Әдебиет

Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ

Тобық Жармағамбетовтің туғанына — 90 жыл

 

15 қазан күні жазушы Тобық Жармағамбетовтің дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Оның туған жері — Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылы. 1957 жылы ҚазМУдің филология факультетін бітіріп, Жарқамыста мұғалім болып еңбек еткен. Одан соң облыстық телеарнада, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде, өмірінің соңғы жылдарында мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет істеді. 1973 жылы 30 қыркүйекте бақиға аттанды.

Көзінің тірісінде «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Нәзік бұлттар» атты кітаптары жарыққа шықты. Өзі өмірден өткеннен кейін оқырманға 50 мың дана таралыммен ұсынылған «Соңғы хат» атты кітабының (1977 жыл) алғысөзінде жазылғандай,«Тобық Жармағамбетов оқушы қауымды өзіндік үнімен селт еткізіп, жұртшылықтың  мол ықылас-пейіліне ие болып келе жатқан жазушы еді. Оның жаңа басталып келе жатқан творчествосы әдебиетіміздің мөлдір бір бұлағындай сылдырлаған нәзік әуен танытқан. Аз өмірінің ішінде беріп үлгерген алғашқы кітаптары осының куәсі еді. Өкінішке қарай, оның арман-мақсаты биік творчестволық жолы ұзақ болмады. Нағыз гүлдеп келе жатқан шағында қыршын кетті».

Жазушының жары Сәпия Жармағамбетованың естелігінен білгеніміздей, оның шын есімі — Тобанияз. Кейін Тобық атанып, құжаттарға да солай түскен. «Қара жаңбыр» повесіндегі бас кейіпкердің аты өз есімінің ұмыт қалған екінші бөлігі екен. Бұл — жазушының өз балалық шағы туралы шығарма.

1994 жылы Тобық Жармағамбетовтың 60 жылдығы Ақтөбе өңірінде кеңінен аталып өтті. Туған жері — Жарқамыста ауқымды шара өткізілді. «Сәлем саған, ер Тобық» атты естеліктер кітабы жарыққа шықты.

«МҰНТАЗДАЙ ТАЗА МҰРА»

Мұхтар МАҒАУИН,

Қазақстанның халық жазушысы:

«Ешқашан көріспеген, жүздеспеген кісім. Бірақ жақсы білетін едім. Сырттай, əуелбастан. Бізуниверситеткекеліптүскен 1957 жылыбітіріпкеткенекен. Күзде, «Жұлдыз» журналының 9, əлде 10-санынан«Екі жүрек»деген əңгімесін оқып, əуезін анық аңдаған едім. Жазум əнері мүлде өзгеше. Алдымыздағы, олда жаңа бастаған, сəтті бастаған студент қаламгер Маршал Əбдіхалықовтан сұрастырып, жөн-жобасын таныдым. Туған жері—Ақтөбе, Байғанин ауданына кетіпті. Осыдан соң көп ұзамай, келер жылы тағыда осы əдеби журналда«Хаттар, хаттар» дейтін екінші əңгімесі шықты. Енді мен Орталық кітапханада Ақтөбенің обылыстық «Куммунизм жолы» газетін ай аралатпай қарап, Тобықты іздеп отыратын болдым. Үздік-создық жаңа əңгімелерішығыпжатты. Соны, серпімдідүниелер. ХабардаржұрттанТобықтыңжайынсұрастырыпжүрем. Бізүшіншікурсқажеткен кезде Ақтөбе, басқа емес, сол Тобықтың өз ауылынан Өтежан Нұрғалиев келген. Осыдан бірер жыл бұрын шулы атаққа жетіп еді. Менің нақты дерегім бойынша, Өтежанды ақын ретінде алғаш танып, оның өлеңдерін «Жұлдызда» отырған Қуандық Шаңғытбаевқа жолдаған да осы Тобық екен. Танысып, біліскен бетте сұрадым. Өзгеше кейіпті прозашы туралы толық мағлұмат алмақпын. Желі көтеріліп тұрған Өтежан, бет-аузын тыржитып, қолын сілтеді. «Бездарь!..» — деген. Қалайша? «Хаттар, хаттар» дейтін əңгімесінжазуүшінБерлингешабуыл туралы қаншама кітап оқып, ең аяғы, неміс жеріндегі əлдебірбелестаудыңкартасынқарапжатқанынкөрдім. Қыртболмаса, сөйтеме?..» (Кейін, қартайған, қажығаншағындаТобықағасытуралыұнасымдысөзайтады, танымыкеңейіп, ақылытолысқаннанемес, адам жасы ұлғайған шақта өткен өмір жолындағы жақсылық пен жамандықты қайыра таразыласа керек.) «Бұл — нағыз дарынға, ықтиятты қаламгерге тəн мінез!»—дедім мен шамданып. Шынында да, əңгіменің бас кейіпкері қазаға ұшырайтын жер—«Зеел қырқасы»аталады, Берлинге тым тақау тұс, бұл арада айрықша қанды майдан болған. Тобық кезекті əңгімесін бастарда, бар жағдайын ежелей тексеріпті. Енді осы ағамыз шынында да қарымды, тиянақты қаламгер деген пікірге тоқтаған едім. Ақыры, көп ұзамай, «Жұлдызда»«Отамалы»шыққаннан соң, қазақ əдебиетіне үлкен жазушы келді деген байламға бір жола бекідім».

