Облыс әкімі Асхат ШАХАРОВ: Су тасқынының алдын алу — басты міндет
Кеше атқарушы билік өкілдері Ақтөбе қаласындағы инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысымен танысты.
Әуелі қала іргесіндегі Құрашасай тұрғын үй алабындағысу бұратын каналдың қалай салынып жатқанын тексерген облыс әкімі Асхат Шахаров бұның ең бірінші кезекте жаңбыр, қар суына тосқауыл үшін жасалып жатқанын атап өтті.
— Құрашасай мен Қанағат тұрғын үй массивтерінің айналасына салынып жатқан арықтың ұзындығы — 3,7 шақырым. Бұны салудағы басты мақсат — аталған аумақтарды көктемгі су тасқынынан аман алып қалу. Былтыр басталған жоба осы көктемде-ақ өз нәтижесін берді. Су бұратын каналдың құрылысына бюджеттен 31 миллион теңге бөлінді, — дейді «ZNS Group» ЖШС директорының орынбасары Александр Лесицкий.
Су тасқынына қарсы мұндай канал Жаңақоныс тұрғын үй алабында да салынып жатыр. Мердігер компания — «АрланТрансЛогистик» ЖШС.1 шақырымға созылатын арықтың құрылысына 85 миллион теңге аударылған.Сондағықұрылысты көруге арнайы барған билік өкілдері жұмысты уақтылы, ең бастысы сапалы атқаруды тапсырды.
Сол сияқты Есет батыр тұрғын үй алабына қарасты №2 шағын ауданда да осындай су бұратын канал салынып жатыр. 950 метрді алып жатқан арықты салуға 60 миллион теңге қарастырылған. Мұнда жерүсті һәм жер астынан қызыл суды ағызып жіберуге мүмкіндік жасалыпты.
— Көктем мезгіліндегі су тасқыныЕсет батыр тұрғын үй алабына да қауіп туғызды. Келесіде бұның қайталанбауы үшін іргелес ағып жатқан өзендердің су арнасын кеңейтіп, қажетті шараларды қолға алдық. Келер жылы су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіліп, су деңгейін түсіреміз. Басқа да жұмыстар қарқынды жалғасу үстінде. Қараша айына дейін бөгет, көпір, арықтарды салып, сақтық шараларын күшейтуге барымызды саламыз. Өйткені апат айтып келмейді, табиғат қай кезде де тосын мінез танытуы мүмкін. Бір анығы, биылғы су тасқыны бізге үлкен сабақ болды. Қамсыз отыруға болмайды. Не нәрсеге де дайын болуымыз керек. Осы орайда жергілікті халықпен де ақылдасып, ұсыныс-пікірлерін ескеріп жатқан жайымыз бар. Төтенше жағдай департаменті мамандарының нұсқауын алдық. Бұл — облыс орталығында ғана емес, ауданда да жүйелі түрде атқарылып жатқан іс. Жалпы, су тасқынына қарсы осы тектес шараларға облыс бойынша республикалық бюджеттен 2,8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді. Бәрі жол картасына сәйкес жүзеге асуда, — деді Асхат Берлешұлы.
Бұдан бөлек Жібек жолы тұрғын үй алабындағы Тәшенов көшесіндегі жөндеу жұмыстары назардан тыс қалмады. Ұзындығы 1,3 шақырым көлік жолына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жайы да қаперге алынған. Облыс әкімі бір аптаның ішінде автобус қатынайтындай жолды ашып, тұрғындардың жағдайын жақсартуды мықтап тапсырды. Өз кезегінде жауапты компания өкілі Саясат Бекжанұлы жөндеудің дені аяқталғанын, ұсақ-түйек жұмыстарды аз уақытта еңсеретінін баян етті.
Облыс әкімі бастаған топБауырластар-3тұрғын үй алабындағы мектепке апарар жолдың құрылысымен танысты. Аталған іске «БизнесСтройКонтракт» ЖШС тартылған. Жобаның құны — 761,9миллион теңге. Құрылыс барысын қараған билік өкілдері ендігі мұндағы қоғамдық көліктің қатынасын реттеу керектігін, атап айтсақ, автобустардың санын көбейту негізгі мақсат екенін айтты.
— Жақында Ақтөбеге жаңадан 50 автобус келеді деп күтілуде. Соның бір бөлігін осында жіберу қажет. Үлкен-кіші қалаған жеріне қиындықсыз қатынауы керек. Аталған мәселені шешуді тапсырамын.
Қажетті қаржы бөлінді, техника бар. Ендігі жол құрылысын тек сапалы жасау шарт. Талапқа сай төселмеген асфальт қабылданбайды, құзырлы органдар бұны жіті тексереді, — деп ескертті Асхат Шахаров.
«Aqtobe su-energy group» АҚ-ның қазіргі тынысына да көңіл аударылды. Аталған монополист мекеменің материалдық-техникалық базасы, жаңадан орнатылған бейнебақылау жүйесі, ортақ желі арқылы басқару аппараттарымен танысқан облыс әкімі жылыту маусымына дайындықты күшейтіп, ақауы бар нысандарды қазірден зерттеп-зерделеуді тапсырды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.