«Ақтөбе» — 100!

«Белсенді аз, оны даярлауға қаржы кем…»

Кеңес заманының, әсіресе бастапқы онжылдықтары бітпейтін науқан, ұран, дүрлігіспен өткені белгілі. Алғашында бірден-бір социалистік мемлекет ретінде жан-жағының бәрін жау санап, ал өз халқын бай мен кедейге бөліп отырғандықтан, ішкі күштерге тағы сенім арта алмай, ел қорғау мәселесінде де қайшылықтар көп болған.

Басқа барлық саладағы секілді, бұл мәселені де белсенділер, халықтан жиналған қаржы арқылы шешуге күш салынған. Осы мақсатта елде Осоавиахим ұйымы құрылды. Тарқатып айтқанда — КСРО-дағы қорғаныс пен авиациялық-химиялық құрылысқа ықпал ету қоғамдарының одағы. 20-жылдардың басында бұл екі бөлек ұйым болған: ОСО және Авиахим. 1927 жылы 23 қаңтарда әскери және теңіз істері жөніндегі халық комиссары К.Ворошиловтің ұсынысымен екі ұйым біріктірілді.

Осы кезеңде қазіргі облыстық «Ақтөбе» газетінің бастауында тұрған губерниялық «Кедей» газетінде Осоавиахим ұйымының істері, жалпы ел қорғау мәселелері жөнінде жиі жазылған. Тіпті бұл ең басты тақырыптардың бірі болды. Бұл материалдардан қызыл армияға қазақтан командирлер даярлау, олардың арасында кеңес билігі өзіне жау санаған байлар мен атқамінерлердің балалары болмауын қатаң қадағалау жұмыстарының дүрлігіспен өткенінкөреміз:

ЖАЙЛАУДАҒЫ САБАҚ ЖАҚСЫ

Орта Азия әскерлік мектебінің оқушылары үйеннің бірінде жайлауға шықты. Жайлауда қыс бойы оқыған сабақтарын іс жүзінде, тәжірибе ретінде істеп жатыр. Оқушыларды соғыс уақытында қолданылатын түрліше әдістермен таныстырады. Әскерлік мектебінің оқушылары жақын жердегі ауылдарға барып, оларды соғыс жайы, құралдарымен таныстырып отырады.

Биыл бұл мектепті 254 камандір бітіріп шыққалы тұр.

Әсенұлы К.

«Кедей», №25 (187),

25 шілде, 1928 жыл.

ЖҰМЫСЫМЫЗ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Ел қорғау жетісін бірінші рет өткізгенімізге бір жыл болды. Енді біз осы бір жылдың ішінде не істелді? Қандай кемшіліктеріміз болды? Соларды екінші ел қорғау жетілігінде шолып өтуіміз керек.

Гүбірнеміздегі Осоабиахим ұйымдары арқылы 7977 сом 77 тыйын ақша жыйналып, Отанымызды қорғау жұмысын күшейтуге орталыққа жіберілді. Ұйым мүшелері 2000-нан 7063-ке шейін өсті. 41 атыс, соғыс және басқа өнер үйрететін үйірмелер ашылды. 18 соғыс бұрышы ұйымдастырылды. Бірнеше атыс бәйгелері болды. Осоабиахим мүшелері комсомолдарға соғыс өнері үйретілді.

Соғыс ілімін үйрететін үйірмелердің басқарушыларына арналып, курс ашылып, олардың оқушыларының жартысы қазақ болды. Соғыс жайынан дұрыс мағлұмат беретін кітаптар алынып, жастардың арасына таратылды. Белсенділеріміздің қоғам жұмысына араласулары жақсы болды.

Осылармен қатар, кемшілік те бар. Көп кемшіліктің бірі ұйа мүшелігіне қазақтан аз тартылды. Әсіресе қазақ қыздары. Қазақ жастарынан шыққан белсенділеріміз кем. Қоғам жұмыстарына әйелдер көңілдегідей тартылып, олардың арасында қызмет жүргізілмеді.

Бірқатар мүшелердің өз міндеттеріне жете түсінбегендіктерінен,қоғам жұмысына кедергілер болды. Бізде белсенділер аз. Белсенділер дайарлап шығаруға қаржы кем.

Екінші ел қорғау жетілігінде осы секілді кемшіліктерді жойып, жалпы әлеумет жұмысы — қоғам жұмысының көтерілуіне көңіл қойу керек.

Осы кемшіліктерді жойатын құралдың бірі — окріктік кеңес сексиелері мен аудандық Осоабиахим кеңестері. Осылардың көбі осы уақытқа шейін болмады. Болғандарының қызметі жанданбады. Соның үшін ең алдымен осыларға назар салып, қазметін көтеру керек.

Дыриго.

«Кедей», №25 (187),

25 шілде, 1928 жыл.

ЕКІНШІ «ЕЛ ҚОРҒАУ» ЖЕТІСІ

Үйелдің 15-інен 22-сіне шейін біздің гүбірнеде ел қорғау жетісінің жалпы әлеуметтік-саяси науқаны жүргізіледі. Бұл науқанның мақсатына жаңа аудандардың орталық ұйымдастыру жұмысын ретке салу; аудандық Осоабиахим жұмысын тексеріп, ұйымдардың жұмысын сапа жағынан көтеру: мүшелік ақы алушыларды ажырату; ауыл, пөсөлкелерде ұйымның қанатын жайу; Осоабиахим ұйымдарының жалпы жұмысын көтеру, нығайту қорына жәрдем жыйнау және өзіміздің әзірлігімізді сынау жұмыстары кіреді.

