Тарих

Жиырмасыншы жылдардағы ашаршылық

Халқымызға ауыр зардаптарын тигізген, қазақ қоғамының дамуына орны толмас қайғы-қасірет әкелген ашаршылық — ол туралы шындық тарихымызды ұлттық тұрғыдан баяндаудағы өзекті мәселелердің бірі. Ашаршылық туралы әңгіме қозғалғанда, біз көп жағдайда 1931-1933 жылдардағы зұлматпен шектеліп қаламыз. Ал жиырмасыншы жылдардағы ашаршылық пен оның ащы сабақтарын әлі де толық біле білмейміз.

«Степь» — Ақтөбедегі алғашқы ауылшаруашылық коммунасы

Ресей коммунистік партиясы (большевиктік) (РКП(б) Орталық Комитетінің 1921 жылғы 17 шілдедегі үндеуінде ашаршылықты қуаңшылықтан көрмей, оның негізгі себебі — аграрлық шаруашылықтың артта болуы, дамымағандығында және ауылшаруашылық мамандарының болмауында, көне техникалар мен құрал-жабдықтар, сонымен қатар азамат және бірінші дүниежүзілік соғыстардың салдарынан екені  айтылады. Аталған себептермен қатар, елді жайлаған ашаршылық халық тұрмысы мен ауылшаруашылығына үлкен соққы тигізген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға, жаңа экономикалық саясатына да байланысты туындады.

Ақтөбе губерниясы 1920 жылғы 4-12 қазан арлығында Орынборда өткенҚазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасының(Қазақ АКСР-і) бірінші құрылтай съезінің шешіміне сәйкес құрылған. 1920 жылғы жоспар бойынша Қазақ Республикасын алдын ала 12 экономикалық ауданға бөлу көзделді. Қазіргі Ақтөбе облысының территориясында екі ірі округ құрылған болатын. Бірі — Ақтөбе, екіншісі — Шалқар округі. Ақтөбе округінің құрамына Ақ-Бұлақ, Ақтөбе, Темір, Ойыл уездері мен Шалқар уезінің Құланды болысы, Елек уезінің Алмазды, Кіндікті, Қолдықатынды, Өлімті, Қарағаш, Лубенск, Есқарашы болыстары және Адай-Табын уезі кірді.Сонымен, орталығы Ақтөбе қаласы болған Ақтөбе губерниясының құрамына Ақбұлақ, Ақтөбе, Можар, Темір, Ырғыз, Ойыл, 1921 жылдың соңында Қарабұтақ пен Шалқар аудандары кірді. 1928 жылдан бастап Ақтөбе округі, ал 1932 жылы Ақтөбе облысы болып құрылған болатын. Ал осы уақытта Ақтөбе губерниясы халқының саны 536 445 адамнан тұрған.

Жалпы тарихқа көз жіберсек, Ақтөбе өңіріне қоныстанған келімсектер мен олардың 1900 жылғы иелігіндегі егістік жердің көлемі ХІХ ғасырдың соңындағы көрсеткіштен 3,7 есеге артты. Жан басына шаққанда астық өндірісі 10 есеге өскен. Ал 1917 жылы олардың иелігіндегі егіс көлемі 414,7 мың гектарға жетіп, 1880 жылмен салыстырғанда 11,4 есеге өскен. 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты егілген астықтың құрамы бірталай өзгеріске ұшырап, егістік аумағының 46 пайызына жемдік мақсатқа арналған дәнді дақылдар егілген. Егіннің әр гектарынан екі центнерден астам астық өндіріліп, жалпы өнімнің көлемі 2 миллион центнерге жеткен.

Әрине, өз кезегінде өлкеде егін шаруашылығының қарқынды дамуына  байланысты төрт түліктің артуы тұрақты құбылысқа айналды. Аталған уақытта Ақтөбе өңірінде ұсақ малдың саны 1 миллион 667 мыңға,  ірі қара 589 мыңға жетті. 1920-1928 жылдары, яғни азаматтық қайшылықтар тұсында ауылшаруашылығы ауыр жағдайға душар болып, соғыстан кейінгі жылдары егіс көлемі небары 116 мың гектарды құраса, төрт түліктің саны 8,6 есе азайып кетті. Мысалы,1928 жылы 1922 жылмен салыстырғанда 4 есе өсіп, егіс көлемі 382 мың гектарға жетті. Егіс алқабының 97,7 пайызы жеке шаруашылықтардың үлесінде болса, кеңестік сектордағы егіс көлемінің үлес 2,3 пайызға тиесілі болды.

