Басты жаңалықтарТарих

Ескіден жеткен көне аңыз…

Мәдени мұра

Қойнауы тарихқа толы Ырғыз өңірінде тарихи-мәдени ескерткіштер мен қорымдар көп. Олардың қатарында Жаныс би мазары, Жапақ, Назар, Алмат, Байғабыл, Тоқсанбай тамдары, Исатай, Дүйсенбі мешіттері, Мәні әулие қорымы, Нұрадағы тақта көпірі, Маңтөбедегі белгі, т.б. бар.

Бар тірлігі малға негізделіп, үнемі жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген ата-бабамыз басқа жұрттардай соңдарына топтап ескерткіштер қалдырмағаны белгілі. Бірақ мешіттер мен ғибадатханаларды және қайтыс болған адам аруағын қастерлей білетін халқымыз қорымдар мен бейіттерді аймақтық ерекшеліктері бар сәулеттік өнермен нақыштаған.

Біздің өлкемізде ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында тұрғызылған сәулет өнері мен тас қалау шеберлігін айқын бейнелейтін ескерткіштердің біразы кездеседі. Ескерткіштерге табиғи тастан бастап, қам кірпіш, күйдірілген кірпіш, әк тас, құм тас, жұмсақ ұлу тас, қиылып салынатын плита тастар кеңінен пайдаланылған.Халықтық сәулет өнерінің айқын ерекшелігі — күмбезді мазар құрылыстары. Олар: Жаныс, Байғабыл, Назар, Алмат және басқа да мазарлар. Бұларға тән ерекшелік — көбіне бір үлгідегі кірпішті пайдаланып, өзіне тән қырлы барабан, күмбез тәрізді көркемдік табу. Бұл ескерткіштерді жасауға Мейірбек, қаракесек руынан Ырыш, Жыға сияқты қазақтың шеберлері атсалысқан.

Халық даналығының бір сарасы — өз жеріндегі табиғи өнімді құрылыс ісіне шебер пайдалану. Жер қойнауынан алынған тобылғы, ши, шағыр, саз, талшыбық сияқты табиғи заттар біріншіден ұзақ тұрады, екіншіден, тозығы жеткен кезде жер өз қабатына өгейсімей сіңіре алатынын ескерген. Мысалы, Жайсаңбайдағы Исатай, Дүйсенбі мешіті, Байғабыл тамын «биенің сүті мен жылқының қылын араластырып илеп саздан сомдағанын» айтушы кісілер бар. Осы кесенелердің бүгінге жетуінің сыры да, осында шығар.

Алмат тамы

Бұл мазар — қоғам қайраткері, Шөмекей руының Бозғыл тайпасынан шыққан Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған құрылыс. XIX ғасырдың  аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші. Ырғыз ауданының оңтүстік-шығысында 22 шақырым жерде орналасқан. Ғимарат Алматтың көзі тірісінде баласы Самұраттың басшылығымен 1886-1888 жылдары Хиуа, Бұқарадан шақырылған және халық шебері Жыға шебердің қатысуымен салынған. Ірге шеңбері 100 метрдей, биіктігі 20 метрден кем болмаған, 6 бөлмелі. Комплекстік жобасы мен архитектурасы шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік-батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған аркалар өте әдемі көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеде сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортадағы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Тамның күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйітті бөлменің бір бұрышына ығыстырады да, орнына жаңа мәйіт қояды.
Алмат тамы — Орта Азия елдерінде сирек кездесетін алты күмбезді аса қадірлі ұлттық қазынаның бірегейі. Ол Бұхара, Хиуа, Сыр өнерінің жалғасы секілді. Ертедегі гректер мен римдіктердің әулеттік пантеондық тәрізді көп бөлікті жерасты тәсілімен салынған. Ғимараттың  жерасты қабірлері орналасқан кеңістік күйген кірпіштен өрілген. Ал жердің бетіндегі биіктігі 20 метрден асатын жағы қыш кірпішпен өрілген. Қалың қабырғаның іші-сырты 11 түрлі күйген кірпішпен қапталған.