(«Тобық Жармағамбетов» атты мақаласынан)

 

Сағат ӘШІМБАЕВ,

әдебиет сыншысы:

«Біздің әдебиетімізде елеусіз-ескерусіз жатқан, ләм-мим сөз болмаған роман, повесть, әңгіме, поэма, өлеңдер қаншама?! Күні кеше арамыздан кеткен талантты жазушылар Ақан Нұрманов пен Тобық Жармағамбетовтің қалдырған мұнтаздай таза мұрасы туралы жазылған көлемді, көрнекті мақаланы кім оқыды екен?»

(«Әдебиет мүддесіне адалдық» атты мақаласынан)

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, әдебиеттанушы:

«Тобықтың «Отамалы» атты әңгімесінде адамзат аңсай беретін мейірім кені жатыр. Қазақ халқының рухани болмысын еректеп тұратын жан иесіне мейірбандық, рақым, жанашырлық, биік адамшылық гуманизм — поэтикалық-мифтік әңгіменің алтын өзегі. Ақ өлеңдей әр сөйлемі көркем, екшеп алуға татиды. Әуелгі кілтті сөз — мұз бен аңыз. Тобық Жармағамбетов дүниені құрсаған мұзды жібітер мейірімді жырлады. Оның сүйікті қаһарманы құбыжық дәу емес, кебенекті ер. «Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын… аздаған қазақтар жайлайтын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып, жұт жортатын». Отамалы — қойшы. Жазушы жалшының қара мұрт Жапан байдың үйіне келген сәтін бейнелегенде шық бермес Шығайбай еске түседі. Тобық аға әңгіме тініне фольклорлық негізді дәл енгізгені ғажап. Ол ноғайлы жырауларының тұяғы, психологиялық параллель арқылы жер-көкті орап суреттейді: «Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді». Отамалы өзін мен демей, үшінші жақтан атап «Отамалы» деп жас балаша сөйлеуі тектік нышан, әңгіменің аңыз жанрында екенін экспрессивтік күшейте түседі. Кішкене кезінде бір қызым екіншісінен ойыншығын тартып алғанда, бұл менікі демей, «Макандыкы!» дейтін нығыздап, «Балкендікі», мына менікі дегені. Д.Ф.Купердің прозасында ақ нәсілділер қызылтерілі атаған үндістер өздерін үшінші жақтан сөйлейтін. Бұл мінез әуелі балаға тән, сосын жабайы түз адамына лайық аборигендік таза сананы айғақтайды. «Еділден аққан сызашық, Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді», — деп Шалгез жырау жырлаған бұрынғы есте жоқ ескі мифтік уақытты еске салады.

Бай есімі Жапан аталуы, жапан дала, жазы, айдала дегенді білдіреді. Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» атты романының атауы  қазақ кешкен патриархалдық тұрмысының моделі. Қойшы атсыз болуы — мифтік деталь. Соңында ала төбеті бар. Шұбат ішкен түйелі Жапан бай жалшысына мінер бір ат тауып берері даусыз. Ол адам тәрізді берілген иен дала, елсіз кеңістік. «Темірқазық, Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селк-селк етті», «Ай, Жетіқарақшының теңселуін-ай!». Жазушы әр детальды мұқият таңдайды. Жеті қат көктегі жұлдыздар жердегі өсімдіктей тоңып тұрғаны Отамалының басына үйірілер, өлімге итерер дүлей зұлматты астарлайды. «Өмірден бар көргені осы ошақ, иттері, байдың үйі. Бірақ ол кең даланың етене баласы еді», «..жер танығыш еді».