Ақтөбе губерниясындағы ең алғаш жаңа форматтағы ауылшаруашылық коммунасы «Степь»  деген атаумен Мартөк ауданында құрылған болатын. Осындай коммуналардың жалпы саны 1921 жылы 13-ке жетті. 1923 жылдары «Товарищесто по оброботке земли» серіктестіктері құрылып, жалпы саны 90-ға жетті. Кейінгі жылдары осындай серіктестіктердің басым көпшілігі тарап, оның орнына өз уставтарына сәйкес қызмет атқарған ауылшаруашылық артелдері жұмыс жасады.

Азық-түлік салғырты және сандық мәліметтер

Осындай қиын кездерден кейін келген ашаршылық нәубеті — ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі. Ақтөбе өңірі де аса ауыр қуаңшылықты басынан кешіріп, ашаршылыққа ұшырады. Жалпы ХХ ғасырдың алғашқы жартысы халқымыздың тарихында қасіретке толы болды. Қазақстан ашаршылықтың бірнеше кезеңін бастан өткерді. Қазақ жерінде 1919, 1921-1922, 1925 және 1931-1933 жылдар аралығында болған ашаршылық зардаптары ұлтымыздың демографиялық жағдайына кері әсерін тигізді. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетуге аз-ақ қалды.

Кейбір сандық мәліметтерге көз жүгіртіп көрейік. 1897 жылы Қазақстан халқы 3 млн 745 мың болса, 1916 жылы — 5 млн 980 мың, 1926 жылы 3 млн 392 мыңға жеткен. Өкінішке қарай, кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде болған 1919-1922 жылдардағы ашаршылық құрбандарының саны нақты қанша екені белгісіз. Аштық Орынбор, Орал, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезін жайлап, салдарынан халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырады, ал ашыққандардың бір бөлігі тамақ іздеп, шет аймақтарға босып кетіп жатты.

Қуаңшылық пен астықтың шықпай қалуына байланысты кеңес өкіметі 1919 жылы азық-түлік салғыртын қайта енгізеді. Алғашқы кезеңде азық-түлік салғырты тек егіннен алынса, 1920 жылдан бастап бүкіл ауылшаруашылық өнімінен алына бастады. Қазақтарда егістік жерлер аз болғандықтан, оның негізгі көзі мал болды. Жергілікті халықтың малын тартып ала бастайды.

1921 жылы егін нәтиже бермеді, сол жылдың шілде айында елде тіпті нан өнімдері қалмағандықтан, болашақта қуаңшылықтың салдарынан ашаршылықтың болатынын білген жергілікті тұрғындардың кейбірі көшуге мәжбүр болды. Қазақтар Өзбекстанға (сол кездегі Хорезм Республикасына), Түркістанға, орыстар Украинаға қоныс аударды. Губерния тұрғынының 23 пайызы, бір ғана Қарабұтақ ауданының 75 пайыз халқы көшіп кеткен.

Губерния бойынша балалар үйінен тыс дала мен қала кезіп жүрген 24000 қаңғыбас бала анықталған.

1921 жылдың 5 тамызына Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы(ҚКСР) Еңбек және Қорғаныс кеңесі Ақтөбе өңірін «ашыққан губерния» қатарына жатқызып, Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік РеспубликасыХалық Комиссарлары Кеңесіне(РКФСР ХКК) хабарлау мәселесін көтерді. Ақтөбе және Орынбор губерниялық атқару комитетінің 1921 жылы азық-түлік салығынан босату туралы қаулысы қаралды және губернияларды Ресейдің ашыққан Повольже губерниясымен теңестіру мәселесін ХҚК-не қою жөнінде шешім қабылданды.

