Мәдениет

Қолтаңба

Бастау

 

Әнуар Өтеген-Тана 1942 жылы 20 шілдеде Ойыл селосында дүниеге келді.

1972 жылы Төменгі Тагиль мемлекеттік педагогикалық институтының көркемөнер-графика факультетін бітірген жылғы дипломдық жұмысы «Менің отбасым» деп аталған линогравюралық серия еді.

Шығармашылық кәсібін сол 70-жылдары бастаған Әнуар әуелі қазақ жұрты мен сол жұрттың тіршілігін бейнелеген графикалық сериялары мен талай кітаптарды көркемдеген иллюстрациялары арқылы дереу танылды.

Ол бастапқы кезде линогравюра техникасы мен офорттық графикаға көбірек ықылас аударды. Гуашь, пастель, көмір, акварель және қарындаш суретшінің сол кезгі жақын тұтқан құралдары еді. Бұдан соң майлы бояуға да кезек келді. Суретшінің әсем живописьпен суарылған картиналары жұртты кейбір графикалық формаларымен де ерекше сүйсіндіретін.

Солайша 1972 жылдан бастап Әнуар республикалық, бүкілодақтық һәм халықаралық көрмелерге біздің облыстың сәлемін жеткізе бастады. Ал 1978 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанды. Мұндай одаққа қабылдану ол кезде әркімге бұйыра бермегені де рас.

Әріптер мен әліппелер

 

Әнуардың «Суретті әліппесі» (1992) — Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Әрбір әріпті әсем көркемдеген бұл әдістемелік құрал қазір де қазақ алфавиті мен тілді үйретудегі негізгі көмекшілердің сапында келе жатыр. Альбомды зерделей қараған кезде суретшінің сұңғылалығы мен өз ұлтының тарихын, салт-дәстүрін жете білетіндігі анық аңғарылады. Балалар мен жас буынның көзіне көп түсе бермейтін көне көріністер мен көп қолданылмайтын ескі сөздер көкіректі оятады.

Ал өлкемізде сирек кездесетін құстар мен аңдар суретшінің «Бұларды қорғау керек!» деп аталатын суретті кітабына (1993) негіз болды.

Қылқалам иесінің кәсіби даярлығы мен педагогикалық шеберлігі, ғылыми ізденісі басқа авторлармен бірігіп шығарған «Өнер әліппесі» (1-2 кітап, 1995) деп аталатын қоғамдық-тарихи және көркемөнерлік еңбегінде де айқын байқалып-ақ тұр.

 

Заманды зерделеу

 

Суретші өзінің жетпіс жасына, оған қоса шығармашылық жолы басталуының елу жылдығына бірнеше мың живописьтік һәм графикалық туындыларымен келіп отыр. «Менің отбасым», «Қазақтың салт-дәстүрі мен тұрмысы», «Әлия», «Махамбет», «Хадистер», «Шежіре», «Естеліктер», «Гендерлік саясат», «Өрнектер», «Өмір комедиясы», «Кресло», «Біздің комедия», «Бабам туралы» тәрізді сериялар мен әрқилы графикалық техникалармен жасалған 600-ге жуық экслибристері оның талмай ізденулерінің мол жемістері.

Әнуардың талмас таланты мен дара қабілеті азаматтық тұғырдың нықтығына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары біздің еліміз жұрт назарына өзінің тарихи және ұлттық құндылықтарымен ғана емес, мұнай мен газы, кейбір экстремистік әрекет жасаушыларымен де ілігіп жүргені рас. Бұл тараптағы сауалдарға суретші «Біздің комедия» атты гравюралар сериясымен дереу үн қатты. Осы сериядағы «Баласын жеген Сатурн» әдеби сюжетімен, символикалық тұрпатымен елең еткізіп, туған жұртымыз бүгін бастан кешіп жатқан жайларды қозғайды. Жалпы, гравюра негізіне ХІХ ғасырда өмір кешкен испандық суретші Гойяның «Кипричос» композициясы алынған. Ә.Өтеген-Тана осы туындымен параллель адымдай отырып, теріс ағымды діннің — ваххабизмнің кейпіне енгізілген Сатурнның біздің жастарымызды қалай жұтып жатқанын бейнелейді, жан дауысы шыққан үрей-әйел бірінші қатарға шығады. Гойяның «Ақыл мен ой мүлгісе — құбыжық бас көтерер» деген сөзімен аталған гравюрада да Гойяның ұйқысын аңдыған құбыжықтың басты кейіпкер болуы да, одан әрман фондағы қазаққа тән емес қара киім киген сұрланған адамдардың тізіліп жүруі де көп ойларға жетелейді. Суретші «Жетеу» атты гравюрасындағы құмға басын тыққан адамдарды бейнелей отырып, бұл проблема бұлайша тығылмақ ойнаумен шешілмейтінін ескертеді.

