Әдебиет

Ғазиз ғұмырдың парақтарынан

Жазушы Үмбетбай Уайдин 1935 жылы 10 қазанда Ырғыз ауданының Темірбастау ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Шалқар аудандық баспаханасында, Қазақ радиосында, «Ара» журналында, «Өнер» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызметтер атқарған. Сонымен бірге Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде, республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектебінде ұстаздық етті.

Бүгін оқырманымызға қазақ сатирасының шаңырағын тіктеген қаламгерлердің бірі — Үмбетбай Уайдиннің өзі жазып қалдырған өмір жайлы ойларын, естеліктерін ұсынып отырмыз. Бұл үзінділер «Із» (2005 жыл) және «Сырымды айтайыншы» (2010 жыл) кітаптарынан алынды.

Рақмет сізге, Ұстаз!

Түрлі жағдайлармен, әне-мінемен жүріп, кейде адамдарға алғыс айтуды не кешігіп, не кешіктіріп алып жатамыз ғой. Бір үлкен қатеміз — сол!

— Сіз осы семья құрдыңыз ба, қалқам? — деп сұрады профессор-ұстаз Белгібай Шалабаев сонау студент кезімде бір дәрістің соңғы жағына таман менен.

— Иә, ағай, семья құрдым.

— Мұныңыз бір тынған шаруа екен, ендеше. Үйлерің бар ма, қайда тұрып жатырсыңдар?

— Жатақханада. Жақында пәтерге шықсақ дейміз.

— «Пәтерге шықсақ дейміз»? Шет жақ демесеңіздер, біздің бір танысымыздың үйі бар еді. Мен білейінші, — деп ұстаз елп ете қалды.

Келесі күні өзі бастап бізді сол танысының үйіне ертіп барды…

Үлкен басымен, ұстаз басымен, әне, шәкіртіне қызмет етті. Осындай кішіпейілділік қазір бірімізде бар, бірімізде жоқ. Ол жақсылығы үшін сол ұстазға көзінің тірісінде «рақмет, ұстаз, сізге!» демеппін. Қандай ағаттық жібергенмін!

Отбасымнан бірнеше адам шығыны болып, одан кейін өзім сырқаттанып, омақата құлап, 70-80 жылдары тағдыр мені қатты шырмады. Баспаларда қолжазбаларым ұзақ «ұйқыға кетті». Бір күні баспа, полиграфия және кітап саудасы комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукенов ұстазым еске түсіп, қызмет орнына іздеп барсам, ол кісі бір жаққа шығып кеткен екен.

— Кім келді деп айтайын? — деді кабинет алдындағы қызметші қыз.

—Шәкірті едім, — деп, аты-жөнімді айттым.

Үйге келсем, балдызым:

— Саған Елеукенов деген кісі звондады, — деді. — Мынау телефон нөмірі.

Хабарластым.

— Не шаруамен келіп едің? — деп сұрады ұстазым қысқа амандық-саулықтың артынша.

Айттым.

— Осы айтқаныңды қорытып, бір бет қағазға түсір де, менің өзіме бер, — деп, ұстазым жылы-жылы сөздерімен қанаттандырып, төбемді көкке жеткізіп тастады. Қат-қабат тіршілігінің арасында (шәкірті жалғыз мен бе?) уақыт тауып, көңіл бөлгеніне, шынымды айтсам, қатты сергіп қалдым…

… Кейін баспалардан кітабым («Жалын»: «Быды-быды»; «Жазушы»: «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Особая столичная простокваша») бірінен соң бірі шықты.

Қалай өлең жаздым?

Мен бала кезімде намысшыл болатынмын. Мектепте оқып жүрген кезде қабырға газеті шығатын. Ертеңгісін сабаққа келсем, дәлізде сондай газеттің біреуі ілініп тұр. Онда қашып бара жатқан баланың, шашылып жатқан кітаптардың суреті салынған. Жақынырақ келіп оқысам:

«Уайдин Үмбетбай,

Сабақтан «екі» аласың.

