Дербісәлі батыр
Архив жағалап жүргенімізде сарғайған парақ беттерінен Дербісәлі батыр есімін көзіміз шалған. Сәл әрірек кезеңге жылжығанда Қағұлық би деген ілікті. Кейбір қолжазбаларда Дербісәлі Қиғылықұлы болып кездесіп жатты. Індете келе 1748 жылы құнды құжатқа таңбасын басқан Қағұлық би мен 1822-1823 жылдары ел ісіне араласып жүрген әулие-батыр Дербісәлінің аталы-балалы кісілер екеніне, яғни Дербісәлі батыр атасы (немесе әкесі) Қиғұлықтың (Қағұлықтың) ақ жолын жалғастырушы қайраткер-баһадүр екендігіне көңіліміз тоғая түсті. Оған жалғас, Қобда жеріндегі ескі қорымдарды шарлап, құлпытастардағы көне жазуларды оқып, хаттап жүрген сапарымызда да қыр басында оқшау тұрған Дербісәлі әулие кесенесіне арнайы ат басын бұрып, дұға қылып, төңіректегі ауылдардан әңгімешіл ақсақалдар тауып, суыртпақтап сыр тартып, таспалап, батыр туралы мәліметтерге қаныға түскеніміз бар-ды.
Жалпы, осы аталықтан өрген билер мен батырлар, ақын-жыраулар өміріне дендеп кіре қоймасақ та, айналып өте алмай, ойсоқта жүргенімізде, рухани дүниелерге ерекше ниет танытып көтермелеуші азамат Жаңбырбай Есенқұлұлы кезігіп, Дербісәлі батыр рухына арнап ірі шаралар атқарғалы жатқандығын жеткізіп, сол шараға үлес қосуымызға себепші болған. Бұл тақырыпқа қалам тартуымыздың төркіні осылай басталған-тұғын.
Мәскеу, Орынборқалаларының мұрағаттарындағы шаң басқан бумаларда Қазақ мемлекеті мен Ресей империясы арасындағы қарым-қатынастар туралы көптеген құнды ақпарлар сақтаулы жатқаны бүгінде баршаға аян. Әрине, ондағы көне ғаріппен таңбаланған жазбаларды ежіктеп оқу да оңайға соқпайды. Дегенмен ден қойған адам діттеген жеріне жетері хақ. Осынау жорықтарда қолға іліккен ақпарларды жүйелеп, тақырыпқа сай көпшілікке ұсынуды жөн көрдік.
Негізінде,Дербісәлі батыр есімі XIX ғасыр бедерінде қылаң береді. Көпшілік жадында Дербісәлі батыр, әулие ретінде сақталған. Қолдағы деректерге сүйенсек, XIX ғасыр өрінде ғұмыр кешкені нақтыланады. Туған, өлген жылдары әзірге белгісіз. Құлпытасы бүтін сақталғанымен, ондағы жазуы мүжіліп, төменгі тұсы оқуға мүмкіндік бермейді. Қобда даласының бір төбесін иемденіп жатқан батырдың тарихи бейнесін сомдап, бүгінгі ұрпаққа үлгі қылып насихаттау ұлттық болмысымызға сай, халықтық тәлім-тәрбиемізге лайықты дүние болары ақиқат. Азаттық таңын аңсап, ат үстінде көз шырымын алған осындай тұлғаларды тірілту — жастардың санасына сәуле, жүрегіне жалын құюдың оңды жолының бірі.
Еншісіне еркін тірлік бұйырып, ақбөкендей азат шалқыған қазақ жұртының мойнына қамыт киіп, құрыққа ілінгені — XVIII ғасырдың бірінші жартысы.Сол бір дәуірде көршісінің көптеген қыспақтарына көнгісі келмеген табиғаты тарпаң ұлыс, басын бәйгеге тіккен баһадүрлерінің соңына еріп, ереуілдерді көбейте береді. Қаһарман Әбілқайыр ханның қажыр-қайраты мен ақыл-айласының арқасында ноқтаға басы сыймай бұлқынған батыр жұрттың берекесі, бірлігі тұтасып тұрады. Ол кезеңде ханның маңайына ұйысып, ұрпағының жарқын болашағы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұлтының ынтымағын, жерінің тұтастығын көксегенкемеңгерлер Ақкете Әжібай, Беріш Есболай, Ожырай Жанбай, Шөмекей Мәмет аталық, Қаракесек Қожанай, Шекті Бақтыбай, Мөңке, Айдаралы, т.б. билер сапында Кете ішінен Алтай, Жұлдыз, Бостыбай, Өмірзақ, Кенжалы батырлармен қоса Қағұлық бидің де есімі аталады. Әрине, ұлысының тағдыры сынға түсіп тұрған келелі кеңесте кемел ойларын саптап, тұшымды тұжырым жасап, мөрін басқан дегдарлардың әрбір ісінде атан белі қайысар салмақ жатар еді.
