Бөкенбай шоқысы: әлі айқындалмаған тарих
Патша заманы және кеңес дәуірінде тарихымыз еуропацентризм идеологиясы мен отаршылдар мүддесі тұрғысынан бұрмаланса, ал тәуелсіздік алғалы бергі уақытта сол өткен кезеңдерде жіберілген қателіктердің, сондай-ақ рушылдық, жершілдік дерттері, қайткенде өз айналасынан ұлы тарихи тұлға «шығарып», оны көбірек «сый-құрметке» іліктіруге деген жанталас, т.б. келеңсіздіктердің салдарынан көкейдегі көп сауалға әлі де нақты жауап табылмай, керісінше, сұрақтардың қатары бұрынғыдан да көбейе түскендей…
Ырғыз ауданының орталығынан 40 шақырымдай жерде, Ырғыз-Шалқар тасжолының бойында орналасқан Бөкенбай шоқысы ұрпақтар санасына бұрыннан ерекше қастерлі тарихи орын ретінде ұялап, осы ұғым әбден бекіген.Қазақтажоңғары бар, басқасы бар — жан-жақтан анталаған жауға қарсы ат үстінен түспей өткен Бөкенбай және Бөгенбай есімді бірнеше батыр бар. Шоқы атауын олардың қайсысымен байланыстырамыз? Атаудың шығу тарихы қандай? Ұзаққа созылған соғыста қарауыл төбе болған жер ме? Немесе, тағы бір аңызда айтылғандай, шайқас алдында қолбасшының биіктен өз әскерінің дайындығын бақылаған төбесі ме? Әлде шоқы осы жерден мәңгілік тыным тапқан батырдың атын иеленген бе?
Жуырда Алматыдағы ұлттық кітапханада біздің облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен ғылыми кеңесте осы тарихи орынға байланысты мәселелер, зерттеулердің алдын ала қорытындылары талқыланды. ЖиынғаХVII-XVIII ғасырларды зерттеп жүрген тарихшы ғалымдар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова бастаған ұйымдастырушылар тарапының өкілдері, ескерткіштер тарихын, сондай-ақ фольклорлық мұраны зерттеумен шұғылданып жүрген бірқатар белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, Бөкенбай шоқысы орналасқан Ырғыз ауданы басшылығының өкілдері мен журналистер қатысты. Мамандар кеңесін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров басқарып, жүргізіп отырды.Бастапқы сөзді басқарма басшысы Алтынай Юнисова алып, жиынның маңыздылығын атап өтіп, кеңес жұмысына сәттілік тіледі.
Алғашқы баяндаманы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарова жасады.
Осы жерде айта кетсек, бірнеше жылдан бері ырғыздық және шалқарлық өлкетанушылар мен әр топты қолдаушылар тарапынан шоқының атауына қатысты дау-дамай басылмай келеді. Ырғыздық өлкетанушылар шоқыны табын Бөкенбай Қарабатырұлымен байланыстырып, ақсақалдардың ежелден «Бөкенбай шоқысы» атайтынын алға тартады. Бұл орайда хан-сұлтандар және барша қазақ руларының өкілдері бас қосқан құрылтайда Бөкенбай батырдың қазақ әскерінің бас сардары (бас қолбасшы Әбілқайыр хан екені қоса айтылады) болып сайланып, Бұланты және Аңырақай шайқастарына әзірлік барысында осы шоқы басында әскери жаттығуларды бақылап тұрғаны жайлы ауызша деректер ерекше назар аударуға тұрарлық екені даусыз. Бұланты мен Аңырақай шайқастарының тарихтағы орны мектеп оқушысына да аян. Сондықтан жоғарыдағы аңыз нақты деректермен бекітілген күнде, аталмышшоқы барша қазақ үшін айрықша маңызды тарихи орын ретінде мойындалуға тиіс.