Ақтөбе губерниясында Ақтөбе, Ақбұлақ, Можар, Темір, Ырғыз, Шалқар, Ойыл, Қарабұтақ уездерін ашаршылық толық жайлады. Ал ресми түрде осы уақыттағы аштық туралы көп зерттелмегендіктен, бұл мәселеде сөз қозғалса, біздің ойымызға біріншіден 30 жылдардағы ашаршылық келеді. Оған куә ашаршылық туралы орыс тіліндегі «Простор» әдеби журналының бас редакторы В.Михайловтың: «…Еще один момент. Почему-то когда мы говорим про голод в степи, то сразу подразумевается голод 30-годов. А ведь в Казахстане это был второй голод», — деген пікірін келтіруге болады.

Кеңес өкіметі орныққан жылдардан бастап-ақ қазақтың адам шығыны мен күнкөріс көзі — төрт түліктің де шығыны өсті. 1920 жылдан бастап алапат ашаршылық болды. Сол тұста бүкіл Батыс Қазақстан Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Торғай губернияларының құрамында болып, 1923 жылы 1917 жылмен салыстырғанда 981 мың адамға азайды. 1920 жылдары ауыл тұрғындары 9,7 пайызға, 1923 жылдың қарсаңында 38 пайызға азайды. «Тек 1920-1923 жылдар аралығында аталған өңірде ауыл халқының саны 31,4 пайызға кеміді…қазақтың негізгі тіршілігі — мал шаруашылығы да жетіскен жоқ. Аталған Батыс Қазақстан губернияларында алғашқы үш жылдықта, яғни азамат соғысының кезінде малдың құрамы 59,2 процентке, яғни екі есеге азайып кетті. 1921-1922 жылдарда, ашаршылық болған үш жылдықта бұл кему тағы да 47,3 процентке, ал жалпы алты жылды тұтас алғанда 78,5 процент болды. Көріп отырғанымыздай, өлкедегі халыққа «бақыт» әкелетін кеңестік өкіметтің бетпердесі осылай болды.

1920 жылдың күзінде губернияның статистикалық бюросының ауылшаруашылығы санағының толық емес қорытындысы бойынша, Ақтөбе губерниясында 46849 шаруашылық болып, ондағы 237446 адамның 120655-ін  — ерлер, қалғанын әйелдер  құрады. Алайда 1920 жылы басталған жұт мал басының кемуіне, қазақ шаруашылығының күйреуіне алып келді.

Губерниялық атқару комитетінің төрағалары — Ряхов, Назаров, Сердюковтардың Ақтөбе губерниясындағы аштық туралы 1919-1922 жылдары Ленинге жолдаған баяндамаларында облыста үлкен зардапқа мал шаруашылығының ұшырағанын, малдың қырылып, жұттың өршуіне мал дәрігерлерінің болмауын басты себеп ретінде жазған. Ал қуаңшылықтың әсерінен, шегірткенің жеп қоюынан бірнеше мың десятина жер жарамсыз болып қалды.

Көмек апталығы: 10 комиссияның жұмысы

1920 жылдыры басталған қазақ жеріндегі аштық, 1920-1921 жылдардағы боранды қыс одан сайын елдің жағдайын нашарлата түсті. «Келесі жылға» деп сақтап отырған тұқымдықта таусылып, елді мекендердің ахуалы құлдырады. Мемлекет тарапынан берілген көмек ауыз сүртуге де жарамады. Әрине, мұндай жағдайға бұған дейін болған Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясатының салдары, бірінші дүниежүзілік соғыс (соғыс жылдарында қазақтан қаншама мал мен ет майданға жөнелтілгені тарихтан белгілі — автор), Қазақстанның бүкіл өңірін қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, одан кейінгі азаматтық қайшылық жылдары және тағы басқа объективті және субъективті алғышарттар түрткі болды. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік солақай саясаттың салдарынан аштық елдің бүкіл аумағын қамтыды. Жұрттың құр сүлдесі қалды. Ұлт зиялысы Т.Рысқұлов «Голод в Туркестане» мақаласында: «…Аштық бүкіл елді шарпыды, осы жылдары қазақтар құрып бітудің алдында қалды», — деп жазған болатын.

Ал Ақтөбе өңірінде 1919-1920 жылдары астықтың шықпауы үлкен қиындық туғызды. Темір, Ойыл аудандарында астық пен шөп зиянды жәндіктердің кесірінен түгел дерлік жойылды. Архив құжаттарында егіншілік пен мал шаруашылығынан зардап шеккен халық мемлекет тарапынан азық-түлік пен нан өнімдерімен қамтамасыз етілді делінген.

