Мереке

Аманқос ағаның ұстаздары

Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиұлы жетпістің бел ортасына дейін, яғни жарты ғасырдай уақыт газетте қызмет атқарды. Сонда да журналистикадағы жорға жүрісінен танған жоқ, қаламды қару еткен үлкенді-кішілі әріптестерінің ортасындағы сөз бәйгесінде бір қалыпты сыдыртты да отырды. Алға озып шығып, қара үзіп кеткен шағы да аз болған жоқ. Бірақ қанша топ жарса да, артына қарайлап отыруды ұмытпайды, кейінгі жас буынды тосып алып, демеп жүреді, кейде ілгері жіберіп те қояды. Яғни оның қамқорлық лебін көрген шәкірті аз болған жоқ. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында өнімді еңбек етіп жүрген біраз қаламгерлер Әбекеңді ұстаз тұтады.

Ал Әбекеңнің ұстаздары кім еді?

Ол бұл ретте өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басына дейін республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған белгілі журналист Төлеубай Ысқақов ағаны ең алдымен ауызға алар еді.

«Қазіргі Атырау облысының Қызылқоға аудандық газетінде редактор болып қызмет істеп жүріп, біздің елге — Ойыл ауданының түпкіріндегі Қараой  ауылына тума-туыстарына жиі соғатын. Оның журналист екенін білетінбіз де, қызыға қарайтынбыз» деп сол кезді тебірене еске алады бұл күнде Аманқос аға.

Жылдар жылжып өте берді. Арманшыл бозбала мектеп бітіріп, ауылда еңбек етті, сосын аудандық газетке тілші болып қызметке тұрды, университеттесырттай оқып, қолына диплом алды. Содан кейін облыс орталығына келді. Төлеубай ағасымен осында жолықты. Сол мезгіл суретін бір естелігінде Әбекең былай келтірген екен: «Әріптес інісі ретінде ол кісінің елге сіңірген біраз қызметін, ағалық жақсы қасиеттерін біз де көре қалдық. «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдары, біз — облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің журналистері —талай іссапарларға бірге шыққан кездеріміз болды. Сол замандағы үрдіс — тәртіп бойынша біздің облыстық газет партия ұйымында есепте тұратын. Осы ұйымда жарна төлеп, жиналыстарына қатысатын. Сол себепті талай әңгімесін тыңдап, жиі кездесіп жүрдік. Ағалы-іні, әріптес ретінде жақсы сыйласып, отбасымен араласып тұрдық.

Ағамыздың ерекше қасиеті — уақытын үнемдеп пайдаланады. Бос-селтең жүріске салынбай, газет тапсырмасын орындаумен болады. Үйінің бір қабырғасына Ақтөбе облысының картасын іліп қойған. Соған қай жерге сапар шексе, сол жерді көрсетіп, қызыл жолақ сызықпен белгі соғып отырады».

Міне, осының бәрі оған үлгі болған. Картаға белгі салмағанмен Әбекең де облыстың біраз жерін шиырлады. Әне бір жылдары белгілі журналист Муапық Боранқұлов екеуі Байғанин ауданының шалғайдағы елді мекендеріне дейін барып, екі аптадай үй бетін көрмей жүргені бүгінде жастар үшін ертегі секілді естіледі.

Ауылда тракторшы болып жүрген жерінен анда-санда баспасөзде жарық көріп жүрген мақалаларына бола журналистикаға қолынан жетектеп әкелген аудандық «Ойыл» газетінің редакторы Нұрымжан Жұмағалиев те оның ұмытылмас ұстаздарының бірі. Қолына қаламын нықтап ұстатып, қадамын қатайтып алған соң Алматыға оқуға баруына ақыл берді. Аз-кем уақыттан кейін бөлім меңгерушісі, тағы бір мезгіл өте газет редакторының орынбасары етіп тағайындады. Отқа да салды, суға да салды, сөйтіп, ауылдың алаңсыз жүрген баласын журналист етіп шығарды. Әрі-беріден соң жұмыс атаулының жауапкершілігін орынбасарына тапсырып, еркіндеу жүретін де кезі болғанға ұқсайды. Әрине, ол уақытта облыста Нұрымжан Жұмағалиев сияқты мықты редакторлар санаулы болатын, сондықтан осындай ұстаздың мектебінен өткенін бүгінге дейін бір сәтті кезеңіне балайды.

