Тарих

Ұлтын ұлықтаған тұлға

Саяси қуғынсүргін құрбаны болып жазықсыз атылып кеткен, халқымыздың ұлтын сүйген, елін, жерін сүйген ұлдарының орындары ойсырап тұр. Кеңестік отарлау жылдарында мемлекет басында болған ұлтжанды азаматтарымыздың тарихтағы рөлдері көпке дейін бағаланбай келді. Сол кездегі өлкелік өкіметтің шаруашылық салаларын басқарған Ұзақбай Құлымбетов те осылардың қатарында еді. Ол жас өлкелік республиканың қаржылық-шаруашылық саласын аяқтан тұрғыза білді.

Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1938 жылдың 21 наурызында Алматы облысыІлеауданыныңҚайыңдысай деген жерінде атылған болатын. Ұзақбай Құлымбетовтен бөлек Қайыңдысайда Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанұлы, Мұхамедияр Тұңғашин, Темірбек Жүргенов сияқты талай азаматтардың сүйектері жатыр.

Ел қатарынан қалғысы келмей, оқып білсем деп мұғаліміне еліктеп өскен Ұзақбай Құлымбетов мұғалім мамандығын аса қадірледі.Ол 1891 жылдың 18 наурызындаЫрғызуезіАманкөлболысындадүниеге келген. 1899-1904ж.ж. мұсылманша білім алды. 1910 жылы Ырғыздағы екі кластық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, ауылдарда мектептер ұйымдастыруға белсене араласты. 1918 жылы Ырғыз Совдепінің тапсырмасы бойынша ауылдық кеңестер ұйымдастыруға қатысты. 1919-1923 жылдары Ырғыз большевиктік ұйымының төрағасы, Ақтөбе уездік, губерниялық оқу бөлімдеріне басшылық жасады.

Ұзақбай Құлымбетов 1937 жылға дейінгі республикамызда болғанбарлық тарихи оқиғалардың куәсі болып қана қоймай, ел көлемінде жоғары қызметтерді атқара жүріп, олардың бәріне тікелей атсалысты.

Киробкомның шешімімен 1923 жылы Ұ.Құлымбетов Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді. Бұз қызметте ол шаруашылықты жақсы білетін және әкімшілік жұмысын жетік меңгергендігін көрсете білді.

1925 жылыҰ.Құлымбетов республика халықшаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Қазақстанда жер мәселесі, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылын отырықшылыққа тарту, советтендіру сияқты күрделі кезеңдер орын алды. Еліміздегі осындай қиын жағдайда республикалық басшылыққа іскер басшы керек болды. Сол себептібұлқызметкеҰ.Құлымбетовтағайындалды. Ол еліміздегі өнеркәсіпті дамыту, шикізат өндіру орындарын қайта өңдеу, өнеркәсібін және жергілікті ұсақ кәсіпшілік орындарын кеңейту, дамыту жолында көп мәселелер көтерді. 1926 жылы Ұзақбай Құлымбетов республика Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал 1928 жылы Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары болып бекітіліп, сонымен қатар республика Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін бірге атқарды.

Отызыншы жылдардағы Голощекиннің ауылды басқару әдістерінен туындаған ашаршылық Құлымбетовке де үлкен сын болды. Сондықтан бұл саясатқа алғашқылардың бірі болып қарсы шықты. Өлкелік комитеттің VI Пленумы VIII конференциясында сөйлеген сөздерінде осы ащы шындықты ашып айтқан болатын. 1936 жылдың қаңтарында Халық шаруашылығы комиссарлар кеңесі қазақ даласындағы жағдайды түзету үшін Моңғолиядан асыл тұқымды түйе әкелуге қаулы қабылдайды. Қаулыны іске асыру мақсатында Каз ЦИК төрағасы Ұ.Құлымбетов Мәскеудегі Тұрар Рысқұловпен ақылдасып, түйе малын жетік білетін маман ретінде Тел Жаманмұрынов бастаған топты Мәскеуге жібереді. Бұлар сегіз ай сапарда жүріп, Моңғолиядан сегіз мың бас түйені Қазастанға алып келеді. Мақсаты— аштықтан қырылып, ауа көшкен қазақтың қалған бөлігін, мал шаруашылығын дамыта отырып, сақтап қалу еді.

Сонымен қатар Ұзақбай Құлымбетовтің оқу-ағарту ісінде де атқарған еңбегі зор. Ол Ақтөбе педагогикалық институтының негізін қалаушы, облыстарда мектептер мен екі жылдық педагогикалық институттардың ашылуына себепкер болған. 1921-1923 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын курс ашып, оған көбі кедей отбасынан шыққан 40 адам алынды.

