Денсаулық

Ауыл медицинасы дамиды

Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 21 нысанның құрылысы аяқталады.  Бұл мақсатқа 2,7 миллиард теңге бөлінді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.

Қазіргі таңда облыс бойынша 21 ғимараттың  құрылысы жүріп жатыр. Оның он үші — медициналық пункт, төртеуі —  дәрігерлік амбулатория,  төртеуі —  фельдшерлік пункт. Биыл  жалпы құны 3,3 миллиард теңге болатын қаржыға  24 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасыаясында 21 нысанның құрылысын аяқтау көзделген.

Барлық құрылыс ғимараттары бойынша мердігер  мекемелер анықталып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Кейбір тасқын болған шалғай аудандарда құрылыс кеш басталды. Соған қарамастан, құрылыс жұмыстары кейінге қалған жоқ.

Сондай-ақ Байғанин ауданының Ноғайты, Темір ауданының Алтықарасу, Ақсай, Мұғалжар ауданының — Ембі, Саға, Бірлік, Қайыңды, Жарық және Шалқар ауданының Шоқысу, Тоғыз, Шетырғыз ауылдарына медициналық бекеттер салынып жатыр. Олардың барлығы биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, — деді Мұратжан Қажығалиев.

Сондай-ақ Мұғалжар аудандық ауруханасына лифт сатып алуға 32,6 миллион теңге, Темір, Қарғалы, Әйтеке би ауруханаларына  қазандық жабдықтарын сатып алу үшін 56,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына дизель генераторын сатып алуға — 3,7 миллион,  Мәртөк аудандық ауруханасына мәйіттерге арналған тоңазытқыш жабдықтарын сатып алуға 16,9 миллион теңге бөлініпті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button