«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, — деп ойлады Отамалы бір мезет». Асан қайғы, абыз толғау. Отамалы ауылдан ұзап кеткендегі төбелерді жазушы «қара жаулық жамылып» деп суреттейді. Трагедиялық таңбаны оқушы жүрегі сезе бастауы үшін. Отамалының құла түзде мың қоймен жалғыз өзі ығып, сұрапыл суыққа ұрынуын Тобық аға мифологиялық үлгіде берген: «…бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға тап берді».

…«Көкек айында қар ұзақ жатпайды», жазушы жер жадын білетіні, алай-түлей стихия билеген кең даласын сүйетіні шүпілдеп тұнып тұр. Жан-жануар, тірі жәндікке мейір-шапағаты адамға теңелген жазушы нағыз ізгілік иесі. Тобық Жармағамбетов қаламының құдіреті сол — жандүниесіндегі қазақы ұлы мейірімін боранда ыққан панасыз малға арнайды. Ол малдың үскірікке ұрынуын трагедиялық биікке көтерген. Қой екеш қойды адамдай, жаңа туған қозысын нәрестедей көріп, аяп, үсік ұрған сайын жаны қалмай елжіреп, құсадан егілетін кім? Отамалы. Отамалыны тірілткен Тобық емес пе!»

(«Отамалы» эссесінен)

 

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

«…Жазушы Тобық Жармағамбетов ел ішіндегі аңызды арқау еткен қасіретке толы баянын серіппе шет артылған оқи­ғалар желісі арқылы ұтқыр өреді. Шойындай шымыр шығарманың әсері терең тебіреніске түсіріп қана қоймай, тікелей оқиғаның ішіне батырып жібереді. Тіпті кейіпкердің жанында жүргендей, ет жүрегің елжіреп, онымен бірге қиналып, онымен бірге күйзелесің-ау. Әңгіменің соңғы парағын жапқанда,қос жанарың боталап, жан дүниең құлазып, жүрегіңе жақын жайсаң жанды жоғалтып алғандай күй кешесің. Міне, жазушы шеберлігі—бұл. Қалам қуатының күштілігі— бұл. «Отамалы»—повеске бергісіз әдемі әңгіме. Қазақ әдебиетіне қосылған кесек олжадай көрінген тұңғыш туындысында бірден кең тынысын байқатқан қаламгердің өзіндік қолтаңбасы атойлап-ақ тұр. Кейіпкерлер мүсінін кейіптеу, образдың ішкі әлемін ашудағы тебіреністі де, тегеурінді монологтар, адаммен табиғаттың шайқасын бейнелеудегі психологиялық ой-иірімдер, жан күйзе­лісін кескіндеудегі сөз бояуымен реңкі көңіл тойдырып, көзқ уантады. Белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев «Отамалы»әңгімесін аса жоғары бағалап, қордалы ойын төмендегіше түйеді: «Халық трагедиясы—халық творчествосының мотиві, аңыз мотиві жалаң қайталанып қана қойған жоқ, бүкіл бір дәуірдің бетпақ жүзін бір аударып тастаған, адамгершілік атынан ауыр үкім оқыған телегей-теңіз сырға айналып кетті. Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейіндеп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі—бір әңгіменің бойында қаншама да­ру. Бұл шығарма тұнып тұрға ной, образ». Иә, бұл әңгіме не үшін керек? Бұл әң­гіме ата-бабалардың өткен өлмеші өмірін, ауыр азалы тіршілігін танып, түсіну үшін керек. Бұл әңгіме уақыт үнімен сарындас. Бүгінгі бостанда, азат ойдың биігінен зерделесекте, өз мәнін еш жоймайтынын айқын сезінеміз. Қазіргі бақытты өмірді бағалау үшінде осындай ғұмырлы туындылар қажет-ақ!».

(«Жоқ, ол ұмытылмайды» мақаласынан)

 

 

ҚАРА ЖАҢБЫР

(повестен үзінді)

Даладан тапыр-тұпыр басып шауып келе жатқан жалаң аяқ баланың дыбысы естілді. Сәттен кейін-ақ табалдырықтан үлкен көзді, үлкен мұрынды қара бала Сағын аттады. Ол шолақ көйлек, ұзын дамбал киген. Көрші үйдегі Рысекеңнің екінші баласы. Бесінші класта оқиды. Өзінен үлкен апасы бар — аты Ақжібек. Ол жетінші класта. Алғыр-ақ. Мұның өзінен кіші қарындас-інілері де толып жатыр.

