Бас бапкерді босатқан жеңіліс
Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Елімай» — 1:3
31 тамыз-1 қыркүйек күндері Премьер-Лиганың 19-тур ойындары өтті.
Бір қызығы, бұл турда турнир кестестесінің басында келе жатқан үш команда да ұтылды.
Өз алаңында «Қайрат» «Астанадан» жеңілді, «Ақтөбе» «Елімайдан» оңбай «таяқ жеді». «Ордабасы» Қызылордадан «Қайсарға» үш ұпай беріп оралды.
Қостанайда ойнаған «Тобыл» да «Атырауда» жеңе алмады (1:1). «Жетісу» «Тұранмен» тең түссе (0:0), «Шахтер» мен «Жеңіс» те бір-бірінің қақпасына гол сала алмады.
* * *
31 тамыз күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Елімай» командасын қабылдады.
Кіріспе лебіз білдіре кетсек, «Елімай» өзін жаңадан құрылған команда деп есептейді. Бірақ жаңа команда екенбіз деп әуел бастан ешкімнен жасқана қойған жоқ.
Ең бірінші турда, сырт алаңда «Тобылдан» 1:2 есебімен жеңілгенімен, сол бойда қайтадан қатайып алды. Келесі турда «Астананы» жеңді (1.0). Одан соң да ешкімге есе жібермеуге тырысты. Қазіргі лидерлер «Ордабасы», «Қайрат», «Ақтөбе» командаларымен тең ойнады. Премьер-Лиганың баяғыдан келе жатқан, өзіндік өрнектері бар «Қайсарды», «Шахтерді» ұтты.
Ал соңғы екі турдың нәтижесі бойынша «Тұранды» 6:0 есебімен ұтқаны әжептәуір әңгімеге айналса, одан соң «Қызылжарға» да ерік бермеді (2:1). Не керек, алғашқы бестікке мығым орналасты.
Рас, семейлік футболшылар чемпиондықты айтпаған күнде, Еурокубок ойындарына жолдама беруі мүмкін төртікке немесе тіпті үштікке ілігуді мақсат тұтуы да мүмкін. Бірақ бұл жолда кедергілер бар. Басқасын былай қойғанда, өз алаңында әлі «Тобыл» мен «Астананы» қабылдайтыны қауіп ойлатады оларға. Ал сырт алаңда «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командаларымен ойнайтыны және бір кедергі екені даусыз еді.
* * *
«Ақтөбемен» семейлік команда, жоғарыда айтқанымыздай, 31 тамыз күні кездесті.
Бұл жолы да әдеттегідей стадион лық толы болды. Әрине, футболшылардан жанкүйерлер жеңіс қана күтті. Күткен үміт ақталатындай да көрінді. Бар-жоғы 15-секундта «Елімай» қақпасының алды опыр-топыр болып қалды. Қақпаға шүйілген ақтөбелік футболшылардан құтылмақ ниетте болған семейлік футболшылар қаттырақ қимылдап жіберген еді. Сөйтіп жүріп ентелей ұмтылған Жан Жайроны шалып құлатып тынды. Пенальти белгіленді. Он бір метрлік нүктеге келген Әлібек Қасым қателескен жоқ — 1:0.
Бұдан соң көңілдері көтеріліп қалған жерлестеріміз шабуылды үдете түсер деп ойладық. Олай болмады. Шапшаң голдан соң ойларын шашыратып алған семейлік футболшыларды одан әрі тықсырудың реті келіп-ақ тұр еді. Расында да, он минуттай уақыт бойына қонақтар естерін жинай алмай қалғандай көрінді. Бірақ біздің жігіттер құр шапқылаумен, нәтижесіз пас алмасулармен уақытты созып алды. Әрине, қонақтар да ес жинады. «Ақтөбенің» құр шабыстарына көздері үйренген соң өз тактикаларын түзеп алды. Әсіресе таймның ортасына таман екі жақтың да күші теңескендей болды. 31-минутта Эдарлин Рейес Уренья допты қолмен қойғандай етіп әуелете тастаған пасты Самюэль Одеоибо баспен қағып алып, бірден қақпаға жөнелтті. Қақпашымыз Игорь Шацкий қолын соза құлады. Бұл ретте Игорьға кінә тағу да қиын. Қорғаушылардың қамсыздығы бармақ тістетті — 1:1.
Бұл аралықта біздің үш футболшымыз ескерту қағазын алып үлгерді. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды. Ал екінші тайм алдында бапкерлер футболшыларға іске асатын кеңестер беруі керектігі мәлім еді. Өйткені көз алдарында 45 минут бойы жүгіріп жүрген футболшылардың артық-кем тұстарын бапкер анық байқауы қажет екені даусыз. Үзілісті семейлік бапкер Андрей Карпович дұрыс пайдаланған секілді. Семейлік футболшылар біздің жігіттерді тіпті де еркінсітпеді. Біздің жігіттер сол баяғыша пас алмасулардан аспады. Онда да пасты не дұрыс тастамайды, не аяқ жетпейтін жерге қарай жібереді. Ал алыстау жерден айып добын орындауды осы кезге дейін қалай меңгермей жүргендеріне таңғалуға ғана болады. Осындай берекесіздіктің салдары 53-минутта тағы бір голға түрткі болды. «Ақтөбенің» қақпасына қонақтар лап берді де, біздің жігіттер одан құтылудың жолын таппай, допты әйтеуір сыртқа қарай тепкілеумен болды. Бірақ одан нәтиже шығара алмады. Абыр-сабырға Аслан Дарабаев араласып, И.Шацкий кейін қайтарғандай болған допты қайтадан қақпаға енгізіп жіберді — 1:2.
