2024 жылы Ақтөбе облысының медициналық мекемелері үшін 4,5 млрд теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды
Ақтөбе облысында аудан орталықтары мен ауылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылы Ақтөбе облысындағы медициналық мекемелердің медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 95,9%-ды құрады. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында өткен жылы медициналық жабдықтар сатып алуға 4,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 123 дана әртүрлі техника, соның ішінде рентген, маммографиялық және флюорографиялық аппараттар, наркозды-тыныс алу құрылғылары мен ЭКГ аппараттары сатып алынды.
«Бұл жабдықтар ауылдық жерлердегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында медицина саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары биыл да жалғасатын болады», – деді Қажығалиев.
Сонымен қатар, 2024 жылы 295,4 млн теңгеге облыстың сегіз ауданындағы аудандық ауруханалар үшін 21 санитарлық автокөлік сатып алынды. Бұл тұрғындардың медициналық қажеттіліктеріне жедел жауап беру мүмкіндігін арттыруға септігін тигізді.
Мұратжан Қажығалиев бұл бастамалардың облыс тұрғындарына, әсіресе шалғай аудандардағы азаматтарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.