Басты жаңалықтарМереке

БАҚ қызметкерлері күні: қаламды алаңға ауыстырған күн

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ақпарат саласы мамандары өздерінің «кетпен-күрегін»—  қаламы мен микрофондарын бір сәтке үстел үстіне қалдырып, қолдарына доп алып, алаңда кездесті. «БАҚ кубогы» деп аталатын іс-шаралар топтамасы аясында мереке иелері спорттық ойындарға қатысып, интеллектуалдық сайыстарда бағын сынап, бабын көрсетті. «БАҚ кубогын» облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.  «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері барлық іс-шараға белсенді қатысып, жоғары жетістіктер көрсетті.

 Футболда сыналға нсәт

БАҚ қызметкерлерінің уақытының тығыздығына байланысты футбол турнирі қысқартылған форматта өткізілді. Өткен жылы «Алан» бағдарламасы бойынша жаңарған №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өткен шағын футбол турниріне алты команда қатысты.

Олар—  «Ақтөбе Медиа» ЖШС, облыс әкімінің баспасөз қызметі, облыстық ішкі саясат басқармасы командасы, «Aqtobe» телеарнасы, аудан әкімдіктерінің баспасөз қызметінің командасы және телеарналар мен басылымдардың меншікті тілшілері командалары.

Қатысушылар үш командадан екі топқа бөлінді. «Ақтөбе Медиа» тобына облыстық телеарна мен аудандардан келген әріптестер қосылды.

Жарыс басталар алдында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешев мереке иелерін құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі:

— Бұл турнирді кәсіби мерекелеріңізге орай арнайы ұйымдастырдық. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлер 28 маусымда өтетін гала-концертте марапатталады, — деді басқарма басшысы.

Ойын өте тартысты өтті. Бірнеше жылдан бері осындай мерекелерде өткізілетін спорттық жарыстарда негізгі қарсылас болып келе жатқан «Aqtobe» телеарнасы мен «Ақтөбе-Медиа» бұл жолы да қызықты ойын өткізді. Ақпарат саласындағы қызметі барысында достық қарым-қатынас орнаған облыстағы екі үлкен медиа компания футбол алаңында бір-біріне есе жібермеуге тырысты. «Aqtobe» телеарнасының негізінен жастардан құралған командасы «АқтөбеМедианың» орта жастағы жігіт ағаларына қарағанда ебі де, бабы да мықтырақ секілді көрінгені рас. Бірақ кейде бақ пен бап қатар шаба бермейтіні бар — бағы басым түскен «АқтөбеМедианың» әуесқой футболшылары есепті 2:1 қылып жапты. Біздің көлік жүргізушіміз Жақсылық Елеу спорттық шаралардың қай-қайсысында да өзінің шеберлігін, дайындығын көрсете білді. Футболда да Жақсылықтың қажыр-қайраты көрінді: фототілші Айзат Атшыбаев берген допты лезде іліп алып, қарсыластың қақпасына топ еткізді. Екі рет. Шешуші голдар біздің команданы жеңіске жақындатты.

Бірақ қуануға әлі ерте еді. Біздің команданың әлі де бірнеше қарсыласпен ойнауына тура келді. Бірнеше матчты қатарынан ойнаған жігіттеріміз әлде шаршады ма, әлде негізгі қарсыласты жеңгеннен кейін сәл босаңсып кетті ме, әйтеуір, кейінгі командалармен ойнағанда есе жіберіп алып жатты. Ауданнан келген әріптестермен өткен ойын тең аяқталды. Бірақ облыстық ішкі саясат басқармасы командасы біздің жігіттерді бірінші орын аламыз деген үмітінен айырғандай еді. Есеп — 3:7.

Сайыс қорытындысында меншікті тілшілер мен облыстық ішкі саясат басқармасы командаларын жеңген «Aqtobe» телеарнасы турнир жеңімпазы атанды. «АқтөбеМедиа» үшінші орынды місе тұтты.

Волейбол алаңындағы ойын

Келесі күні ақпарат саласы қызметкерлері №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан жарыс өткізді. Бұл додаға бес команда қатысты. Бір ерекшелігі сол — командада үш ер едам, үш әйел адам болуы керек болды.

Бұл жолы да «Aqtobe» телеарнасыволейбол алаңында кездескен «АқтөбеМедианың» әуесқой волейболшылары жеңіске жетті. Меншікті тілшілер мен аудандардан келген әріптестердің командасыменөткен ойы тартысты болды, бұл жолы біздің команда есе жіберіп алды: 1:2. «АқтөбеМедианың» ойыншылары турнирдің болашақ жеңімпаздарын бір партияда жеңген жалғыз команда болғанын айта кеткен ләзім.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің командасымен ойында біздікілер сөзсіз жеңіске жеткенімен, облыстық ішкі саясат басқармасы командасымен ойында өздерінің шаршағандықтарын байқатып алды. Басқарма басшысының өзі бастап келген жас команда сергек әрі шапшаң көрінді.

Біздің команда ойын соңына дейін жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Команданы алға сүйреген көлік жүргізушісі Жақсылық Елеу мен «Үштаған» журналының тілшісі Самат Нарегеев әріптестердің мықтылығын асырып, әлсіз тұстарын жасыруға тырысты. Нәтижесінде меншікті тілшілер мен аудандардан келген әріптестер командасы — бірінші орын, «Ақтөбе Медиа» командасы — екінші орын, облыстық ішкі саясат басқармасы командасы үшінші орынға ие болды.

— Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді. Мереке иелері ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де қызығушылықпен қатысты. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіледі деп ойлаймын. Келесі турнирлерде журналистермен өзара байланысты нығайту үшін қосымша командалар жасақтау жағы да қарастырылатын болады. Тұтастай алғанда мереке қарсаңында өткізілген іс-шаралар қатысушылардың көңілінен шықты деп ойлаймыз, —  деді облыс әкімі аппаратының қоғаммен байланыс жөніндегі бас инспекторы Сәкен Даржанов.

P.S. Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тек спортта ғана емес, интеллектуалдық сайыста да мықтылығын көрсетуге тырысты. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай өткізілген «Масс-медиа QUIZ» интеллектуалдық ойынына «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері де қатысты. Алайда әріптестер бір команда болып топтасқан жоқ, себебі ұйымдастырушылар  талабына сәйкес команда мүшелері жеребе бойынша анықталды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан барған облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Мейрамгүл Рахатқызы, тілші Айбек Тасқалиев, «Актюбинский вестник» газетінің фототілшісі Қуандық Төлемісов, кадр бөлімі маманы Есенжан Керіковтер жақсы ойын көрсетті.  Интеллектуалдық сайыста әртүрлі тақырыптарда қызықты сұрақтар қойылып, ойыншылар жылдам әрі тез жауап беруі керек болды. Бұл сайыста да біздің әріптестер жүлделі орыннан көрінді.

 М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button