Әдебиет

Балагүл БАКИЕВА

Балагүл Бакиева 1984 жылы 9 мамырда дүниеге келген. 2000 жылы Темір ауданындағы Жамбыл орта мектебін, 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер, облыстық тілдерді дамыту басқармасында оқытушы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жұмыс істейді.

2019 жылы «Көңіл толқыны» атты жыр жинағы жарыққа шықты. Сондай-ақ өлеңдері «Темірқанат», «Шұғыла», «Сыймай кеткен қалыпқа» ұжымдық жинақтарына және «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан көптомдық жинақтың 44 -томына енген.

Ақтөбе

Ақтөбем, жазсам жырға сыясың ба?

Алыс кетсем, аңсатар ұясың ба?!

Қанат байлап жаныма баптадың да,

Ұшырдың қиялымды қия шыңға.

 

Сүйіп келген секілді күнді барып,

Алаулаған сағымнан сырды ұғалық.

Ойыл, Темір, Жем, Елек еркелейді,

Нұрсұлудың биіндей мың бұралып.

 

Көктем келсе, құлпырған гүлді бау-бақ,

Жүрегіндей Әлияның тұрды лаулап.

Тұлпарлардың тұяғы дүбірлесе,

Ұйқыдағы қос Есет бір-бір аунап…

 

Жататын, гүл жамылып сыр ақтарып,

Бәкірдің әнін тыңдап бұлақтарың.

Боз жусанға сыбырлап Есенбайдан

Өлең оқып тұрғандай құрақтарың.

 

Ерлерге өнеге етер үлгің неше,

Ұқсасын Қобыландыға ұлмын десе!

Басталғандай Көкжардың жәрмеңкесі,

Қазанғаптың күйлері күмбірлесе.

 

Тамсанбаған жан бар ма айналаңда,

Бауырыңда ақ тары жайнағанда.

Әлем саған тағы да құлақ түрді,

Димаш ұлың бұлбұлдай сайрағанда!

 

Ақтөбем, ақ мекенім, ардақ елім,

Сенде өскен, сірә, арманым бар ма менің!

Жағасында Темірдің сылаң қағып,

Айдынына Шалқардың қонған едім.

 

Әлиманың аяулы әні сынды,

Шалқарың шабыт деген бал ұсынды.

Таразыңдай тарихта қалмасам да,

Арымдай қорғап өтем намысыңды!

 

Мәңгілік сағыныш

Енетінсің түсіме жылап жатып көз ілсем,

Табиғаттың тамаша туындысы едің Сен.

 

Бәйтеректей саялы құшағыңда өстім мен,

Болмысыңды аяулы таба алмадым ешкімнен.

 

Мейірімді жүзіңді шұғылалы күн дер ем,

Шуақ төккен әрқашан, мұңаюды білмеген.

 

Алақаның аялы самалындай даланың,

Маңдайымнан сипаса, бір марқайып қаламын.

 

Қос жанарың тұңғиық теңіздердің өзіндей,

Талай түндер отырған бас жағымда көз ілмей.

 

Қасың сенің қиылған, туған айдай көркем ед,

Қара ормандай шашыңды ағарттым ба ертерек?

 

Ақ жаулығың — ақша бұлт, кір шалмаған ешқашан,

Асқар таудай бейнеңмен мен еріксіз қоштасам.

 

Сымбатың тік, бейне бір, шыңға бітер шынарсың,

Қандай дауыл соқса да, құламайтын шығарсың…

 

…Деп ойлаушы ем, тағдырға қарсы тұрар хал қайда?

Мың сынағын сыйғызған жарты қарыс маңдайға.

 

Сол жазмыштың алдында дәрменсіз ек біз неткен,

Уақыт емші болмайды, өте берсін жүз көктем!

 

Ойлап жатып мен таңда көз ілемін кемсеңдеп,

Өзің жайлы тағы да тамаша түс көрсем деп…

 

Сағыныш боп сол сәтте жастығыма тамасың,

Көз ілейін тағы да, бір көрінші, Анашым!

