Әдебиет

«Қос арнадан уызына жарыған…»

Сара Мыңжасарованың туғанына — 100 жыл

Сара Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Шалқар ауданының Қарашоқат деген жерінде дүниеге келген. Ақтөбедегі мұғалімдер институтын және республикалық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген.

Еңбек жолын Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы болып бастаған. Одан кейін комсомол жұмысынан баспасөз саласына ауысқан. Комсомол қызметінен кеткенінде Әмір Қанапин, Хиуаз Доспанова сынды әріптестерінің «іскер, сауатты кадрымыздан айырылып қалдық» деп өкінгені естеліктерінде айтылады. 1953 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстарында жергілікті басылымдарда еңбек етіп, кейіннен «Казахстанская правда» газетіне ауысқан. Жастайынан көркем әдебиетке қызығып, сол арқылы аудармашылыққа ден қойған. 1959 жылы вьетнам жазушысы Нгуен Ван­ Вонгтың «Буйвол» повесі Сара Рахманқызының аударуымен қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен қатар абхаз, чех, украин, тәжік, орыс жазушыларының шығармаларын тәржімалаған.

1971-1983 жылдар аралығында Қазақ КСР Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған. Осы тұста қазақтың газет-журналдары мен қазақ қаламгерлері кітаптарының таралымын көбейтуге зор еңбек сіңіргені, сондай-ақ аталған салада қазақ кадрларының қатарын көбейтуге жанашырлықпен атсалысқаны жөнінде көптеген естеліктерде айтылып және жазылып келеді.

Қазақ қыздары арасынан ең бірінші болып роман жазған Сара Мыңжасарованың көзі тірісінде жарыққа шыққан «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдары, «Замандастар», «Өмір көріністері» атты әңгімелер мен повестерінің жинақтары бүгінгі оқырманның да сұранысына ие болып отыр. «Оқитын өлке» акциясының биылғы таңдауына Сара Мыңжасарованың шығармалары енді.

Қазақтың баспасөзі мен әдебиетінде із қалдырған дарынды қаламгерге белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы «Рухани қуат көзінің қос арнасынан уызына жарыған жазушы» деп баға берді.

Төменде жазушының 1988 жылы жазылған «Орнында бар оңалар» әңгімесінен, сондай-ақ оның шығармашылығы, «Қыр қыздары» романының дүниеге келуі туралы мақалаларданүзінділер ұсындық:

Зейнолла СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

 әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

«Ақтөбеде туып-өскен бойжеткен, Талдықорған азаматының сүйген жары болып шаңырағын түзеген Сара ханым ана сүтімен дарыған ата дәстүр тағылымы, тәрбиесіне қоса, өзінің тиянақтылық бір көркін бәрінен бұрын орыс тілі арқылы әлем әдебиеті тұнбасынан тапқан. Нгуен Ван Вонгтың «Буйвол» повесі, И. Папаскиридің «Әйел намысы» романы, «Алтын Прага ертегілері» сияқты, вьетнам, абхаз, чех, украин, тәжік, орыс әдебиеті үлгілерінен көркем аудармалар жасауға құлшына кірісуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Әдеби, саяси жан-жақты білімдарлық, оқыған, зердесіне тоқыған өмір кітабынан көңіліне түйген таным-сеніміне, өз пікіріне риясыз адалдық оны қай ортада, қандай зиялы қауым талқысында да тура жолынан, арман бағдарынан тайдырмас төрелік, тәкаппар тұғырына көтерген. Сәті туған шағында бойындағы табиғи дарын қауыз жарып, қазан-ошақ айналасында, күйкі тірлік көлеңкесінде мәңгі қалып қоймауына сеп болған да — осы парасаттылық бабы еді.

