Референдум: дауыс берудің тәртібі қандай?
Референдум — еліміздің даму сатысындағы маңызды мәселелелер бойынша өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру шарасы. Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі осы референдум арқылы шешілетін болады. Қазіргі таңда бұл бағытта барлық өңірде референдумға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен,
12 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік БАҚ-та сайлау учаскелерінің шекарасы, ал аумақтық референдум комиссиясы сайлау комиссиясының құрамы және олардың орналасқан жері туралы ақпарат жариялауы керек. Сонымен, референдум өткізудің тәртібі қандай? Облыстағы сайлаушылар саны қанша?
Заңдылықтар және сайлаушылар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетінін айтты.
— Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, — деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін айтты.
— Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл — «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша Президенттің Жарлығына сәйкес елімізде 6 қазанда референдум өтеді. Онда сайлаушыларға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал қойылатын болады.
Өткен аптада республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Онда республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар, референдумды әзірлеу мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері, референдум қарсаңындағы үгіт жұмыстары, сондай-ақ оны өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері талқыланды.
Отырыста Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес атом электр станциясын салу мәселесі азаматтардың пікірін ескеру мақсатында жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін атап өтті. Комиссия төрағасы республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастыратынын жеткізді.
Ал Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтің айтуынша, аталған науқанның жалпы ұзақтығы — референдум тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн. Дауыс берушілердің тізімдерін жергілікті атқарушы органдар дайындайды. Дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне және электронды түрде Орталық референдум комиссиясына беріледі.
Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері азаматтарға танысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қалғанда ұсынылады.
Сондай-ақ сайлау туралы Конституциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.
Бюллетеньдер референдум учаскелеріне дауыс беруге дейін бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қазанда таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін өтеді.
Енді жалпы еліміз бойынша учаскелер мен сайлаушылар санына тоқталсақ, бүгінде барлық өңірдегі референдум учаскелерінің жалпы саны — 10 327. Оның ішінде 9709-ы — азаматтардың тіркелген жері, ал 618-і — уақытша болатын жері бойынша жұмыс істейтін учаскелері. Ал 618 учаскенің 78-і — шетелдік учаскелер (63 елде). Референдум комиссиялары мүшелерінің саны — 70 049 адам. Ал жалпы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері арқылы тұрақты тіркелгендер саны — 12 176 968.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Еліміздің тарихында биыл төртінші рет референдум өтпек. Бұған дейін референдум 1995 жылы 29 сәуірде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін ұзартуға байланысты өткізілсе, 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты өткен болатын. Ал осыдан екі жыл бұрын, яғни 2022 жылы 5 маусымда өткен референдумда қазақстандықтарға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деп сауал қойылған болатын. Аталған референдумға Қазақстан азаматтарының 68,05 пайызы 7 985 769 адам қатысты. Оның ішінде дауыс берушілердің 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам «иә», 1 490 470 адам «жоқ» деп жауап берді. Ал жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны — 205 924.
Айта кету керек, аталған референдумға Ақтөбе облысы бойынша 559 598 сайлаушының 322 549-ы (57,64%) қатысты.
Облыста 530 учаске жұмыс істейді
Дүйсенбі күні Ақтөбе облыстық референдум комиссиясы қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, семинар өткізді. Онда алдағы референдумды өткізудің тәртібі түсіндірілді.
Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, өңірімізде 12 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік БАҚ-та сайлау учаскелерінің шекарасы туралы, ал аумақтық референдум комиссиясы сайлау комиссиясының құрамы және олардың орналасқан жері туралы ақпарат жариялауы керек. Ал 15 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік әкімнің қолы қойылған сайлаушылардың тізімдерін референдум учаскесіне, электронды нұсқасын Орталық сайлау комиссиясына беруге тиіс.
— 26 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің тізімін алғаннан кейін ауқымды жұмысты бастайды. Мәселен, сайлаушылар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпарат беріледі. Бюллетеньдер дауыс беру күніне дейін бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. 5 қазан — үнсіздік күні. Үгіт-насихат дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00.00-де аяқталады. 6 қазан — референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы, вахталық әдіс арқылы жұмыс істейтіндер үшін. Дауыс беру аяқталған соң 12 сағаттың ішінде барлық дауыс саналады. Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге екі күн беріледі. Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын анықтап, ресми хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, — дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 3532 сайлау комиссияларының мүшесі бар. Олар 530 референдум учаскесінде жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ өңірде 14 жабық референдум учаскесі бар. Олар түрмелерде, әскери бөлімдерде, т.б. жабық мекемелерде орналасқан. Қазіргі таңда облыстағы реферундум учаскелері қажетті материалдық жабдықтармен толық қамтылған.
— Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста сайлаушылардың саны — 566 мың 944 адам. Биыл Ақтөбе қаласында сайлаушылар санының артуына байланысты 6 сайлау учаскесі ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынына байланысты Ойыл ауданында бір сайлау учаскесі жабылды. Алдағы уақытта өңір бойынша 530 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Референдум кезінде дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысса, референдум өтті деп есептеледі. Егер дауыс беру нәтижесінде оның оң шешілуі үшін дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбі дауыс берсе, референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі. Қазір өңірімізде референдум бойынша ақпараттандыру жұмыстары онлайн-сервистер арқылы жүріп жатыр. Мәселен, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу аясында Call-орталықтар және Telegram-боттар, Sms тарату бойынша Beeline, Kcell, Tele-2 байланыс операторлары, сондай-ақ Halyk, Kaspi банктерінің қызметтері жұмыс істеуде, — дейді Н.Жүсіпов.
Д.АЙДАР.