Әдебиет

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылы Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Әкесі Төлеген 1937 жылы «халық жауы» ретінде репрессияға ұшыраған. Бала Қуандық пионер қатарынан шығарылған. Дегенмен сабағын өте жақсы оқып, 15 жасында  Алматыдағы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түскен.

1940 жылы І курс студенті Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл — ұстазы Мәулен Балақаевпен бірге жазылған «Қазақ тілі» оқулығы. 1942 жылы «Қазақ жүрегі» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағын баспаға ұсынған. Бірақ 1942 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына Бейсембай Кірісбаевпен бірігіп жазған рецензиясы үшін қудаланып, оқуын тастап, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болған. Бұл жаққа Нұрпейіс Байғаниннің хатшысы ретінде жіберілген. Ал баспаға ұсынған алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы ғана жарық көрді.

Екінші кітабы — «Аққу әні» — араға 23 жыл салып барып жарыққа шықты. Одан соң «Ар ма, республикам», «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Сарша тамыз», «Жыл құсы», т.б. жыр жинақтарын оқырманға ұсынды.  Сондай-ақ Қ.Байсейітовпен бірігіп «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», «Құтырғаннан құтылған» пьесаларын, «Алтын таулар» және «Айсұлу» операларының либреттосын жазды. Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңіне жазылған әндер қазір де жиі орындалады.

Ақын 2001 жылы өмірден өтті.

Мен қазақ

Кәкен Ахматуллинге

Мен — қазақ! Тал бойымда — қазақ қаны,

Кеудемде — мейірбанды қазақ жаны.

Салдыртып сар белінде Сарыарқаның

Жаңғыртып салған әнім — қазақ әні.

 

Мен — қазақ! Жалқы емеспін, сүйеуім бар,

Ағайын, нағашым бар, жиенім бар,

Қандасым, жандасым көп жүз халықта,

Бәрінен келінім бар, күйеуім бар.

 

Мен — қазақ! Қымбат маған бабам жері,

Тырналар қиқу салған самал көгі.

Бедер жоқ айдынында айнадайын,

Ақ алқа айналайын шаған көлі.

 

Алатау, Ақ Жайықтың қалың нуы,

Қария Қара Ертістің ағын суы.

Ыстық қой қона кетер көкейіме

Ордалы ормандардың сарын-шуы.

 

Жұтқанда жанға дауа желім ыстық,

Қиырсыз Бетпақдала шөлім ыстық.

Шаңғытып шаңдағында шапқан талай

Боз дария бетегелі белім ыстық.

 

Сен десем, туған елім, бар ма тағaт!

Өзің деп өтіп жатыр барша сағaт.

Білемін сынамал дос, бауырыңды,

Жауыңды кеткен талай аңша талап.

 

Ойқастап құба жонда салған сүрен,

Азнатып толқын жалды мінген күрең.

Білемін ел қорғаған ерлеріңді,

Мақтан ғып есімдерін елеп жүрем.

 

Арқада аққан сел боп жасты білем,

Шұбырған ақ табан боп ашты білем,

Қан исі қолқаны атып, Аңырақайда

Жер қапқан атанәкес қасты білем.

 

…Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ

Сүйемін жерімді абат, елімді азат.

Жолыңа жаным пида, тума мекен,

Бір саған бағышталған пейіл таза-ақ.

 

Орыстың орманында, қан майданда —

Қаһарман кәрі дәстүр қалған жайда

Мен сені жүрмін қорғап аждаһадан…

Перзентің сәл қартайып қалғандай да.

 

Ел даңқы, Көсем-Отан — жаныма пір.

Сене бер, түспек емес арыма кір.

Біздерге кездесу жоқ дұшпан барда,

Байтағым, барғанымша сағына тұр.

 

Мен — солдат, тағдыр тартқан сыбағам сол

Түн қатып жүрмін, намыс сынаған соң.

Аяма ақ батаңды, асыл елім,

Арманым — бақыт қана, сұраман сор.

 

Бұл кездің дәстүр-даңқын ғасыр жаттар,

Жә, хайыр, жазық жайлау, жасыл бақтар.

От барда өзегімде өтем сен деп,

Туған ел, мен қазақпын атыңды ақтар.

