Мәдениет

Хайреденнің әлемі

Жақында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақтөбе» газетінің фототілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Хайреден Раушановтың фотоколлекциясынан көрме ұйымдастырылып, автормен кездесу өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Өмір өрнектері» атты көрмеге Хайреденнің фотообъективіне ілінген соңғы жиырма жылдағы қоғамдағы мәдени, тарихи, әлеуметтік өзгерістердің қасқағым сәттері фотошежіре түрінде көрсетілген.

Хайреден бала кезден фото ісіне әуес болған. Сол себепті Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесінің кинофото бөліміне оқуға түсуге келеді. Алайда, соның алдында ғана жабылып қалған бұл бөлімде Хайреденге оқудың сәті түспеген, амалсыз мәдени шараларды ұйымдастырушы мамандығын алды.

Бірақ, ол бәрібір нағыз фотограф болуға тырысты.

1996 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне фототілші боп жұмысқа орналасқан Хайреденнің обьективіне өңірде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени-қоғамдық шаралардың бір де біреуінің ілінбеуіне шарасы жоқ еді. Өйткені, ғасырлар қойынауына мол мұрасымен ене беретін «Ақтөбе» газеті осы ел мен жердің шежіресі іспетті. Газеттен бөлек Хайреденнің фотолары Ақтөбеде жарық көрген ондаған кітаптың сәні болды.
Қазір «Ақтөбенің» талай тігінділерімен бірге Хайреденнің де бірнеше мыңдаған фотосы мұрағатқа жөнелді. Хайреденнің жеке қорында миллиондаған фотосурет бар. Тіпті суретке түскен адамның өзінде жоқ талай бақытты да қимас сәттер оның компьютерінде, мүмкін, иығына асынып жүретін қара қоржынында сақтаулы. Содан да болар, оны көрген адамның сәлемі «Суретім қайда?» болады…

«Күніне шамамен 150 фото түсіремін. Әсіресе, табиғаттың әдемі кездері ұнайды. Сәулет өнерінің ғажап туындыларын көрсем, суретке түсірмей өте алмаймын. Ең жұмбақ, ең әдемі кейіпкерлерім — адам, адамның кейбір кездері, әсіресе, басқа әлемнен бөлініп, өз-өзімен ойға батқан адамның жанарындағы ойды, мұңды, қуанышты объектив көзімен оқығым келеді…» — дейді фотограф.

Хайреденнің кішкентай фотоаппаратына сыйған үлкен әлемі осындай…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button