Мәдениет

Ат үстіндегі ардагер

Жарық дүниеге шыр етіп келген әрбір жан иесінің маңдайына тағдыры жазылып қояды дегенді қариялар жағы майын тамыза айтып жарыса-жамыраса дәлелдеп жатады. Оның қаншалықты ақиқат екеніне кімнің көзі жеткен дейсің. Алайда біреулер ес біліп етек жапқаннан-ақ, қиындықсыз оқуға түсіп, үйлі-күйлі болып дегендей, қызметтен де сатылай өсіп, жалғанның рахатына бөленіп-ақ жатады. Олар үшін өмір дегеніңіз — айнадай тегіс түзу жол секілді. Тірліктегі кем-кетіктері орайымен орын тауып, шешуі күрделі мәселелер сәтімен қалыпқа түсіп, жөн-жосығы табылып, шаруасы оң айналып жатады.

Бүгінде өзін үлгі тұтып, ақылшы санайтын білдей бір ұжымның ақсақалы Жоламан Тәжімбетов абыз жасына жетсе де, табиғаттың осы құпиясына әлі күнге таңданумен келеді. Өйтетін де жөні бар.

Ұлы Отан соғысы деп аталатын адамзат тарихындағы алапат қырғын басталғанда ананың құрсағында қалған ол сол зұлматтан қайтпай қалған әкенің ең болмаса бет-бейнесін көз алдына елестете алмайды. Анасы әкең деп көрсеткен көнетоз суретке талай рет көзі талғанша қарағанмен, өзі күткен жүрек тебірентер жылылық сезіне алмай, тұлыпқа еміренгендей күй кешіп, көзінен жас шығара алмай сан мәрте күңіренген, жаны күйзелген. Өзі туып-өскен Мұғалжар ауданы, жылжи аққан Жем бойы бірен-саран ғана адамдар болмаса, негізінен, ылғи бір ауыр бейнетке, қиямет-қайымға жаралған жандардың мекені сияқты болып, тұла бойын түршіктіретін.

Олай ойлайтын себебі, ес білгелі риясыз сәбиліктің, бейкүнә балалықтың рахатын кешпеген секілді. Анасы екеуінің тірлік қамы үшін көрмегені жоқтай. Ана байғұс ертелі-кеш шегі-шеті жоқ, таусылып бітпейтін колхоз жұмысында. Баласы тірі болса болды, ол асты ішті ме, ұйқысы қанды ма, оған қарайтын мұрша жоқ. Ал Жоламан аяғын шөңгеге жырғызып, бұзау да бақты, қой күзетті, тары түйді, көрші-көлемнің балаларын жұбатып, бесік те тербетті. Оны қойшы, анасы екеуі баспанасы болмай, ауылдастарының бос бөлмесін сағалап, қытымыр қысты өткізген уақыттар, жаутаң көз күндер әлі күнге дейін көкіректе шемен болып қатып жатыр.

1960 жылы орта мектепті аяқтаған күннен бастап, жұмыс талғамайтын колхоздың қара шаруасына айналды. Мұғалжар карьерінде жұмысшы, жүк тасушы, Жамбыл атындағы ұжымшарда тракторшы болды. ДТ-54 маркалы шынжыр табанды трактордың тізгініне ие болғанда, дүниенің тұтқасын ұстағандай, есі кете қуанған. Ол құрғырдың да Мұғалжардың қыстағы қақаған аязы мен үскірік боранында жағар майы қатып қалып, далаға түнеген, сөйтіп, бет-аузы домбығып, үсіп кете жаздаған кездерді бастан кештірген. Сондай қарбалас күндердің бірінде жолда жолыққан бір қарияның:

— Қарағым-ай, өзің де бір қол тоқпақтай бала екенсің. Бүйтіп жүріп өліп қаласың ғой. Келешегің — алдыңда, бәрін қой да оқып алсайшы. Бұ заманда оқымасаң көретін күнің осындай болады, — дегені Жоламанның санасында жаңғырды да жүрді. Осы ойға бекінген ол, қолы қалт еткенде мектеп оқулықтарын ақтарып, кітаптан бас алмай отыратын әдет тапты. Қайсар ұлдың мұқалмас жігері сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік институтының өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс факультетіне сырттай оқуға түсірді. Тұрмыстың талай тауқыметін тартып, уақытында сессияға бара алмай қалған тұстар да аз болған жоқ. Ол кезде тамыр-таныс немесе ақша тықпалауды білмейтін, тек білім ғана бағаланатын, тазалық пен әділдіктің дәурені жүріп тұрған шақ еді…

Тоғыз жылға жуық оқыған институтының дипломы қолға тигеннен кейін, баяғыда жолыққан қарттың айтқаны келді. Қара жұмыстан қолы босады.