Ашаршылық жылдарының басында губернияда жалпы 525249 адам болды, оның 291547-сі — ересектер, қалғаны — балалар. 1921 жылдың қаңтар айында ашыққандар саны шамамен 361051 адамға жеткен (Оның 97309-ы — ересектер, 263 743-і — балалар). Аштыққа ұшырағандарға көмек ретінде губернияның басқару бөлімі 640000 рубль қаржы бөлген. Сондай-ақ басқада азықтай және тұрмыстық көмектер көрсетілді.

1921 жылдың шілде айында Қазақ (Қырғыз) Орталық атқару комитетінің Мәскеуге жолдаған жеделхаты бойынша 5 губернияда — Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей және Адай губернияларында ашаршылық жайлады. Ал 1 тамызда Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары ресми түрде аштыққа ұшыраған аудандардың қатарына жатқызылды. Ақтөбе губерниясынан Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Ақбұлақ, Можар, Шалқар, Ойыл, Қарабұтақ уездері аштыққа ұрынды.

Архив құжаттарында тамақ таппай, әбден ашынған халықтың өлген мал мен адам етін жеу сияқты деректер де анықтала бастады. Ісініп кетіп, жүре алмай, жеткен жерлерінде құлап, өліп жатқандардың саны ұлғайды. Бұл мәліметтер ашкомның губкомға жіберген хаттарында «құпия түрде» деп жазылған. Ашыққандардың арасында эпидемия таралып, онымен күресу мүмкін болмаған. 1921 жылдың

1 шілдесінен 1 желтоқсаны аралығында жалпы губерния бойынша 27372 адам ауырып, 3754-і оңалмай қайтыс болған. 20 қазаннан бастап Ақтөбе губерниялық атқару комитеті ашыққандарға көмек апталығын жариялады.Тек 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында Ақтөбе губерниялық атқару комитеті мен оның төралқасы жанынан 10 комиссия құрылды. 2 шілде күні халықты қоныстандыру және орналастыру жөніндегі комиссия құрылды. Құрамына губерниялық егіншілік бөлімнің меңгерушілері еніп, оның төрағалығы Назаровқа жүктелді. 5 шілдеде жұқпалы ауруларға қарсы күрес жүргізу комиссиясы құрылып, оның төрағалық қызметін Н.Бондаренко атқарды. Бұған қосымша 12 шілде күні сүзек жұқпалы ауруымен күресу комиссиясы құрылды. Ал 13 шілдеде азық-түлік даярлау комиссиясы құрылып, оған губерниялық одақ меңгерушісі Қамбаров, губерниялық атқару комитетінің мүшесі Ұ.Құлымбетов және қазақ азық-түлік халық комиссариатынан Владычкин мүше болды.

Балалардың жағдайы мен өмірін жақсарту комиссиясы 16 шілдеде құралды. Комиссия құрамына губерниялық халықты қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі К.Арынғазиев, губерниялық азық-түлік комиссариатынан Соловьев, губерниялық жұмысшы, шаруа бөлімінің меңгерушісі Киленко, құқық қорғау бөлімшесінен Афанасьев, денсаулық бөлімінен Попов кірді. Орынбор губерниясынан мүліктей және ақшалай қаражат қабылдау комиссиясының құрамына губерниялық әлеуметтік  қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Ұ.Құлымбетов, губерниялық қаржы бөлімнің меңгерушісі Ларионов, губерниялық одақтан Панченко, губерниялық азық-түлік комиссариатынан Ющенко және Халық шаруашылығы кеңесінен бір өкіл енді.Кейіннен 3 тамызда әкімшілік комиссиясы, 10 қарашада станция бойларында жиналып қалған  жолаушыларды түсіру, тарату, орналастыру комиссиясы, 18 қарашада рақымшылық жасауды (амнистия) іске асыру комиссиясы, 13 желтоқсанда кеңестерді сайлау бойынша губерниялық сайлау комиссиясы құрылды. Бұл комиссиялардың міндеттері айқындалып, атқарған жұмыстары жөнінде апта сайын, ай сайын губерниялық атқару комитетіне ақпар беріп тұру жүктелінді. Комиссиялар құрылып, аштықпен күресу жұмыстары нақты бағдарламалар бойынша жүргізіле бастады. Ай сайын жасалған жұмыс бойынша орталыққа есеп беріліп отырды. Ашыққандар үшін тамақтандыру пункттерін ашу, аштыққа ұшырамаған, жағдайы қалыпты губерниялардан жылу сұрау, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, Түркістаннан нан сатып алуға рұқсат ету, қараусыз, үйсіз қалған балаларға арналған балалар үйін көбейту, салық мәселелер қаралды.