— Әй, — деді Сағын өзінің ентіге айқайлай сөйлейтін әдетіне басып. — Біздің үйге көп ат келді. Әйда, мініп алып, шауып келейік. Жүр! Құлманның шоқысын бір айналамыз.

Соны айтты да, жерден алтын тауып алғандай қатты-қатты сықылықтап күлді. Көзі жайнаң-жайнаң етеді.

Сағынның үйіне аттылардың көп келетін себебі — әкесі Рысекең аудан орталығынан қашықтағы бес колхоздың осы жердегі пунктінде жұмыс істейді. Міндеті — колхоздардан келген адамдардың ат-көлігін жайлау, жаю, өздерін қондыру. Әйтеуір, адамдар ағылып жатады да, бұл үй өмірі көліксіз болмайды. Шөп, қора, аула, самтықтардың көп болуы да сондықтан. Кейде жұрт Рысекеңді атымен атамай, «пункт» дей салады.

Кемпірдің баласы Нияз қуанып кетті. Өзі атжанды-ақ. Қабырғасы ырсиған қандай арық ат болса да, ер-тоқымсыз түске дейін шабуға бар. Бірақ мына есеп…

— Келгендер кім? — деді кемпір. Сағын қуана сампылдап, бар білгенін айтып берді:

— Бір дегенім — басқарма, екі дегенім — әскерден қайтып келе жатқан кісінің тумасы, үш дегенім — және бір жас тумасы. Төрт дегенім — тағы бір мен танымайтын кісі. Төрт аяқты бір арбасы тағы бар. Аттары әйдік-ау, әйдік! Әсіресе бір қызыл қасқасы. Қамшыдай. Нияз, мен соны мінем. Қазір иелері шай ішіп жатыр. Әйда, кеттік!

Нияз тұрайын деп жатыр еді, кемпір:

— Сабағыңды болдың ба, қарағым? — деді…

—  Әже, келгесін шығарамыз.

— Қайдам, айналайындар. Ұмытып кетіп жүрмесеңдер. Алыстап кетіп, мектептен қалып қоймаңдар. Осы бос шабыстың орнына қолдарыңа шелек алып, тышқан неге ауламайсыңдар, шай-шекер болатын.

Балалар дәл қазір тыңдай қояйын деп тұрған жоқ, оны кемпір де біледі. Тек айта салды.

—  Әже, ертең демалыс, күні бойы аулайық! Елу шақтысын қырмасақ, не деп айтты дейсің! — деді Сағын кемпірге жалынышпен қарап. — Ал мына аттар тұрғанда, сабақтан қалу түгіл, оған дейін жер жүзін бір айналып шығуға болады.

Осыны айтты да, ол тағы сықылықтап күлді.

Үйден шығысымен екі бала бір-бірімен жарыса, кішкене жолдың майда шаңдағын көтеріп, тыпырласып жүгіріп ала жөнелді.

Аттардың тың екені беп-белгілі. Жолаушылар жай жүріп, жолдағы пункттерге қона, бап сақтап келген сияқты, әрі арба бар жерде қатты жүре қою қиын. Жақын пункт Түгескен осы жерден отыз шақырымдай ғана жерде.

Сағын қызыл қасқаға лып етіп мініп алды.

— Басқарманың аты жаман болсын ба?! Жалын-ай, жалын. Біздің үйдегі домбыраның шашағындай. Сен мынаған мін. Бұл да дүлей-ау деймін. Тұрысын қарашы керіліп.

Бұнысы жирен ат.

— Ешкім ұрыспайма? — деп сұрады Нияз атқа жақындай бере. — Өзінің мінезі қандай екен? Дүрс еткізіп жүрмесін әлі.

— Қайдан! Жуас екені көзінен-ақ көрініп тұрған жоқ па? Ешкім ұрыспайды. Және көрмей де қалады. Біз тез ораламыз ғой.

Нияз әуелі башайларымен аттың тірсегіне жабысты да, маймылша тырмысып, жалдан тартып, ерге өрмеледі. Әп-сәтте мініп те алды. Үй жанынан көп дыбыс шығармай қырлыққа шыққан олар, әудем жерге бармай-ақ, тасырлатып шаба жөнелді. Салғаннан алға суырылып Сағын шықты. Анда-санда «гит! гит!» деп айқайлап қояды. Аттардың да делебесі қозып кеткендей. Құлақтан жел зуылдайды.