Есейе келе күллі тағдырын қолындағы қалам құдіретіне біржола тапсырып, ақ қағазға айқара әлемді сыйғызам деп, тірі пенденің бәріне ортақ өмір кітабынанөз кітаптарын даралап үлгерген Сара Мыңжасарованың шығармашылық ырысы — өзінше бір игілік. Журналистік беймаза, шоқ басқан тіршіліктің көкірегіңмен көк тіретер өзгеше азабы мен ләззатын былай қойғанда, ғұмырының ең мәнді де мағыналы ізі, нағыз жарқырап шалғайдан шалынатын шырағы бәлкім, осы әдеби, қаламгерлік ізденіс өңірінде жатқан шығар. Рухани қуат көзінің қос арнасынан уызына жарыған жазушының өнер ордасынан ойып тұрып орын алатын оймауыт ажары, замандастарымен келер буын жеткіншектерін табыстырар дәнекер-арқауы қашан да осы ойлы сөзі болар. Шағын жанр жемістерін айтпағанда, бұл жасына дейін тындырған еңбектерінің жоталы шоқтығы — екі бірдей роман екен. Ал үшіншісі ақырғы нүктесі қойылып, өзінің жарық көрер уақытын күтіп жатқандығынан біразымыз жақсы хабардармыз да.

Көздеген негізгі нысанасын осы үш роман төңірегіне жұптастыра білген қалам иесінің түбегейлі мұраты сонау алғашқы төңкеріс жылдарынан бері қарайғы халқымыз басынан кешірген шырғалаң шындықты, ең алдымен, әсіресе қазақ әйелдерінің біртұтас, бірегей бейнесін мүсіндеу деп жобалай алсақ, ол мақсатына белгілі бір дәрежеде жеткен деуге болады. Оған куә — қазірге дейін жарық көрген романдарындағы әйел, ана бейнелері…

Жазушының әрқилы әңгімелері өз алдына, жұртшылыққа енді ұсынғалы отырған, уақыт жағынан тағдырлар талқысын бүгінгі күнге біртабан жақындата беретін кейінгі романы тоғыз жолдың торабында кездейсоқ сәтіне орай біз жүздесе, тілдесе алған кейуана өмірін арқау ете отырып, жаза баспас баяғы төл тақырыбы аясында әйел-ана бейнесін тағы бір қырынан барынша тереңдете түсетін ізденіс жемісі екендігін дәл қазіргідей күндері ескермей өтуге болмас.

Тұл қалған шаңырақ төріне мәңгілік шырағын жағып кеткендей, ізгілікті бір қарекетімен соңғы парызын қылаңсыз атқарып, темірқазықты бетке ала жеті түнге сіңіп бара жатқан аянышты тағдырдың заман ағымында бағы жанған, үйелмелі-сүйелмелі соқталдай азамат ұлдар өсірген, ел ырысына өз игілігін дарытқан бақуатты ғұмыры қаламгердің де шығармашылық мәйегімен, ұстанған ақ жол, адамгершілік нысанасымен мейілінше үндес шығуы тегін емес».

(«Айы туған оңынан» мақаласынан)

 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

« С.Мыңжасарованың про­за­лық шығармалары: суреттеме­лері, очерктері, әңгімелері, проб­лемалық мақалалары 1953 жылдан бас­тап Талдықорған облыстық «Ста­линшіл», «Семиреченская прав­да» газеттерінде жариялана бастады…

Сонымен қатар «Қыр қыз­дары» романына кіріседі. «Алғаш­қы екі бөлімін машинкаға бастырып, бір мектепте оқыған жолдас бол­ғасын, жазуымның бағытын байқатайын деп Әбдіжәміл Нұр­пейісовке апарып беріп едім, ол екі айдан кейін оқуға қолым ти­­меді деп қайтарып берді, — деп жазды кейіннен «Мейірім» ат­­ты повесінде. — «Япыр-ай, бұл қо­лыңнан не келеді?» деп мен­сін­бе­гені-ау деген оймен салым суға ке­тіп, Калинин көшесінің бойымен еңсем түсіп, автобустың аялдамасына келе жатқанымда, консерватория жақтан шыққан Ахаң (Ахмет Жұбанов) кездесе кетті.

— Сара, қарағым, жайшылық па, неғып көңілсіз келесің? — де­­­ді Ахаң. Ахаңа қайдан ке­ле жат­қанымды, «қолымнан келмей­тін нәрсеге неменесіне әуре болам. Жа­зуды тастап, аудармамен шұ­ғыл­­дансам да жетер» дегенді айт­тым.