Белгілі журналист, танымал әдебиетші болған Сәрсен Жұмағалиев есімін де Әбекең ардақтап айтып отырады. Кезінде Алматыдағы мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аудармашы болған, қазақтың қабырғалы қаламгерлері талантын мойындаған сол бір ерекше қалам иесі Алматыға сыймай (не сыйдырмай), тағдырдың айдауымен туған жеріне оралған. Әдебиет баспасында білімдарлығы, орыс-қазақ тіліне аса жетіктігі арқасында әріптестері арасында құрметке бөленген қаламгер Алматы қалалық кеңесіне депутат болып та сайланады. Сол уақытта әйгілі жазушы Марк Твеннің томдарын қазақ тіліне әрі тез, әрі сапалы аударып, үлкен беделге де ие болады. Елге келген соң аз-кем уақыт облыстық газетте еңбек етеді, одан Ойылға тұрақтайды. Аудандық газеттің тынымсыз тірлігі арасында сол Марк Твеннің «Ханзада мен қайыршы» кітабын тәржімалайды.

«Оның қаламгерлік талантының куәсі болдық. Сәрсен ағамыздың «Журналист біреудің үйінде қонақта болса да, әділін айтуға тиіс, ымыраға көнбеуі керек, ақиқатын айтсаң саған ешкім де ренжімейді» деген сөзін мен өзіме қағида ретінде қабылдадым»,— дейді Аманқос аға бұл ұстазы туралы.

Жазушы Құрал Тоқмырзин де жас журналиске кезінде талай тәлімін берген екен. «Оның жай мақаласының өзі көркем әңгімедей оқылатын. Оқиғаны суреттеуі, еңбек адамының келбетін ашуы оның жазғандарын оқыған адамға керемет әсер қалдырады. Кейін проза саласында да өнімді еңбек етті. Құрал ағамыздың жазушылық қарымы —өз алдына бір зерттеуге болатын дүние»,— дейді ол жөнінде.

Ұстаздары туралы әңгімелегенде Әбекең қазақтың белгілі сатиригі, кезінде республикалық «Ара» журналының бас редакторы болған Сақтапберген Әлжіков есімін де құрметпен атайды.

«Университеттің журналистика факультетін бітірерде дипломдық жұмысым «Ара» журналындағы фельетондар» деп аталды. Жетекшім — сол кезде журналдың жауапты хатшысы болып қызмет атқаратын Сақтапберген ағамыз. Ол — «Тағы да кім бар?», «Күйдіргі», т.б. сатиралық кітаптардың авторы. Сатира сардары атанған сол кісі маған журналға түскен арыз-шағымдарды қаратып, арасында сын-сықақ жаздырып, біраз тәжірибеден өткізді. Ал диплом алғаннан кейін өзіне қызметке шақырды. Маған үй беретінін, жағдайымның жақсы болатынын да айтты. Сол кезде елде қарт анам, отбасымда үш-төрт бала бар, қайдан қозғала қояйын? Бірақ сол аз ғана уақыт ішінде белгілі қалам иесінің алдынан өткенім маған үлкен сабақ болды»,— дейді Әбекең.

…«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дейді халық даналығы. Біз қарымды қаламгер, Ойыл ауданының құрметті азаматы, облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагері Аманқос Орынғалиұлының кейінгі жастарға үлгі болар кәсіби шеберлігінің бір қырын осы тұрғыдан іздестіріп көрдік бұл жолы…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button