Жастарды қалай патриот қылып тәрбиелейміз?
Көзқарас
Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, мемлекет іргесін бекітуде отандық патриотизмді қалыптастыру өте маңызды. Патриоттық тәрбиенің көрінісі тек ұрандатқан сөз, айқай-шумен емес, адамның мінез-құлқы, қиын-қыстау кездегі іс-әрекеті арқылы көрінеді. Ел азаматы ретінде елімізде болып жатқан оқиғаларды назардан тыс қалдырмаймын. Әсіресе соңғы кезде әскерде болып жатқан келеңсіз жайттар алаңдатып отыр. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін идеологияның әлсіздігі байқалады.
Әскерде болып жатқан келеңсіз, қайғылы оқиғаларды естіп отырып, үнсіз қала алмаймыз. Жақында облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімшеге бардым. Сарбаздардың жағдайын өз көзімізбен көрдік. Тамағы, жатын орны, тұрмысы — бәрі жақсы. Сонда әскерден қашатындай бізге не жетіспейді? Идеология, патриоттық тәрбие жетіспейді. Ата-аналар айналып келіп әскерді жамандайды. Ал ата-ананың өзі баласын Отан қорғауға тәрбиелеп жатыр ма? Мәселе осында. Әскерге күштеп әкелген жігіт ертеңгі күні елін қорғай ала ма? Біздің кезімізде әскерге бармаған адамға қоғам басқаша қарайтын. Әскерге бармаған жігітке қыз да қарамайтын.
Әскердегі әлімжеттіктің зоры Кеңес уақытында болды. Өзіне қол салу, атылып қалу секілді жағдайлар болды. Бірақ ол кезде бұқаралық ақпарат құралдары бұндай нәрсені таратпайтын, айтпайтын. Ата-ана баласын әскерге жібергенде «еті — сенікі, сүйегі — менікі» деп тапсыратын.
Әскердегі бұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін, ең алдымен, тәрбие керек. Сонымен бірге әскердегі келеңсіз жағдайларды жарыса жарияламай, ондағы жақсы оқиғаларды да айтып отыру керек. Өсіп келе жатқан бала ағаш сияқты. Қалай тәрбие берсең, солай өседі. Отансүйгіштікке тәрбиелейтін фильмдерді көбейту керек.
Соғысты өз көзімен көрген адам тыныштықтықтың, бейбітшіліктің қадірін біледі. Қазір соғыс болып жатқан елдердегі жағдайды барып көрмесек те, сезіп отырмыз. Бүгінде ең маңызды нәрсе — елдің тыныштығы.
Осы ретте елдегі ақпарат құралдары жастарды патриоттыққа, ізгілікке тәрбиелейтін дүниелерді көбірек көрсеткені жөн.
Аслан БАЛҚАСЫНОВ,
«Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.