«Атом энергиясы — адамзат қатесі» — «Біздің комедия» сериясына енген еңбектердің бірі. Берідегі қираған Фукусима, әрідегі күйреген Чернобыль сұлбалары, бірте-бірте белсене түсетін қара түсті штрихтар санамызды тағы да осқылап өтеді.

Әнуардың өте мол қамтыған тақырыбы, жоғарыда атап өткеніміздей, қазақтардың өмір тынысы.

Соңғы бір деталь. «Бабам туралы» сериясындағы Микеланджелоның әйгілі «Давид» мүсініне үңілген шапанды қазақ — суретшінің бабасы, Флоренцияда болған-болмағаны белгісіз, бірақ Италияға табаны анық тиген қазақ.

19 жасында оққа жұтылған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың қысқа ғұмырына Әнуар өз шығармашылығының жартысын арнады деуге болады. Бұл сериядағы алғашқы туындылар көптеген музейлерге жайғасқалы қашан. Сонда да суретші бұл кейіпкеріне қайтадан оралған сайын тыңнан жол салады. Кейінгі туындылар да бұрынғыны қайталамайтын осындай өзгешеліктерімен сүйсінтеді.

Ізгіліктің іргетастары

 

Әнуар-Өтеген Тананың гравюралары — шеберлігі жеткілікті суретшінің күдік пен дүдәмалға жол бермейтін айқын қолтаңбасы. Әдетте оюмен таңба түсірудің білгірлері ақ, қара немесе сұр түсті бояу-көлеңкелер, қалың, жұқа штрихтар арқылы автор нендей ой айтқысы келіп тұрғанын бірден бағамдайды. Көру арқылы ішпен сезуге болатын бұдан да басқа факторлар көп. Бұл ретте Ә.Өтеген-Тана кешегі кеңестік кезеңнің әйгілі графиктері В.Фаворский, Н.Купреянов, В.Фалилеевтердің графикалық тіл-тінімен терең үндесе қалады. Себебі ол атақты М.Бойчуктың шәкірті болған, Украинадан жер аударылып келген, ұзақ жылдар бойы Ақтөбе педагогикалық училищесінде сурет пен графикадан дәріс берген Сергей Васильевич Кукурузаның тәлімін бойына сіңірген еді және бұл туралы үнемі әңгімелеп отырады.

Бұған қоса Әнуар өзінің тамаша ұйымдастырушы екенін де көрсетті — Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде көркемөнер-графика бөлімін ашу арқылы Батыс Қазақстан аймағындағы көркемөнер білімінің іргетасын қалады. Ал Ақтөбе қаласының бас суретшісі және Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының мүшесі кезінде Ақтөбеде Қазақстан Суретшілер одағы филиалы мен ҚР Суретшілер одағы көркемөнер-өндірістік шеберханасын ашуға мықтап еңбек сіңірді. Әрине, Ақтөбе қаласының сәулеттік-көркемдік келбетін әрлеуге зор қайрат-жігерін жұмсады. Ол Ақтөбедегі қазір Өнер музейіне айналған көрме залының іргетасын қалаушылардың бірі екенін де ескермеуге болмайды. Сол кезде біз, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің тұңғыш түлектері, ақтөбелік суретшілердің алғашқы көрмесіне келгенбіз, өнер танушы Л.Мунческоның алғашқы экскурсиясына куә болғанбыз.

Ақтөбедегі ұлттық қолданбалы өнердің негізін қалаушы ретінде Әнуар қазір республикамыз бен шетелдерге мәлім болған тұтас буынды тәрбиелеп шығарды: Таймас Телеуішев, Алексей Верещагин, Марат Сапин, Тағыберген Қайрақбаев, Нұрлан Төлепбаев, Нұркен Өтеген, Владимир Аралбаев, Бақыткерей Жапаров, Мәрзия Жақсығарина, Марат Бекеев, Өмірбек Жұбаниязов, т.б.

