Жастар

Еріктілер марапатталды

Марапат

5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні. Осы атаулы күн қарсаңында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке — жақсылыққа бастар жол!» апталығы өтті. Жылды сәтті қорытындылаған еріктілер Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мереке «Қамқорлық», «Таза әлем», «Еңбек», «Салауатты өмір салтын сақтау» және «Алғыс» тақырыбындағы күндерден тұрды.

Апталықтың алғашқы күнін сәбилер үйі мен көпбалалы аналарға, жалғыз басты қарттарға гуманитарлық көмек көрсетуден бастадық.  «Таза әлем» деп аталатын екінші күнде белсенді жастар қала тұрғындарына экологиялық акция ұйымдастырып, саябақтар мен көшелерді қоқыстан тазартты. Еңбек адамдарына қолдау көрсетуге бағытталған келесі күні еріктілер көше тазалықшыларына ыстық тағам таратып, қол көмегін тигізді. Сонымен қатар спорттық турнирлер өткізіп, қаламыздағы «Keruen City», «Dalida» және «Aqtobe city shopping» ойын-сауық және сауда орталықтарында тегін медициналық тексеру пункттерін ұйымдастырды. Биыл төтенше жағдай кезінде еріктілердің еңбегі зор болды. Күн-түн демей, белгіленген штаттарда гуманитарлық көмекті үлестіруге қолдау көрсетіп, су басқан аймақтардан адамдар мен үй жануарларын шығаруға атсалысты. Облысымызда осындай 160-тан аса топ, 5000-нан аса ерікті бар. Жалпы жыл сайын мектептер мен оқу орындарында еріктілер тобын ашып, түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Мақсатымыз — елімізде мейірімді, қайырымды жастардың қатарын көбейту, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.

Қорытынды күні облыс және қала еріктілерін жинаған ресурстық орталық  20-ға жуық еріктіні марапаттады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен «Бір қадам» еріктілер тобының жетекшісі Жанерке Мирашева марапатталды.

Бопай ханым жоғары медициналық колледжі «Емдеу ісі» мамандығының 2-курс оқушысымын. Биыл қазан айында ғана құрылған қайырымдылық тобымыз көптеген іс-шараларға белсене қатысып келеді. Қайырымды іспен айналысу — әрбір адамның парызы деп білемін. Біздің тобымыз да болашақта елге пайдасы тиер ірі қор болып қалыптасады деп сенеміз, — деді Ж.Мирашева.

Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл волонтері — 2024» халықаралық премиясы аясында облыстық жастар ресурстық орталығы «Ұлттық волонтерлік желі» аталымымен марапатталып, «Игі істер марафоны» жобасында Ақтөбе облысы «Ең мейірімді аймақ» атанған.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button