Бұдан соң ақтөбеліктердің екпіні басылып қалды. Бас бапкер Д.Парфенов жасаған алмастырулар да, стадион толы жанкүйерлердің үздіксіз қолдауы да пайда әкеле қойған жоқ. Пайда дейсіз-ау, төреші тайм соңында қосқан 5 минутты да біздің жігіттер нашар өткізді. Роман Мұртазаев 90+4 минутта қақпашымызбен бетпе-бет шығып және бір гол соқты. Бұл ретте біздің қорғаушылардың шаршап та, шашырап қалғаны да рас еді — 1:3.
Жалпы «Ақтөбе» футболшыларынан айызыңды қандыратын камбэк күтудің қажеті жоқтығы анық белгілі болды. Міне, төрт тур бойы «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына 1 голдан артық доп енгізе алмай келеді. Және бір қызығы, осы төрт кездесуде де «Ақтөбе» бірінші болып гол салды. Рас, футбол маусымының соңы тақалғандықтан ойыншыларымыз да шаршаған шығар, оның үстіне келесі маусымды басқа команданың құрамында өткізуді ойлайтындар да жоқ емес болар, сол себепті олар соншама жан сала қимылдауды қажет деп таппайтын болуы да мүмкін. Сонымен қатар, ең бастысы, бас бапкер Дмитрий Парфеновтің да футболшыларға берер ақыл-кеңесі таусылуы да ғажап емес. Әйтпесе анау Андрей Карпович жігіттеріне бірінен соң бірі үш гол салуды қалай жүзеге асыртқызды дейсің. Қатарынан төрт кездесуді тең аяқтау біздің команданың қазіргі күш-жігерінің қалыпты көрінісіне айналып тұрған сыңайлы. Бұдан артыққа әлде шамалары жетпейді немесе оған ұмтылмайды да. Айталық, мына ойында Хосе Севальос дәл алдына тамаша келіп тұрған допты айдалаға тепті де жіберді. Бұл — да немкеттіліктің бір мысалы. Ал допқа таласу, қарсыласынан еріксіз тартып алу әйтпесе алдындағы допқа тастай жабысып айырылмау секілді қарапайым қағидаларды талап етудің несі қиын. Үзілісте немесе ойыннан соң осындай кемшіліктер талқылануға тиіс қой.
Ойынның нәтижесіне қарайық. 60 минут доп бізде, 40 минут қонақтардың аяғында жүргенімен, басқа көрсеткіштер бойынша «Елімай» алда болды. Соққылар: 9-14; қақпаға тікелей бағытталған соққылар: 1-6; бұрыштамалар: 3-5.
Не болғанда да, «Ақтөбе» биыл алтын медальға тағы да жете алмайтын сыңайлы. Себебі түсінікті де. Біріншіден, қалған ойындардың бәрінде жеңіске жете беруге мына түрімен шамасы келмейтіні мәлім. Екіншіден, басқа командалар, әсіресе запаста ойындары бар «Ордабасы» мен «Астана» қарап қалмайды. Яғни алғашқы үштікке ілінуіміздің өзі зор табыс болатын түрі бар.
Ендігі үміт — Қазақстан Кубогы үшін болатын финалдық ойында.
«Ақтөбе»-«Елімай» — 1:3
Гол авторлары: Әлібек Қасым, пенальти, 3-минут (1:0), Самюэль Одеоибо, 31-минут (1:1), Аслан Дарабаев, 53-минут (1:2), Роман Муртазаев, 90+4 минут (1:3).
Ескерту қағазын алғандар: Дорни Ромеро, 18-минут, Богдан Вэтэжелу, 24-минут, Әлібек Қасым, 30-минут («Ақтөбе»), Никита Корзун, 40-минут, Даниил Пенчиков, 41-минут, Аслан Дарабаев, 72-минут, Юрий Перцух, 90-минут («Елімай»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Дмитрий Бессмертный (Амаду Думбия, 76-минут), Әлібек Қасым, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо, Хосе Севальос, Леонел Струмия, Дорни Ромеро, Жан Жайро, Фредди Гондола (Ыдырыс Умаев, 65-минут).
Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.
31 тамыз 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
Дмитрий Парфенов «Ақтөбенің» бас бапкері қызметінен кетті
«Ақтөбе» футбол клубы өзара келісім аясында Дмитрий Владимирович Парфеновпен арадағы келісімшартты үзіскенін ресми хабарлады.