— Қарағым, мен жазушы бол­ма­сам да көркем әдебиетті тү­сіну­ші едім, маған берші, оқып кө­рейін, — деп Ахаң қолжазбамды алып кетті.

Алматыға көшіп келгесін, об­лыстық «Коммунизм таңы»­ га­зе­тінде қызмет істеп, «Казах­стан­­­ская правда» газетіне ауысып кет­кен кезім еді. Ертеңіне сәскеге таман Ахаң редакцияға телефон шалды:

— Сара, қарағым, мен өмірімде түнгі сағат төртке дейін ешкімнің шы­ғармасын оқыған емеспін, ал сенің қолжазбаңды оқып шықтым. Қолыңнан жазу келмейді десе, еш адамға сенбе, жаза бер».

Сол 1960 жылдың күзінде Ах­мет Жұбановтың Мұқыш (жолдасы) екеуін үйіне шақырып: «Өнер­ді ешкімге жалтақтамай, өз бойыңа біткен табиғи қасиетпен дамыта бер­ген абырой. Сара, сен қазір нағыз творчествоң тасқындайтын жас­тасың, отыз бен қырықтың ара­­сын бекерге өткізіп алмаған дұ­рыс» —деп қанаттандырғаны «Қыр қыз­дарының» жалғасуына демеу болды. Әттең, көп ұзамай Мұқыштың дүние салуы «ерлікті де, өрлікті де сыпырып кеткендей», біразға дейін жазуына оралтпады.

«Қыр қыздары» романы 1970 жы­лы «Жазушы» баспасы­нан жа­рық көрді. Өз сөзімен айтқанда «қыс­қартылып, жырым-жырым болып» жарияланса да, бұл Қазақ­станда, Орталық Азия әйелдері қаламы­нан туған тұңғыш роман еді».

(«Қазақтың тұңғыш романист қызы» мақаласынан)

 

Меңдігүл ШЫНДАЛИЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы:

«Сара Рахманқызы Мыңжасарова… 1970 жылы «Қырқыздары» романы, 1981жылы «Әйел бақыты», 1984 жылы «Төзімшеңбері» романдары жарық көрген белгілі жазушы-публицист.

Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романы «Осылайма едің, махаббат», «Ұждан», «Ой үстінде», «Кездесу», «Қанаттану», «Дүние кезек» деген алты бөлімнен тұрады. «Осылайма едің, махаббат» бөлімінде Ауыл кеңсесіне Сәлкен мен Күнсұлудың ажырасуына қыздары Іңкәрді шақырып, ауыл кеңесі төрағасы Жарқын Рақымов әке-шешесінің ажырасатыны туралы айтады. Мектеп директоры Аржан баланы құшақтап арқасынан қағып, жұбатады.

Әкесі оқуын бітіргеннен кейін, үшеуіміз қалаға көшпеймізбе деп бала әлі де үміттенеді. Бірақ әке-шешесі бала кімді қаласа сонымен қалады деп шешеді. Әкесі қалаға кетіп, Күнсұлу ауылда қалады.

«Ұждан» бөлімінде Іңкәр үйден қашып барып, интернатқа орналасады. Күнсұлу ауылда туып-өсіп, ауыл психологиясымен бойжеткен, өскен ортасы ауыл болғандықтан озашабар, адаспай шығар ұрымтал объектісі де ауыл өмірі болады. С. Мыңжасарованың қаһарманы Күнсұлу үшін ашыну да, басылу да, тасыну да, тосылу да таңсық болмай қалды. Күйеуімен ажырасу Күнсұлудың рухани әлемінде бұрын болып көрмеген алай-дүлей боран әкеледі. Өзінің басынан кешкен күйреуге Күнсұлу жайбарақат қарап қала алмайды. Күнсұлу айғайлап ұрысып, жылап ашуын тарқатпайды, керісінше барлық ауыртпалықты еңбекпен үнсіз жеңеді. Құрбылары Ақлима мен Бәтима Күнсұлуға оқу керегін ұқтырады. Күнсұлу аудан орталығында ашылған агрономдық курсқа оқуға жіберіледі…

Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романында ауыл тіршілігі және ауыл адамдарының бір-біріне деген шынайы қарым-қатынасы, туыстық сезімі біршама тәуір сипатталған. Күнсұлудың басына іс түсіп, қиыншылық көргенде құрбыларының көмекке келуі де нанымды берілген. «Күн батып кетті. Қырманда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күнсұлу әлі бидай суарып тұр. Бұл күндері Күнсұлу қорасында бір-екі ұсақ жандығына, жалғыз сиырына да қарауды қойған. Оларды іздемейді, сиырды саумайды. Көршілес, ағайындас әйелдер ертелі-кеш үнсіз келіп, малын жайғастырып, сүтін пісіріп кетеді» — деп, автор сол шақтағы Күнсұлу қайғы-қасіретіне ортақтасқан ауыл адамдарын мәні бар штрихтар беру арқылы көрсетеді.

Қиын қыстау шатқалаңда шыныға түскен Күнсұлу жарық күндерден үмітін үзбей, жігер мен күрес үстінде көрінеді.

«Төзім шеңбері» романының қаһарманының алдағы тағдыры, кейінгі халін топшылауды автор оқырманның үлесіне қалдырады.

Қорыта айтқанда, автор бұл романда қазақ әйелінің еңбекке араласып, өз бақытын тауып, қызғылықты өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттеген».

 («Төзім шеңбері» романына түсінік-мақаладан)

 

ОРНЫ БАР ОҢАЛАДЫ

(ананың арлы тәрбиесі)

…Табиғат сұлулығын тамашалап келе жатқанымызды қоңыр «Волганың» иесі, Біржан атындағы совхоздың сиыршысы, Социалистік Еңбек Ері Сатан Нұрмағанов аңғарған екен.

— Ал,ағайын, біраз жер жүрдік, шаршаған да шығарсыздар, таза ауа жұтып, біраз тыныстаңыздар, — дейді ол өз машинасының жүрісін баяулата беріп. Атақты азамат бүгін бізді өз аулының шаруашылығымен таныстырып шыққасын, іргелес жатқан Қаратал ауылына бастаған-ды.

Сатан Нұрмағанов — көп білетін, жолда жалықтырмай, әңгімені еліктіре айтатын адам. Әрбір әңгімесі өмірдің салалы кестесін өрнектеп жатады:

«…Әскер ойыны біткесін елге қайтпай, сол батыс Украинада жолдастарымның қасында қалдым. Елде мені сағынып бара жатқан кім бар дейсің, шешем үлкен баласының қолында, немерелері де өсіп қалды. Осылай күнімді көріп жүре берейін деген болуым керек. Бір күні анамнан хат келді. Қой аузынан шөп алмайтын, жуас шешем қатты ашуланып: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деуші еді қазақ, ауыл, еліңнен безіп, саған не көрінді» деп таусыла жазыпты. Бұл 1954 жылдың бас кезі еді. Хатты алысымен жұмыстас жолдастарыммен қоштастым да, ауылға қарай тарттым.

Бұл елдің тұрмысы жақсарған, берекеленген кезі. Ол уақытта тамақ та, өзге заттар да бірте-бірте арзандатылып, халық үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» уақыт болатын. Бірақ Қазақстанда абыр-сабырлық жетерлік-ті. Тың көтеруге ұран тасталып, басқа республикалардан жұрт тұс-тұсынан ағылып, қазақ жеріне келіп жатты. Келушілердің бәрі керемет адал адамдар еді дей алмаймын. Көпшіліктің ішінде жаман да, жақсы да бола береді ғой. Біздің ауылдарға келгендердің ішінде де мазасыздарды жетерлік екен. Ішіп алып, төбелесетіндері де, ыңғайлы жатқан бұйымдарды іліп әкететіндері де, Отан соғысы кезінде фашистерге қызмет еткен сатқындардың бұғып қалып, бас сауғалап келгендері де болғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл бір сол кездердің қайғылы хикаясы ғой.

