Басты жаңалықтарЖастар

Жастардың жобалары

Елімізде жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — NEET санатындағы қыз-жігіттерді жұмысқа орналастыру және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған «Zhas Project» жобасы. Аталған жобаның арқасында 14 ақтөбелік әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттың иесі атанды.  Биыл аталған жобаға облыс бойынша 289 адам қатысуға ниет білдірген. Осы орайда игілікті жобаның жемісін көріп, кәсіп бастаған грант иегерлерімен сұқбаттасқан едік…

Биылғы жеңімпаздар

Ментор Ләззат Жаманқұлованың айтуынша, «Zhas Project» жобасы арқылы грант алып, кәсіп бастағандар саны жыл сайын артып келеді.

«Zhas project» жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Байқау түрінде ұйымдастырылатын жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Биыл үміткерлер үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары 19 ақпанда басталып, 24 наурызға дейін жалғасты. Ал 25 наурыз-24 сәуір аралығында өтініштер қабылданып, 15 мамырда байқау қорытындысы шықты. Ақтөбе облысы бойынша әлеуметтік жобаға қатысуға 289 адам ниет білдірген. Техникалық іріктеуден оның 74-і өткенімен, комиссия шешімен 14 адамның жобасы үздік танылып, жеңімпаз атанды. Бұл конкурсқа 18-35 жас аралығындағы «уақытша жұмыссыз» деген мәртебесі бар жастар ғана қатыса алады. Әр қатысушының бір ғана әлеуметтік жоба ұсынуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін шағын грант ұтқан жастар өтініш тапсыра алмайды. Талап бойынша жеңімпаз атанғандар 4 айдан аспайтын мерзімде жобаларын іске асыруға тиіс. Жоба жеңімпаздарының әрқайсысымен жыл соңына дейін байланыста болып, олардың кәсібін жүргізуге барынша қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді, — дейді ол.

Сумен массаждау орталығы ашылды

Жұмыссыз жастарға берілген мүмкіндікке ие болғандардың бірі — Шалқар қаласының тұрғыны Дархан Ахай. Ол Шалқар қаласында балаларға арналған емдік-сауықтыру орталығын ашты. Сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысқан Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов  жас кәсіпкердің кейбір ата-аналар үшін өзекті болған емдеу орталығын ашқанына ризашылығын білдіріп, кәсібіне сәттілік тіледі. Саламатты ұрпақ келешегін ойлап, қоғам сұранысын қанағаттандыруға бел байлаған жаңа орталық иесіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген мен еңбек ардагері Қолғанат Төлешов  баталарын берді.

Негізі, ерекше күтімді қажет ететін балаларға баса назар аударамыз.  «Zhas Project» жобасының талаптарына сай кейбір санаттағы балаларға бастапқы кезде  тегін қызметтер көрсетіледі.  Жалпы мұндағы емдік іс-шаралар 50 пайыз жеңілдікпен жасалады, ол үшін алда түрлі акциялар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Орталықта иппотерапия емін жүргізетін және бір массаж жасаушы маман бар. Бұл орталықта ерекше санаттағы балаларды атпен серуендету терапиясы, емдеу-сауықтыру жаттығулары, емдік гимнастикалар жасалады. Сондай-ақ орталықта денсаулықты жалпы жақсартуға көмектесетін бірегей гидромассаж қызметтері көрсетіледі, — дейді орталық иесі Дархан Болатұлы.

Жаңа істі бастаушы Дарханның медициналық мамандығы бар. Келіншегі Қаракөз Бақытқалиқызы кезінде Шалқар қаласындағы №3 орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ол келісімшартпен Шалқар аудандық ауруханасының балалар бөлімінде балалар дәрігері болып жұмыс істеп жүр. Жұптары жарасқан, мамандығы бір жас отбасының балалар массажымен айналысқанына алты жылдай уақыт болыпты. Екеуінің бала емдеу жолында жинақтаған тәжірибесін жақсы білетін жергілікті тұрғындар жаңа орталықтың ашылу рәсіміне қатысып, қуаныштарын бөлісті.

Ағылшын тілін оқытатын орталық

Жеңімпаздардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Мөлдір Исатаева балалар мен жасөспірімдерге ағылшын тілін тереңдете оқытатын «Easy English» атты оқу орталығын ашты. 2014 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Шет тілдер филологиясы» факультетін тәмамдаған жас кәсіпкердің мұғалім ретінде онжылдық тәжірибесі бар.

«Zhas Project» жобасы бизнес ашудағы алғашқы қадамымды жасауға мүмкіндік берді. Биыл қайтарымсыз грант иегері атанып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған соң, оқу орталығын аштым. Ағылшын тілін үйренемін деушілердің алды оқуға жазылып жатыр. Осы айда 20-ға жуық оқушы тегін оқыды. Орталық 50-70 балаға шақталған. Ендігі оқуға қабылданатын оқушылар ақылы негізде оқытылады. Тек көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан және ерекше балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Әзірге орталықта менімен бірге тағы бір репетитор сабақ береді.

Болашақта ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың бала кезінен қабілетін анықтау, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беру аса маңызды. Оқу орталығын ашудағы негізгі мақсатым — жас ұрпақтың білімді болуына өз үлесімді қосу, — дейді ол.

Құлпынай өсіріп, табыс тапты

Алға ауданы Болгарка ауылының тұрғыны Жасмир Мырзағұл алғашында жылыжай кешенінде құлпынай өсірген. Биыл ол кәсібін кеңейтпек болып, «Zhas Project» жобасына қатысқан.

Құлпынайды алқапқа көшіру үшін біраз тер төгуге тура келді. Қолымдағы қаражат қажетті құралдарды алуға жетпеді. Бұл мәселені «Zhas Project» жобасына қатысу арқылы шештім. Осы жобадан жеңіп алған қаражатқа жер жыртатын мотоблок, тамшылатып суару және сорғылау қондырғыларын сатып алдым. Алғашында жылыжай кешенінде құлпынайдың 1500 түбін отырғызып, өнім алдым. Кейін құлпынайдың 3 сұрпынан 3000 түп әкеліп, алқапқа ектім. Енді алқапта егілген құлпынайдың италиялық мурано деп аталатын жаңа сұрпынан мол өнім алуды жоспарлап отырмын. Бау-бақша жұмысына әйелім көмектеседі. Қазіргі таңда құлпынайға сұраныс көп. Әсіресе «Шоколадты құлпынай» гүл шоғын жасайтын қыз-келіншектер құлпынайды 30-50 келіден артық сатып алады. Мәселен, бір күнде құлпынайдан тәтті өнімдер жасау үшін 50 келіден астам құлпынай қажет. Жұбайым қолы қалт еткенде өзіміздің алқаптан шыққан өнімнен «Шоколадты құлпынай» жасайды.

Құлпынай — маусымдық өсімдік. Ерте көктемде немесе күзде (тамыздан 25 қыркүйекке дейін) жақсы ылғалданған, бірақ дымқыл емес топыраққа отырғызылады. Өнімді болу үшін көшеттерді отырғызар алдында 5 күн салқын жерде сақтайды.

Құлпынайдың адам денсаулығы үшін маңызы зор, онда С дәрумені мол. Құлпынай құнарын жоғалтпауы үшін тыңайтқыш қоспалардың барлығын табиғи жолмен даярлаймыз. Ал табиғи жолмен жасалатын өнімдерге әрқашан сұраныс жоғары. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button