Ал шалқарлық өлкетанушылар шоқының атауы баурайына шекті Бөгенбай би Жапалақұлының жерленуіне байланысты шықты деп есептейді. Олардың айтуынша, бұл да ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап келе жатқан шежіре, сонымен бірге ХІХ ғасырдың басында осы өлкеде болған орыс офицері, поручик Яков Гавердовскийдің қолжазбаларында да бар дерек. Гавердовский өзіне ақпарат берушілердің Буканбай есімді старшинаның (яғни би) ауыр шайқаста қаза тауып, «Буканбай» таулары арасындағы «Буканбай маягіне» (қарауыл төбеге) жерленгені жөнінде баяндағанын жеткізеді. Өлкетанушылардың пікірі бойынша, табын Бөкенбай батыр мұнда жерленбеген, оның осы шоқыда жерленгеніне ғалымдар да (мысалы, И.Ерофеева) күмәнмен қарайды. Осыны алға тартқан шалқарлық өлкетанушылар бұл жерге Бөгенбай Жапалақұлына арнап белгі тас та қойған. Сондай-ақ олар тарихи жер атауы «Бөкенбай шоқысы» емес, «Бөгенбай шоқысы» деп, яғни бір әріпке түзетіліп жазылуы керектігін де айтып жүр.
Тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарова Мәскеу, Санкт-Петербург архивтерінен осы екі тұлғаның деректерін іздестірген. Оның ішінде Я.Гавердовскийдің еңбегінде Ырғыз өңіріндегі Бөкенбай тауларына (Буканбаевы горы) қатысты дерек кездеседі. Гавердовский бұл еңбекті қалай жазды? Ғалымның айтуынша, ол 1803 жылғы ақпанның соңынан 23 шілдеге дейін, яғни жарты жылдай Орынборда дайындық жұмыстарын жүргізіп, Орынбор шекаралық комиссиясының мүшелері, т.б. серіктестерімен бірге қазақ жері арқылы Бұхар әмірлігіне қарай экспедицияға шығады. Қазақ жерінде олар Қаракөбек Қосыбайұлы, Басықара би және басқа да азаматтармен кездесіп, түрлі деректер сұрап біледі. Бұл кісілер, негізінен, әлімұлы тайпасының өкілдері екен. Дегенмен, Қожаберген шатқалында керуенге Әбілғазы Қайыпұлы бастаған топ шабуыл жасап, кейбірін тұтқынға алып, Гавердовскийдің өзі қашып құтылған. Осы жерде ғалым дерегіндегі Әбілғазы Қайыпұлы 1833 жылы Калугада өлген Арынғазы ханның әкесі болса керек деп жорамалдаймыз. Тарихта Әбілғазы Қайыпұлының аз-кем уақыт Хиуа ханы болғаны, сондай-ақ шекті руының сұлтаны екені айтылады.
Гавердовский осы сапарында жинаған ақпараттарын, күнделіктерін кейін қолжазба журнал түрінде шығарған. Тарихшыларымыз бұл еңбектерді құнды зерттеулер ретінде бағалайды.
Гүлбану Болатқызының айтуынша, табын Бөкенбайдың қайда жерленгеніне қатысты бірнеше болжам және оның біріне негіз болатын фольклорлық дерек те де бар. Мысалы, ол Тілеумағанбет Аманжолұлының «Бөкенбай батыр» дастанынан:
«Қасында тама Есет бар,
Бөкенбай елге келеді.
Бөкенбайдың келгенін
Халық түгел көреді.
Жайлап алған секілді,
Улы найза денені.
Ай жарым жатып Бөкенбай,
Бақиға қарай жөнеді.
Жарқамыстың қасына,
Биік жалдың басына
Арулап елі көмеді», — деген жолдарды алға тартты.
(Айта кетейік, ұрпақтарының бір тобы 2010 жылы Жарқамыс маңындағы ескі қорымға Бөкенбай батыр жерленгені туралы ескерткіш тас қойып, сол жерде ас берді.)
Сондай-ақ ол түрікпендермен шайқаста қаза тауып, Маңғыстау облысының аумағында — Бейнеудің оңтүстігіндегі көне қорымда жерленді деген де болжам айтылған.