Үйге келіп, хал-жайды ұққаннан кейін, аудандық тұтынушылар одағында жүк тиеуші болып біраз жүмыс істеп жүрдім де, мен де тың игеруші болайын деген оймен колхоз, совхоздарды араладым. Ғажап, басшылар түгел өзгерген, менімен ешкім жөндеп сөйлеспейді. Оның үстіне сырттан келгендерге берілетін қалыптағыдан үш есе көп жалақы жергілікті халыққа төленбейді екен. Зат арзан, ақша қымбат кез… Сол кезде осы «Қаратал» ауылы «Коммунизм» колхозы деп аталатын.

Бет алысым осы ауыл, келе жатыр едім, егіндік жақтан қатулы дауыстар шыққасын, солай қарай бұрылдым. Айқайласып жатқан тракторшы мен Қадиша апай екен. Тракторшы өз жұдырығымен өз кеудесін қойып-қойып қалады. Бірдеңелерді үсті-үстіне айтып жатыр. Бұрын-соңды Қадиша апайдың шаңқылдаған даусын естіген жоқ едім, бұл кісінің бір күйзеліске ұшырағанын сезіп, аттан түсе қалдым да, тракторшыға жақындай бердім, ол да менің түрімді байқап, шегіншектеп барады. Тракторшы аз ғана болса да, ащы суды жұтып алған болу керек, қызарып кетіпті, «вот зараза, пристала, что ей надо» деген сөздерді қайталай береді.

Менің келгенімді көріп, апай ашына сөйлегеніне ыңғайсызданып, сәл тоқтап қалды, сосын барып менімен амандасты.

— Апай, бұл кісі не қиянат жасады, тіпті мазаңыз қашып кетіпті ғой, — дедім.

— Мынау — ең алғаш трактор шыққанда колхозға Смағұл айдап келген трактор. Ол майданға кеткесін, ауылдағы бала-шаға жүргізе алмай сындыра берді, сосын МТС-қа әкеткен, ондағылар да майданға аттанған, кім жөндесін. Сонан сол аулада тұратын. Жаңа трактор келе бастағасын бастыққа айтып, ауылға әкелгізіп қойып едім. Смағұл мінген көлік қой, көз алдымда тұрсын деп! Былтыр жаңа директор келген екен, ол осы аудандардағы бұзылған тракторларды жинап алып, бір қыста жөндетіп шығарды да, ауылдардың өзді-өзіне қайтарып берді. Жөнделіп келген тракторға сол кезде келе қалған, мына жігіт ие бола кетті. Әкесінің тракторы ғой, еңбекті осы трактордан бастасын деп бастыққа айтып, осыған Қазбекті тіркеуші етіп орналастырып едім, мына шіркін балама жекиді. Баламнан тракторды қызғанғанды шығарып жүр. Әкесінен қалған тракторды баласына бермей, меншіктей қалыпты.

Қадиша орысша білмейді, қазақша айтса да тракторшы жігіт долбарын ұққан болу керек. Ол Қадиша апайға:

— Әй, әйел, түсінсеңші, — деп ренжи сөйледі, — бала жас, оған трактор айдауға болмайды, бірдеңеге ұшырап калса мен жауап беремін. Он сегіз жасқа толғанша балаға трактор беруге ешкімнің қақы жоқ, бұл заң, түсінсеңізші. Мен кішкене тынығуға көзімді ілсем болды, тракторға мініп алады да, жерді жырта жөнеледі, кей жер алаңғыт, кей жер жыртылмай, тырналып қалып жатады. Оны қойшы, қайта жыртуға болады. Ал тракторды тоқтата алмай, біреуді басып кетсе немесе өзі трактордың астына түсіп қалса сұмдық болмай ма! — деген тракторшы даусын көтеріңкіреп жіберді.

— Апай, түсініп тұрсыз ба? — деймін Қадиша апайға.

— Түсініссек, ұрысамыз ба? Әйтеуір ол өзін жөн дейді, менің өз айтқаным дұрыс сияқты, сосын ғой қиқылдасып жатқанымыз.

