Су тасқыны

Сарыобада 3 үйдің іргетасы қаланды

Биыл көктемгі су тасқыны кезінде Ырғыз ауданында жалпы саны 167 үй зардап шекті. Оның 7-еуі бойынша бүгінде техникалық тексеру жүргізуші мекеменің үйлерді жөндеу туралы қорытындысы шықты.

Бүгінде Ырғыз ауылындағы үйлерден дайын үй сатып алуға ниет білдіргендер саны — 27. Қазір олардың 25-іне үй сатып алынды, 2 үйдің құжаттары қаржыландырушы комиссияға ұсынуға дайын.

Аудан бойынша салынатын үйлердің жалпы саны — 125. Оның 51-і — Ырғыз ауылында, 74-і Нұра ауылына жақын орналасқан Сарыоба деген жерден салынады.

Ырғыз ауданы әкімі аппаратының басшысы Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, Ырғыз ауылындағы 51 үйдің құрылысы маусым айында басталған. Жобаға сәйкес тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метр болады. Іргетасы монолит бетоннан немесе дайын блоктардан салынады. Қабырғасы газоблоктан көтеріліп, сырты қызыл кірпішпен қапталады. Барлық үйдің құрылысы толық дайын жағдайда тапсырылады.

Бүгінде аудандағы 51 үйдің құрылысымен 10 мердігер ұйым айналысып жатыр. Бүгінге дейін 51 үйдің іргетасының негіздемесі құйылды, оның ішінде 47 үйдің іргетасы толық дайындалды, ал 39 үйдің сыртқы қабырғалары көтерілуде, оның ішінде 2 үйдің төбесін жабу жұмыстары басталды. Құрылыс материалдары уақтылы жеткізіліп отыр. Сыртқы электр, газ және су желілерін жүргізуші мердігер мекемелермен де келісім шарт жасалды. Жалпы, үйлердің құрылысы тамыз айында аяқталады.Сондай-ақ Нұра ауылының тұрғындары үшін салынатын үйлердің қазығы Сарыоба деп аталатын жерде қағылды. Қазіргі уақытта 11 мердігер мекеме үйлердің іргетасын тұрғызуға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сыртқы электр желілері мен су желілерін жүргізуші мердігерлер де өз жұмыстарын бастады. Сонымен қатар мектептің және фельдшерлік-амбулаториялық пункттің қазығы қағылды,— дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Сарыобадасалынатын 74 үйдің орны қазылып, оның ішінде 16-сының негіздемесі және 3 үйдің іргетасы құйылған. Қазіргі таңда құрылыс материалдарын тасымалдау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған құрылыс жұмыстарына барлығы 97 адам жұмылдырылған.

Биылғы тасқын кезінде үйін су басып, баспанасыз қалған нұралықтардың бірі — Мәншүк Жұмабай. Сәуір айында Нұра ауылы маңындағы екі дамба жарылып, елді мекенге су кіргенде ауыл тұрғыны отбасымен бірге мал-мүлкін тастап, аудан орталығына эвакуацияланған. Бірнеше ай эвакуациялық пунктте тұрған. Қазір ол аудан орталығында отбасымен пәтер жалдап тұрып жатыр.

— Өзім бұрын-соңғы мұндай ағын суды көрмеппін. Тасқын су тез келіп, бүкіл ауылымызды басып қалды. Үйіміз, сарайларымыз, мал ұстайтын қорамыз түгел астында қалды. Үй ішіндегі жиһаздарымыз, тұрмыстық техникаларымыз жарамсыз болып қалды. Баспанамызға су кірген соң ештеңеге қарамай тікұшақпен аудан орталығына келіп, эвакуациялық пунктке қоныстандық. Міне, содан бері үш айға жуық уақыт болды. Қазір аудан орталығында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Жуырда Нұра ауылында баспанасы суға кеткен тұрғындар үшін Сарыоба деген жерден жаңа үйлер салынатынын естідік. Әзірге ол жерге барғанымыз жоқ. Әкімдік қызметкерлеріалдағы уақытта тізім жасалып, жеребе бойынша үйлердің бөлінетінін жеткізді. Енді сол жаңа үйіміздің орнын көруді арман етіп отырмыз. Отбасында бес адамбыз. Жолдасым және үш балам бар. Биыл үлкен балам мектеп бітіріп жатыр. Тасқын судың салдарынан сабақты дұрыс оқи алмай, ұлттық бірыңғай тестілеуге жөнді дайындала алмады. Қалай десек те, басымыз аман болсын деп, баспана алатын кезегімізді сабырмен күтіп отырмыз, — дейді ауыл тұрғыны.

Мәншүк Жұмабайдың айтуынша, нұралықтардың үйлері суға кеткенмен, көп мал шығыны болмаған. Алайда бірқатар шаруашылықтар зардап шеккен. Оларға әзірге мемлекет тарапынан  мал шығыны үшін өтемақы төленбеген. Сондай-ақ нұралықтарға суға кетіп, жарамсыз болып қалған тұрмыстық техникалары мен жиһаздары үшін де қаражат берілмеген.

—Әзірге суға кеткен тоңазытқыш, теледидар, мұздатқыш, тағы басқа сол сияқты техникаларымыз бен жиһаздарымыз үшін материалдық көмек берілген жоқ. Оларды бағалаушы мекемелер тексеріп, анықтап жатыр екен. Бірқатар тұрғындар суға кеткен мүліктеріміз үшін 150 айлық есептік көрсеткіш (553 800 теңге) көлемінде көмек берілетінін айтады. Алайда бұл қаржы аз. Себебі мұндай қаржыға суға кеткен тұрмыстық техникаларды сатып ала алмайсыз. Қазір жиһаз да, тұрмыстық техника да қымбат, — дейді М.Жұмабай.

 Д.АЙДАР.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button