49 жастағы ресейлік маман маусым басында «Ақтөбенің» тізгінін ұстап, команданы турнирлік кестедегі екінші орында қалдырып барады.
Д.Парфеновтің басшылығымен «Ақтөбе» Қазақстан Кубогының финалына шыққанын еске саламыз.
* * *
Басқа кездесулер:
«Қайрат»-«Астана» — 0:1
«Қайсар»-«Ордабасы» — 2:1
«Тобыл»-«Атырау» — 1:1
«Жетісу»-«Тұран» — 0:0
«Шахтер»-«Жеңіс» — 0:0
* * *
Біздің мергендеріміз:
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 3;
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 2,
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;
Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 18 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 3 рет жеңілді. Ұпай саны — 31. Доп айырмашылығы — 29-19.
* * *
19-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Қайрат» (Алматы) — 32 ұпай;
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 31 ұпай;
- «Елімай (Семей) — 31 ұпай;
4.«Ордабасы» (Шымкент) — 30 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 25 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 24 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 23 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 21 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 20 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 13 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 10 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай.
Запаста «Астананың» 5 ойыны, «Ордабасының» 3 ойыны бар екенін еске саламыз.
* * *
20-тур ойындары
14 қыркүйек, сенбі
«Жеңіс» — «Қайсар»
«Тұран» — «Шахтер»
15 қыркүйек, жексенбі
«Елімай» — «Тобыл»
«АҚТӨБЕ» — «ЖЕТІСУ»
«Астана — «Қызылжар»
«Ордабасы» — «Атырау»
* * *
29 тамыз күні «Астана» Алматыда Конференция лигасының плей-офф кезеңінде Норвегияның «Бранн» командасымен кездесті. Бұл екінші кездесу еді. Жерлестерімізге топтық кезеңге шығу үшін кемі үш доп айырмашылығымен жеңу қажет болатын. Өйткені Берген қаласында (Норвегия) өткен бірінші кездесуде «Астана» 0:2 есебімен жеңіліп қалған. Расы керек, жанкүйерлерді былай қойғанда, футбол мамандарының өзі астаналық команданың бұл кездесуде үш доп айырмашылығымен жеңетіндігіне сенбеген болатын. Дегенмен біздің жігіттер болмайтынды болдырды. Бірінші таймда есеп ашылмағанымен екінші таймда үш гол соғылды. Екі допты Джеффри Чинеду (60,81-минуттар) соқса, үшінші голды қарсыластар қақпасына 90+1 минутта Рамазан Кәрімов енгізді.
Осылайша жалпы есеп бойынша (3:2) «Астана» Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнауға жолдама алды.
Енді лиганың бірегей жүйесі бойынша әрбір клуб 6 ойыннан өткізеді (үш ойын — өз алаңында, үш ойын — сырт алаңда). 3 қазан-19 желтоқсан аралығында «Астана» өз алаңымызда «ТСЦ» (Сербия), «Витория» (Португалия), «Челси» (Англия) командаларын қабылдаса, сырт алаңда «ТСН» (Уэльс), «Пафос» (Кипр), «АПОЭЛ» (Кипр) командаларымен кездеседі.
* * *
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов УЕФА Ұлттар лигасы аясында 6 қыркүйекте Норвегия, 9 қыркүйекте Словения құрамаларымен ойнауға шақырылған футболшыларымыздың нақты тізімін жария етті.
Бұл тізімде 28 футболшы бар.
Үш футболшы — ақтөбелік.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Темірлан Анарбеков («Жеңіс»);
Қорғаушылар: Сергей Малый («Ордабасы»), Роман Асранқұлов, Еркін Тапалов («Тобыл»), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Астана»), Михаил Габышев («Елимай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Талғат Кусяпов («КАМАЗ», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Абзал Бейсебеков, Эльхан Астанов («Астана»), Ислам Чесноков («Тобыл»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Оралхан Өміртаев (БАТЭ, Беларусь), Рамазан Кәрімов («Астана»).
Резервте: Сұлтанбек Астанов, Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Андрей Ульшин («Қайрат»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Исламбек Қуат («Астана»), Александр Зуев («Тобыл»), Асхат Балтабеков («Жетісу»), Ұлар Жақсыбаев («Кызылжар»).
Алдыңғы тізімге бірқатар өзгертулер енгізілгені көрініп тұр. Мысалы, ордабасылық Сағадат Тұрсынбай алынып тасталса, Темірлан Ерланов пен Сұлтанбек Астанов резервке кіргізілген. Жетісулық Асхат Балтабеков пен қызылжарлық Ұлар Жақсыбаев, тобылдық Александр Зуев те тізімде жоқ. Максим Самородов пен Исламбек Қуат та резервке енгізілген.
Оқу-жаттығу жиыны 1 қыркүйекте Алматыда басталып кетті.
Алғашқы ойын 6 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында жергілікті уақытпен 19.00-де басталады.
Ал үш күннен соң, 9 қыркүйекте жерлестеріміз Люблян қаласының «Стожице» стадионында Словения құрамасымен күш сынасады. Басталуы — Астана уақытымен 23.45-те.
Е.АХАТҰЛЫ.