Сол бір көне жазбалардан көзге шалынған Қағұлық биді Дербісәлі батырдың атасы немесе әкесі Қиғылық деп тануға себеп жоқ емес. Себебі Ресей империясының хатшылары қазақы есімдерді бұрмалап жазатынын көптеген қолжазбалардан аңғаруға болады. Сондықтан 1748 жылдың 5 қыркүйегіндегі таңбаланып, мөрленіп, императрица Елизавета Петровнаға жолданған, қаза тапқан Әбілқайыр ханның алтын тағына оның ұлы Нұралыны отырғызу туралы мәлімделген хаттағы, көптеген батыр-билер қатарында таңбасын салған Қағұлық биді, Дербісәлінің әкесі Қиғылық деп білуге негіз бар.
Қобда даласындағы төбенің басында орналасқан батырдың көне құлпытасындағы ескілікті жазуды оқытқанымызда «Ақкете ішінде Байқошқар руы, Қиғылық баласы, Жанбай баласы Дербіслу(Дербісәлі) батыр. 61 жасында уфат. Бұл тасты қойды Қабай мырза» дегенді ежіктеп қана оқуға келген. Мүжіліп, мүк басқан тастағы таңбалардың көп өзгеріске ұшырауына байланысты қателер де болуы ғажап емес. Тасты оқыған, ескі жазудың білгірі, маңғыстаулық Нұрлан Құлбаев атты азамат. Шәк келтіре алмаймыз. Елдің аузында да осы бір мазар Дербісәлі әулие атанып келе жатқаны қашан?Дербісәлі батырдың қаһармандығы, елі үшін етікпенен су кешуі тегіннен емес, атасы Қиғылық бидің өнегесінің әсері деп түйеміз.
1748 жылдары ел ісіне араласып жүрген Қиғылық бидің (Қағұлықтың) қай жылы туып, қашан бақи кешкені туралы ақпарат жоқ. Жобамен, сол шақта 40-50 жаста болды деп есептесек, 1700 жылдың соңына таман көз жұмған болар деген болжам жасауға келеді. Ал Дербісәлі батыр 1823 жылдары ат үстінде жүргені туралы архив деректері нақты ақпар ұсынады. Деректердегі жылдар аралығын ескере келе Дербісәлі Қиғылықтың немересі болуы мүмкін деген де ой келеді. Қалай десекте Дербісәлі батыр Қиғылық бидің сойы екеніне сенгіміз-ақ келеді.
Осы ұлыстан тараған әйгілі Үкі жырау бастаған әкелі-балалы сөз зергерлері (Үкі би деп те аталған ел ішінде) Бекберген, Жаскілең, Бітеген, Терлікбай, Бақы сынды жыраулар легінің соңғы тұяғы Махует жыраудан 14 жасында бата алған жыршы Хайролла Иманғалиевтің жазып қалдырған шежіресінде төмендегіше тереді:«Байқошқардан — Есімбет, Досымбет. Есімбеттен — Базаркелді, Құлшарап. Базаркелдіден — Қиғылық, Күнту, Самұрат…».
Қары жырау шежіреде Қиғылықтан әрі таратпайды. Кейбір шежіре тақтасында Байқошқардан — Базаркелді, Базаркелдіден — Таңатар, Таңатардан — Игілік, Қиғылық қылып өргізеді. Қиғылықтан — он екі бала таратып, он екі баланың бірі Дербісәлі десе, бірін Жанбай қылып көрсетеді. Ал Н.Құлбаев құлпытастан «Қиғылық баласы, Жамбай баласы Дербісәлі» деп оқыған болатын. Ата шежіреде Дербісәлі Қиғылықтың ұлы етіп көрсетсе, құлпытастағы таңбалар Қиғылық баласы, Жамбай баласы қылып та көрсетіп тұр. Біздің болжауымызша Қиғылықтан Жамбай, Жамбайдан Қиғылық деген тұжырым сәйкес келеді. Яғни қазақы тәлімге ден қойсақ, Жамбайдың баласы Дербісәлі атасы Қиғылықтың тәрбиесінде өскен болуы әбден мүмкін деген тоқтам жасаймыз. Олардың өмір сүрген кезеңдері соған қарай жетелейді. Сондықтан Дәрбісәлі Қиғылықұлы деп атауымызға әбден болады.
