Әдебиет

Құлақ

Бейімбет Майлиннің туғанына — 130 жыл

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, драматург, публицист Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Ол 1894 жылы Қостанай облысының қазіргі Бейімбет Майлин ауданындағы Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдік көріп өскен. Жалшылық жұмыста жүрсе де, ауыл медресесінде 2 жыл оқып, сауатын ашқан.

Сондай-ақ Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте және Уфадағы Ғалия медресесінде білім алған. Алғашқы шығармалары өзі редакторлық еткен «Садақ» қолжазба журналында, сондай-ақ «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланды.1916-1919 жылдары ауылда мұғалім болған. Одан соң «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Ауыл», «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеп, басшылық қызметтер атқарды. Поэзия, проза, драматургия жанрларында қатар қалам тербеп, соның ішінде әсіресе қазақ прозасындағы әңгіме жанрын классикалық биікке көтерген хас шебер ретінде танылды.

Өкінішке қарай, Бейімбет Майлин сталиндік репрессияға ұшырап, 1938 жылы 26 ақпанда атылды. 1957 жылы көктемде ақталды.

— Ауылнай, шақшаңды тасташы! — деді Қайранбай.

Үй ішінде 5-6 адам бар: ауылнайдың хатшысы, жалшылар комитетінің төрағасы мен бір мүшесі. Үй иесі, Қойбағар, мектеп мұғалімі және 1-2 қыдырма. Шынтақтап жатқан ауылнай басын көтеріп, қалың қағазды қалтасынан шығарды.

— Шақшамды Рыскелді алып, кәріп қылып қойғанын көрдің бе? Қағаздан насыбай кеуіп кете береді екен,— деп, алақанын толтырып ауызға қағып қалды. Насыбай көрінген соң, шынтақтап жатқандардың біразы-ақ басын көтерді. Бүктеуменен жалбаланған ескі газетті әрқайсысы бір бұрышынан тарта бастады. Талқыға түскен сорлы қағазды шетте отырған мұғалімнің көзі шалды.

— Мынауыңыз газет пе?

— Газет.

— Бері әкеліңізші, көріп берейін.

— Е, насыбайды қайтеміз?

— Мынаған салыңыз,— деп мұғалім бір жазған қағазды ұстатып, газетті босатып алды. «Ауыл» газетінің февраль ішінде шыққан нөмірі, 1-беттің шет пұшпағы шылымға жыртылып, жұлмаланған. Бүктеуменен жазуының көп жері өшіп те кеткен. Әйтсе де көптен газет көрмегендіктен, мұғалім тесе қарап, оқуға кірісті.

Насыбайды атқан соң жұрттың көбі маужырауды қойып, бірін-бірі іліп-шалып сөзге бастады. Әңгіме аяғы газетке тірелді.

— Газетіңнің өзі пәле көрінеді. Жанбайдың екі қатын алғанын біреу газетке жазған екен, осы күні содан екі күннің бірінде жауап алып, қысып жатыр,— деді ауылнай.

— Молда-ау, өзің ғана біліп қоймай, ашып оқысаңшы, біз де естиік,— деді көлбеп жатқанның бірі.

Мұғалім газеттің керекті жерінің көбі жыртылғандығын, жазуы көшіп кеткендігін, бірен-саран сақталған жерлерін ғана оқып шығатындығын білдіріп өтті. Салғаннан өзара жәрдем комитеті туралы сөзден бастады: «Жаз жақындап қалды. Елде кедей көп. Соларға тұқым, көлік тауып беру — жалшылар комитетінің міндеті».

— Немене?— деп есік жақта бүк түсіп жатқан Ысқақ басын көтеріп алды — Қарағым, қайта оқышы!

Мұғалім қайта оқып шықты.

— Ол қайда болады?

— Нені айтасың?

— Жәрдем беретін комитет?

— Е, мына жатқан Қайранбай емес пе?

— Ал, Қайранбай, Ысқақ соңыңа түсті,—деді ауылнай.

