724,2 миллион теңге өтемақы төленді
Шағын және орта бизнес
Көктемгі су тасқыны кезінде облыста алпыстан аса кәсіпкерлік субъектісі зардап шекті. Бүгінде 57 кәсіпкерлік нысан үшін 724,2 миллион теңге өтемақы төленді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев «Шағын және орта бизнестегілерге өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтты.
— Қазіргі таңда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бизнес нысандарына келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу Ұлттық экономика министрінің бекіткен қағидасы негізінде жүзеге асырылады. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың өтемақысын айқындау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. Тасқын кезінде аймақта алпыстан аса осындай нысанның зардап шеккені анықталды. Бүгінге дейін өңірлік комиссияға 67 кәсіпкерлік субъектісі иелері жүгінді. Нәтижесінде өңірлік комиссия тарапынан зардап шеккен 57 шағын және орта бизнес субъектісіне 724,2 миллион теңге көлемінде өтемақы беру мақұлданды, — деді Алмас Салықбаев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің агроөнеркәсіп саласына жататын мүліктік шығындарын өтеу үшін де Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы шыққан. Алайда агроөнеркәсіп саласындағы жылжымайтын мүліктерге ғана өтемақы жүргізіледі. Қазіргі таңда кәсіпкерлік басқармасында бұл бағытта өтінім қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.
Арайлым НҰРБАЕВА.