Басты жаңалықтар

Ұлттық танымның бір тірегі

Ономастика

Әрбір атау— тарихи құжат, ұлттың тарихи жадынан алынған мәдени құндылық. Сондықтан жер-су, елді мекен, көшелер мен мәдениет және білім ошақтарының атауларына ерекше мән беріледі.

Жуырда Ақтөбеде Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» атты өңірлік семинар өтті.

Оғаноблыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Елерке Төрехан, Батыс облыстардағы ономастика саласы мәселелерімен айналысатын басқармалардың басшылары, ғалымдар, сондай-ақ біздің облыстың барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқа да мамандар, БАҚ өкілдеріқатысты.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сөз алып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Өзінің сөзінде ол бүгінде облыста елді мекен атауларының 97 пайызы қазақ тілінде екенін, көптеген елді мекенге байырғы атауы қайтарылғанын айтты.

Біздің өңірде ономастика мәселелеріне, соның ішінде елді мекендерге тарихи атауын қайтару ісіне еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ зор мән берілді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 170 елді мекеннің бұрынғы атауы қайтарылды. Мысалы, Октябрьск қаласы — Қандыағаш, Эмба-5 Жем қаласы болып өзгертілді. Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол кенті Темірбек Жүргеновтің есімін иеленді. Дегенмен бұл салада атқарылар істер әлі де бар.Мемлекет басшысы ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екеніне назар аударып: «Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл — ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл — мемлекеттің шаруасы», — деп атап өткен еді. Расында, ауыл, көшелерге өз ата-бабасының атын бергісі келетіндер аз емес. Сондықтан бұл мәселеде республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған тізімдер қатаң басшылыққа алынады, — деді Жолдас Нұрланұлы.

Қайта атау және жаңа атаулар үшін республикалық ономастика комиссиясы тарапынан «Тарихи тұлғалар», «Дәстүрлі атаулар» және «Жер-су атаулары» тізімдері бекітілген еді. Өткен жылы«Тарихи тұлғалар» тізіміне облыстық ономастика комиссиясының ұсынысымен Жоламан Тіленшіұлы, Бопай ханша, Арал батыр, Абат Асанқайғыұлы, Ботакөз батыр, Қызыл Тұрдалыұлы, Құныскерей Қожахметов, Сәбит Баймолдин, Есет Жұбанов, Өтежан Нұрғалиевсынды белгілі тұлғалардың есімдері енгізіліпті.

Облыс әкімінің орынбасары біздің өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген 13 елді мекенді, 97 көше мен 20-ға жуық білім беру және мәдениет мекемесін қайта атау керектігін айтты. Бұл істі жандандыру осы сала бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасыныңбекітілуіне байланысты болып отыр. Аталған құжат бекітілгеннен кейін, биылғы жылдың өзінде облыста3 елді мекеннің, 5 нысан мен 53 көшенің атауын қайта атау жоспарланған.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан жиында жасаған баяндамасында 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ономастика саласын елдік мүдделерге сай ретке келтіруді тапсырғанын атап өтіп, осы тапсырманы орындау мақсатында жасалып жатқан істерге тоқталды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде кеңес кезеңіндегі қайраткерлердің есімін әртүрлі объектілерге беру практикасын тоқтату мақсатында қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі пысықталған.Сондай-ақ «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі де А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп, қайта пысықталыпты.

Осы және басқа да жұмыстар барысындағы өзгерістерге сай, облыстық ономастика комиссияларының ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, транскрипциясын нақтылау, сонымен бірге аудандық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беружөніндегі қорытындылары енді республикалық ономастика комиссиясымен келісілетін болады.

Елерке Төрехан 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгеннен кейін, еліміз бойынша ономастикалық атауларды өзгерту жұмыстарының жалғасатынын айтты. Қазіргі күні 256 елді мекенді, 1771құрамдас бөлік пен 404 білім, мәдениет мекемесін қайта атау күн тәртібіне қойылып отыр.

Бұл мәселеде бір аймақтың, рудың, әулеттің емес, бүкіл елдің мүддесі алдыңғы кезекте тұруы керек. Атаулар да патриоттық тәрбиенің бір бөлшегі.Мысалы, бала Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте оқиды делік. Баланың санасында міндетті түрде «Ахмет Байтұрсынұлы деген кім?» деген сұрақ туындайды, оның өмір жолын білуге деген қызығушылығы артады. Білім мекемелері есімі берілген тұлғаларға арналған ашық сабақтар, сынып бұрыштарын, ақпараттық қабырғалар ұйымдастыруғатиіс. Тарихи тұлғаларымызды ұлықтау мақсатындағы осындай істерге білім басқармалары мен бөлімдері де атсалысуы қажет деп санаймыз, — деді Елерке Төрехан.

«Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Бекенова жиналғандарға «Тарихи-дихронды әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасын таныстырды. Осы жобаның аясында ортағасырлық және жаңа кезеңдегі карталарды зерделеп, архив материалдарынан жерөлшеушілердің жазбаларын талдап, атаулардың өзгеру (өзгерту) тарихы, себептері жөнінде зерттеу жүргізіліп жатыр. Ғалым қазіргі кейбір топонимдердің бергі дәуірде орыстар қойған атаудан тікелей аударылып, қайта аталып жүргеніне назар аударды. Мысалы, еліміздің шығысында беріде «Рыбный ключ» аталып кеткен өзенге қатысты Балықтыбұлақ деген ауыл атауы бар екен. Ал зерттеулер барысында ол өзеннің тарихи атауы Қамбарбұлақ екені анықталыпты. Сондай-ақ Гүлнәр Бекенова біздің жеріміздегі моңғолша атауларға қатысты «жоңғар батырының аты», т.б. жорамалдардың да көп жағдайда негізсіз екеніне тоқталды. Ғалымның пікірінше, шығыста өте көне, соның ішінде түркі мен моңғол болып біржола бөліне қоймаған дәуірлерге тән атаулар көп және мұның бәрі алда үлкен зерттеулерді қажет етеді.

Жиында Цифрлық даму, инновацияар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы Майгүл Әбдіғали халық кең қолданатын Yandex, 2GIS навигациялық құралдарында көше атауларын өзгертілген нұсқасында беру мәселесін қозғады. Сондай-ақосы сала бойынша Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында жасалып жатқан іс-шаралар жөнінде де баяндамалар жасалып, кеңінен талқыланды. Қорытындысында тарихи атауларды орнықтыру мақсатындағы зерттеулерді жалғастыру, соның ішінде архив деректеріне айрықша назар аудару, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге лайықты көңіл бөлу керектігі баса айтылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button