Спорт

Қазбектің «қарадомалақтары»

Елімізде тамыздың үшінші жексенбісі спорт күні ретінде аталып өтеді. Атаулы күнге орай хромтаулық спортшы Қазбек Қожахметовті аз-маз сөзге тартқан едік…

Одессада жалғасқан жаттығу

Қазбек Қожахметов Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол жеті жасынан спортпен шұғылданады.

— Бала күнімнен спортты жаныма серік еттім. Спортпен шұғылдануды әуелі жүзуден бастадым. Он төрт жасқа дейін бокс үйірмесіне бардым. Спорт шеберлігіне үміткер болдым. Содан кейін у-шу жауынгерлік өнерімен айналыстым. У-шудан жарыстарға қатысып жүрдім. Кейін жаттықтырушым Украина мемлекетіне көшіп кетті. 1991 жылы мектеп бітіріп, мен де Украинаның Одесса қаласында бір жылдай тұрып, жаттығып, жарыстарға, чемпионаттарға қатысып жүрдім, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Ол Одессадағы күндер мен жастық шағын ерекше сезіммен әңгімелеп берді.

Волгоградтағы мемлекеттік спорт академиясына оқуға түстім.  Үшінші курста сырттай бөлімге ауысып, Ресей мен Украинада жаттықтырушы ретінде еңбек жолымды бастадым. Спорт академиясын 1997 жылы аяқтап, «спорт жаттықтырушысы» мамандығын алдым. Кейін отау көтеріп, туған жерге қайтып келдім, — дейді ол.

Отан алдындағы парызын Қапшағайдағы әуе десант әскер қатарында өтеген кейіпкеріміз — бүгінде төрт ұлдың әкесі.

Тимурдың жасақталған командасы

Ақтөбе қаласынан кейін аудандар арасында алғаш болып Хромтауда ашылған таэквондо спорт үйірмесіне мұрындық болған Қазбек Қожахметовтің бұл еңбегін бүгінде бір ібілсе, бірі білмес. Бұл туралы өзі былай дейді:

Таэквондо федерациясының жиналысында  осы спортты аудандарда да дамыту керек деген ой айтылды. Ол кезде таэквондо тек Ақтөбе қаласында ғана болды.  1999 жылы қыркүйекте Хромтауға келіп, таэквондо спорт клубын аштым. Хромтаулық балаларды осы спорт түріне баулыдым, — дейді ол.

2001 жылы ауданда денешынықтыру және сауықтыру кешені ашылғаннан кейін ол жаттықтырушымен қатар әдіскер, кейін басшылық қызметке тағайындалады. 2011-2018 жылдары аудандық спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қазбек Бердімұратұлы қазіргі таңда Ақтөбе мыс компаниясында қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінде инженер болып жұмыс істейді. Дегенмен ол спорттан бір сәт те қол үзген емес.

Әлі күнге дейін кішкентай ұлымды жаттықтырып, өзім де жаттығу жасап тұрамын. 2000 жылы соңғы рет жарысқа шықтым. Ал 2003 жылы Сочи қаласында өткен әлем чемпионатында таэквондодан бірінші орын алдым, — деген Қазбек Қожахметовтің спорттың бұл түріндегі дәрежесі — спорт шебері.

Ақтөбеден Хромтауға таэквондо спортын дамытуды мақсат етіп келген жас маман сол кездегі ахуалды еске түсірді: «Хромтауға алғаш келгенде таэквондоның ауданда дамуына сол кездері билік басында отырған ағаларымыздың қолдауы ерекше болды. Ең әуелгі кезде кішкентай залда жаттығуды бастадық. Қағазға хабарландыру жазып, «Ақтөбеден жаттықтырушы келді, бірінші сыныпқа бала қабылдайды» деген қағаздарды көшелерге ілдім. Бастапқыда бірден 30 бала жазылды. Кейін олардың қатары толығып, 500-ге жетті. Шағын залға бала сыймайтын болғасын, аудандық білім бөлімінің қолдауымен мектептердің спорт залында жаттығуды жалғастырдық. 2000 жылдың көктемінде Ақтөбеден екінші жаттықтырушы — Тимур Құрманов көмекке келді. Ол кезде 500 баланы екеуміз топтарға бөліп, даярладық. Әр топта 40-50 баладан болды. Балаларды облыстық жарыстарға апарып жүрдік, — дейді Қазбек Бердімұратұлы.