Бершүгір ауылшаруашылық өндірістік-техникалық училищесінде оқытушы, кейінірек — шебер, аудандық «Ауылшаруашылығытехникасы» бірлестігінде ауыстыру бекетінің меңгерушісі сияқты қызметтерді атқарды.

1972 жылдан бастап Октябрь ДЭСУ-383 мекемесінде бас инженер, сәл кейін ДМСУ-№ 22 мекемесінде бас инженер, облыстық тас жол жөндеу-құрылыс басқармасында бөлім бастығы, бас инженер, өндірістік базаның құрылыс бойынша прорабы қызметтерін абыройлы атқарды.

Табиғатынан елгезек, жұмыс дегенде айналасындағылармен санасуды білмейтін, ақ жарқын жанның бір түсінбейтін нәрсесі болатын. Дипломы, білімі, еңбек өтілдері бірдей болғанмен, көбіне-көп лауазымды тұтқаларда өзге ұлттың өкілдері отыратын да, бұларға өктемсіп билік жүргізетін. Кейде олар кеңселеріне де кіргізбей, жыландай ысқырынып, даладан тапсырмалар беретін. Келе-келе бұған да еті үйренді. «Актюбстрой» тресінде бас механик, Ақтөбе облыстық автожол басқармасы бастығының орынбасары, сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы қызметтерінде жүрген кездерінде мемлекеттік марапаттарға ұсынамыз деп гуілдесетін басшылар жағы. Ал жеме-жемге келгенде, марапаттың салмақты жағы басқаларға бұйырып, бұған бір жапырақ қағаз ғана тиіп жататын. Әрине, абыройды ойлайтын адам, мадақ-мақтау сұрауды бойына ұят санайтын.

Жоламан Тәжімбетов — ел егемендігін алғаннан кейін, іске ерекше ықыласпен кіріскен тәжірибесі мол, кәсіби шеберлердің бірі. Ақтөбе – Комсомол – Қостанай облысының шекарасына дейінгі жол құрылыс жұмыстарын салуда бақылау-қадағалау жұмыстарына басшылық етті. «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі құрамына кіретін Самара – Шымкент жолының Қызылорда шекарасына дейінгі бөлігіндегі қайта жаңарту-құрылыс жұмыстарына, осы жолдағы ұзындығы 196 метр болатын көпір құрылысын салуға күн-түн демей өзінің өлшеусіз еңбегін арнады.

Атқарылған жұмыстарды тапсыратын сәт жақындағанда Жоламанға жұмысы тірелетін, жеке кездесуді ұсынатын, «Осыған қол қойып жіберсеңіз, қалған мына кішкене бөлікті де сондай сапалы етіп аяқтар едік» деген тәрізді тілі майда, иіліп – созылғыш жандардың да талайын көрді. Біреулерменен заң жүзінде соттасуға дейін барды. «Аққа Құдай жақ» демекші, Жоламан қай кезде де өз ісінің дұрыстығын сауатты түрде дәлелдей алды. Тәуелсіз еліміздің алғашқы қарлығашы іспетті «Хромтау – Алтынсарин» теміржол құрылысының барысын бақылау ісіне білікті де білімді маман Жоламан Тәжімбетов белсене араласты. Талай мәрте жергілікті басшылықтың бекіткен жұмыстарына түзету енгізді. Әрине, бұл тек айтуға ғана жеңіл… Қалай болғанда да саналы өмірінің 54 жылын еңбекке арнаған аға буын өкілі өзі араласқан істе асығыстық пен «әттеген-айды» болдырмауға барынша күш салып келеді. «Кеңес өкіметінің кезінде жоспар орындау мен көзбояушылықтан құтыла алмайтынбыз. Жоғарыдан келген бұйрықты орындау үшін, жалған ақпарат беру кең таралып еді. Ақыры сол көзбояушылық өкіметті құлатып тынды» — дейді кейіпкеріміз.

— Осы уақытқа дейін еңбек демалысымды алып, курорт, санаторий дегенге барып көрмеппін. Демалысқа шығамын да жеке және ағайыншылық жұмыстарымды бітіргеннен кейін, қайта қызметке кірісіп кетемін. Маған Алланың берген абыройы шығар, осы жасыма дейін жазба түрде жаза алып көрмеппін, — дейді жымиып.