ХVII-XVIIIғасырлар тарихын зерттеп жүрген тағы бір белгілі маман, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин тақырыпты тереңнен қозғады. Ол жоңғарларға қарсы соғыста ерекше орын алған, қазақ халқына жеңіс әкелген шайқаста бас сардар болған Бөкенбай батырға және оның қай жиында бас сардар болып сайланғанына қатысты кәсіби тарихшылардың өзі сан түрлі пікірлер айтып, халықты шатастырып отырғанына тоқталды. Ғалым:
— Гавердовскийдің қазақтарға қатысты зерттеу еңбектері үш бөлік болып: 1804, 1806 және 1809 жылдары басылып шыққан. Мұндағы бірінші және екінші бөлімдерде — Бөкенбай шоқысы туралы, ал үшінші бөлімде Қарақұм құрылтайына қатысты айтылған, — дей келіп, кейіннен осы еңбектерді дереккөз ретінде пайдаланған зерттеушілердің көп мәліметті өз ыңғайына қарай алғанын, одан әрі сол зерттеушілерге сілтеме жасалып, қателіктер жіберілгенін айтты.
Жинақтап келгенде, тарихшылар мен өлкетанушылар «бас сардарлықты» Бөкенбай Ақшаұлына (ел жадындаҚанжығалы Бөкенбай деген атпен қалған); Бөгенбай Маянбайұлына (керей тайпасынан); Бөкенбай Қарабатырұлына (табын руынан) «береді»; сондай-ақ зерттеушілер жоғарыда аталған шекті Бөгенбай Жапалақұлы мен шақшақ Жәнібек тарханның сенімді серігі болған Бөгенбай (әкесінің аты әр деректе әртүрлі айтылады) батырдың аттарын да жиі ауызға алып жүр. Бас сардардың нақты қай жиында сайланғаны дадаулы тақырыпқа айналған. Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, 1723 жылғы ІІ Қарақұм құрылтайы көп жағдайда ескерусіз қалып, зерттеушілер бұл құрылтайдағы оқиғаларды орыс деректерінде сақталған 1710 жылғы құрылтайға теліп жіберіп жатады екен. Ең өкініштісі, осы қате деректер академиялық еңбектерде, Қазақ совет энциклопедиясында, «Қазақстан: ұлттық энциклопедия» еңбегінде, оқулықтарда жүр.
— Бұл — өткен ғасырдың ортасына таман басталып, яғни ғасырға жуық уақыттан бері түзетілмей келе жатқан қателіктер. Өткен ғасырдың 40-60жылдарында фольклорлық мұра негізінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлар алға шығып, ал елді басқыншылардан қорғауды олардан бұрын бастаған буынның өкілдері тасада қалған, — дейді Жәнібек Исмурзин.
Сондай-ақ ғалым Гавердовскийдің өз еңбегінде айтылатын Бөкенбай батырды «бұл — Орынбор тарихында белгілі Бөкенбай» деп көрсететінін, ол дерекке мән берілмей қалғанын жеткізді.
Бастапқы екі баяндамашының сөзінен пайымдасақ, архив, яғни сол заманның жазба деректерінде табын Бөкенбай батыр есімі көп сақталған. Үшінші болып сөз алған ғалым — профессор Рахым Бекназаров Ырғыз-Шалқар тасжолы бойындағы Бөкенбай шоқысынан бөлек, әріректеу жатқан құм ішінде тағы бір «гора Бугамбай» аталатын жер бары көрсетілген карта дерегі табылғанын, мамандардың ол жерге барып қайтқанын айтты. Бірақ қазір жергілікті тұрғындар арасында бұрынғы атау сақталмаған, «Құмтау» деп қана атайды. Бұл жерден «мемлекеттік геодезиялық белгі» деген атаумен ертеректе қойылған қаңылтыр тақтайша табылған. Ондабелгіні бүлдіруге және құртуға болмайтыны жазылыпты. Осы арадан 1,9 шақырым жерде көне қорым бары анықталған.
