Жыл қорытындыланып, меже белгіленді
Дана САНАТҚЫЗЫ,
еріктілер тобының ұйымдастырушысы.
— Өткен аптада облыс әкімі Асхат Шахаров жыл қорытындысы жайлы есеп берді. Өңір тұрғыны әрі жастармен тығыз жұмыс істейтін маман ретінде бұл іс-шараға өзім де қатысқан едім.
Облыс басшысы ауыл тұрғындары және жастар үшін өзекті мәселенің бірі — сапалы интернетпен қамту жұмысына ерекше назар аударды. Биыл жыл соңына дейін 20 ауыл мобильді интернетке қосуды жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл — ауыл жастары, белсенділері үшін жақсы жаңалық. Біз жастармен, еріктілермен, белсенділермен бірлесе жұмыс атқаратындықтан, интернеттің сапасыздығынан кейбір шалғай ауылдармен байланыс орната алмай жатамыз. Облыс әкімі келер жылы халықты интернетпен қамту деңгейі 98,8 пайызға жететінін айтты.
Жалпы өңірде жастардың белсенділігі жоғары. Олар кешегі су тасқыны кезінде де халыққа көмек көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға қатысып келеді. Осы орайда өңірде жастарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар өз жемісін берді. Мәселен, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 200-ден аса отбасы баспаналы болды. Келер жылы «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында тағы 70 жас отбасына баспана беру жоспарланып отыр. Өңіріміздің басқа да салаларында осы тәрізді оң нәтижелер, жақсы көрсеткіштер бар. Ендігі мақсат — жүктелген міндеттерді жоспарға сай жүзеге асырып, нәтижелі аяқтау. Ел игілігі үшін, өңіріміздің дамуы үшін жастар да өз үлесін қосады деп сенемін.