Айтса айтқандай, өз ұжымында Жөкең — шын мәніндегі рухани көшбасшы. Басшылардың байыпты кеңесшісі, жастардың ақылшы-ұстазы.

Жөкең қария бұл күндері желмаялы жетпістің жотасына шықса да қажыр-қайраты қызметке деген құлшынысы арта түспесе, кеміген жоқ. Ылғи үлкен істің басы-қасында жүреді. «Батыс Европа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі құрамына кіретін «Ақтөбе – Мәртөк» автожолының қайта жаңғыртылуын техникалық-авторлық тұрғыдан қадағалайтын «Аркада – КZ» ЖШС-да инженер қызметін абыроймен атқарып келеді. Жауапкершілік, адалдық деген қағидаларды өмірлік ұстанымы етіп, сертінен танбай еңбек етіп келе жатқан оның өмірден көрген-түйгені де бір басына жетіп артылады.

— Қандай болмасын жол бойында еңбек ететін біздің әріптестеріміз туралы тұрғындар арасында дұрыс түсінік қалыптасты деуге әлі ерте. Жолшылар иен далада қос тігіп, жүздерін күн қақтап, шаң-шаң болып жүреді. Кейбіреулер оларды үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген кезбеге санайтынына да талай куә болдым. Сонау жылдары бір ауыл тұрғынының жоғалған малын біздің жігіттерден көріп, біраз жолымыздан қалдырған жайы да болған, — деп қояды Жөкең.

Жоламан аға өмірлік зайыбы Ұлжан жеңгей екеуі үйелмелі-сүйелмелі Серік, Балдырған, Айжан атты ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде қыздарын құтты орындарына қондырып, немерелеріне аталық-аналық тәрбиелерін беріп келеді. Үлкен немересі Әйгерім Евразия университетінің екінші курсында үздік оқиды. Қалыбегі қаламыздағы байланыс колледжінің бірінші курсында болса, Айдана, Жәнібек, Айбек, Эльмиралар — мектеп оқушылары.

— Жасыратын жоқ, жалғыз ұлымыз Серік өмірден мезгілсіз өткенде, жеңгең екеуміз қайғыдан бас көтере алмай, қатты езілдік. Өмірдің мәні қалмағандай, қатты қайғырдық. Алайда бізден де гөрі қайғы-мұңы көп ғаріп жандарды көріп, тәубе еттік. Еңсемізді тіктедік. Қалған балаларымыздың амандықтарын тіледік. Шүкір, қыздарым да, күйеу балаларым да қас-қабағымызға қарап, алдымыздан өтпейді, бізге сөз келтірген жері жоқ. Бұдан артық не керек? Шүкіршілік етеміз, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз, — дейді тағдыр сынағын нар болып көтерген көнекөз.

Жоламан ағаның бір бақыты шуақты да берекелі әулеті болса, екінші қуанышы өзі еңбек ететін қастерлі қара шаңырақ — туған ұжымы. Ұзақтау іссапарлардан оралғанда, сол ұжымда  өзі жоқта болған жаңалықтарды естуге ынтық. Көңілсіздерін сыпайы әзілімен сергіту — өзіне ғана жарасты қадет.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары Комитеті облыстық Департаментінің директоры Бағлан Баймағанбетов:

— Біздің жұмысымызда құшақ-құшақ қағаздар аз емес. Қаншама сызба, жазба, көшірме, схема. Соның бәрін әрі шапшаң, әрі сауатты оқитын Жөкең ағамыз. Біз бір бетті оқып болғанша, ол бір кітапты тауысып, бізді оқыта бастайды. Жөкең — жан-жақты сауатты, аса білікті маман. Ал азаматтық тұлғасы — өз алдына бір үлкен тақырып, — дейді.

Еңбек ардагері, омырауында 2004 жылы алған «Құрметті жолшы» төсбелгісі жарқыраған Жоламан Тәжімбетов бүгін де қызмет бабы бойынша жолсапарға шығып барады. «Ақтөбе-Мәртөк» автожолы қайта жаңартылу жұмыстарын басы-қасында жүріп бақыламақ. Қарт қыранның қырағы көздері ақау болдырмауға қапысыз машықтанған. Жолың болсын, ат үстінде жүрген ардагер.

 

Нұрлыбек Қалауов,

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button