 

***

 

Өлең…Өлең!

Өмірім деуші ем мен сені,

Жетуші ем саған езгенде қайғы еңсені.

 

Құр сүлдерім кеп жығылғанымда алдыңда,

Ұқтырып едің у болатынын балдың да.

 

Маңдайдан сипап жұбатқандай бір жетімді,

Жіберуші едің үмітпен жуып бетімді.

 

Кеудемде сол сәт мөп-мөлдір моншақ жыр тұнып,

Тұрушы ем, шіркін, орнымнан қайта сілкініп.

 

Жазылмаған жыр — алынбай жүрген ақымдай,

Қайтушы ем сосын жеңіске жеткен батырдай.

 

Қамытын киіп қу тіршіліктің таңды-кеш,

Жабыққанымда жүгінерім — сен, мәңгі дос!

 

Оралам саған, ұятты нәпсі өңгеріп,

Дүние — тезекті дөңгелеткенде пенделік.

 

Оралам саған, ұқпағанда ешкім жанымды,

Әділетсіздік қайнатқан кезде қанымды.

 

Таңдайым сендік, бармақтай бақты тамсаған,

Маңдайым сендік, таудай талапты аңсаған.

 

Кіршік түсірмей, сүттен де аппақ арыма,

Өлең досым-ау, алдыңда тұрмын тағы да!

 

Пешене

Жазмышына бас ұрған

Қыз-ғұмырды етем жыр.

Бір кеудеде тасынған

Анам — Темір,

Әкем — Сыр!

 

Туа сала қинайтын

Тағдырыма алаңмын.

Бір арнаға құймайтын

Қос өзеннен жаралдым.

 

Өктемдігін өмірдің

Жас басымнан ұғынып.

Құшағында Темірдің

Өстім әбден шынығып.

 

Түндерім аз көз ілген

Қамап алған кезінде ой.

Сыр дегенің сезім де,

Темір деген төзім ғой!

 

Адалмын ақ сертіме,

Жан емеспін жанды ұтқан.

Өлең дейтін дертіңе

Төзетінім сондықтан.

 

Онсыз маған өмір жоқ,

Бұйрығына бас ұрам.

Тебіренем Темір боп,

Дарияға ұқсап тасынам.

 

Бақ жұлдызым жанғанын

Екеуі де тілейді.

Алдап кетсе арманым,

Екеуі де жүдейді.

 

Бөлек мәңгі мекені…

Мейлі, жүрек жаншысын.

Қосып құйып кетемін

Екеуінің тамшысын.

 

Ақ батасы берсін дем,

«Көгерсін — деп — көсегең».

Тағы не бар еншіңде,

Қайран менің Пешенем?

 

Жаз

Нұр тұнады, құлпырады өлкеміз,

Өлкемізге келмесе екенерте күз.

Бар болмысы бастау алған Көктемнен,

Жаз дегенің — жаймашуақ ерке қыз.

 

Кең көйлегі шіркін, қызыл-жасылды,

Қайыңдардың ақ балтырын жасырды.

Ақ бұлақтар ойнақтаған бұрымдай,

Сұлулығы — қыз біткенге хас үлгі.

 

Маусымында аспан жиі күрсініп,

Төгіп тұрар төбемізден «жыршы» бұлт.

Жылулықтан тастарға да гүл шығып,

Мейірімге шомылады тіршілік.

 

Ал шілдеде көшіп ақ бұлт «жыршылар»,

Аспан жердің құшағында тұншығар.

Өрттен ыстық махаббаты лауласа,

Жаз-арудың от деміне кім шыдар?!

 

Тамылжыған тамызына енгенде,

О, арманда, көрмеген де, көрген де!

Жас сұлудың от жалыны басылар,

Сабырға кеп, кемеліне келгенде…

 

Өсер, пісер, көзді ашқанша «қыз» демде,

Қоштасар сәт маза кетер бізден де.

Қырық қыздың қылығы бар сұлуға

«Қыз мұраты — кету» — дейді Күз-жеңге.