Алмат тамын 1983 жылы ғалым Серік Әжіғали тексеріп, суретке түсіріп, содан құжатталып, сақталу, қорғауға тиісті сәулетті ескерткіштер тізіміне енгізілген. 1992 жылы «РИКА ТВ» телеарнасы қызметкерлері Б.Ешпаева мен Р.Мағзұмов тұңғыш рет бейнетаспаға түсіріп, халыққа көрсеткен.
Алмат жасынан Ресей мен Бұхара арасындағы керуен саудасына белсене делдалдық жасап, орыс тілін, мәдениетін меңгерген. Патша үкіметі Азия департаментінің  Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтарына байланысты құпия істер тапсырмаларымен айналысты. 1868 жылға дейін 54-әкімшілік дистанциясының бастығы болған. Орыс әскерінің хорунжий офицерлік шенін алды. Халық оны сардар деп атады. Ел арасында түрлі дау-жанжалдарды шешумен қатар, Орынбор шекаралық комиссиясының жұмысына араласты. Білім мен тәжірибесін көшпелі елінің мәдениетін көтеруге, тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсады. Оларды орыс әкімшілігінің жүгенсіздіктерінен қорғап отырды. Ел-жұрт Алматты «жарты патша» деп атап, оның беделін жоғары бағалаған.

Ата Қозы тамы

Бүгінде Құтикөл ауылындағы (бұрынғы Коминтерн селосы) қорымда «Ата Қозы» мавзолей тамы бар. Бұл мавзолейге 150 жылдың шамасы болған. Шөмекейдің Ата Қозы деген 25 жасында өлген батырына орнатылған күмбезді там. Биенің сүті мен жылқының қылын араластырып дайындалған материалдан салынған.

Дүйсенбі аһун мешіті

Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей мешіт пен намазханалар болған. Ырғыз уезі бойынша 30-дан астам ірілі-уақты мешіт болған. Кеңес үкіметі кезінде осы мешіттердің көбісі қиратылып, мал қоралар  мен қоймаларға айналды. Дін қызметкерлерін қудалады. Бүгінде Ырғыз ауданынан 150 шақырымдай жердегі Жайсаңбай ауылында Дүйсенбі аһун мешіті мен Исатай ишан мешіті бар. Бұл екі мешіттің салынғанына бір ғасырдан асқан.

Жайсаңбай ауылы — тарихы терең, шежірелі, киелі мекен. Бұл жерде ертеде жеті мешіт болған деседі. Олар: Дүйсенбі аһун мешіті, Исатай ишан мешіті, Жайсаңбай мешіті, Қуанышбай мешіті, Мыңбай мешіті,Сәрекен мешіті,Сары мешіті.

Дүйсенбі аһун мешіті Жайсаңбай ауылының солтүстік-батысында жеті шақырым жерде орналасқан. Төртбұрыш тәрізді, ені — 9,60, ұзындығы — 24,20 метр, қабырғасының биіктігі — 8 метр, солтүстік-шығыс бетінде 8 қырлы сүйрік-мұнарасы бармешіт мұнарасының биіктігі — 19 метр. Мешіттің үсті, мұнарасы кезінде қаңылтырмен қапталған.