 

Қазақтың бесік жыры

 

Айналайын,

Толғанайын,

Төсегіңе жат, балам.

Ұйқта, бөпем,

Ұйқта, көкем,

Әлди-әлди, ақ балам.

 

Құлыншағым,

Ұрыншағым,

Шаршадың-ау күнұзақ.

Тынымдашы,

Ұрынбашы,

Барады ғой түн ұзап.

Айналайын,

Толғанайын,

Аунақшымай жат, балам.

Ұйқта, бөпем,

Ұйқта, көкем,

Әлди-әлди, ақ балам.

 

Қоңыр қозым,

Мөлдір көзім,

Бас төсіме басыңды.

Жатып тыныш,

Алшы тыныс,

Сипайын, кел, шашыңды.

Алма бетім,

Бауыр етім,

Жә болды ғой, жат, балам,

Ұйқта, бөпем,

Ұйқта, көкем,

Әлди-әлди, ақ балам.

 

Балғын ботам,

Балбұл оқам,

Маңдайдағы жұлдызым,

Көкте күнім,

Жерде гүлім,

Құлдыраған құндызым.

Мен де ұйқтайын,

Құлдықтайым,

Жат осылай, жат, балам.

Ұйқта, бөпем,

Ұйқта, көкем,

Әлди-әлди, ақ балам.

 

Балапаным,

Балақаным,

Қанбайсың бір ойынға.

Болды, жаным,

Қалжырадың,

Жат қозғалмай қойнымда.

 

Алтын алқам,

Жаным, қалқам,

Жә, жарайды, жат, балам.

Ұйқта, бөпем,

Ұйқта, көкем.

Әлди-әлди, ақ балам.

 

Махаббат

Қарқаралы басында жалғыз арша.

Халық өлеңі.

 

Тырмысып жалаң жақпарға

Топшысы тайған қыранша,

Теңкиген теңбіл қатпарда

Телміріп көкке тұр арша.

 

Самал мен нұрға құмартқан

Талшықтай талмау тал шыбық.

Семсердей өтіп мұзарттан,

Мініпті тауды алшы ғып.

 

Шайқасқан шақта шаршамай,

Сағалап қалмай саяңды,

Шыдайтын осы аршадай

Бар ма екен ғашық баянды?

 

***

Сүреңсіз селдір сұр жусан,

Көз жауын алар көркің жоқ.

Басыңда сенің тымқұрса,

Сүйсінер гүлтәж бөркің жоқ.

 

Көргенде бірақ мен сені

Көңілде ойлар қоздайды,

Сағыныш басып еңсені,

Шалғайда бота боздайды.

 

Көкпектің шалқып түтіні

Көзімнің жасын сығамын.

Елестеп ауыл ыпыны,

Аңсап бір кетем сүр, ағын.

 

Мінемін ырғып тайға да,

Жарысып желмен кетемін.

Ашылып алдан ай дала,

Жатады жайып етегін.

 

Ырғытып жалақ бетінде,

Ырғызға сүңгіп бойлаймын.

Ауылдың аулақ шетінде

Алысып, асық ойнаймын.

 

Сүреңсіз селдір сұр жусан…

Япыр-ау, неткен көркі мол!

Тал бойы толған сыр мен сән,

Шыпам ол, шабыт, дертім ол.

 

Сағындым

 

Тау ішінде отын жақты қойшылар —

Өңшең, абыз:

Шопан ата, ойшылар.

Отырды екен ел орынға неге ерте, —

Онда, мүмкін,

бүгін думан, той шығар.

 

Ошақтардан түтін қатар көлбесе,

Етектен ел келді дүмен ендеше:

Бедеу біткен белбеулерге байланып,

Ай үйлерден

тұрды дей бер кең көше.

 

Бала, кәне, бас газыңа!

Барайық,

Қалың нөпір халайыққа қарайық.

Ауыл дәмін татпағалы көп болды,

Жеңгелердің бал бармағын жалайық.

 

Шие қатқан тау қымызын сағындым,

Ағалаған ауыл қызын сағындым.

Ала жаздай мал тұяғы таптаған

Қи иісті жауыр құзын сағындым.

 

Ақсақалдың асатуын сағындым,

Құрбылардың ахахуын сағындым.

