Пікір

Инвестициялар игілігі 

Ғалым МҮСІРОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы АӨУ қауымдастырылған профессоры.

Жасыратыны жоқ, биыл еліміз, соның ішінде Ақтөбе облысы үшін оңай жыл болмады. Елдегі су тасқынынан көп адам зардап шекті. Олардың арасында жерлестеріміз де бар. Бірақ бірлескен күштің нәтижесінде барлығы артты қалды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму өсімі биылғы 11 айда 106 пайызға жеткенін атап өтті. Ал орташа жалақы 364 мың теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Инвестициялар бойынша да оң өзгерістер бар. Жыл басынан бері өңір экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылғаны белгілі. Сондай-ақ биыл 1 мыңнан астам жұмыс орын құра отырып, 3 жоба іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 3 жоба өз жұмысын бастамақ. Бұның бәрі экономикалық әлеуетімізді жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз.

Сол сияқты 2024 жылы Ақтөбе облысында бірнеше жаңа өнеркәсіптік нысандары іске қосылды. Олардың қатарында тау-кен металлургиясы, құрылыс индустриясы, энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы жобалар бар. Мысалы, Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешені кеңейтілді, ал Мәртөк ауданында титаноцирконий кен орнының игерілуі басталды. Сонымен қатар деректерді өңдеу орталығы пайдалануға беріліп, газ өңдеу зауытының құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Бұл жобалар облыстың экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Облыста жол инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Ақтөбе облысында соңғы жылдары бірнеше маңызды жол құрылысы жобаларының жүзеге асырылғандығы белгілі. Мысалы,Ақтөбе-Атырау тасжолы, Ақтөбе-Қандыағаш автожолы, Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы, Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын тасжолы. Бұл жобалар облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуда аса маңызды рөл атқарады

Әлеуметтік салада да бірқатар оң өзгеріс бар. Бұның бәрі ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыратыны анық.

Осының бәрін ескере келе, өтіп бара жатқан жыл Ақтөбе халқы үшін жаман болған жоқ деп айтуға болады. Лайым, келер жылы бұдан да жақсы болғай!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button