1902 жылы мұсылманшылыққа бетбұрыс кезінде ағайынды Дүйсенбі, Исатай Бұхар, Түркістан қалаларынан жоғары дәрежелі діни білім алып келіп, ел ішінде уағыз жүргізе бастайды. Ел ағалары қызу қолдап, мешіт салуды ұйғарады. Сол істің басында басшылық еткен Сәтбайұлы Саудабек екен. Имашұлы Дүйсенбі 1885-1886 жылдары Бұхар жағына кетіп, сол жақтан діни оқу оқып, елге оралады. 1904 жылы мешіт құрылысына дайындық жұмысы басталады. Дүйсенбі халық талабын қолдап, келісімін береді. Мешіт шамамен 1904-1913 жылдары күйдірілген қызыл кірпіштен қаланып, төбесі көк қаңылтырмен жабылған, кезінде «Көк мешіт» атанған. Кірпіш сол жерде қолдан басылып, күйдірілген. Балшықты биенің сүтімен қыл араластырып басады. Саз балшықтың орнына таудан бор әкеліп пайдаланған. Керекті ағаштарын Дүйсенбінің інісі Сәрекенге дайындау тапсырылады. Сәрекен қасына он адамын ерітіп, Қостанай облысының Сеинозер ауданында қыстай әзірлеп, көктемде тасыған Торғай өзенінің бойымен судың ағысымен жеткізген. Дүйсенбі мешітінің құрылысы 1909 жылдан бастап жүргізілген. Мешітті салуға Орынбор және Уфа қалаларынан төрт шебер келеді. Сол кездегі ұста Жыға деген кісі қасына шәкірттері Бейсенғали, Хасендерді алып, мешітті салуға көмектеседі. Мешітке ауыл тұрғындары да жәрдем береді. Мешіт құрылысы 1913 жылы аяқталады. Айшығын ауыл тұрғыны Тоқа Алшынбай деген кісі түйемен Троицкіден жасатып әкелген. Айшықтың астыңғы бөлігіндегі беттескен шар тәрізді табақшаларына өткен ғасырдағы Колчак әскерлері ме, әлде көтерілісшілерді басуға келген қызыл әскерлер ме, оқ атып шұрқ-тесік қылыпты. Жергілікті тұрғындар Шөмекей тайпасының Тоқа руы болғанына қарамастан, мешіт құрылысының сәулетінде Еділ бойы халықтарының ою-өрнектері салынған.

1930 жылы мешіттің есік-терезесі алынып, төбесі ашылған. Өйткені сол Кеңес заманында мешіттерді қиратып, бұзған. Дүйсенбі мешітін Кеңес үкіметі кезінде адамдар мектеп, дүкен, қойма ретінде пайдаланып, кейіннен киесінен қорқып бос тастаған. Жергілікті халық қасиеттеп, қорғап жүрген кейінгі жылдары сетінеген жерлерін, іргелерін қолдарынан келгенше ел болып ақ кірпішпен бітепті. Төбесінің жабындысы сынып, есік-терезелері уақыт желімен тозған. Айшықты мұнарада құлағалы тұр. Архитектуралық болмысы өте келісті бұл мешіт — Ырғыз өңіріндегі көне және жақсы сақталған нысан.

1953 жылы мешітті аудан басшыларының ұйғаруымен мектепке айналдырады. Есік-терезесі жоқ, төбесі ашық мешітке қажетті құралдар 320 шақырым жердегі Шалқардан жеткізіледі. Биіктігі 3 метрлік 6 есік, 2,5 метрлік 11 терезені қол арамен тіліп жасаған шалқарлық Қалауи деген кісі екен. Мешіттің ішін жөндеп, 30 балалық жатақхана қылып, 1955-1957 жылдары 7 жылдық мектеп болған. Қазіргі кезде мешіттің салынғанына 100 жылдан асып, күрделі жөндеуді қажет етеді.

Дүйсенбі аһун сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуда да білген, әулие болған. Өзінің салдырған мешітінде періні байлап ұстайтын қасиеті бар адам болған деседі. Дүйсенбі ахунның өлімін де осы перімен байланыстырған, яғни кеткісі келген періні босатқысы келмей дұға оқуға өзінің тәрбиелеп жүрген шәкіртін шақыртып алып: күн бата айтысқа түсеміз, қасымда бол, тек ұйықтаушы болма деп ескерту жасаған. Кеш бата ақ киіз жайылып жайғасып, айтысты аяқтауға сәл қалғанда, таң ата бере шәкіртінің көзі ілініп кетіпті. Ахунның қырылдаған дыбысынан оянған шәкіртіне «мені пері соғып кетті, ел-жұртқа хабар бер» деген екен. Сол құлағаннан тұрмаған ахун көп ұзамай дүние салған.