Жұрт ду күлді. Ысқақ күлмеді. Бірер күрсініп алып, мұғалімнен екшелеп сұрай бастады:

— Қарағым, жәрдем беретіні рас па?

— Рас болғанда қандай! Сол үшін сайлап отыр ғой.

— Ендеше, маған неге бермейді?

— Арыз беріп сұра. Бермей амалы жоқ.

— Менің қолым жазу білмейді, арызымды ауызыммен айтам,— деді ол. — Осы күні бір түйір астығым жоқ. Былтыр жұрттан тіленіп жүріп бір жер бидай салып едім онымды Парферей дейтін орыс басып жыртып, сотқа беріп, дауласам деп жүргенде, дәнін жел қуып кетіп, орысқа да, өзіме де жоқ болды. Күзден бері көрінгенге көз сүзіп келе жатырмын. Кедейді асырайтын болса, маған бір көз салуы керек емес пе? Бүйте берсем, мен өлмеймін бе? Қайранбай, жарығым-ау, бірдеңе қылсайшы жаман жездеңе, өлтіресің бе?

— Әй, кәпір-ай, енді зарлап мазамды аласың-ау, — деді Қайранбай.

— Қарағым-ау, өліп бара жатырмын ғой.

— Өлмесең бір жөні болар, — деді.

Әңгіме баяулай бастады… Жалаңаяқ қара бала су құйып, дастарқан жайып, қонақтардың алдына үлкен қара табақты әкеліп қойды. Табақ іші қара қошқыл буы шыққан бөртпемен толған. Бір-екі жапырақ ет ортада көрінер-көрінбес болып жатыр. Ауылнай да, Қайранбай да көңілдері толмаған тәріздіжаратпай қарады.

— Келіңдер, жігіттер, асатуға жетпес, бөліп жейік, — деді ауылнай.

Үй қожасы жай айта бастады:

— Ауыз тигендеріңе риза болмасаңдар, жігіттер, еттің мәні жоқ шығар. Бірер қараның етін тауысып алдық. Жеңгелерің сендерден аяп отырған жоқ, қимылдарлық жайы болмады білем.

— Қарсақтағы құда келіп қала ма деп сақтаған етім еді, қайындарым келген соң, амалсыздан асып отырмын,— деді бәйбіше.

Аз уақыттың ішінде мырзалардың саусағы қара табақтың түбін түрте бастады.

Ас артынан әкімдер жұмысқа кіріспек болды. Ауылнайдың хатшысы жазуға кірісті.

— Қане, бұл ауылда өлмелі кедей кім?

— Мен, — деді Ысқақ.

— Атың бар ма?

— Жоқ.

— Сиырың бар ма?

— Жоқ.

— Азығың бар ма?

— Жоқ.

— Тағы кім бар?

— Кемелбай, Айранбай, Өткелбай, Жыпылық, Тасқара.

Есеп алынды. Әкімдер жүретін болды.

— Қарақтарым, мені қайтесің?— деді Ысқақ.

— Мынаны зарлатпай бірдеңе қылсаңдаршы, — деп ауылнай күңк ете қалды.

— Бұған қайдан тауып береміз?

— Бірер байдан ал да бер.Ең таба алмасаң, осы үйден әпер.

— Ойбай, айта көрмеңдер, Ысқақты асырауым жеткен, — деді үй қожасы Бекен.

— Тағы асыра.

— Е, ол ненің ақысы?

— Ол — құлақ болғаныңның ақысы, — деді ауылнай шиқылдай күліп.

— Қой, шырақтарым, елдегі жалғыз құлақ мен емес қой.

— Басқасынан да алынар.

— Жұртпен бірге берермін.

— Сөзді қойыңыз, отағасы. Мына Ысқаққа 10 пұт бидай бер,— деді Қайранбай.

— Әкіреңдеме, шырағым, 10 қарасы бар жалғыз мен емес қой…

— Бересің бе, бермейсің бе?

— Бермегенде қайтесің?