Губерния жағдайына назар аударылғаннан бастап, ашкөм (аштарға көмек — автор.)жұмысы да реттелді. Ашыққандар эвакуацияланып, ауыл-аймақтарға тамақтандыру пункттері ашылды. Көше, қала, далалар тазалана бастады. Мерекелік шаралар, концерттер ұйымдастыру, қазақ әншілеріне қазақ тілінде әндер орындату арқылы аштықпен күресуге көмек ретінде қаржы жинады. Сондай шаралардың бірінде қазақ әншісі Әкімгерей Қостановтың қатысуымен 1004000 рубль жиналған болатын.

Алайда өліктерді қанша жинасада, аштықтың күрделі түрде болғаны соншалық — адам денелері күн санап артты, олардың бәрін жинап-тазалау мүмкін болмады. Ал губерниядағы балалар үйінің жағдайы ауыр болды. Оларға берілетін азық-түлік пен киім-кешектің жеткіліксіз мөлшерде болуы балалар үйін таратуға мәжбүрледі. Сондай-ақ балалар үйі аштар мен қарақшылар тарапынан тонаушылыққа жиі ұшырап отырды.

Панасыз балалар, ашыққан босқындар

Ақтөбе губерниялық аштарға көмек комиссиясы төрағасының орынбасары Беркімбаевтың жазбасы бойынша 1921 жылдың 1 тамызына дейін Түркістан Республикасына — 12177, ал Украинаға4219 аш бала көшірілген. Ақтөбе губерниялық Басқармасының мәліметтері бойынша 1921 жылдың бірінші тамызынан жиырмасыншы қараша аралығындаТүркістан Республикасы жеріне (Қазіргі Қазақстан Республикасының оңтүстік аймағы Түркістан Республикасының құрамында болған) — 4254 қырғыз (қазақ) бен 3845 орыс ұлты, Польшаға — 1348 поляк, Литваға — 18 латыш, Австрия мен Германияға — 38 әскери тұтқын, жалпы саны 9293 адам көшірілген.Тамақ іздеп, елден шет аймақтарға кеткен босқандардың халі күннен-күнге ауырлай түсті. Панасыз, жетім қалған балалар саны көбейді. Қайыршының күйін кешіп, алақандарын жайған ауыл балаларын көру күнделікті жағдай секілді үйреншікті көрініске айналды. Ал аштан қырылған сәбилердің денелері далада, қала көшелерінде шашылып жатты.

Осы жағдайларға байланысты 11 тамызда Ақтөбе губерниялық комитеті жанындағы балалардың өмірі мен тұрмыстық жағдайын жақсарту комиссиясының мәжілісі өтіп, қамқоршысыз қалған балаларға арнап паналау үйін ашу, Ақтөбе станциясында босқын балаларға арналған тамақтандыру пунктін және сол пункттің жанынан 500 баланы уақытша паналататын жатақханалар ашу жөнінде қаулы қабылданды. Сонымен қатар губернияның Азық-түлік комиссариатына ашылатын балалар үйіне қажетті 18000 құрғақ тамақпен қамтамасыз ету мәселесін ұсынды.

1921 жылы қазан айында губерния комиссияның есептік жазбасы бойынша, облыстааштыққа ұшырағандар мен көмекке зәру жандар саны 116679 адам, оның ішінде 26661-і — ересектер, 89991-і — балалар, қазақтар — 22077, орыстар 94602 адамды құрады. Қараша айына дейін 21800 ересек адам, 6348 бала егінді алқаптарға көшірілді. Олардың ішінде өз еркімен қоныс аударғандар да кездесіп, бірақ олар эвакуация санағына енбей қалған.

