Мереке

Aqtóbe-нің Амангелдісі

Күні кеше БАҚ бетінде «Тұмар-2024» Ұлттық сыйлығының иегерлері жарияланды. Үздік өңірлік ток-шоулар тізіміне Aqtóbe телеарнасынан шығатын «Көп нүкте» бағдарламасы да ілігіпті. Ақжолтай жаңалықты естіген бойда ток-шоудың жүргізушісі Амангелді Атабайұлына хабарласып, құттықтадық. Әріптесіміз «Тұмардың» салтанатты іс-шарасына қатысу үшін Астанаға қарай жолға шығып бара жатқанын айтты.

«Көп нүктенің» көрерменге жол тартқанына көп бола қоймапты. Алғашқы шығарылымы жеті ай бұрын жарыққа шыққан ток-шоуда қоғамда резонанс тудырған тақырыптар талқыланып, нүктесі қойылады.

Бағдарламаға алғашында «Айтарым бар» деген ат қойғанбыз. Кейін өзге телеарналарда мұндай атаумен шығатын бірнеше бағдарламалар барын білген соң, «Көп нүкте» деп өзгерттік. Өздеріңіз білетіндей, көп нүкте қазақ тілінде аяқталмаған ойды білдіреді. Ток-шоудың мақсаты — қоғамда талқыланып, шешусіз қалған тақырыптарды талқылап, нүктесін қою. Бүгінгі күнге дейін бағдарламаның 16 шығарылымын жасаппыз. Тұрмыстық зорлық- зомбылық, лудомания, көп әйел алу, жерлеу рәсімін бірізділікке қою секілді тақырыптарды көтердік. Ток-шоудың негізгі концепциясында белгілі бір кейіпкер болуы керек. Біз әр бағдарламаның тақырыбына сай келетін кейіпкер табуға тырысамыз, — дейді журналист.

Бүгінде ол «Көп нүктеден» басқа, «Қайырлы таң, Ақтөбе!», «Әділетті Қазақстан», «Қазақша подкаст» секілді салмақты тақырыптарды көтеретін бағдарламалардың тізгінінін ұстайды. Ізденімпаз журналистің әр сұхбаты қызықты өтеді.

Амангелді — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі. Білім ордасының үшінші курсында оқып жүрген кезінде бала арманын орындау

үшін қарашаңырақ — Aqtóbe телеарнасының табалдырығын аттайды.

Телеарна директорының орынбасарына кіріп, журналист болғым келетінін және ол үшін маған ешқандай айлық төлеудің қажеті жоқ екендігін айттым. Менің сол кездегі басты мақсатым тәжірибе жинақтау болатын. Дегенмен ойым бірден жүзеге аспады. Телеарнаға төртінші рет келгенімде ғана маған жұмыс жасауға рұқсат берілді, — дейді кешегі жас маман, — бүгінгі әріптес.

Сөйтіп, мақсатына жеткен жігіт облыстың басты арнасында 3 айға жуық ақысыз еңбек етеді. Кейін төртінші курсқа көшкен соң, сабақ пен телеарнадағы жұмысты қатар алып жүру мүмкін болмағандықтан, басшылыққа рақметін айтып, өз еркімен жұмыстан кетеді.

Оқуын аяқтайтын кезде университет тарапынан ұсыныс болып, оқу ордасының әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департаментінің бөліміне меңгеруші болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай жүрек қалауымен қайтадан Aqtóbe телеарнасына келіп, ресми түрде бағдарламалар бөліміне қабылданады.

Жұмысына тиянақты, өзіне тапсырылған тапсырманың барлығын уақтылы орындайтын Амангелдіге бүгінде әріптестерінің де құрметі ерекше.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button