Тарих

Қазақ археология ғылымының атасы 

Қазақтың аса көрнекті археологі, шығыстанушы, тарихшы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымының докторы (1946), ҚазКСР ҒА академигі (1958), профессор (1960), ҚазКСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961), археология және этнография мектебінің негізін салушы, бір сөзбен айтқанда, қазақ руханиятындағы дара тұлғалардың бірегейі Әлкей Хақанұлы Марғұланның туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

1904 жылы 11 мамырда Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген Әлкей бесжасындаоқып, жазабілудіүйренді, балакезінде«Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «ҚозыКөрпеш-Баянсұлу»дастандарынжатқа білген.Болашақ археологтің ата-анасы да осал адамдар болмаған. Олар білімді, Шығыс мәдениетімен таныс адамдар болған. Соның арқасында ата-анасы бала Әлкейдің өсуіне, оқып-білім алуына, рухани дамуына жәрдем берді. Әлкейдің әкесі, атақтыОлжабайбатырдыңтікелейұрпағы Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын, халық əндеріменАбайəуендерінжиіазайтып отыратын болған. Ұлының алғырлығын байқаған әкесі баласына «Қазан» баспасынан шыққан кітаптарды, «Айқап» журналындағы мақалаларды оқып беретін. Жастайынан Шоқан Уәлиханов секілді эпостық жырларға қанығып өсіп, көптеген ақын-жыраулардың жырын жатқа оқыды. Олардың шығармаларына қызығып, сол кезден-ақ қисса-жырларды жазып алып жүрді. Әкесі Әлкейді жанынан бір елі тастамай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов секілді тұлғалардың тәрбиесінен өткізеді. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалымМəшһүрЖүсіпКөпеев, ЖаяуМұса, ИмантайСəтбаевжəнеқазақдаласынабелгілібасқадаадамдаржиібасқосқан. Міне, сол кезеңде Әлкейдің ғалымдық, қайраткерлік қасиеттері қалыптасты.

«Оның әкесі де, анасы да осал болмағанға ұқсайды. Олар өз уақытына сай білімді, шығыстың мәдениетімен таныс адамдар болған. Әкесі мен анасы баласының оқуына, рухани дамуына жәрдемдескен. 1920 жылы Ленинградқа барып оқу оңай емес еді. Әлкей Марғұланның ғылымға деген құлшынысы оның тегінде бар»,— дейді профессор, тарих ғылымының докторы Уахит Шәлекенов.

Әлкей бастауыш білімді ауыл мектебінен алды. 1919 жылы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, 1920 жылы курсты бітірген соң, туған ауылына оралып, Далбы мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Білімнің әлі де жеткіліксіздігін сезген ол 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Осы жылдар аралығында «Таң»журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында қызмет атқарады. Осы жылдары Мұхтар Омарханұлы Əуезовпен танысады, екеуінің арасындағы достық ұзақ жылдарға созылған сыйластық қарым-қатынасқа айналады. М.Әуезовпен бірге Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға барып, Абайдың баласыТұрағұлмен, немересі Жəбірейілмен таныс болады. Сонымен бірге осы жылдары атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевпен танысып, достық байланыста болады.

«1925 жылы Мұхтар маған: «Сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр. Сол арада жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс», — деді», — деп Әлкей Марғұлан өз естелігінде досы Мұхтар Әуезовтің айтқан ақылын есіне алады.

Осылайша М.Әуезовтің кеңесі бойынша 1925 жылы Әлкей Хақанұлы Ленинградқа сапар шегіп, 1925-31 жылдар арасында Шығыс институтының əдебиет факультетіне түсіп, бір уақытта Ленинград университеті жəне өнер тарихы институтының дəрістерін тыңдайды. Түркітанушы Е.Бертельстің, арабтанушы, Құран кəрімнің аудармашысы жəне білгірі И.Крачковскийдің, эпостанушы В.Жирмунскийдің, академиктер К.Розановтың, Е.Тарленің еңбектерімен танысады. Ғылым негіздерін табысты игере отырып Ә.Марғұлан Ленинград университеті мен өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, әдеби және архив деректерін жинады. Осы жылдары ол əдеби шығармашылық қызметке де ден қояды. Оның аудармасы арқылы қазақ оқырманы алғаш рет атақты орыс жəне шетел жазушыларының шығармаларымен танысады.