Сондай-ақ Рахым Ағыбайұлының айтуынша, Бөкенбай шоқысы басынан көне зираттың белгісі де табылып отыр. «Ол XVIII ғасырда жерленген адам ба, мүмкін, ХІV ғасырдан қалған зират па — зерттеу жүргізбей, нақты ештеңе айтуға болмайды», — деді ғалым. Және зерттеулер арқылы нақтыланбайынша, екі жерге де қандай да бір белгі қоюға тыйым салынуы керек деп есептейтінін жеткізді.
Жиында Мәскеу, Санкт-Петербург пен Орынбор архивтерінен басқа да ресейлік архивтерде ізденіс жүргізу қажеттігі айтылды. Профессор Бекназаровтың пікірінше, Элистадағы архивте де қазақ тарихына қатысты құжаттар болу керек. «Өйткені Астрахан қаласындағы архив құжаттарының біраз бөлігі Элистаға көшірілген», — деді ол. Ал Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған бұл мәселені шешуде картографиялық деректерді, соның ішінде топографиялық әскери карталарды зерттеудің маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Омбы архивінде зерттеулер жүргізу ұсынылды.
Сонымен бірге ғалымдар кейбір өлкетанушылардың «Ырғыз, Шалқар өңіріне табындардың қатысы жоқтығы» туралы пікіріне байланысты да ізденіпті. Жаугершілік заманда, атап айтқанда, 1723 жылғы Ақтабан шұбырындыдан кейін аталған өңірге қазақтың рулары жан-жақтан ағылып келген. «ТарихшыИрина Ерофеева 1725 жылғадейінжетірутайпасыжаздашөмекей, төртқаражәнешектіруларыменбіргеЫрғыз, Торғайөзендерініңарасындағызораумақтыжайлағанын, олардыңүнеміЕділқалмақтарыныңшабуылынаұшырапкелгенінжазады», — дедіпрофессор Ізбасарова. Жалпы, Ресей отаршылдығына дейін, жетіру тайпасы басқа қазақ руларымен қатар, Жайықтан сонау Сырдарияға дейінгі аралықта емін-еркін көшіп-қонған.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бұл мәселені дауға айналдырмай, мамандардың жан-жақты зерттеулеріне сүйеніпшешу керектігін атап айтты. Ол Гавердовский, Левшин заманында қазақтың архаикалық топонимикалық жүйесі сақталғанына назар аударды. «Қазірқаншамағылымидиссертацияқорғалыпжатсада, қазақтыңархаикалықжүйесініңқалайөзгергенізерттеліпжатқанжоқ. Бұл, әрине, басқа мәселе», — деді белгілі ғалым.
Жиында өлкетанушылар — Аманғали Мұхамбетулин, Бекарыстан Мырзабай, Берік Алдоңғаровтар Бөкенбай шоқысы, табын Бөкенбай мен шекті Бөгенбай батырларға қатысты фольклорлық, шежірелік деректерге, ғалымдар тарапынан осы кезге дейін айтылған ой-пікірлерге тоқталды. Ал филолог-ғалым, түркітанушы Серікбай Қосанөзіне мәлім архивтік деректерді келтіре отырып, шоқы атауы табын Бөкенбай немесе шекті Бөгенбайға да емес, шақшақ Бөгенбай батырға қатысты болуы мүмкін деп тұжырымдады. Ырғыз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейірхан Әттиев өңірдегі атаулар тарихын бұрмалауға жол берілмеуі керектігін баса айтты.
Қорытындысында, кеңеске қатысқанғалымдар ұйымдастырушыларға Ырғыз өңіріндегі Бөкенбайға қатысты атаулардың тарихи маңызын анықтау бойынша кешенді зерттеулер жүргізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ олар зерттеу жұмыстары аяқталғанша шоқының басына өз бетінше белгі қоюға тыйым салынуға тиіс деген пікірді ұстанады. «Мүдделі жақтар кәсіби тарихшылар мен мамандар зерттеулерінің қорытындысын күткені абзал», — де0йді ғалымдар.
Индира ӨТЕМІС.