Мәдениет

Отан отбасынан басталады

Темір ауданының орталығында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және облыстық халық шығармашылық үйінің 50 жылдық мерейтойына арналған «Отбасым — Отаным» атты отбасылық ансамбльдер байқауы өтті.

Байқаудың қазылар алқасының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасы халық шығармашылығы және кітапхана жұмысы бөлімінің бастығы Ләйлә Омарова: «Мұндай байқау облыста  тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр, ел ішіндегі өнерлі отбасыларын халыққа таныстыруды мақсат еткен шара алда да жалғасын табатын болады», — деді.

Байқауға облысымыздың 9 ауданынан отбасылық  өнер ұжымдары қатысты. Олар: «Шапағат», «Гүлсана», «Назар» және Байдышевтар, Қазбаевтар, Нагишевтар, Әнуаровтар, Қайыровтар, Имашевтар ансамбльдері.  Сайыста ақ жаулықты әжелерден бастап үш жастағы былдырлаған балдырғандар да өнер көрсетті. Бүлдіршіндердің бірі  домбырада, екіншісі қобызда ойнап таң қалдырса, енді бірі «Қара жорғаны» келістіріп билеп берді. Тіпті Майкл Джексонның биін билеген сәби де болды.

Байқаудың Бас жүлдесін Темір аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған Шынмұрзиндердің «Гүлсана» отбасылық ансамблі жеңіп алды. Ал бірінші орынға Ойыл ауданынан келген халықтық атағы бар Ешпановтардың «Шапағат» отбасылық ансамблі лайық деп танылды. Екінші орынды мұғалжарлық Тәттіғұловтардың «Назар»  және Темір ауданының Байдышевтар отбасылық ансамбльдері еншіледі. Үшінші орынға үш өнер ұжымы ие болды. Олар: Хромтау аудандық Мәдениет үйі жанындағы Қазбаевтар, Қарғалы ауданы, Степное ауылынан келген  Қайыровтар, Байғанин өңіріне танымал Әнуаровтар отбасылық өнер ұжымдары.  Кеш соңында шараға белсенді қатысқаны үшін Шұбарши ауылдық клубы жанындағы Имашевтар ансамблі марапатталды, ал Әйтеке би ауданынан келген Нагишевтар отбасылық ансамблі дипломант атанды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының арнайы сыйлығы Хромтау ауданынан келген Жанар Қазбаеваға тапсырылды.

Г.КУБАЕВА,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button