Әлем чемпионатына жолдама алды
Филиппин астанасы Манила қаласында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Дияна Серғазина жеңіспен оралды. Ақтөбелік жанкүйерлер спортшыны теміржол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды. Тамыз айының 23-25 күндері өткен сары құрлық бәсекесіне әлемнің 30 елінен 600-ге жуық спортшы қатысты. Олардың қатарында 37 қазақстандық спортшы бар.
— Дүбірлі дода тартысты өтті. Алғашқы сайыста қытайлық спортшыны ойсырата ұтып, Иран, Филиппин мемлекеттерінің каратэші қыздарымен сайысқа түстім. Ақтық сында Жапон қызын жеңіп келе жатып, сызықтан шығып кетуім себепті жеңісті қолдан бердім. Каратэ спорты қателікті кешпейді. 5:3 есебімен жеңіп келе жатып, соңғы секундтарда есе жіберу спортшы үшін оңай емес. Алдағы уақытта осы қателіктерді қайталамауға тырысамын. Жарысқа қатысуыма себепкер болған жаттықтырушым Ерік Айтмағамбетовке алғысым шексіз. Ел намысын асқақтатып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Мен бұл спорт түрімен 9 жасымнан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық, әлемдік турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — осы жылы өтетін әлем чемпионаттарында жеңімпаз атану. Қазіргі уақытта ел біріншіліктері мен әлем чемпионаттарына дайындалып жатырмын, — дейді Дияна Серғазина.
Манила қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында 4 алтын, 6 күміс, 4 қола еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынға ие болды. Жапония командасы топ жарса, екінші орынды Иран елі қанжығалады.
Спортшының жаттықтырушысы Ерік Айтмағамбетов Диянаның бұл сайысқа үлкен даярлықпен келгендігін айтады.
— Дияна — өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әрі қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын батыл спортшы. Қарусыз күрес саналатын каратэде кейін шегінбейтін күш керек-ақ. Ол табандылығының арқасында жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Күміс жүлденің өзі қоржынымызға оңайлықпен келмеді. Азия чемпионатының алдында екі халықаралық жарыс өтті. Алдымен каратэші қызымыз бірінші кезеңде Талдықорған қаласында кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасында Қазақстан чемпионатында сынға түсті. Содан соң Орал қаласында ұйымдастырылған «AKJAYK OPEN» және Астанада өткен «KAZAKHSTAN OPEN» халықаралық турнирлерінде жеңімпаз атанып, үш жарыстың қорытындысы бойынша Азия чемпионатына жолдама алған болатын. Қытай мен Жапон мемлекеттері бұл сайысқа сайдың тасындай іріктелген спортшыларын әкеліпті. Дүбірлі додаға қатысқан Дияна Серғазина 16-17 жас аралығындағы спортшылар арасында 48 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Қазан айында өтетін әлем чемпионатында спортшымыздан нәтижелі ойын күтеміз. Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дарынды спортшылары жеңіс тұғырынан көрініп, қанжығамызды алтын жүлдемен майлайды деген ойдамын, — дейді жаттықтырушы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.