Осы тұста тағы бір айта кететін нәрсе, бұл Жамбайды Ожырай Жанбаймен шатастыруға болмайды. 1749 жылы 3 июльдегі Нұралының Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке жазған хатына таңбасын салғандардың қатарында ол анық байқалады. Бұл жазбадан: «Алимчюманця /Әлімшөмен/: Каракисацкого роду – Ходжанбай-бий, китянского – Алтай-бий, чюмекейского – Кидай-бий, уджирайского – Джанбай-бий, тюрткаринского – Джумартю-бий, каратамырского – Бузы-бий»дегенді анық оқуға болар еді.
Қалай десекте Қиғылық атты сөз ұстап, «әлеуметті меңгерген» бір кісінің өткені хақ. Сол бір аумалы-төкпелі заманда жұртының панасы болып жел жағында жүрген жауынгерлер мен абыз билердің жұдырықтай жұмылып қимылдауы арқасында қазақтың шаңырағы шайқалмай, түтіні түзу ұшқанын мойындауымыз керек. Бүгінгі жайлы күндердің жарқылы сол бабалардың бірлігінен тамыр жатқанын айта түсуге міндеттіміз.
Дербісәлі Қиғылықұлының даңқының дүрілдеп шығуы осынау қазақтың аспанына қара бұлт үйіріліп келе жатқан дәуірде, еркін күнінің шапағын сахараның төрінде еркін тыныстап қарсы алуды мұрат тұтқан —Жоламан Тіленшіұлы, Барақ Сатыбалдыұлы, Сүйінқара Үргешбайұлы сынды абадандар сапында ерекше көрінеді. Сол жылдардағы көпшіліктің басына төнген келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында қазақтың біраз батырлары тізе қоса қимылдап отырғанын архив материалдары жайып салады.
1822 жылдың 12 авгусы мен 1823 жылдың 19 май айы аралығында полковник
А.Горихвостовтың қызметтік қойын дәптерінде жазылған мәліметте Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақовтың ордасында болғаны нақты көрсетіледі және 27 августте Хан моласы маңында Байбақты Қойсары батыр, Табын-Әшібек Тоқтыбай Балшықов, Жоламан Тіленшиев, Адай Сүйінқара батырлармен қоса, Дербісәлі батырдың да есімі аталады.
Әрине, бұл деректе ішкі толқулар себептері сәл бұрмаланып көрсетіледі. Себебі ол кездегі ішкі толқулардың дені сыртқы күштің әсерінен орын алып отырғаны аян.
Тағы бір мәліметте 1822 жылы 24 декабрьде бас старшын (тархан) Жоламан Тіленшіұлыбастаған игі жақсылардың Орынбор әскери губернаторы Петр Эссенге жолдаған Петерборда аялдап қалған Арынғазы сұлтан мен Жүсіп тархан Сырымұлын елге жіберуін және Елек пен Жайық арасындағы жайылымды қайтару туралы жазған хатты нақтылап, көптеген қазақ батырлары мен билері таңбасын басқаны көрінеді. Хаттың ұзын-ырғасы мынадай:
«1822 г. декабря 24. — Прошение главного старшины Жоламана Тленши, биев, старшин и батыров оренбургскому военному губернатору II. К. Эссену об освобождении султана Арын-Газы и о возвращении казахам земель между реками Илеком и Уралом.
Превосходительному г. ген. от инфантерии, оренбургскому военному губернатору и разных орденов кавалеру его высокопр-ву Петру Кирилловичу Эссену главного старшины Малой Орды киргиз-казахского журта Жоламана Тленшитархан улы, старшины Кул-Мухамбета, сына достопочтенного Жаныбека, прочих биев, батыров и киргиз-казахов прошение.
Считаем своим долгом доложить вашему высокопр-ву, что в прошлые времена, по указу его и. в. великого падишаха, нашими отцами, дедами, ханом Абулхаиром и мурзой Кутлу-Мухаммедом было обещано: внутренняя сторона р. Яика считается за российским народом, а степная — за киргиз-казахами. Обязательства, [принятые] при тех же их обещаниях: чтобы российский журт, получая соль из Илецкой Защиты, перевозил [ее] через Оренбург, а взамен этого наш киргиз-казахский народ переправлял бы свой скот через р. Яик, пониже Уральского городка в Нарын-пески, по двум рекам Узень, в местах, называемых Самарой и Чичун-Кабурчакты, для кормежки в зимние дни, а с наступлением же весны обратно переправлял бы [его] на степную сторону. А ныне российские люди, нарушая принятые прежде обязательства и условия, поставили по р. Илек новые караулы и, отобрав от нас не только внутреннюю сторону Илека, но и все течение этой реки, лишили нас наших земель».