— Протокол жасап, сотқа берем.

— Жаз протоколыңды, қолымнан бергенше түрмеңде шіриін.

Хатшы жаза бастады.

Қайранбай Бекенді сыртқа шығарып әкетті.

— Сорлы-ау, кімге сеніп ерегісесің? Сотқа берсе, апарып жауып қояды. Осы елде саған дос жоқ қой.Одан да Ысқақ алса, далаға кетпес, сұрағанын берсейші.

Бекен күйіп кетті.

— Мен бермейін деп отырмын ба, еттің азғантай асылғанына ерегісіп салған соң, менің де жыным келіп отыр. Әйтпесе өзім секілді 10 қарасы барлардың басын қосса, көппен бірдей салса, бір қара бер десе де беремін ғой. Маған тізе көрсеткендігі өтіп отыр.

— Ерегісіңді қой, сорыңды қайнатар.

— Өзім де соны ойлап отырмын…

Қонақтар кетті. Бекен үйде жалғыз қалды.

Асүйден қатыны келді:

— Әлгілердің «құлақ» деп жатқаны кім еді?

— Мені айтады.

— Сен құлақ па едің? Қара шешей ашуланғанда«қаңғырған телеу» дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір өзгере ме?

Бекен мырс етіп күліп жіберді.

— Айт-ау, «құлақ» деген ру емес, «бай» деген сөзі.

— Солай ма еді? «Қаңғырған телеу» деген сөзін тастай беріп, қара шешей «құлақ» деп мазамызды ала ма деп қорқып едім.

АЛҒАШҚЫ САБАҚ

— Әй, қоясың ба, — деп Мінайдар басын көтеріп алды. — Жетті ғой… Кісіні орынсыз күйдіресің?!

— Мен бірдеме айтсам, күйесің де қаласың-ау, — деп, қатыны Маржанкүл ашулы қарқыны басыла түсіп, күмілжіп сөйледі.

Маржанкүл бәсеңдеген сол Мінайдар да кенет келген ашуды ыдыратып, сұрланған бетіне аздап қан жүгіргендей болып, тікірейген көзін Маржанкүлден аударды. Кішкене үндемей отырды да, ашуының тарқай бастағанын білдіргісі келген адамдай:

— Кісі тіліне көп ересің, соныңа ашуым келеді. Болмаса ұрыс шығаратын осында не бар? Жалғыз мен бе, жұрттың бәрі де барып жатыр, — деді.

Соңғы сөзді айтқанда Мінайдардың ашуы түгел тарап, қалыпты күйіне келіп еді. Маржанкүл осы қалпын сезгендей болып, о да бұрынғыдан жұмсара түсіп:

— Жұрттың бәрінің де барып жатқаны рас-ау, оның үшін ашуланбаймын ғой… Менің қытығыма тиетіні — Сары шешейдің үйіне жиылатындарың.Басқа үй құрып қалғандай, соның үйіне жиналуын қарасайшы? Осы бар ғой, ойласам ішім от болып жанып кетеді. Сары шешей айтады дейді: «Қожалақ өзімнің әмеңгерім. Қожалақ тірі тұрғанда кетіктің басқасына мойын бұра алман деп айтады» — дейді. Сен үйіне барған соң, екі көзін сенен айырмай қарайды да отырады ғой… Соның үшін күйемін, — деп Маржанкүл жүнін түтіп отырып, Мінайдарға шын сырын айтты.

Мінайдар шынтақтап жатқан күйі, кеңкілдеп күлді. Кетік тісінен тілі жылмаңдап шығып тұрды.

—Ит-ау, кеше ұрысқанда сақалың сапсиып не бетіңмен барасың деген жоқ па едің? Енді бүгін екінші түрлі ғып үлгертіпсің ғой…

—Оны айтқаным да рас еді. Кеше атам үйінен от алайыншы деп барсам, бірсыпыра кісілер жиналып, сөйлеп отыр екен.Ептеп құлағымды салсам, қауқылдақ үйіндегі қайнаға күліп: «Мінайдардың нағыз оқитын кезі ғой, тісі жаңа түсіп жүр» — дейді. Соны есіткенде мүлде күйіп кетіп едім, — деп, Маржанкүл бұл жолы күле сөйледі.

