Ақтөбе облысында жаңа учаскелік полиция пункті мен кірістер басқармасының ғимараты пайдалануға берілді

Мәртөк ауданына жұмыс сапарыбарысында облыс әкімі Асхат Шахаров пен полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов Сарыжар ауылындағы жаңа учаскелік полиция пунктіне барды.
Сарыжардағы полицияның жаңа учаскелік пункті – азаматтар үшін қолайлы заманауи ғимарат. Нысанның жалпы ауданы 140 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған екі жұмыс бөлмесі, ас үй, демалыс бөлмесі және балаларға ойын бөлмесі қарастырылған. Қазіргі уақытта алты мыңнан астам тұрғыны бар Сарыжар ауылында екі учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді.
Ғимаратты аралау барысында Асхат Шахаров азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, құқықбұзушылықтардың саныназайту үшін осындай сервистік объектілерді құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа учаскелік пункт полицияның жұмысын жақсартуға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқыққорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі, елдегі тұрақтылықтың басты кепілідеген болатын. Елдің амандығы мен тұрақтылығы – мемлекетіміздің басты құндылығы. Сол себепті құқыққорғау саласын дамыту және оны заманауи талаптарға сай жетілдіру – біздің ортақ міндетіміз.
Жаңа учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысып шықтық. Бұл –ауылдағы өмір сүру жағдайын жақсартудағы маңызды қадам. Мұндай пункттерді ашу ең алдымен жергілікті халықтың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады. Әр ауданда осындай жағдай істеуге тырысамыз. Сонымен қатар, полиция бекеттерін жабдықтауды жалғастырамыз. Бұл мақсатқа келер жылы да қаражат қарастырылған», – деп атап өтті облыс әкімі.
Полковник Абай Жүсіпов жергілікті билік қолдауымен бой көтерген заманауи УПП құрылысы азаматтарға полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам екенін алға тартты.
Айта кетейік, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен әрбір аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімдеріне жаңа қызметтік автокөліктер берілді.
Сондай-ақ, биылғы жылы Мәртөк ауылында мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа ғимараты ашылды. Мұнда жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетіледі.
Әкімшілік ғимаратта мәжіліс залы, мұрағат, сервер бөлмесі, кеңселер және күзет бөлмесі кіреді. Бұл – Мәртөк ауылында орналасқан облыстағы алғашқы мамандандырылған мекеме, ол жергілікті тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.