Екілігіңді жоймасаң,

Орныңда биыл қаласың».

Астына Тоқматуллин Мақсұт деп қойыпты. Өзі татардың жігіті еді. Содан сыныпқа барып төбелестім. Одан кейін «сен жазсаң өлеңді, мен де жазамын» деп, өлең шығара бастадым. Ол кездегі «Лениншіл жас», қазіргі «Ұлан» газеттеріне тақпақтарым шыққан.

«Шалқар вальсі»

1978-1979 жылдардың шамасы. «Қазақфильмде» қызметте жүрген кезім. Бір күні газет-журналдар редакциялары үйіне барсам, кіреберісте тұратын милиция қызметкеріне әлдекім менің аты-жөнімді айтып жатыр екен. Бір сөзінде «Ара — Шмель» деп қалды. Таныс дауыс. Жақындап барсам — Емберген ағай. Мені көре сала, «е, міне, өзі де келді» — деп, милиционерді «жөніне» қалдырды. Жоғары қарай көтеріліп келеміз.

— Цекаң, обкомыңа оп-оңай кіре беретін едім. «Пропуска» дей ме, мыналарың сұмдық қой, Үмбетжан.

— Менің қазіргі қызмет орным басқа жерде. Денсаулығыма байланысты бір жолдастардың ақыл-кеңесімен «Қазақфильмге» ауыстым, ағай. Үйге жүріңіз.

— Келін абыржып қалмасын. Бір шай ішем де, шығамын. Звондап қой. Көп уақытыңды алмаймын. Кішкене ақылдасатын шаруа бар.

Үйге келдік.

Әскер қатарынан 1957 жылы босап, Донбаста (Ворошиловоград облысы) жұмыс істеп, 1958 жылы Шалқарға келіп, аудандық газет жанындағы баспаханада еңбек жолымды жалғастырдым. Кешкі мектепте оқыдым… Емберген ағайды сол кезден білетінмін. Бізге сабақ берген жоқ. Бірақ әртүрлі орталардаайтқан әңгімелеріне құлақ тосып, өзін-өзі ұстау мәдениетіне зер салып жүретінмін. Қашан көрсең де бірқалыпты-тұғын. Кәдімгі таза, ақжүрек ұстаз.

— Ақылдасатын шаруам мынау, шырағым Үмбетбай, — деді ұстаз шай үстінде.— Жазған-сызғандарыңды қалт жібермей оқып жүремін. «Шалқар» деп аталатын өлеңің көңіліме қатты ұнады. Бұл ағайыңның музыкаға әуестігі барын естуің бар ма, жоқ па?

— Естуім бар, ағай. Бірнеше аспапта ойнайсыз ғой.

— Сол «Шалқарды» оқығаннан кейін, құданың құдіреті, құлағымда бір тосын әуен ызыңдап, өзімнен-өзім ыңылдадым да жүрдім. Қолыма біресе домбыра, біресе мондалин аламын. Ақырында не керек, «Шалқар вальсі» деген дүние — қазір Шалқар жастарының ауызында.

— Ойбай, ағай, оның не ақылдасатыны бар?

— Қайырмасында өлеңнің бір жолын алып тастадым… Соған ренжіп жүре ме деп…

— Жоқ, ешқандай.

Домбыра шертіп, қосылып айтып көрді. Жаңа нәрсе болған соң ба, көңіліме онша қонбады. Онымды сездірмедім.

… «Шалқар вальсі» бүгінде Шалқар жастарының гимніне айналды. Той-қызықтарда — «Шалқар вальсі», вокзалда, көл жағасында — «Шалқар вальсі». Шалқарлықтардың мобильді телефондарының қоңырауы — «Шалқар вальсі». Авторлар үшін мұның бәрі мәртебе ғой. Тек, әттең… әттең, Ұстаз жоқ. Өмірден өтіп кетті. Аруағы риза болғай. Әумин!