Манағыдай емес, екеуі де ашуларын тастап, жадырап сөйлесуге айналды. Шаруашылықтарын да сөз қып қойды.Жаздай жұмысқа жегілген жалғыз аттың ыңыршығы айналып, жегуден қалғанын, жалғыз бұзауға айырбастап алған қоңыр тоқтының салмалық етінің біткенін айтысты. Маржанкүл ұнның біткенін, шайының соңын бүгін қағып салғанын айтты. Мінайдар ертеңіне қалаға бармақшы болды.

— Оқуыңды қайтесің?

— Ойбай-ау, сол бар екен ғой, бәсе, қайтем? — деп Мінайдар Маржанкүлге қарады.

— Сен қалаға барып келгенше сенің орныңа мен оқи тұрамын, — деп Маржанкүл жымыңдады.

— Сені оқытпайды ғой.

— Неге?

— Әйелдерді бөлек оқытатын көрінеді.

— Әйел деп бөлектей беретіндері несі екен? Бірге оқыта берсе, бірдемесін жей ме екеміз? Әлі күнге кемітулері қалмайды, — деп Маржанкүл назаланғандай болып сөйледі.

Мінайдар тағы кеңкілдеп күлді:

— «Слабода» есіңе түсті ме, «слабоданың» да орны бар шығар, шырағым, «слабода» болғанда әйелдер бетімен кете берсін демейтін шығар.

— Бетімен кеткені несі, оқығанда бетімен кете ме екен. Ондай болса, сенің де оқымауың керек қой.

— Біз еркекпіз.

— Әйелдің жазығы не?

— Әйелдің жазығы — әйелдігі. Әйелді Құдай о басында кем жаратқан. Еркекпен бірдей болам деу — адасқандық.

— Қой, шырағым, мұны өз ойыңмен айтып отырсың. Былтырғы сайлауға келетін көзілдірікті «төре» не айтып еді, есіңде бар ма?

— Не айтып еді?

— «Әйелдер еркекпен тең адам» деген; «әйелдер жұмысты еркекпен бірдей істесін» деген.

— Жұмысты бірдей істеу ме?Жазды күні бел орақпен шөп шапқанда, менің шапқанымды тырмамен жиып үлгіре алмайтыныңды білемісің?

— Күшіңді айтып мақтанбай-ақ қойшы, еркектердің күшті екенін білеміз… Төренің ондағы айтқаны — еркектермен бірге әйелдер де ауылнай болып басқара алады деген.

— Бәрекелді, ауылнай болсаңдар қиратарсыңдар.

— Несі бар, жаман Несіпбай құрлы істей алмас дейсің бе, аузынан сөзі түсіп былжырап жүргеніне қарамай, о да ауылнай болып жүр ғой…

— Жарайды, алдағы сайлауда сені ауылнай қоямын. Әзірге тұр, шай қойшы, — деп, Мінайдар керіліп барып керегесіне басын тіреді. Маржанкүл түтіп отырған жүнін жиып, қазан пештің алдына барды. Қозға көміп қойған шоқты шыпшамен қазып, жайнатып шығарып, тамызық салып үргіштеп жандырды, үрудің екпініне шыдамаған майда күл бұрқырап, шаң төбесіне көтеріледі.

Мінайдар жатқан күйі терезеге қол созып, көк тысты бір кітапты қолына алды. Бұл  «Бірінші кластың оқу құралы» еді. Сауатсыздарды оқыту үшін ауданнан мұғалім келіп, мектепті осы ауылдан ашқан. Мінайдар да кірген. Жасы отыз төртте. Күрек тісінің екеуі қатарынан түсіп, сөйлегенде тілі жылмаңдап көрініп тұрады. Мінайдар оқуға жазылғанда құрбылары, қалжыңдап:

— Нағыз оқитын кезің, тісің жаңа түсіп жүр ғой, — деп тәлкектеп еді.

