатын. Аудандық басылымның жұмысы тынымсыз, бір нөмірден екінші нөмірге деп жанталасып жүреміз. Соның өзінде ара-арасында әңгімелесуге уақыт табатынбыз.

Негізі, ол кісінің азан шақырып қойған аты Иван болатын. Әке-шешесі бала тұрмағасын кезінде осылай қойса керек. Негізі, ұлтжанды, намысшыл адам ғой, кейін Иваннан қашып, есімін Иманға ауыстырып алды», — дейді журналистика ардагері Серік Омаров ол туралы.

Ал Иман ағамыздың өзі аудандық газеттің өзіне көп нәрсе үйреткенін жалықпай айтып отырушы еді. Ол басылымда Жақып Тоқтағұлов, Амантай Өтегенов, Жолдымұрат Сегізбаев, Қуаныш Кенжеғалиев, тағы басқа қалам иелерімен қанаттаса жүріп еңбек еткенін білетінбіз.

Бір жылдары Иман ағамыз екеуміз белгілі мұнайшы, қазақ мұнайының алғашқы қарлығаштарының бірі Әби Құрғұлов туралы естеліктер жинағын шығаруды көздеп, жұмысқа кірісіп кеттік. Сол кезде ол қолға алған істі бітірмей тыным таппайтындығын көрсетіп, ескі көз шежірелермен сөйлесіп, олардың әңгімелерін қағазға түсіріп, өзіне тән тездікпен еңбек еткені есімде.

Кейінірек Қазақстандағы алғашқы халықаралық басылым «Заман-Қазақстан» газетінің батыс облыстардағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Қазақстан мен Түркия арасында ақпараттық байланыс орнатуға елеулі үлес қосқан бұл басылымда оның саяси, әлеуметтік, экономикалық, танымдық тақырыптардағы біраз мақаласы жарық көрді. Сонымен бірге өзіне бекітілген облыстарда газет таралымын көбейтуге де мол үлес қосты.

…Байғанин ауданының Кемерши ауылында дүниеге келген ол Жарқамыста орта мектеп бітіріп, кейін осы білім ордасында шәкірттерге дәріс береді. Сол өңірден шыққан қаламгерлерді ерекше қадірлеп отыратын. Тобық Жармағамбетовтің талантын айрықша бағалайтын, Сағи, Өтежан, Есенбай, Сәбит өлеңдеріне ерекше ден қоятын. Қажығали Мұқанбеқалиевпен сыйластығы бөлек еді…

Өзінің Сәңкібай бидің ұрпағы екенін айтып, «маған қарсы келе бермеңдер, менің бойымда да бабамнан қалған қасиеттер бар» деп мақтаныш сезімін білдіріп қоятыны бар-ды кейде.

Оның киім киісінде, жүрген жүрісінде ерекше бір сырбаздық, сыпалық бар еді. Денесінде бір артық қырым еті болмайтын ол өзін әрдайым сергек ұстайтын. Қағаз-қаламы, блокноты жанынан тастамайтын қол сөмкесінде мұқият салулы тұрады.

Қолы босаған сәттерінде байыппен әңгіме қозғап, домбырасын әдемі сырлы сазбен шертіп отырушы еді…

Ол осындай ешкімге ұқсамайтын дара мінезімен, турашыл кейпімен жадымызда сақталып қалды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button