ОлПетропавл, Көкшетаутеміржолынсалғызуғабасшылықжасады. Ағаш өңдеу, консерві жасау зауыттарын қалпына келтіру, алтын өндіру ісін жолға қою жұмыстарына ұйытқы болған. Еліміздің сол кездегі астанасы Қызылордада халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде Риддер, Екібастұз, Атбасар мыс комбинаттарын дамыту, Ембі мұнай өнеркәсібінің қуатын арттыру, Елек тұз өндіру кәсіпорнын игеру, Жетіқара, Аққарға, Бозын алтын кеніштерін Қазақстанға қайтару сияқты басқа да мәселелерді көтерген.

1935-1937 жылдары Ұзақбай Құлымбетов Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасы қызметінде болды. Осы уақытішіндеолауылшаруашылығы мен малшаруашылығыныңөсіп, өркендеуінеүлес қосып, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін күресті.

Сонымен бірге Ұзақбай Құлымбетов Түрксіб теміржолына да жетекшілік етті. Жүз мыңдаған жергілікті халықты жұмысқа алды. Бірсөзбенайтқанда, мемлекет деңгейіндегі ірі жобалардың бәріне тікелей басшылық жасады. «Карлаг», «Алжир» сияқты лагерьлердің Қазақстанда орналасуына қарсы болды.Қарағанды облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысы мен облыстық атқару комитетінің төрағасына «Карлагтың» орналасқан жерін Шет ауданының ауылдарына қайтару жөнінде өтініш жолдады.

Өзінің бар жан-тәнімен қарсы болған «Алжирде» кейіннен оның зайыбы Әйеш Құлымбетова да жазықсыздан-жазықсыз сегіз жыл отырған.

Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева өз естеліктерінде:

«Анамыз Әйеш Құлымбетова лагерьде көргені, басынан өткені жөнінде ештеңе айтқан емес. Әкеміздің інісі Жолмұрат ағасы ұсталған кезде Қарақалпақстанның Мойнақ қаласына қашып барған. Кейін жан-жақта қалған ағасының балаларын өз жанына алды. Соғысқақаншасұранса да, ол кісіні «халық жауының інісі» деп алған жоқ. Тек он бірінші арызы қабылданып, 1943 жылы соғысқа аттанды. Әскерге кететін күні ол бәріміздің құжаттарымызды түгел жинап, өртеді. «Халық жауының балалары» деген ат алдағы өмірлеріңде аяқтарыңнан шалмасын деген ниетпен әрекет еткенін айтып, бізден кешірім сұрады. Кейін тегімізді арғы аталарымыздан алып, Қарабалина болдық. Ал ағамыз Жолмұрат майданнан оралған жоқ», — деп еске алады.

Өмірдің азабын көріп өскен балалары аналарын тек 1953 жылы ғана көреді.

1973 жылы Әйеш қызы Орыншаның қолында өмірден озған. Кеңсайда жерленген.

Әйеш Құлымбетова өте салмақты, сабырлы адам болатын. Ол 1898 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Оспан деген шаруаның отбасында дүниеге келген. Ұзақбай Құлымбетовке он алты жасында тұрмысқа шығады. Өз бетінше хат танып, сауатын ашқан.

Әйеш Оспанқызы өзінің «Алжирдегі»кезеңі туралы: «Мен онда қой бақтым. Менің Құлымбетова екенімді білгеннен кейін, сол жердегі қазақтар маған көп көмек берді, жеңіл жұмыстарға жіберіп жүрді. Қандай тажал келсе де, адамгершілігінен айнымайтын адамдар бар екенін білдім, маған солар ыммен жақсылық жасап жүрді», — деп еске алады. Қарапайым жан өзінің көрген бар бейнетін ақылға жеңдіріп, адамдардың жасаған қиянатын емес, жақсылығын ұмытпай, жүрегіне жалау етті.

Заманымыз өзгерді. Қаншама жыл аңсаған егемендігімізді алдық. Кезінде ұлтымыздың бостандығы жолында күрескен аяулы азаматтар халқымен қайта қауыша бастады. Ендігі жерде қазақ халқының тілегі — кейінгі ұрпағының ата-бабасының басынан өткізген қайғы-қасіретін көрмей, тәуелсіз Қазақ елінің ұлтжанды, елін сүйетін азаматы болып өскені.

Ұзақбай Құлымбетов қарапайым мұғалімнен басшылық қызметке дейін бейнеті мол жолдан өтті. Туған халқының, жарқын да бейбіт болашағы үшін күрескен ол ел тарихында өшпес із қалдырды.

Жанар ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ,

Облыстық мемлекеттік архивтің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button