Спорт

Екі күміс, бір қола медаль иеленді

Бокс

Жуырда Қарағанды қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Ақтөбелік былғары қолғап шеберлері бұл жарыстан құр қол қайтқан жоқ.
Ерлер арасында 80 кг салмақ дәрежесінде Дәулет Төлемісов күміс медаль иеленді.

Ол — өткен жылы жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ жастар арасындағы Әлем Кубогының жеңімпазы атанған дарынды боксшы.
Дәулет ел біріншілігінің ширек финалында 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Литвиновты нокаутқа жіберді. Жартылай финалда алматылық Ильяр Ашировты жеңді. Ал финалда қызылордалық Азамат Бектастан басым түсе алмады. Дегенмен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Дәулеттің осы жарыста бірқатар мықтыны жеңгенін атап өтті.
Тағы бір жерлесіміз, 51 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бекзат Алдамжаров та финалға дейін жақсы жетті. Финалда 2023 жылғы Қазақстан чемпионы, батысқазақстандық боксшы Даниал Сәбиттен жеңіліп қалды. Даниал БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Бекзаттың мықты қарсылас, өте батыл боксшы екенін атап айтты.
Қыздар арасында 60 кг салмақ дәрежесінде Гүлжайна Үбаниязова жартылай финалда сүрінді. Бұған дейін Гүлжайна бірнеше рет Қазақстан чемпионы атағына да ие болған еді, өкінішке қарай, бұл жолы қола медальды қанағат тұтты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button