Шалқар мен Ырғыз аудандарына бір вагон картоп жіберілді. Ырғызда екі 500 орындық асхана ашылды. Ауданда аштықпен күресу үшін азық табу мақсатында тұрғындарды балық аулау шаруашылығымен айналысуға шақырды. Темір ауданында 700 орындық, Ойыл ауданында 400 орындық тамақтану орны ашылды. Ойылда аштыққа ұшырағандар саны 24754 құрады.

Орталық төтенше жағдай комитеті аштарға көмек ретінде Ақтөбе қаласына, Шалқар, Ырғыз, Темір, Ойыл, Ақбұлақ, Қарабұтақ аудандарына барлығы 315 миллион рубль қаржы бөлді. Осы қаржы негізінде Ақтөбе қаласында 100 адамдық түнейтін үй салынды. Мәскеуден екі вагон бидай және Ташкенттен бір вагон ұн, бір вагон жеміс-жидек, екі цистерна мұнай келіп, облыс халқына бөліп берді. 1921 жылы 46 тамақтану асханасы ашылып, губерния бойынша 15043 адам осы асханалардан тамақтанған.

Қайың діңгегі мен саз балшықты азық етті…

Архив деректері бойынша 1921 жылдың қараша айына дейін малдың 55 пайызы қырылса, мүлдем малсыз қалған тұрғындардың саны 75 пайызға өсті. Губернияда аштықтың етек алғаны соншалық — тұрғындар қайың ағашының діңгегін азық қылып, киелі құс — аққуға дейін, тіпті саз балшықтың кейбір түрлерін тамақ ретінде пайдаланған. Ал адам шығыны күннен-күнге көбейді. Мысалы, 1921 жылы қарашада Ақтөбе қаласының өзінде 469 ересек адам мен 320 бала қайтыс болды. Ауруханада аштықтан 294 адам қаза тапқан. 1921 жылдың 1 желтоқсанына дейін Ақтөбе губерниясы бойынша 37140 адам үнемі азық-түлікпен қамтамасыз етілді. 1921 жылдың тамыз айы мен 1922 жылдың қаңтар айлары арасында Ақтөбе губерниясынан Түркістанға 10 мың адам, Орынборға 1000 адам эвакуацияланды. Сонымен қатар Ақбұлақ пен Жұрыннан 3907 адам Түркістан өлкесіне көшірілді.

Қараша айынан бастап америкалық балаларға көмек көрсету администрациясының (АРА) көмегі сұралып, қызметін Ақтөбе губерниясына ұсынды. 1921 жылдың 26 желтоқсанынан бастап америкалық ұйым балаларды тамақтандыруға кірісті.1922 жылдың ақпан айында 25 мың құрғақ азық (паёк) бөлінді. Олар Ақтөбе қаласы бойынша 3000 құрғақ азық, Ақтөбе ауданына — 6000, Ақбұлақ ауданына — 7500, Темір ауданына — 6500, Қосістек ауданына 2000 құрғақ азық бөлді. Америкалық ұйым мемлекетаралық қашықтыққа байланысты басқа аймақтардағы балаларға көмек көрсетуден бас тартты.

Ақтөбе губерниясы Ойыл уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 16 шілдедегі шешімі бойынша, бай, ауқатты адамдарға ашыққандардың белгілі бір бөлігін түнейтін үй-жаймен, тегін тамақпен қамтамасыз ету міндеттелді.

1921 жылы лениндік-большевиктік партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясатқа өту кезеңі өте ауыр болды, партияның шешімдерін іс жүзінде іске асыру күрделі жағдайда өтіп жатты. Осы жылдары Қазақстанның көпшілік бөлігін қуаңшылық жайлап, егістік, жайылым жерлер қысқарып, мал басы күрт кеміді. Бұл жағдайлар елді жоқшылыққа, ашаршылыққа, жұттың басталуына әкелді. Оның салдарынан эпидемиялық аурулар тарап, ел басына ауыр күн туды.

Мардаровскийдің мәліметі, Бондаренконың баяндамасы

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ашаршылық және оның себептері мен салдары туралы негізгі дереккөздер — архив құжаттары, оның ішінде өз уақытында баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар, аталған мәселемен жергілікті жерлерден материалдар жинақтаумен айналысатын мемлекеттік қызметшілердің жазбалары, кеңестік кезеңде жүргізілген статистикалық материалдар, сондай-ақ осы тақырыпты зерттеген тарихшы-демограф ғалымдардың еңбектері.