Шәкірттерім Шотландияда өнер көрсетті…

Дана халқымыз «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» деген даналық сөздерді бекер айтпаса керек-ті. Қазбек — тек таэквондодан бапкер ғана емес, әр шәкіртіне ерекше ықыласпен қарайтын спортта да, өмірде де ұстаз бола білген жан.

Шәкірттерімді оқу бітірісімен өзім күтіп алып, жұмысқа орналастыратынмын. Қазір шәкірттерімнің біразы таэквондо спортын дамытып жүр.  Олардың қатарында  Самат Сәрсеков, Руслан Манаспаев, Айдос Рахметовтер бар. Бұл тізімді әрмен қарай жалғастыра беруге болады. Самат Сәрсеков — алғашқы шәкірттерімнің бірі. Алматыдағы спорт академиясында білімін жалғастырды. Қазір ол — жаттықтырушы. Ал Руслан Манаспаев бүгінде №5 Хромтау гимназиясын басқарады. Қыздар арасынан Айна Жұмақанова — таэквондодан Еуропа чемпионы. Оны кезінде Канада, Шотландия, Италияда өткен жарыстарға өзім апардым. Қазақстан чемпионаттарында чемпион атанды. Жаттығудан кейін әр баламен жеке сөйлесуге де уақыт табуға тырысамын. Сондай сәттердің бірінде шәкіртім Айна «тренер болғым келеді» дегенде, мен одан жақсы жаттықтырушы шығатынын айтқанмен, «сені неге екенін қайдам, дәрігер ретінде көремін, медициналық академияға түссең, қалай қарайсың» дегенмін.  Шәкіртім сол кезде бұл салаға мүлдем қызықпайтынын айтқанмен, бүгінде сол академияны қызыл дипломмен тәмамдап, қазір Астана қаласында кардиолог дәрігер болып қызмет істейді.  Осындай шәкірттерімнің қатарындағы Абылайхан Ізбасаров, Дәурен Садықовтар — қара белбеу иегерлері, чемпиондар, — деді кейіпкеріміз.

Бала икемін байқау керек…

Спорт шебері, білікті маман Қазбек Бердімұратұлынан «Спортқа баланы қай жастан берген дұрыс?», «Жастарға айтар кеңесіңіз қандай?» деген сауалдарды қойған едік.

Көп нәрсе жаттықтырушыға тікелей байланысты. Бізге академияда баланың физиологиясына, талабына, икеміне қарау керектігін үйрететін. Өзім сол әдісті пайдаландым. Икеміне қарай балаларды бақылып, бағыт-бағдар беріп отырдым. Себебі баланың қандай спортқа жақын екендігі көрініп тұрады. Жаттықтырушы бала бойындағы осындай икемділікті аңғара білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіні анық. Жалпы бала 5-6 жасында жүзуге барғаны дұрыс. Ал күштік спортта баланы 8-9 жастан күреске беруге болады. Ары қарай бокс, каратэ, таэквондо, MMA, жүзу спорттарын жақсы меңгеретін болады. Кейбір ата-аналар балаларын 4-5 жаста спорт үйірмесіне әкеліп жатады.Бұл жаста балаларға ойын керек. Сондықтан мұндай жастағы балаларды жаттықтыратын арнайы бағдарлама бар. Баланы бірден төбелеске үйретпеген жөн. Олардың сүйегін, етін қатайту керек. Спорт еңбекті әрі қатал тәртіпті қажет етеді, — дейді кейіпкеріміз.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button