Жайылым үшін шұрайлы жерлерін иемденіп ала берген орыс жұртының зорлығына ұрынған қазақтар көптеген келеңсіздіктерге тап болып отырғаны тағы белгілі. Оның жайы мынада-тұғын, жаз айларында Елек, Жайық арасын кең жайлаған қазақтар қыста жылы жақты паналап, Сам құмы, Каспий ойпатына, Жылой жағына көшетін. Жазда жайылымға қайта оралғанда қонысына орыстың қарашекпенділері орнығып алғанына куә болатын. Бұл жолы жайылыммен қоса, елінің көңіліне жаққан Арынғазы сұлтанның жоқтығы, Арынғазы сұлтанның орнына түзгін ұстаған Шерғазы сұлтан Айшуақұлының немқұрайдылығы көптің ашуын тудырған секілді.
Осындай ел басына түскен зорлық-зомбылыққа төзбеген әлеуметтің мұң-мұқтажын арқалап, батырлар мен билер шешім қабылдап, басқыншы жұртпен келісімге келу жолын қарастырып отырған. Хатта жолдаған пкірлеріне құлақ аспаса күшке жүгінген. Мұның бәрі өздерінің қара басы емес халқының қамы, қарашасының тілек-мақсаты жолындағы шарасыздықтан туған көзсіз ерліктер болатын.
Міне, осы бағытта бас старшын Жоламан Тіленшіұлы бастаған ерлер қатарында Дербісәлі батыр да өз таңбасын басады. Онда былайша таңбаланған: «Я, рода Кете, Дербисалы батыр, свою печать приложил».
Дербісәліден басқа бұл жәдігерде Табын Барақ Сатыбалдыұлы, Асау Барақұлы, Ожырай Бопаш батыр, Бес Исанұлы, Мұрат Естемесұлы, Әшібек Дауыл би Толыбайұлы, Туатай Арал батыр Жәнібекұлы, Шөмішті Қитар Барақ батырұлы, Сыким батыр Кұрлаш ұлы, Кете Мамық Наурызәліұлы, Бүркітбай батыр, Баубек Өтекұлы, т.б. таңбасын басқан.
Сөзімізді түйіндесек, XVIII-XIX ғасырларда осы өңірде, Ақтөбе аймағында, дәурендеген батырлар мен билердің, ақын-жыраулардың тарихи болмыстары мен халқына қылған қызметтері әлі де болса толық саптастырылмай жатқаны мәлім. Тіпті Құлшығай, Лай, Көккөз, Кенжалы, Тәңірберген, т.б. жер атауларына көңіл бөлсеңіз, осындай есімдерді архив қорларынан молынан кездестіруге болады. Олардың тым әріде емес, біздің заманнан сәл бұрынырақ қана ғұмыр кешкенін біліп, қайран қаласыз. Мүмкін, сол батырлардың есімдерімен аталып кеткен жерлер мен өзендер шығар деген ойға кетесіз. Ауыздан-ауызға ұласып отырған тарихымыздың алтын парақтарын сол жерлердің атауларына қатысты зерделеп, Дербісәлі сияқты батырлардың ерліктерімен толықтырып отырсақ, айымыз оңынан туары сөзсіз. Оған кім кедергі?
Руы Дербісәлі батырдың тармағына жататын сөз зергерлері Үкі Жаңбыршиев бастаған ағайынды Бекберген, Жаскелең, Бітеген, Бақы, Махует сынды дүлдүл жыраулардың да асыл мұраларын шаң басып жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Әркім өз аталасын іздейтін заманға келіп отырмыз. Дегенмен кешегі батыр, би бабаларымыздың қара басының қамы емес, бір рулы жұрты үшін емес, күллі ұлысының абыройын арқалап өткенін ескеретін шақ жетті ғой. Дербісәлі батырдың сүйегі қалған Қобда өңірінің өзінде Көккөз би, Әзберген секілді дана бабалардың мүрделері жатқаны хақ.
Айтпақшы, «Қобда» энциклопедиясында да Дербісәлі Қиғылықұлы туралы деректер беріліпті. Онда батырдың ат үстінде жүріп ел қорғағаны, елдік істерге белсене араласып, қайраткерлік деңгейде көрінгені жазылған.
Дербісәлі Қиғылықұлы хақында әзірге қолға іліккені осы болды.
Дербісәлі Қиғылықұлының батырлығына дау жоқ. Елінің тыныштығы, ұлысының бірлігі, жерінің тұстатығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, талай көзсіз ерлікке барғаны хақ. Бүгінгі азат күніміздің алтын шапағы сол Дербісәлі секілді батырлардың қанды қылышының жүзінен ұшқындап тұрғанын түсінуге һәм ардақтауға тиіспіз.
Есен ӘЗИ,
философия докторы (PhD),
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының аға оқытушысы.