Дүйсенбі аһун 1920 жылы қайтыс болған.

Жаныс би мазары

Бұл мазар Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының оңтүстік-батысында 20 шақырым жерде орналасқан. Салынған уақыты — ХІХ ғасырдың ортасы. Қабырғасының төменгі бөлігі 8 қырлы, жоғарғы бөлігі сағанаға ұқсас 8 және 41 қырлы барабан шеңбері түрінде қаланған. Күмбезі пирамида тәріздес сатылап қаланған. Қабырғалары күйдірілген саз балшық араластырылып өрілген. Мазарды Әлімнің төртқара руының биі Жаныс көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Мазар аса көрікті жерге, өзге мазарларға ұқсамайтын шеберлік үлгісімен салынған. Жаныс би мазары қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, аруағына бас иеді, сырқаттар түнейді.
Жаныс би — әйгілі би, халық пір тұтқан тұлғалардың бірі. Бұл мазарды жергілікті халық  «Қызыл там» деп атап кеткен. Бұл кесене — ғибадат орны. Кесене сирек тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған. Жаныс Сығайұлы 1769-1867 жылдары өмір сүрген, табиғатынан ақылды әрі шешен, болмысында аруақтылық, сүйегінде әділдік қасиеті болған би. Ел Жанысты сардар, дана би атаған. Жаныстың  адалдығы мен әділдігін: «Жаныс биде туған жоқ, бар деушіде иман жоқ» деп нақылға жуық жолдармен айтқан. Мазардың  ішінде 3 ірі адамның, 2 баланың қабірі жатыр. Үш адамның біреуі Жаныс бабаның өзі, екіншісі — үлкен ұлы Тәңірберген, ал үшіншісі — Арыстан деген әкелес, бірақ шешесі бөлек інісі болса керек. Кесене сирек кездесетін тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынып, 2009-2011 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті.

Жапақ ата мазары

Жапақ ата мазары(ХІХ ғ. ескерткіш) Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылының шығысына қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Жапақ ата мазарын 1913-1914 жылдары Бисенғалы, Хасен деген кісілер салған. Саз балшықтан, кесектен салынған. Сыртқы шеңберінің диаметрі — 8 кез. Қасбеті дөңгелек ғимаратты тең бөлікке бөліп тұр және 4 ойықша бедері шағын. Мұнара-күмбезшелер құрбандық орны тәрізді сыртқа қарайды. Мазардың ішкі бөлігінде төрт жерасты қабырларының үстінде сахна тәрізді тұғырлар орналасқан. Мазардың биіктігі — 7,10 метр.

Жапақ ата ауқатты әрі арғы аталары хан болған. Руы — Тоқа, Айбас аталығы. Жапақ ата мазары Дүйсенбі, Исатай мешіттерінен кейін салынған.Жапақ төбесі бұрын «Есен төбе» деп аталған. Кейін «Бәйге төбе» деп аталып кеткен. Өйткені Таңсықбай деген жерден жіберілген бәйге аттары осы жерден күтіп алынған. Қазір немере, шөберелері осы Жайсаңбай ауылында тұрады.

Исатай мешіті

Бұл мешітЖайсаңбай ауылының оңтүстік-шығысында 4 шақырым жерде орналасқан.Қабырғалары шикі кірпіштен, мұнарасы күйдірілген кірпіштен өрілген. Мұнараның биіктігі — 8,50 метр.Конус тәріздес, мұнара басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақпен шығуға болады. Бұл мешітті о баста Шомбал деген байға арнап Ағымбай деген баласы салдырған. Ол кісі Тоқаның Арзығұл аталығынан болған екен.

