Мереке

Кәсіби беттеуші, қамқор ана

Газет шығару ісінде негізгі маман — журналистерден бөлек, компьютер бөліміндегі беттеушілердің де орны ерек. Басылымға жарияланатын мақаланың мазмұнына қарай макетін жасап, тақырыпқа сай сурет қойып, әріптердің қалай орналасқанына дейін жауап беретін қызметкердің шеберлігі беттен бірден менмұндалап тұрады. Алдына келген мәтінді ақ параққа «құя салмай», ерекше ізденіспен, ұқыптылықпен бетті құратындардың қатарына «Актюбинский вестник» газетіндегі әріптесіміз Таңсұлу Шәңгерееваны қосуға әбден болады.

Осы көктемде мерейлі жасқа толған кейіпкеріміз қашан көрсең де жылы жымиып, бір қалпынан айнымайды. Кейбіреулер сынды тосын мінез танытып, ашуланғанын көрмейсің. Біртоға. Басқалармен ашылып әңгіме айтуы сирек. Редакцияға бір ізбен келіп-кетеді. Ұзақ жылдардан бері осы салада еңбек ететін оны қызметтестері Гүлсім Назарбаева, Ләззат Егібаевалар да солай сипаттайды. «Бір дауыс көтеріп, ұрысқанын немесе қабақ шытқанын әлі күнге көрмедік» деп күледі олар.

Бүгінге дейін баспаханада, бірнеше басылымда жұмыс істеген Таңсұлу Төреханқызы өткен шақты ерекше жылылықпен еске алады:

— Осы салада еңбек еткеніме 35 жыл болыпты. Ең алғаш 25 жасымда баспахана табалдырығын аттап, теруші боп қабылдандым. Кейіннен беттеуші қызметіне ауыстым. Шыны керек, бұл жұмыстың қыр-сырын ешкім арнайы үйреткен жоқ, өзім ізденіп, басқаларға қарап, игердім. Ол кезде қазіргідей интернет дамымаған.

Ал «Актюбинский вестник» газетіне келгеніме 20 жылға жуықтады. Бұрынғыдай емес, жұмысымыз біраз жеңілдеді. Беттерді замануи «InDesign» бағдарламасымен жасаймыз. Бірақ әлі де түнге дейін газет шығаратын кездер болады. Сол жағы демесеңіз, қызметім өзіме ұнайды.

Бұйыртса, он айдан кейін зейнеткерлік демалысқа шығамын. Қазіргі таңдағы басты арманым — соған аман-есен жетіп, бейнетімнің зейнетін көру, — дейді.

Уақыт жағы қат болса газеттің бір бетін 15 минутта-ақ әзірлей алатынын айтқан тәжірибелі дизайнер, әсіресе күрделі тақырыптағы материалды беттеп, арасында инфографика мен кесте салуды жаны сүйеді екен. Оның айтуынша, неғұрлым ауыр көрінген жұмысты еңсергендегі сезімнің әсері де бөлек.

Училищеде сылақшы мамандығы бойынша оқып, құрылыс саласында бір күн де қызмет етпеген газет қызметкері — ұл-қызынан тараған немерелерінің сүйікті әжесі. Ұлы Радж теміржолшы болса, қызы Диана өзімен бірге компьютер бөлімінде беттеуші ретінде еңбек етеді. Әріптеске айналған анасы мен қызының бір-біріне деген мейір-махаббаты айрықша, қашан көрсең де жұбын жазбай жүргені.

…Әңгіме арасында Таңсұлу Шәңгерееваның балаларының есімін естігенде, еріксіз мынадай сауал туындады: «жас кезіңізде шетелдік фильмдерді ерекше сүйсініп көрдіңіз бе?»

— Ұлымның есімін жолдасым досының құрметіне қойды. Ал қызымның атын өзім таңдадым, — деп күлді мереке иесі

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button