Ел қорғау жетісінде кеңес қоғамдығын күшейтумен қатар, жалпы еңбекшілерді кеңес елін қорғау жөнінде тәжірибе жұмысына тарту керек. Ауылдарда, пөсөлкелерде, мекеме жанында және мектептерде Осоабиахим ұйымы ашылсын. Бұл ұйымдардың жұмыстарының оңды болуына партиа, комсомол және кәсіпшілер одағы қарап, бақылап отыру керек.

Өткен жылғы бірінші «ел қорғау» жетісіндеОсоабиахим қорына қаржы жыйналып, ұйымдарымыздың саны артты. Бірақ ауылдарға дейін жете алмады. Сондықтан быйыл Осоабиахим ұйымдарын ауылға дейін жеткізіп, ауылдарда белсенді ұйымдар ашу жұмысына барлық күшімізді жұмсауымыз керек.

Бұл жұмысқа жалпы гүбірне еңбекшілерін шақырып, солардың белсенді қатынасуларымен орындаймыз. Неғұрлым қаржы мол болса, соғұрлым Осоабиахим ұйымдарымыздың белсенділігі артады. Неғұрлым біздің әзірлігіміз артық болса, соғұрлым бізге қауіп те азайады.

Лисиб.

«Кедей», №24 (186),

17 шілде, 1928 жыл.

 

ӘСКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРГЕ КЕДЕЙ, ЖАЛШЫ ЖАСТАР АЛЫНУЫНА ЗЕР САЛЫНСЫН

Кеңес өкіметі — жұмысшы, қара шаруа өкіметі. Жұмысшы мен қара шаруаның қожа болғанын байлар мен байшыл өкіметтер сүймейді. Кеңес елінің төңірегі ылғи байшыл патшалықтар. Олардың кеңес өкіметіне ойлаған ниеті — арамдық. Мұны кеңес елі біліп, көріп, сақтық жабдығын жеп отыр.

Жаудан қорғану жаудың білгенін білген күнде болады. Байшыл өкіметтер соғыс бастығын шығаратын мектептер ашып, байдың мырзаларын кіргізіп, әпесерлер шығарып жатыр. Кедей балаларын әскер басылыққа оқытпай отыр. Ондағы ойы мырзаларды әскерге бастық етіп, кедейлерді соғысқа айдап салмақ. Олардың ойлағаны болып, кедейлердің айдауға жүре қойуы оңай емес. Өйткені кедейлер аттың түгіндей де, байлар аттың төбеліндей. Оның үстіне кедейлер кімнің дос, кімнің қас екенін жылдан жыл біліп келеді.

Бізде де әскер басы шығаратын мектептер ашылып, өңкей кедей балаларын оқытып шығарып жатыр. Жаңадан ашылып, жаңадан оқушылар алғалы отырған мектептер де бар. Кеңес мектебі байшыл өкіметтердің мектептерінен ақ пен қарадай айырылады. Себебі кеңес мектебінде кедей балалары оқиды. Кедей балалары бастық болады, кедей балалары әскер болады. Іштерінде мен бай, сен кедей деген сөз болмайды.

Байлар өкіметінің, байшыл өкіметтердің әскерінде, әскер басыларында мұндай бірлік болмайды. Бастығы бай мырзалары, әскері кедей балалары. Екеуінің тілегі екі басқа. Тар жол, тайғақ кешу кез келсе, мұндай екі тап балаларының арасы ыдырап жүре беруі мүмкін. Бастық болып әкіреңдеп жүрген мырзаларды шалқасынан салып, кеудесіне мінуі қиын емес.

Кеңес әскерінде мұндай тап жоқ. Бай балалары әскер басы болу түгіл, жай әскерлікке де алынбайды. Осы жағдаймен кеңес өкіметінің қызыл әскерінің іргесі бүтін, қабырғасы берік. Екі-үш жылдан бері қазақ жастарына да әскерлік дайындығы жасала бастады. Быйыл 1906-ыншы жылы туған жастарды қызыл әскер қатарына алғалы отыр. Бұл жұмыстың осылай болатынын біліп, ілгері бастан қазақ жастарын үйрететін қазақ камандірлер дайарланып еді. Олардың саны алынатын жастардың мөлшеріне қарағанда кем болып отыр.

Әскерлікке алынған қазақ кедейлерінің балалары қазақ камандірлер болғанда жақсы үйренбек. Әскерлік жұмысына жақсы жаттықпақ. Соның үшін қала-қаладағы әскерлік мектептерге қазақ кедейлерінің балаларын алуға ұйғарылып отыр.

Әскерлік мектептеріне бала алу үшін аудандық, одан жоғарғы мекемелерде сарапшы кемесие құрылды. Бұл кемесиелер сентебірдің бірінен бастап жұмысқа кіріспекші.

Бұл — осы күнгі ірі жұмыстың бірі. Бұған қосшы мүшелері зер салу қажет. Әуелі-ақ қосшы мүшелері камандірлер мектебіне кіруге өздері ыждағат етіп, одан қалды жалшы жастарды кіргізу жағына бас-көз болу керек. Әскерлікке алыну жұмысын, камандірлер шығаратын мектептерге оқитын балаларды кемесиелерге жіберу жұмысын басқалардан гөрі қосшы ұйымдары қатты ескеру міндет.

Оларға дөкемет беріп, кезінде жіберу тиіс. Бай, атқамінерлердің балалары кіріп кетпеуіне сақ болу тиіс.

Жұмырұлы.

«Кедей», №26 (188),

5 тамыз, 1928 жыл.

 

Материалдар облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Араб қарпінен (Байтұрсынов әліпбиі) оқыған Индира ӨТЕМІС.

 (Көп тұста сол кезеңнің орфографиясы сақталды.)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button