Мешітті 1920 жылдары Жыға бастаған ұста, шәкірттері Бисенғали, Хасен деген кісілер салған. Кірпіші сол жерден күйдіріліп басылған. Мұнараға көтерілер есігі және мұнараның жоғары жағында азан шақырар орны бар.Мұнараға кірер есігінің жанында кітап қоятын сөрелер орны сақталған.Негізінен, мешіт құрылысы екі бөлмеден: кірер ауыз және үлкен бөлмеден тұрған. Кірер ауыздағы бөлмеде кітап сөрелері болған. Ал мұнара бөлмелерге жапсарлас  бөлек салынған. Кейін елдің басшысы Саудабек Сәтбайұлы Исатай Сатыпалдыұлын Темір уезінен алдырып, осы мешітке ие болуын тапсырған. Исатай  халықты діни оқуға үйретіп, белді істерге басшылық жасайды. Содан бері бұл мешіт Исатай мешіті аталып кеткен. Бұл мешітте Әлимұхан Қарабаев арабша оқыған екен. Исатай Сатыпалдыұлы Тоқа тайпасының Қалақ аталығынан болған. 1916,1930 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістерге басшылық жасаған. 1930 жылы болған Тоқалар қырғынында Шатыртам деген жерде қайтыс болып, қазіргі Дүйсенбі мешітіндегі қорымда Дүйсенбі ағасы екеуі қатар жерленген. 2007 жылы Алматыдан жиені Алтай Үсенов келіп, басына ескерткіш қойды.

2014 жылы қараша айында 10-сынып оқушысы Талант Жолан мешіттегі кітап сөрелері сақталған жерден Құран кітаптың ескі парақтарын тапты.Қамыспен оралып сақталған. Биыл ол облыстық «Руханият»музейінен келген қызметкер Дания Абатоваға тапсырылды.

Мәні әулие қорымы

Қызылжар селолық округінің территориясындағы Темірастау шыңының басындағы бұл қорымның қай ғасырда қаланғаны белгісіз. Мәні шыңы туралы аңыз көп.

Мәні деген әрі сұлу, әрі ақылды, әрі батыр қыз болған деседі.Аңыз бойынша Мәні батыр қыз болған. Ол талай қол бастап, қарсылас жауын ұдайы жеңіп отырған, кейін бір жорықта қаза тапқан. Оның жерленген жерін халық әулие тұтып, «Мәні Әулие» деп атап кеткен. Қорымның аумағы — 2-3 гектар. Бұл қорым болашақта археологиялық зерттеуді қажет етеді.

Бұл төбені «Мәні әулие» десе, төбе басында қаз-қатар тастардан қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп те атайды. Шеңбертал елді мекенінен батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан тарихи ескерткіш тұтас алғанда Батыс Қазақстандағы әртүрлі бейіт ескерткіштердің жиынтығы іспетті. 1861 жылы мұнда құлпытас қойылған.

Мәні шыңы туралы әрқилы аңыздар ел аузында мол сақталған.

Тақтакөпір

Бұл көпір — 1860 жылдары патша үкіметінің Өлкейек өзенінің үстінен салғызған көпірі. Көпірдің тіреуі бетон құймаларынан, өзі темірді бір-біріне бекіту арқылы жасалынған. Сол замандағы пошта қатынасының маңызды жолының бойында орналасқан.

Тоқа Сәмет (Назымұлы) кесенесі

Сәмет батырдың кесенесі Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылы маңында орналасқан. Жайсаңбай елді мекенінен 10-12 шақырым жердегі «Дәрмен» деп аталатын жерден 1-1,5 шақырым жердегі биік төбенің басындағы өз қабірінің үстіне салынған. Биіктігі — 9 метр. Мазар салу ісі 1998 жылы Сәмет бабаның жетінші ұрпақтары Махмут Байжанов, Ақан Саржанов, Серік Жаппасбайұлы, Алмас Алматов, шебер ұста Қожаберген және басқаның демеушілігімен басталып, 1999 жылы күзде аяқталды. 2000 жылы қыркүйекте жоғарыда аттары аталған аға ұрпақтарының ұйымдастыруымен Сәмет бабаға 260 жыл толуына орай ас берілген. Ас соңында ат шабыс және күрес спорттық шаралар өткізіліп, жеңімпазға өгіз, ақшалай сыйлықтар берілген.

