Мереке

Баспа ісінің шебері

Бір ғасыр тарихы бар облыстық «Ақтөбе» газеті бүгінге дейін сан алуан соқпақты жолдарды басынан өткерді, тарих жылнамасын жазды. Қазір өндірісті өңірдің жаршысы болып отырған облыстық басылым айрықша мәртебеге ие. Мұның барлығы —шығармашылық ұжым мен баспа қызметкерлерінің еселі еңбегінің жемісі. Ақтөбедегі беделді баспа кәсіпорны — «Хабар-Сервис» ЖШС-да аға баспашы болып қызмет атқаратын Асылғали Жұбаназаров «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жарыққа шығуына өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі.

Асылғали Жұбаназаровтың баспа саласында еңбек еткеніне 17 жыл болған. Еңбек жолын «А-Полиграфия» ЖШС-да баспашы болып бастаған ол аталған мекемеде 11 жыл жұмыс істеген. Ал «Хабар-Сервис» ЖШС-да қызмет атқарғанына биыл алты жыл болыпты. Ол — баспаханадағы жұмыстың қиындығына қарамастан, өз ісін адал атқарып, тынымды тірлігінің арқасында өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман. Соның нәтижесінде бүгінде аға баспашы болып отыр. Қашанда өзіне жүктелген жауапкершілікті адал атқаратын азамат әріптестері арасында сыйлы.

Негізгі мамандығым — технолог. Алайда осы салаға бет бұрып, баспахананың қыр-сырын үйрендім. Бұрын газет-журнал басып шығару үшін көп уақыт кететін. Қазір соңғы үлгідегі заманауи құрылғылардың арқасында газет басу жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Мәселен, бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған дана газетті басып шығара аламыз. Бұл — бүгінгі заманауи құрылғылардың арқасында қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Бүгінде біздің мекемемізде 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Барлығымыздың басты міндетіміз — газеттердің сапалы, бояуы қанық әрі үйлесімді болып шығуын қадағалап отыру. Сондай-ақ газеттерден бөлек, баспаханамызда кітаптар, кітапшалар, түрлі буклеттер мен дипломдар, ашық хаттар басылып шығады, — дейді ол.

Баспа қызметкерінің айтуынша, баспаханаға қажетті материалдар Алматы қаласына көрші  Ресей елінен әкелінеді. Оның ішінде қағаз, түрлі бояулар, пластиналар мен басқа да өнімдер бар. Газеттер баспаханадағы үнділік «Manugrapһ» және «Starline S30» баспа станоктары арқылы басылады. Мұнда облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінен бөлек, республикалық, аудандық басылымдар жарыққа шығады. Баспадан басылып шыққан барлық газет сұрыпталып, буып-түйіледі. Сөйтіп, таңертең облыстағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының бөлімшелеріне жеткізіледі.

— Біздің жұмысымыз түн мезгілінде басталады. Сондықтан жұрт шырт ұйқыда жатқанда біз тынымсыз еңбек етеміз. Таң алдында газеттер басылып шыққан соң ғана жұмыстан шығамыз. Бүгінге дейін газетті тұрақты түрде сапалы күйде, мерзімінен кешіктірмей тапсырып келеміз. Бұл да зор жауапкершілік пен еңбектің жемісі деп білемін. Жалпы, өз жұмысымды жақсы көремін. Осындай облыстағы үлкен баспаханада еңбек етіп жатқаныма қуанамын, — дейді кейіпкеріміз.

Асылғали Жұбаназаров — өз кәсібін жан-жақты меңгерген тәжірибелі баспашы ғана емес, отбасында асыл жар, үлгілі әке. Ол келіншегі екеуі отбасында 4 бала өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button