Тракторшыға трактор майданда қаза тапқан Қазбектің әкесінің тракторы екенін, апай зайыбының аруағын сыйлайтынын айтқанымда, тракторшы жігіт Қадиша апайдың арқасынан қағып, қолынан сүйді. «О, дариға, әйелдердің бәрі сіздей болса, бұл дүниеде ажырасу дегендер болмас еді» — деп, жігіт біраз тұнжырап тұрып қалды. Ойын бастан кешкен жан қиналысы бүркеп кеткен тәрізді. Сәлден кейін ол Қадиша апайға жадырай қарап:

— Білгенімнің бәрін балаңа түгел үйретем, тура әкесіндей тракторшы болады, бұған сеніңіз,— дегені.

Бір сәтте ағайындасып, сол жігітті үйге ерте келіп, шәй үстінде еркін әңгімелестік. Ол майданда жүргенде әйелі бөгде біреуден бала тауыпты. Сонан бері өзі туған селосына қайтып орала алмай жүр екен. «Қарлық жасаған әйел емес, менің бетімде айып пердесі тұрғандай сезінем, туысқандар былай тұрсын, селоластарды кездестіруге ұяламын. Тың көтеру басталғасын, өз селомнан алыстай беру үшін осылай қарай кеттім», — деген жігіт мұңайып біраз отырды. Төс қалтасына мұқият орап, салып қойған төрт-бес орденін көрсетті. Ғажап, ішінде Ленин ордені де бар.

Шыдай алмай:

— Мұны неге жасырып, қалтаңа салып қойдың, неге тақпайсың? — деп сұрағанымда, күле сөйлеп, «сәнді киім кигенде тағамын, мына жұмыс май-тозаң болғасын, кірлемесін деп орап қойғаным ғой» дейді.

Сол жігіт Қазбекті тамаша тракторшы етіп шығарды десем, өтірікші болмаспын. Кейінірек ол совхоз директорлығына дейін жоғарылатылды. Қазбек екеуі жиналыстарда кездесе қалса, сағынып көріскен бауырластай шұрқырасып жатады».

— Мұның бәрін әкесінен есін білмей қалған баланы әке үлгісіне салып, зайыбын қадірлеу арқылы бала тәрбиесіне ықпал жасаған Қадиша апайдың өнегесі келіндерге үлгі болар ма екен деп айтып отырмын, — деген Сатан көзінің қиығымен Қазбектің әйелі Қайынжамалға қарап қойды. Шәй құйып отырған жас әйел әңгімені аңғармай қалды ма, әлде сыр бергici келмеді ме, үндеген жоқ.

—  Иә, апам байғұс әкемнің аруағын керемет қадірлейтін. Әкемнің атын өшірмеймін деп мені Смағұлов деп жазғызды, ал әкемнің фамилиясы — Асанбаев. Сол алғаш мектепке жетелеп барғаннан бастап, апам өле-өлгенше мені жетелеп өткен сияқты. «Қазбек-ай, ойланшы, осы бір жәйт қалай болар екен», немесе «Қазбек-ау, ойланшы, осы шаруаңның нәтижесі неғайбыл болып кетпес пе екен» дейтіні мойынға алған істі ойланып, алды-артына зер салып, шешімін тауып, нәтижесіне көзіңді жеткізіп барып кірісуге үйретіп тастаған сияқты.

— Апамның қадірін дүниеден өтіп кеткесін біліп жүрміз, — деп Қайынжамал күрсініп қойды.

Бұлар осылай әңгімелесіп талай отырды. Менің дәптеріме де егін көлемі, өнім жайлы талай мәліметтер де жазылды. Қазбек облыстық советке депутат болып сайлағаннан кейін, бес-алты жыл ішінде Қаратал ауылына еңсесі көтеріңкі үйлер, дүкен, монша, клуб салынып, ауылдың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене кіріскенін, космонавтармен кездескенін, Индияға барып қайтқанын, кәсіподақ съездеріне қатынасқанын, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғанын, алған наградаларын тізіп жазып отырмын. Қадиша мен Смағұлдың баласы Қазбек ана ықпалымен әке жолын берік ұстаған азамат екен деген ой маған қайталап келе берді. «Орны бар оңалар» деген осы болар.

1988 жыл.

Көкшетау облысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button