Жастар

 «Жасыл ел» жастары жағалауды тазартты

«Таза қала — таза жағалау»

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 150-ге жуық адам Елек өзенінің Заречный елді мекені маңындағы жағалауын күл-қоқыстан тазалады. Аталған акцияға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары мен Бибігүл Жақсыбайқызы, Бекзат Болатұлы, Рустам Жақыпұлы сынды бұрынғы жауынгерлері қатысты.

«Жасыл ел» еңбек жасағының бұрынғы қатысушылары экологиялық акцияға қатысқандарға ризашылығын білдіріп, жастарды қала тазалығына немқұрайды қарамауға шақырды. «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қала бойынша белгіленген аумақтарды күл-қоқыстан тазартады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бірауыздан қолдаймыз. Бүгінде қала аумағында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Экологиялық акцияның мақсаты — табиғатты таза қалпында сақтау, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы өзен жағалауларын қоқыстан тазалау және қаламызды көркейтуге үлес қосу.  Тазалық жұмыстарына тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тартудың маңызы зор. Осы жолы ұйымдастырылған «Таза қала — таза жағалау» экологиялық акциясы барысында тиегіш техникалары арқылы қоқыс қалдықтары шығарылды.

«Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендерде «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді акцияларға белсене қатысып, ай бойы абаттандыру жұмыстарына, шаһарды көркейтуге атсалысып келеді. Бұл, бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға  әлеуметтік көмек беру мақсатында қолға алынған бастама. Жасақ мүшелері осындай экологиялық акция арқылы қоршаған ортаға, табиғатқа жанашыр болып, жауапкершілікті сезінуге үйренеді, — дейді ол.

2005 жылы республика бойынша алғаш рет «Жасыл ел» жобасы қолға алынған-ды. Аталған жоба бүгінде сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Осы экологиялық акцияға қатысқандар арасында еңбек жасағының бұрынғы жауынгері Бибігүл Ақжігітова да бар. Ол «Жасыл ел» еңбек жасағының алғашқы маусымынан бастап жастармен бірге жұмыла жұмыс істеп келеді.

— Жастар жинаған жағалау маңайы күл-қоқыстан тазарып қалды. Қаламызды абаттандыру жұмыстарына тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындары жұмылдырылуға тиіс. Бір байқағаным, шетелде мұндай ауқымды акциялар жиі ұйымдастырылмайды екен. Тек көктем айларында ғана тазалық акциялары өткізіледі. Алайда оған белгілі бір топтың немесе клубтың мүшелері ғана қатысады. Еңбек жасағының ардагері ретінде жастарды әрдайым еңбекке баулып, оларды қала тазлығына атүсті қарамауға шақырамын, — дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының бұрынғы қатысушысы.

Жастарға арналған акция

«Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының маманы Артур Азиевтің айтуынша, маусым-шілде айларында «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері үшін футбол мен волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Биыл жазғы еңбек маусымы тамыз айының аяғында аяқталады. Еңбек маусымының жабылуы қарашада өтеді және үздік жауынгерлер анықталады.

—  Көктемгі су тасқынына байланысты биыл еңбек жасағының жұмысы сәуір айында басталды. Осы жылы еңбек жасағы 11 мердігер компаниямен жұмыс істеп, көшелерді көркейту, абаттандыру жұмыстарына жұмылдырыладытұрғын үйлердің кіреберісін әктеп, тазартадыгүл егіп, суарады. Жасақ жауынгерлері тасқын судан зардап шеккендерге көмектесіп, «Таза орман», «Ардагерлерді ардақтайық» сынды экологиялық акцияларға да қатысып жатыр. Бүгінде Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында 50-ге жуық жас құрылыс отрядтарының жұмысына жұмылдырылды. Жастардың көңілін көтеріп, уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыстан тыс кезде түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мұндай іс-шаралар жастардың құлшынысын арттырып, еңбекке баулиды. Жуырда Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған «Жасыл ел» дауысы» атты караоке-байқау ұйымдастырылды. Екі кезеңнен тұратын ән сайысына еңбек жасағының 12 сарбазы қатысты. Олар ретро және заманауи әндерді нақышына келтіре орындады. Маусым айында футболдан «Жасыл ел» кубогы сарапқа салынды. Ал шілдеде қыздар арасында волейболдан жарыс өтті.

Біз жастарды ынталандыру үшін ай сайын «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс істеген студенттерді «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапаттаймыз. Бұл жастарды еңбекке құлшындырады, олардың белсенділігін арттырады. Ал күзде жылдың қорытындысы кезінде ең үздік 100 жауынгер марапатталатын болады, — дейді ол.

Жауынгерлер не дейді?

Қанат ИМАШ,

«Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

— Ең алдымен экологиялық акцияға атсалысқан еңбек жасағының ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Олардың өнегелі жолы — көпке үлгі. Әкем де алғашқы еңбек жолын «Жасыл ел» еңбек жасағынан бастаған. Мен де әкем сияқты қаламызды көркейтуге бағытталған тазалық акцияларына үлесімді қосу мақсатында биыл еңбек жасағына жұмысқа қабылдандым. Бұл — менің алғашқы табысым. Қала тазалығы әрбір шаңырақтан басталады. Тазалықты жақсы көретін, табиғатқа жаны ашитын әрбір ақтөбелік осы акцияға атсалысуы керек.

Ақтоты ТӘЖІҒҰЛОВА,

«Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

 «Жасыл ел» талай жастың жаз айларында жұмыс істеп, ақша табуына септігін тигізді. Соның арқасында достар таптық, марапатқа да ие болдық. Барлығымыз қатарлас болғандықтан уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Бос уақытымызда спорттық жарыстарға команда болып қатысамыз. Жақында волейболдан өткен топтық жарыста «Жел» командасының мүшелері нәтижелі ойын көрсетіп, 3-орынды еншіледік. «Жасыл ел» жасақтарының әр күні қызыққа толы. Күн сайын түрлі акцияларға қатысамыз. «Жасыл ел» ұйымшыл жастардың басын қосып, игі іс жасауына сеп болып отыр.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button