 

Бұлбұл ұшар солай сауық, сейілің,

Көйлегіндей кең ғып берген пейілін.

Сыйлайды оны, қимайды оны тірі жан,

Жаз-арудың екінші аты — МЕЙІРІМ!

 

Мойындау

Сенесің бе, сенбейсің бе, өзің біл,

Әр кеш саған ғұмыр тілеп көз ілдім.

 

Айдың күнді көрмейтіні сияқты,

Ажалды адам жеңбейтіні сияқты,

Бұлттың жерге қонбайтыны сияқты,

Құс қанаты талмайтыны сияқты,

Өткен күннің келмейтіні сияқты,

Анамды енді көрмейтінім сияқты,

Менің сенен кетпейтінім сияқты,

Ала жіптен өтпейтінім сияқты…

 

Керек етпейтін дәлелді,

Ғұмырым саған тәуелді!

Ақ жүрегіңді қалқан ғып,

Сүйегем талай арқамды.

 

Жетсе де айға атағым,

Жетегіңдегі ботамын.

Сен, мейлі, сенбей түңілдір,

Мойындап қойған шыным бұл!

 

* * *

Боталарым,

Сендер барда биікке самғармын мен,

Сендер барда таусылмас арман мүлдем.

Сендерсіңдер Тәңірден тілегенім,

Сендерсіңдер Тағдырдан алған жүлдем!

 

Сендерсіңдер бақ деген, ұғынғанға,

Сендер барда жабырқап, «жыным» бар ма?!

Бар қайғымды ұмытып кетемін мен,

Сендер келіп бауырыма тығылғанда.

 

Мен де Анам барында жайнағамын,

Қалды еркелік, батамын ойға қалың…

Асық жинап, доп қуып, асыр салып,

Ойнап алың, алаңсыз, ойнап алың!

 

Сендер барда сындырмас сағымды ешкім,

Сендер үшін жаныммен жалын кештім.

Сендер аман болсаңдар, сендер аман,

Күрсіндірген күндердің бәрін кештім!

 

Көрсетпе деп, жылаған, жығылғанын,

Жалбарынар Аллаға шыбын жаным.

Қандай сынақ болса да төзермін мен,

Сендер аман болсаңдар,

Сендер Адам болсаңдар,

Құлындарым!

 

Бес

 Ит үреді,  керуенің де көшеді,

Ой дейтіннің болсайшы бір есебі.

Киелі сан «7» дейді қазағым,

Менің жақсы көретінім «5» еді.

 

Жібермеуге тырысып-ақ есені,

Пенде байғұс бес күн ғұмыр кешеді.

Бесінші айда келіппін мен өмірге,

Болса шіркін, маңдай бағым бес елі.

 

Бала күннен бар ма қазір бір белгі?

Неге екенін, «5» туралы жыр келді.

Анам және үш бауырым – бесеуміз,

Өткізіп ек ең бақытты күндерді…

 

Білім алдым, қатарымнан қалмадым,

Әдебиет сабағы еді таңдауым.

«Бес арысын» жатқа айтып қазақтың,

«Бестік» алу еді басты арманым.

 

Осылайша өткен күнді еске алам,

Сәттіліктер сыйлайды әлі «5» маған.

Үйге апарар автобус та 5-інші,

Асыр салып шығады алдан бес балам!

 

«Бес» болса ғой, тәртібі де, сабағы…

«Бес бармақ» қой ең сүйікті тамағы.

Бес уақыт намаз оқып әжесі,

Бес бала мен бес тауықты бағады.

 

Бес күн жұмыс,

ұнатамын сенбіні,

«Бес дұшпаннан» аулақ жүрем,

Ендігі,

Абай айтқан бес асылмен дос болмай,

Бақ келмесі бесенеден белгілі.

 

Жұмысымнан құстай ұшып кешке мен

Жетем үйге, жазамын деп есті өлең.

Көңілінен шықсам Өмір-Ұстаздың,

Болсам лайық бағасына «5» деген!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button