Сәмет — Шөмекейдің төрт баласының үлкені Тоқадан тараған Бескеннің баласы. Кезінде батыр, қамшыгер болған. Кейін Тоқа Сәмет Жанқожа батырдың жасағына қосылып, белгілі батырлардың бірі болыпты. Тоқа Сәмет — ХІХ ғасырда Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрестерде Кіші, Орта жүзге танымал болған тұлға. Ор, Ырғыз, Сырдария  бойларына бекіністер салуға кедергі жасап, халықты дінінен, әдет-ғұрпынан айыруға бағытталған зорлықтарға көнбей, шайқастарға қатысқан батырлардың бірі. Есімі мен ісі Сыр сүлейлерінің  жырларында сақталған. Ұрпақтары Алматы, Қызылорда облыстарында тұрады, дулығасы сақталған. Сәмет баба мазары Түркістандағы «Жолбарыс ханның» шешесінің кесенесінің макеті бойынша салынған.

Тоқсанбай тамы

Бұлтамның көлемі 12 қанат киіз үйге ұқсаған және бірыңғай қам кесектен іргесі жерден қаланып, керегеше дөңгеленіп, әрі қарай уықша иіліп, шаңырақпен жалғасып біткен. Шеңбер кереге сыртынан үш жағынан мықты тіреу ретінде қосымша қаланған тамның қабырғасымен қоса шыққан. Ерекшелігі сол — кірпішінің түсі — ақ. Бір ағашсыз, бір темірсіз шеңбер қабырғадан иіліп, қалау арқылы шешілген. Ақ кірпіштер сол тұрған жердегі ақ топырақтан дайындалған.

Тоқсанбай — атақты бай болған кісі. Күмбез орны бұрын мал қыстағы болған.

Байғабыл тамы

Байғабыл тамы — ұлттық сәулет өнерінің мәнерін сақтаған, ұқыптылық пен шеберлікті байқататын құрылыстардың бірі. Аумағы 10-12 қанат киіз үй көлеміндей қам кірпіштен салынып, сырты күйдіріліген қызыл кірпішпен қапталған. Бұрынғы қалпын көзбен көргендер ішкі өнерін толғанбай айта алмайды. Ішкі жағындағы әртүрлі бедерлер, дөңгелене созылып, басқұрға ұқсап, қабырғаны түгел қамтиды. Қиық-ойықшалар кірпіш қалау арқылы шығарылғандықтан ерекше сән беріп тұр. Осындай өнерлеп қалау жұмыстарын Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан Бабтың атақты кесенелерінен көруге болады. XIX ғасырдың II жартысында өмір сүрген Ырғыз, Торғай өңіріне белгілі, он ауылдан тұратын Қызылжардың болысы болған, ел ішінде беделді ірі бай — Байғабыл Байұзақұлы. Ақши ауылының солтүстігіндегі Бозкемер жотасының биігінде салынған. 8 қырлы жобамен күмбезделген. Биіктігі — 3,40 метр. Салынған уақыты — XX ғасырдың басы.

Назар тамы

Бұл там XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында салынған. Құмтоғай ауылдық округінің солтүстік-батысында 6 шақырым жерде орналасқан тарихи ескерткіш. Сегіз қырлы етіп салынған мазар шикі кірпішпен өріліп, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Жалпы там күмбезделіп салынған. Ішкі беті саз балшықпен сыланып, ақталған. Қабырғада қызыл бояумен жазылған арабша таңбалар бар. Биіктігі — 4 метр.

Салтанат САРИНА,

Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану

музейініңғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button