Нияз атқа қанша құмар болғанымен, тап Сағындай шабандоз емес. Аса қатты шапқанда қомпылдаңқырап кетеді. Қазір сондай шабыс басталып барады. Қалып қою және ұят. Ұшып кете жаздап келе жатса да, ат басын тартар емес. Құмарлық пен ұят екеуі қарбаласып, көңілді күдіктендіргенмен, алдында желеңдеп шауып бара жатқан ақ көйлек мақсат, нысанадай, соған қарай өршелене түседі.

Екі ат созылып, жусаңды далада ен жапанды дүбірлетіп шауып келеді.Жарыстың қызған кезінде аспаннан ащы дауыс жетті. Шырыл. Екеуі де ат басын тартып, қарқын азайғасын, аспанды тінтті көздерімен. Бірақ әуелі ештеңені көре алмады. Тек бірер сәттен кейін Сағын қолын шошайтып, аспанның оң жақ бөктерін көрсетті. Сол жаққа қараған Нияз көк аспан жүзінде бір бүркіттің қолапайсыздау далбалаңдап жүргенін көрді. Кейде тіпті қиралаңдап, құлап кете жаздағандай. Ащы дауыс та содан шығады.«Бұ не? Бүркіт бұлай шаңқылдамайтын еді ғой».

— Күзен! Күзеннің даусы! — деді бұрыла шауып келе жатқан Сағын. — Күзен алып ұшқан бүркіт қой!

Нияз жаңа түсінді. Иә, ана бүрулі сары дене, ащы шырыл — күзендікі. Бірақ шақар неме берілетін емес. Бүркіт оны бүрсе, бұл оған айбат шегіп, шыңырау аспанда айқас салуда.

— Соңынан қалмай шаба берейік, — деді Сағын. — Әйда, былай қарай шап! Мынау барып тұрған соғыс қой.

Енді бұлар жай шабуда. Аспанның аңысын аңдап келеді. Бүркіт ұзап ұша алатын емес. Күзеннің шырылы құлақты жарып барады.

— Дүниеде ең биікке көтерілген күзен осы шығар. Ой, сасық неме, — деп Сағын тарқ-тарқ күледі.

Кенет бүркіт күзенді тастап жіберді.

— Ойбай, Нияз, төбеңнен түспесін, тырмағы тиген жерінен өлсе де айырылмайды.

Енді екеуі далбалақтап екі жаққа шапты. Бүркіт төмен қарай құлап бара жатқан күзенді тағы бір байқап көрейін дегендей суылдай, ысқыра құлап, сары денеге жақындай бере теуіп жіберіп еді, екпінінің күшімен лақтырған тастай бағытын өзгерте ұшты. Бірақ сонда да бір рет айбат шегіп, ащы шаңқ ете қалуға үлгірді. Әрі қарай бүркіт батпады. Күзен суылдап келіп жерге құлағанда, Сағын енді солай қарай шапты.

—  Әне! Әне! Көз жазып қалма. Қу соңынан.

Нияз да атын қос өкпеден жалаң аяғының өкшесін батыра аямай тепкілеп келеді. Күзен ештеңе болмағандай бір аунап түсіп, шапши жүгіріп, қашып барады. Енді екі атты қатар, қабаттаса шауып, оған жетіп-ақ қалғанда, ол бір інге кірді де кетті.

—  Қап, әттеген-ай, — деді Сағын.— Осы пәлелер інді тапқыш-ақ.

Аттар ауыздығын қарш-қарш шайнап, әрең тоқтады. Ін жаңа екен. Тышқандікі. Кірген-шыққан із жатыр.

—  Енді не істейміз? — деді Сағын ойланып. Сосын керемет бір ой тауып кеткендей: — Мен үйден күрек әкелейін, сен осы жерде қал. Қашып кетпесін. Соғып аламыз.

Нияз қалғысы келмей:

— Бұл іннен шығып, қашып кетсе, қайтемін? — деп еді, оған Сағын:

—  Қашса, соңынан қуа бер. Тек кірген інін көрсет. Саспа, баланың аяғын баспа, — деді.

— Құрсын, оны не істеймін, тістеп алып жүрер.

—  Ойбай-ау, терісін тапсырсақ, ойдай шекерге қарық боламыз. Бұл саған саршұнақтың терісі емес. Күзен өте қымбат болады. Ауызға келіп түсіп тұрған зат қой. Тіпті саспа деймін мен бар жерде.