Қазынаның қазынасы…

Дүние-мүліктің қадір-қасиетін білетін бұрынғы-соңғы ақылгөйлердің айтқанына қарағанда, қазынаның қазынасы — кітап көрінеді ғой. Максим Танк: «Кітапсыз үй сұрқай да көңілсіз» депті. Келісеміз бе?

Аш болдық, тоқ болдық — жас кезден кітап жинадық. Плутарх: «Кітап жинай беру мұрат емес, оқу — мұрат» депті. Құлаққа кіретін сияқты. Ұлттық кітапхана қорында 5,5 миллиондай кітап бар екен. Оның бәрін бір адамның оқып тауысуы мүмкін бе? Ол түгіл, үйіміздегі кітаптардың талайы оқылмай, ешкіммен сөйлеспей, ұятқа қалып жүр емеспіз бе? Қазіргі адамдар теледидарды ғана жақсы «оқиды». Біздің үйде менің өзім де күнделікті басылымдардан ауыспаймын. Көз де қиындап кетті.

Кітаптарымды санағам жоқ. Бірталай. Бөлме тар. Сөреде екі қатардан тұр. «Бөлме тар» деуге Құдайдан қорқамын…

…Ұмытып барады екем: кітапқа қатысты тағы бір сырымды айта кетейін: әкемнің әкесі Қызылбас атамнан қалған жалғыз рухани мұра бар. Ол — Құран. Ауылда, ағамның үйінде тұр. Орнына басқа Құран апарып беріп, бабамнан қалған сол мұраны биыл Алматыға алып келсем деймін.

«Әкеміз жүргендей сезінеміз»

Менің байқауымда оқытушы-ұстаздардың валидолы — шәкірттерден келген хаттар, ашық хаттар, жеделхаттар, тілдей қағаздар, телефон қоңыраулары. «Құрметті», «Аса құрметті», «Ең-ң»деп басталатын ондай мүліктердің бір-екі қаптайының ауызын мықтап байлап, біз төменге, ыдыс-аяқтың арасына емес, жоғарыға қойдық. Құрметіміз. «Сыйға — сый, сыраға — бал».

…Бір сәт сол тілдей қағаздардың бірнешеуімен тілдесе кетейік.

«Үмбетбай аға!

Тәуелді Қазақстанның «тәуелсіз ұлы» Бауыржан Момышұлымен кездескен сәтіңіз болды ма?» Бейбітгүл Тоқабай.

«Үмбетбай ағай! Сіздің дауысыңызды естімегелі көп болды». Индира.  19 сәуір, 2000 жыл.

«Ағай! Ауырмаңызшы. Көп жасаңыз!» (Үзінді) Мақпал Жүністегі. Студент. 20 маусым, 2001 жыл.

Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектебінде көп жылдардан бері «Журналистика негіздері» пәнінен сабақ беретінімді біреу біліп, біреу білмес. Бір күні сынып оқушылары дүр етіп орындарынан түрегелді. Түсінбей қалдым. Бақсам, менің туған күнім біреуінің құлағына тиіпті. Алдыңғы партада отырған шәкірт, жаңылмасам, Сәкенова Шынар деген оқушы ғой деймін: «Ағай, туған күніңіз құтты болсын. Үзіліс кезінде сіз коридорда олай-былай жүргенде, біз әкеміз жүргендей сезінеміз», — деді. Жаным толқып, дауысым дірілдеп, «рақмет, шырақтарым» деген сөзді әрең айттым. Шәкірттерімнің жүзіне қарасам, бірсыпырасының көздері мөлт ете қалыпты. Біз осындай сезімді, осындай сөздерді бағалаймыз ба, жоғарыға қоямыз ба? Әр қалай. Менің байқауымша, бізде сезім тәрбиесінде көп ақау бар. Дүниедегі түрлі сұмдық осыдан кетіп жатыр.

Әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button