Мереке

Перзенттік парызға адалдық

Аудандық «Шалқар» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Мырзалин баспасөз саласындағы қызметін 2000 жылдардың басында бастаған.

Бұл кезеңде журналистикаға келген жастар, негізінен, мерзімді басылымдардан гөрі, телеарналарда жұмыс істеуге ұмтылатын. 2002 жылдың көктемінде Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің филология факультетін «журналистика» мамандығы бойынша бітіріп, қолына дипломын алған сәтте Мұхтар да, бір жағынан, қатар-құрбының түсінігі, екінші жағынан, университетте сабақ берген ұстаздарының кеңесіне сай, өз болашағын телевидениемен байланыстырмақ ойда еді. Алайда ауылына барып, анасының батасын алып, Ақтөбеге қарай пойызға отырар күні ол ниетінен айныды. Үйінің кенжесі болғандықтан, анасының алдындағы перзенттік парызын ойлап, «сол кісіні қолыма алып, ауылда қалайын» деген шешімді дұрысырақ көрді. Сөйтіп, әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Шалқар аудандық газетіне жұмысқа орналасты.

2000 жылдардың басында аудандық газеттердіңжағдайы қазіргіден де қиын еді. Айлап жалақы алмаймыз, бірақ жұмысы өзіме қызық, бала күннен таңдаған мамандығым болған соң ба, басқа салаға ауысуды ойламаппын. Газеттің редакторы — Қыдырәлі Әлин. Әбілқұл Жұмабаев, Манасбай Оралбаев деген ағаларымыз еңбек ететін. Осы кісілердің мектебінен өттім. 2006 жылы аудандық газеттерді екі облыстық газетпен біріктіріп, «Шамшырақ Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына алды, айлығымыз уақтылы қолға тиетін болды. 2015 жылдан бері осы газетте редакторлық қызметтемін. Бүгінде аудандық басылымда қалғаныма еш өкінбеймін. Өйткені кенже ұл қашан да қара шаңырақтың иесі саналған. Отбасында 6 ұл, 4 қыз едік. Әкеміз менің бала күнімде, ертерек дүниеден озды.Шалқар қаласынан үй салдым, анам өмірден өткенше өз қолымда болды. Ата-анамның кенжесі ретінде олардың алдындағы перзенттік парызымды өтедім. Ең бастысы, осыған қуанамын, — дейді Мұхтар.

Мұхтардың ата-анасы — кеңестік заманда «Сарыбұлақ» кеңшарының үшінші фермасында, қазіргі Есет батыр ауылында, шопан болған қарапайым жандар. Бұл ауылдың тұрғындары — Есет Көтібарұлының (1803-1889 жж.) ұрпақтары, күнделікті күйбең тірлікпен шектеліп қалмай, руханиятқа, оқу-білімге жақын жүреді. Жалпы, Шалқар өңірінде,басқа аудандармен салыстырғанда, қазақ баспасөзінің жанашырлары әлдеқайда көбірек, ал аудандық газеттің таралымы қазір 3 мың дана екен.

Әкем Кәдірберді газет-журналды көптеп жаздырып алып, қой бағуға шыққанда да ала кетіп оқушы еді. Баланың тілін қызық көргеннен болар, кешкілік шаршап келсе де, мені қасына алып, журналдардағы суреттерге қарап, әңгіме құрастыртатын. Әсіресе «Ара» журналының сөзінен суреті көп секілді көрінетіні есімде. Әкем мен құрастырған әңгімелерді мәз болып тыңдаған сайын, мен де ықыластана түсемін. Мұның бір жақсы жері — кейін мектепке барғанда шығарма жазуға еш қиналмайтын болдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаздарым Сағитжан Айдарәлин мен Сәбира Аяуова жазған шығармаларыма риза болып, басқа балалардың алдында оқып беретін. «Сен журналист болуың керек» — деп, маған бағыт берген де Сәбира апайым болатын, — деп еске алды Мұхтар балалық шағын.

Мұхтар Мырзалин — бір аудан көлемінде ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінде оқырманы бар журналист. Жазғандары еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап, көптеген басылымдарда жарияланып келеді. Соның ішінде ол — 100 жылдық тарихы бар біздің газетіміздің де тұрақты авторы. Осы еңбегі үшін 2021 жылы оған «Ақтөбе Медиа» ЖШС тағайындаған белгілі қаламгер, ғалым, газетіміздің 80-жылдардағы қызметкері Серікқали Байменшин атындағы сыйлық табысталған еді. Сондай-ақ әр жылдары Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Шалқар ауданы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталыпты.

Баспасөздің мұң-мұқтажы көбіректеу болып тұрған қазіргі уақытта аудандық басылымды өрге сүйреп жүрген әріптесіміз алда да еңбегінің жемісін көре бергей деп тілейміз.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button