Мінайдар олардың тәлкегін елеген жоқ. Маржанкүлдің қарсылығын да жойып келеді. Оның есіл-дерті — хат тану, қол қоя білу.

— Қайтейін, обалым әкеме болсын! Жасымда оқытқан болса, жұрт қатарлы мен де қағаз шұқып отырар едім! — деп талай арман қылғаны бар-ды.

Мінайдар кітаптың бірінші бетін ашып жіберіп, сабағына көз салды. Бадырайып тұрған әріптер. Қарасын жеке-жеке таниды. Бірақ қосып оқу жағына шорқақ. Әйтсе де азаптанып бірінші бетте жазылғанды сүрініп-қабынып оқып шығуға жараған еді. Кітапты қолына алысымен бастап тағы кірісті. Алдымен жеке әріптерді айналдырды. «Аз» деген сөзді қосып даусын созып айта бергенде, қазан пештің аузында отырған Маржанкүл жалт қарап:

— Нені айтасың, отқа салған тамызығым ба? — деп еді.

— Өй, құрып қал! — деп жымыңдап, Мінайдар аунап түсіп жатты.

***

…Мінайдардың күндегі әдеті — кешкі шайды ішіп болған соң көк кітапты қолға алады. Шамның жарығына төне түсіп, жымыңдап жатып оқуға кіріседі. Оқуды бастағанына екі айдан асып кеткен. Әріптің бәрін де таниды. Бірақ бадырайтып ірі жазған жазу болмаса, жыбырқай жазған жазуды айыра алмай, малтығып қалады…

Маржанкүл шыныаяқ, самауырды жинап болып, күндегі қалпымен Мінайдардың жанына келді. Мінайдар кітаптың үстіне қағазын салып, өткен өмірінде күрек ұстаумен секиген қолын қалам ұстауға еріксіз көндіріп, баданадай қып шимайды салып жатыр еді.

— Мұның не? Тағы да өз атың ба жазып жатқаның?

— Бұл «Мінайдар Досақаев» деген сөз болады, — деп Мінайдар жымың етті.

— Атамның аты қайсы?

— Мынау төменгісі…

Маржанкүл үңіліп қарап отырды да:

— Менің атымды жазшы, қандай болады екен, көрейін, — деді.

Мінайдар арбаңдатып Маржанкүлдің атын жазды. «Маржанкүл» деген жалғыз ауыз сөз қағазының бірсыпыра жерін алып кетті.

—Қаламыңды әкелші, мен жаза алар ма екем, — деп Маржанкүл Мінайдардың қолынан қаламды алды. Мінайдармен қатарласа етпетінен жатып, өз атын жазып көрмекші болды.

— Өй, «м»-ның шоқпарын тым үлкен қып жібердің…

— Қойшы, сенікі де сондай ғой, — деп қызараңдап, Маржанкүл мойнына алмады.

Қатарласа жатқан соң бірінің беті біріне тиді. Мінайдар демін жақындата түсіп Маржанкүлдің бетінен сүйіп алды.

— Әне, бұл енді сөйтеді… Бірдеме істеп жатқанда айналдырмай-ақ қойсаң қайтеді екен? — деп Маржанкүл жымыңдады.

…Түннің едәуір уақыты өткен. Ауылдың бәрі де шамдарын сөндіріп, қалың ұйқыға кіріп жатыр. Жалғыз-ақ Мінайдардың үйінің шамы сөнген жоқ. Маржанкүл екеуі көк кітап пен қарындашты кезек ұстап, бір әріп болса да танығанша құмар болып жатыр. Көк кітаптың ішіндегі баданадай әріптер қазақ елінің қараңғы түкпірінен оқушы тапқанына мәз болып, жымыңдап күліп тұрған секілді…

1928 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button