Ауылдық жерлерде 21 медициналық ғимарат салынады
Облыстың денсаулық сақтау саласына қолдау қай жағынан да күшейіп келеді. Оның ішінде ауыл медицинасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 21 нысанның құрылысы аяқталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев ауыл медицинасын дамытуға қатысты осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 21 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Оның он үші — медициналық пункт, төртеуі — дәрігерлік амбулатория, төртеуі — фельдшерлік пункт.
— Барлық құрылыс ғимараттары бойынша мердігер мекемелер анықталып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Кейбір шалғай аудандарда құрылыс кеш басталды. Мәселен, Ырғыз ауданының Нұра ауылын су басып, кейін ауыл Сарыоба деген жерге көшірілді. Осыған байланысты медициналық нысанды Сарыобаға салуға шешім шығарылды. Оның үстіне аудан шалғай әрі тасқыннан кейінгі жолдың нашарлығы да құрылыс материалдарын уақытында жеткізуге кедергі келтірді. Соған қарамастан, құрылыс жұмыстары кейінге қалған жоқ.
Сондай-ақ Байғанин ауданында Ноғайты ауылына, Темір ауданында — Алтықарасу, Ақсай, Мұғалжар ауданында — Ембі, Саға, Бірлік, Қайыңды, Жарықжәне Шалқар ауданында Шоқысу, Тоғыз, Шетырғыз ауылдарына медициналық бекеттер салынып жатыр. Жалпы, құрылыс нысандарының барлығы биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, — деді Мұратжан Қажығалиев.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — маман тапшылығы. Әсіресе шалғай аудандарда хирург, кардиолог секілді сала мамандары қажет. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы қолға алынды.
— Қажеттілікке байланысты аудандарға қанша маман келемін десе де, қарсы емеспіз. Қазір бағдарлама бойынша ауылға барған маманға 8,5 миллион теңге қаржылай көмек беріледі және сол жерде бес жыл жұмыс істейді. Биыл Мұғалжар ауданына тоғыз маман барады деп отырмыз. Дегенмен қай ауданға қанша маман баратыны тамыз айының соңында белгілі болады. Алайда Алға, Хромтау аудандық ауруханаларына барған жас мамандарға көтермеақы берілмейді. Себебі бұлар қала болып есептеледі.
Елімізде Семей, Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында жетекші медициналық университеттер бар. Бұл оқу орындарынан да ұсыныс түсіп жатыр. Оларды бітірген түлектер де өңірге келеміз десе, құшақ жая қарсы аламыз, — деді Мұратжан Қажығалиев.
Келер жылы «Ауданаралық ауруханаларды дамыту» жобасы бойынша Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандарында көпбейінді ауданаралық аурухана ашылады.Басқарма өкілі өткен аптада министрлік жобаны бекіткенін айтты. Қазіргі таңда қажетті компьютерлік томография, магнитті резонанстық томография және ангиограф секілді құрал-жабдықтар сатып алынған. Мамандарды тарту бойынша да жұмыс жүргізліп жатыр.
— Бүгінде 12 дана құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде Шалқар аудандық ауруханасы гемотологиялық, биохимиялық анализаторлар, наркоз аппараты, фиброскопия құралы секілді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нейрохирургиялық, травмотологиялық ота жасауға арналған құралдарды да әкеліп қойдық.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жасалған батыс өңірлерді дамыту жобасы бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда осы жоба бойынша қырықтан астам нысанды күрделі жөндеуден өткізу және жаңа жобалар бойынша жоспар дайындалды. Атап айтсақ, облыс орталығында балалар инфекциялық ауруханасын салу және №4,№5,№6 емханалардың ғимараттарын жаңарту бойынша жоспар құрылды. Мәселен, аталған емханалар көп қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Қазір халық саны көбейіп жатыр, тарлық етеді. Сондықтан жергілікті әкімдікпен бірлесіп жер телімін тауып, құрылыс салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек 2009-2010 жылы салынған амбулаторияларды да үлкейтіп жатырмыз, — деді Мұратжан Қажығалиев.
Облыста 17 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе медициналық орталығы және №1, №2 емханалар бар.
— Келер жылы денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен облыстық балалар ауруханасында балалар нейрохирургиясы мен кардиохирургия орталығы ашылады. Денсаулық сақтау министрлігі оңтүстікте Түркістан қаласын, батыста біздің облысты таңдады. Яғни орталық мамандары Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облысының Арал ауданынан науқас балаларды қабылдайды. Қазірдің өзінде ауруханада кардиохирургиялық оталар жасалып жатыр. Ал келер жылы ауқымы кеңейеді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, мамандармен қамтылады. Осылайша батыс өңірдегі науқас балалар мемлекеттік портал арқылы Ақтөбеге жіберіледі, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Кәмшат ҚОПАЕВА.