Ол осы жолдардың авторымен бірге кейін Еуропа мен Азия, Австралия мен Америка елдерінің суретшілермен тығыз байланыс орнатуға негіз болған қалалық және халықаралық экслибристер мен графикалар көрмелерін ұйымдастырды.

Ал 2003 жылы Әнуар Өтеген-Тана мен Мәрзия Жақсығарина шалғайдағы Ойыл селосында Өнер музейін ашып, бұл жаңа ордаға өздерінің жеке коллекцияларындағы шетелдік, қазақстандық және ресейлік қылқалам шеберлерінің 600 еңбегін сыйға тартты.

Қазір Әнуар Өтеген-Тана Қазақ-Орыс халықаралық университетінің профессоры, студенттерді дизайн мамандығына баулып жүр. Оның мұндағы шәкірттері де халықаралық экслибрис және графика көрмелерінің дипломанттары болып үлгерді.

Суретшінің еңбегі тіпті де тасада қалған емес. Оның есімі «Абай» (1995), «Ақтөбе» (2001) энциклопедияларына енгізілді. 2003 жылы Португалияда шыққан “CONTEPORARY INTERNATIONAL EX-LIBRIS ARTISTS” («Экслибристің қазіргі әлемге танымал суретшілері») әлемдік энциклопедиясының ІІ томы біздің суретшіміз туралы да толымды деректер берді. Ал Павел Стеллер атындағы медаль және дипломмен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, «Жальгирис-600» эксибристер мен графика көрмесінің халықаралық дипломымен, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің «Сапалы маман иелерін даярлауға зор үлес қосқаны үшін» Құрмет грамотасымен марапатталуы осы сөзіміздің куәсі.

Ал жақында ұйымдастырылған көрме суретшінің жаңа бір биік белесі ретінде көрермендерді шын риза етті.

Мәрзия ЖАҚСЫҒАРИНА,

Қазақ-Орыс халықаралық университетінің профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.

Жұртқа — нәр, музейге — сый

 

Ең алдымен айтарымыз, мұндай көрмелер өте сирек болады. Өйткені, көрме иесі жұрт назарына ұсынылған, графикалық тәсілмен орындалған 100-ден астам еңбегін Ақтөбенің Өнер музейіне сыйға тартты.

Мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерді бастан кешіп дүниеге әкелген туындыны өзгеге (тіпті, музейге болса да) тегін ұсыну — ерекше мәрттік.

Бұл суретші Әнуар Өтеген-Тананың осындай тұңғыш қадамы емес. Ол өз отбасылық жеке коллекциясынан 600 туындының басын құрап, Ойыл селосында Өнер музейін ашқаны да көпшілікті жадында сақтаулы тұр.

Ал өткен аптада суретшінің алда келе жатқан жетпіс жастық мерейлі күні мен шығармашылығының елу жылдығына арналып ашылған көрмеге жұртшылық көп жиналды. Одан да артықшылығы, сол жұрт қабырғаларға ілінген әр туындының жанында ұзақ-ұзақ аялдап, көптеген пікірлер айтып тұрды.

Расында да, соңғы үш жыл шамасында өмірге келген, графика тілімен сөйлейтін туындылар суретшінің жаңа бір биікке көтерілгенін, талантты қабілет иесінің қай уақытта да зерделі жұртты қайтадан тамсантуға әзір тұратынын байқатты. Көрмедегі еңбектер ғана емес, келушілер де жаңаша тыныстады.

Суретшінің осындай жеті қыры мен сегіз сыры туралы белгілі журналист Идош Асқар, танымал суретшілер Жәдігер Кенбаев, Есет Исмайлов, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің президенті Темірхан Бердімұратов, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қыдырғали Ермұханов, т.б. салиқалы сөздер айтты.

Ақтөбе жұртшылығы мен қонақтарымыз бір айға созылатын көрмеге бір бас сұғып шықса, біразға жетер рухани азық жинап шығатынына сеніміміз мол.

 

А.АСАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button