Қазақстандағы ашаршылықты алғаш зерттеушілердің бірі Н.Мардаровский болды. Автордың айтуынша, аштыққапатшаның отарлық саясаты, халықтың сауатсыздығы, бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары себеп болды. Сонымен бірге аштықтың көлемін, оның салдарымен күресу жолдарын және болашақтағы осындай оқиғалардың алдын алу шараларын да көрсетті. Ол 1921-1922 жылдың қыс айларында орталықпен байланыстың қиындауына байланысты ашыққандар саны ұлғая түскенін жазады. Н.Мардаровский дерегі бойынша 1922 жылы 1 қаңтарда жалпы Батыс Қазақстан жерінде  барлығы 2 052 070 адам аштыққа ұшырады. Бұл — аймақ халқының (2 645 400 адам) жалпы санның 77,6 пайызы. Оның ішінде бір ғана Ақтөбе губерниясында ашыққандардың саны 331 050 адамды құрады. Автордың мәліметтерінен тек қана Ақтөбе губерниясын алатын болсақ, 1922 жылы ақпан-наурыз айларында аштыққа ұшырағандар саны  252 514 адам болса, сәуір-мамыр айларында ашыққандар саны ұлғайып, 354 350 адамға жетті.

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың салдары, ашаршылықтан кейінгі ахуал туралы Н.Личкус былай жазды: «Жекелеген губерниялар бойынша ашыққандар саны барлық тұрғынға шаққанда Ақтөбе губерниясында жоғары — 86,5 пайызды көрсеткенін көреміз.Архив мәліметтері бойынша 1922 жылғы 1 қаңтардағы ашыққандар саны Ақтөбеде 437 776 адам болды. Алайда 1922 жылы 19-27 ақпанда өткен қазақ облыстарының ІІ партконференциясында жасаған Қазақ ОАК төрағасы С.Меңдешевтің баяндамасында, 1922 жылы 1 қаңтарда Ақтөбедеаштыққа ұшырағандардың саны ересектер — 171 389, балалар — 134 000». Алайда баяндамада ашыққандар санының дәл еместігі айтылады. Сондай-ақ бұл деректе автор ашыққандар санын республика  көлемінде жазады. Егерде жоғарыда көрсетілген Н.Мардаровский мен Н.Личкустың 1922 жылғы 1 қаңтардағы ашыққандар саны туралыдеректерін салыстырып қарасақ, екі зерттеушіде де Ақтөбе губерниясындағы аштыққа ұшыраған адамдар саны әртүрлі. Демек, пайдаланған дереккөздерінде мәлімет нақты, дәл көрсетілмеген. Дегенмен де бұл ақпараттардан өңіріміздегі ашаршылық пен оның салдары кең көлемде болғанын  біле аламыз.

Құрамына 45 болыс кірген Ақтөбе 1921 жылы 1 шілдеде бөлек губерния болып құрылды. Жалпы жер көлемі 209 450 шаршы шақырым, көлдеңінен 300 шақырым болатын Ақтөбе губерниясы солтүстігінде Орынбор қаласымен, оңтүстігінде Арал теңізімен шектесті. Халық саны 535 445 адам болды, халықтың негізгі құрамы қазақтар —  67 пайыз, қалғаны — орыстар мен татарлар. Қазақтардың негізгі шаруашылығы бұрынғыдай дәстүрлі мал шаруашылығы болатын, ал халықтың басым бөлігі — Украинадан көшіп келген орыстар жер және мал шаруашылығымен айналысты. Өңірде басты байлық — малдың терісі мен жүні болды. Азамат соғысы жылдарында Ақтөбе губерниясы Түркістан өлкесін азық-түлікпен, астық, нан, ұн өнімдерімен қамтамасыз етіп отырды. Алайда соғыс пен 1920 жылғы жұттың салдарынан мал басының саны азайып, шаруашылық құлдырады. Мал саны қазақтарда 65 пайыз, орыстарда 45 пайызға кеміді. Өлкенің жер шаруашылығымен шұғылданған оңтүстік бөлігінде егістен, әсіресе бидай, ұн (нан) өнімі толықтай дерлік шықпай қалды.