Ақтылы қой жусап тыныш қотанда

Айлы түнде жататынын сағындым.

 

Қалған алыс қара көзді сағындым,

Жүрек алғаш жара кезді сағындым.

Тау ішінде отын жақты-ау қойшылар,

Уһ!.. Қайтейін,

бала кезді сағындым.

 

Күндер, күндер

 

Күндер де күндер, көп күндер,

Керуендей көшіп кеттіңдер:

Асқардан талай астыңдар,

Тереңді кешіп өттіңдер.

 

Талабы таудай, ауқымды,

Табысы таңдай жалқынды.

Аяулы асыл досымдай

Шығарып салдым әр күнді.

 

Білемін өмір дәстүрін:

Сәйгүлік болар жас құлын,

Талапты ерге нұр жауар,

Таусылмай игі жақсы күн.

 

Келіңдер, жақсы күндерім

Үмітім, жанға ділгерім:

Кеудеме қонсын нұр-шұғлаң,

Қойныма толсын гүлдерің.

 

***

Керуеншіміз, қанағат кем, арман көп;

Тең басында теңселеді Бар мен Жоқ.

Жекпе-жекте жеңісе алмай айқасқан

Ол — от пен мұз, ол — қант пен тұз, қар мен көк.

 

Алмағайып аласапыран жыл мен ай

Жым білдірмей жылжып жатыр жылмағай.

Жырақ жолда алмасады Бар мен Жоқ,

Шытырман күн шыркөбелек шырғадай.

 

Ұмсындырып жасамыс пен жастарды,

Көгілдір құс айналады аспанды.

Алақанға қона қоймай, құрмағыр,

Қаптатады қапа, күдік, қастанды.

 

Көрінсе де кейде қолың созым-ақ,

Жеткізбейді, жер түбіне жол ұзап.

Тепсінеміз үміт деген үлекті,

Тірі жанда көңіл қомсы, көз ұзақ.

 

Көк құс көкте, арман алыс, жол қашық;

Тырбаңдаймыз тағдыр тосқан белді асып.

Шомға теңдеп Бар мен Жоқты, тағы да

Тұр, Қуандық, ұйқтай бермей, жолға шық.

 

***

Қалыпты-ау шалдар азайып,

Қатары сиреп кетіпті.

Жүйрік-ау күндер ғажайып:

Отыз жыл ғана өтіпті!

 

Дағдарам дал боп.

Бұ қалай:

Танымай тұрмын отанды.

Өткендей ойран-бұлағай

Қопарып кәрі қопамды.

 

Бар ғой деп бәрі жүргем-ді:

Әмір мен сүлей, сұңғылам.

Мінгізіп атқа кімді енді,

Қолына кімнің су құям?

 

Кімдермен еркін кеңесем,

Кімдермен жорта егесем?

Әрқайсың маған

Көкжиек

Кеңейіп кетер белес ең.

 

Жұбаныш жалғыз — жас ұрпақ.

Болғай да солар саламат,

Жүрмесе болды жатырқап.

Ағалар, құлдық! Салауат!

 

***

Өзі туған жері қымбат әркімнің,

Бәрі сонда бала кезгі бал күннің;

Жатыр онда жүдеп жырақ жарқын күн.

Шығанағы-ай қаумет, қайрат, қарқынның,

Асау арман, мәлкі-топай, алқынның!

 

Қарабұтақ

Күнде атыңнан айналам.

Ізім қалды-ау сай-салаңда сайраған.

Қадірлейді мендей сені қай балаң?

Туым болып тұрасың кіл жайнаған.

Өзі туған жері қымбат әркімнің.

 

Білесің бе тентек балаң Қуанды?

Шардақ тартты, жағы да оның суалды.

Жас кез неге оралмайды, қуалғыр,

Терер ем-ау қызылшаң мен жуаңды.

Өзі туған жері қымбат әркімнің.

 

Балғын кез-ай,

бал кездер-ай,

бала кез,

Достық, қастық парқын ұқпас шала кез!

Кемпір шығар қазір сонау қара көз.

Бәрі маған бүгін — қанжар сала кез,

Бірақ туған жері қымбат әркімнің.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button