Сағын «еһ» деп тағы бір күлді де, жауап күтпей, шауып ала жөнелді. Нияз үңірейген, аржағы қараңғы ін аузына қарап тұр. Бірдемежылтырайма деп күтеді. Бір реет тіпті аңның көзі сияқты бірдеме елестеп кеткендей де болды. Бірақ ешбір қимыл жоқ. Бүркіт аспанды жай шарлауда. Анадайдан Құлман шоқысы қарауытады. Ат жерді бір тарпығасын, ауыздығын тартты. Орнында тұрғысы келмей, бір езулей береді. «Сорлылардың аузына осыншама темірді тығып… және оны қашырлатып шайнайды, тістері, сірә, ауырмайма екен?» — деп ойлады Нияз. Аяушылық сезімі оның көзін әлгі тышқан ініне қайта аударды.

«Ішінде тышқан болса, ол сорлыны әлдеқашан жайратты-ау!». Оның көз алдына екі жәндіктің қараңғы, тар індегі айқасы елестеп, кішкентай жүрегі дірілдеп кетті. Көп уақыт өтпей-ақ, алдына күрегін өңгере шауып Сағын да жетті. Және бір ұзын темірі бар.

— Мә, екі атты тұса! Мен қаза тұрайын. Мына темір, шапшыса, керек болады. Қақ маңдайдан переміз.

Нияз аттарды тез тұсай салды да, жарты метрдей, сабақ темірді ұстап, ін жанына келіп тұрды. Жүрегінде қорқыныш бар. Күзен — қауіпті аң, жаны сіріден берік деп естіген сөздері үркітеді. Қақпанға түскендерінің көбі өлмейді екен, үлкен кісілер үстіне шығып, етігімен езіп тұрғанда да болмайды десетін. Бірақ, амал жоқ, қорыққаныңды Сағынға білдірмеу керек. Ол үлкен мұрнының ұшы терлеп, ыңқ-ыңқ қазып жатыр.

— Алыста емес, — деп қояды.

Шынында да, біраздан кейін күзеннің қызыл сары, тарақ құйрығы көрінді.

— Ә, бәлем, ін тар екен. Кейін шыға алатын емес. Күрекпен-ақ соғып алатын болдық, алақай-ай.

Сағын күрегімен тағы бір көсіп жіберді де, аңның ортан белі осы-ау дегендей, темірдің бір басымен құлаштай шірене ұрды. Күзеннің артқы екіаяғы дірілдеп барып, біраздан кейін қимылсыз қалды.

—  Мә, саған, Гитлер! Сасық күзен! — деді Сағын масаттанып кетіп.

Сосын:

— Саған әлі көрімді көрсетермін, — деп тағы бір ұрды. Ақырында топырақ аршылып, күзен түгел көрінді. Еш жерінен қан шықпапты. Күректің ұшымен әрлі-берлі аударып көріп еді, былқ-сылқ етіп, тіршілік белгісін білдірмеді.

—  Өтірік өліп жатпасын, сен бастан бір ұршы, — деді Сағын. — Бұл ит өтірік өлгенси қалады. Жылан сияқты тіріліп кетеді. Сосын тамағыңа қадалса, бі-ітті-і дей бер.

Нияз бастан бір салып өтті. Бірақ аң бәрібір қозғалмады.

— Киноның соңы, — деді Сағын, енді қорықпай-ақ, күзеннің құйрығынан тартып алып жатып. Оның жансыз денесі шынында да салбырап қалыпты.

— Әйда, тұсауды әкел.

Сағын күзенді тұсаумен тамақ тұстан және бір қылғындырып байлады да:

—  Кеттік ауылға. Аңшылар деген осындай болады, — деді шаттанып. — Үйдің іші күзен туралы дәнеңе білмейді. Далада тұрған күректі алдым да зыттым. Таң қалудың әкесін қазір көресің.

Шынында да, Сағында аңнан олжалы қайтқан аңшының көтеріңкі көңілі бар. «Ол ештеңеден қорықпайды, неткен батыл, бесінші класқа барғанда мен де сондай боларма екенмін», — деп ойлады Нияз іштей қызығып. Бұлар әп-сәтте-ақ үйге жетті. Рысекеңнің үйіндегі шайды да ішіп болған қонақтар, кішкене балалар, Сағынның шешесі Тойған да — бәрі далаға, есік алдына шығып тұр екен, солардың ортасына шауып кірген Сағын ыржия күле күзенді ортаға сылқ еткізіп, «көріңдер» дегендей, лақтырып тастады.

Шынында да, жұрт таңғалысып қалды…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button