Республика бойынша қанша адамның ашыққандығын анықтау мақсатында  Қазақ Орталық Статистикалық Басқармасы халық арасында сауалнама жүргізіп, губерниялардың барлық уездеріне қарасты болыстарда халықтың жалпы саны мен шаруашылығындағы өзгерістерді анықтады. Сауалнама бойынша Ақтөбе губерниясының қалаларында 244 866, ал уездерде 477 606 адам мекендегені айқындалды. Ашаршылыққа ұшыраған бес уездің ішінде 222 405 адамы бар Шалқар мен  Ырғыз қатты зардап шеккені нақтыланды. Мысалы, Ырғыз уезінің Аманкөл болысындағы сауалнама нәтижесінде 10  ауылшаруашылығындағы 6454 адамның 169-ы тамақ іздеп босып кетсе, 448-і аштан өлген. Кенжеғара болысындағы 9 ауылшаруашылығындағы 4610 адамның 620-сы босып, 87-сі  аштан өлген.

Ашаршылық салдарынан елде эпидемиялық аурулар шарпыды. Әсіресе жаз айында сүзек, тырысқақ, оба, іш ауруы сияқты жұқпалы аурулармен ауырғандардың қатары көбейіп, өлгендердің саны арта түсті. 1921 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында Ақтөбе губерниясы  бойынша түрлі аурулармен ауырғандардың қатары 31 222 адамға жеткен. Мәселен, оның ішінде шешекпен (қорасан)  — 170, қызамықпен — 157, күл ауруымен (дифтерия) 106 адам ауырған. Уездер мен уездік қалаларға бөлсек, жұпалы аурулармен Ақтөбе қаласында — 6436, Ақтөбе уезінде — 7745, Ақбұлақ уезінде — 4623, Темір уезінде — 2870, Ырғызда — 1990, Шалқарда — 1960, Ойылда — 2710, барлығы губерния бойынша 28138 адам ауырған. Жергілікті тұрғындардың ішінде өлім мен науқастанудың басты мәселесі — ашаршылық болды. Ақтөбе губерниясы бойынша 1922 жылы халықтың 50 пайызы өлімге, 28 пайызы ауруға ұшыраған.

Аштардың санының өсуінің бір себебі — ашыққандарға көмек комитетінің мұрындық болуымен атқарылған жұмыстары әлсіз болды, жауапты адамдары өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамады. Олар аштықпен күрес бағдарламаларын жүйелі жасамады. Аштарға арнайы берілген азық-түліктер дұрыс бөлінбеді, әрі жетпеді. Оның үстіне  губернияның есебі бойынша егістіктен алған 198 685 пұт астық қыркүйек айына дейін ғана жетіп, жергілікті тұрғындардың 30 пайызының қолында ғана болмашы астығы болса ал қалғаны мүлдем астықсыз қалған. Ал ашком үшін берілген қаржылар болса көмек қорына толық түспеді.

1922 жылы 5 ақпанда Ақтөбеде губерниясының аштарға көмек комиссиясы өкілдерінің І съезі өтіп, бас баяндама жасаған Бондаренко елдегі аштыққа қарсы өз күшімен күресу керектігі мәселесін көтерді. Губерниялық аштарға көмек комиссиясы мен губерниялық азық-түлік комиссиясының мүшелері мен уездерден келген өкілдер де аштарға қажетті азық-түлік пен қаражаттың аздығын, уездерге жіберілген құрғақ тамақтардың жеткіліксіздігін, аштықпен күресте қиыншылықтың барлығын бірауыздан мақұлдап, аштарға көмек көрсетуде жергілікті халықтың арасынан жылу жинау, ыстықтай тамақ бере алмайтын өңірлерде құрғақтай азық-түлік үлестіру, бар күшті «Барлығы аштықпен күреске» ұранымен жұмылдыра отырып, уезд, болыстықтарда ұйымдастыру жұмыстарын күшейту мәселесі жөнінде қаулы қабылдады.

Жоғарыдағы мәліметтерден Ақтөбе өңірінде ХХ ғасырдың 20-жылдарындағыашаршылықтың көлеміне көз жеткізуге болады.

Дәулет ӘБЕНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button