1926-1927 жылдары Әлкей Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография жұмысына қатысып, экспедиция барысында ол Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады.

1928 жылдан бастап Әлкей Марғұлан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды.1929 жылы Шығысинститутындағы оқуын бітіріп, Абай шығармашылығы туралы дипломдық жұмысын табысты қорғап шықты.Ол орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады.

Әлкей Марғұлан Ленинградта оқып жүрген кезде қазақтың халық әндерін жинаушы Александр Затаевичпен танысады. Демалыс кезінде Затаевичпен бірге туған өлкеге келіп, халық әндерін жазып алумен айналысады. Аспирантурада оқып жүріп, бірқатар археологиялық экспедицияларға қатысады. Қазақтың салт-дәстүрі, музыкасы мен фольклоры, жер-су атаулары туралы мақалалары мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Қазақстанның аса көрнекті қайраткерлері туралы зерттеу мақалаларын да жазды.

Ленинградтағы КСРО ғылым академиясының материалдық мәдениет тарихи институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасып, орыстың танымал тарихшыларымен, археологтармен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, үлкен тәжірибе жинайды.

Бірақ 1934 жылы Сталиндік қызыл қырғын басталған кезде Қазақстанның бір түкпірінен келген, болашағынан мол үміт күттіретін жас ғалымның өз ұлтының тарихына ерекше ден қоюы назардан тыс қалмады. Әйгілі Алашорда қайраткері Әлихан Бөкейхановпен таныстығы да сыныққа сылтау болды. Осылайша Әлкей Марғұлан алдымен қамауға алынады. Сосын оны Петропавл бекінісінде оқшаулап ұстайды. Ақырында жүйке аурулар ауруханасынан бір-ақ шығады.

Ауруханадан әрең дегенде аман шыққан археолог туған елге жаны да, тәні де күйреп оралады.Сүйген жары, Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев сияқты үзеңгілес достары бар ғалымды алда жақсылық пен жаңалыққа толы өмір күтіп тұр еді.

Ол 40 жасында аса күрделі тақырып Едіге, Қозы Көрпеш, Қобыланды батыр жырлары негізінде қазақтардың аңыз-әфсанары мен фольклорынан докторлық  диссертация қорғады. Осылайша ол ауыз әдебиеті арқылы тараған осынау аса көрнекті шығармалардың жүздеген жыл бұрынғы Алтын Орда, Қараханидтер дәуірімен тарихи байланысын аша білді.

Қазақстан тарихы мен қазақ халқына қатысты дәйектерін ашық айтатын болса, қуғын-сүргіннен құтыла алмасын жақсы түсінген ғалым археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, еліміздің бүкіл материалдық құндылықтарын жарыққа шығарып, бабадан қалған асыл мұраны жаңғыртты. Көп ұзамай Әлкей Марғұланның бастамасымен қазақ даласының әр түкпіріне бірнеше археологиялы және этнографиялы экспедиция ұйымдастырылды. Ғалым керуен жолымен және көшпелі қазақтардың ізімен мыңдаған шақырым жол жүріп, ондаған археологиялық ескерткіш тапты. Ол біздің эрамызға дейінгі екі мыңжылдықтың өзінде Қазақстан аумағында өте жоғары деңгейде дамыған өркениеттің болғанын тайға таңба басқандай дәлелдеп берді.

Осы экспедицияларда жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбегі жарық көреді. Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монографиялық еңбегінде бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала цивилизациясының, негізгі орталықтарына түгелдей жан-жақты ғылыми сипаттама, терең талдау жасалған.  Сонымен бірге ғалым мұндай өркениет ошақтары Қазақстанның Солтүстігі мен Шығысында да болуы мүмкін деген болжам жасады. Осылай, Әлкей Марғұлан өзіне дейінгі зерттеушілердің қазақ даласында ешқандай өркениет болмаған деген жаңсақ пікірін жоққа шығарды.

«Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстан экспедициясын басқарып, қола дәуірінің, темір дәуірінің, орта ғасырдың ескерткіштерін ашты. Сөйтіп, Орталық Қазақстанда қола дәуірінде түсті металды илеп, одан бұйымдар жасағанын дәлелдеді. Орталық Қазақстанның дүниежүзі бойынша түсті металдардың отаны екенін дәлелдеп берді»,— деді тарих ғылымының докторы, профессор Уахит Шалекенов.

Әлкей Марғұланның Беғазы-Дәндібай сынды ірі өркениет ошағын ашуы — Қазақстан үшін ғана емес, басқа да бірқатар елдер үшін айрықша маңызды жаңалық. Оның жетекшілігімен 30 жылға жуық уақытқа созылған археологиялық қазба жұмыстары қола дәуірі мен ежелгі көшпелі тайпалар кезіндегі ескерткіштер табылды. Бұл зерттеулер номадизм және Қазақстандағы ежелгі қоныстардағы шаруашылық пен мәдениеттің даму процесіне қатысты бірқатар негізгі теорияларды қайта қарауға бастама болды. Осы зерттеулердің арқасында Андронов қоғамының арғы тегі сақтар мәдени қауымы екендігі жалпы көпшілік мойындаған ақиқатқа айналды. Бұл еңбек ғылыми қауымдастыққа түркі әлемінің адамзат өткениетіндегі ежелгі орталық екенін және оның негізінде тау-кен ісі мен металлургия жатқанын дәлелдеді. Осы жұмыстарының негізінде бірнеше іргелі монографиялар жазылып, Қазақ КСР-нің тарихы атты бес томдық жарыққа шықты.

Қола дәуіріндегі Беғалы-Дәндібай мәдениетінің табылуы тағы бір тарихи жаңалықтың ашылуына септігін тигізді. Ғұлама ғалым Сарыарқа жерінде сол ерте дәуірдің өзінде-ақ тау-кені ісі мен металлургия дамығанын айтып, осы өңірде мыс және қалайы кен орындарының жұмыс істегенін дәлелдеп берді.

Ә.Марғұлан өмірінің соңғы он бес жылында Шоқан Уәлихановтың ғылыми-әдеби мұрасын игерумен шұғылданды.Тарих ғылымдарының кандидаты, марғұлантанушы Марван Хамитованың интернет беттерінде жарияланған мақалаларына сүйенсек, кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Шоқан мұраларын тауып, жариялау мақсатында қатарынан алты мәрте ғылыми топ құрғызған екен. «Шоқантану да қазақ ғылымының үлкен бір саласы болғандықтан, өз ішінде этнография, тарих, археология, әдебиеттану, нумизматика, тастағы жазу болып бірнеше салаға бөлінеді. Осы себепті де әр саланы зерттеген Ш.Уәлихановты тануға бел шешкен ғалым жан-жақты оқымысты болуы шарт. Мысалы, Шоқан түрлі саяхат барысында жолда кезіккен әртүрлі шөп, ағаш немесе аңның атын қазақша (араб әрпімен), орысша, латынша, парсыша жазған. Сондықтан Шоқанның еңбектерін зерттеу ғалымдарға оңай тимеген. Тығырыққа тірелген Қ.Сәтбаев Орталық Қазақстанда экспедицияда жүрген Ә.Марғұланды шақыртып, Шоқанды зерттеу тобын басқаруға көндіреді. Әлкей Хақанұлының бастамасымен іс ілгері басады. Ә.Марғұланның басқаруымен екі жылдан соң 1958 жылы Шоқан Уәлихановтың таңдамалысы, 1961, 1962, 1964 жылдары I, II, III томдары, 1968, 1972 жылдары IV, V томдары жарық көреді. Шоқанның осы бес томдық шығармалар жинағын кезінде академик Р.Бердібаев «ірі іргелі зерттеу еңбек» деп жоғары бағалады. Шоқан мұрасын көп жылдар бойы зерттеудің жалғасы ретінде 1971 жылы Ә.Марғұланның «Шоқан мен Манас» атты монографиясы жарық көрді.

«Мен өмірімнің ең жеміс беретін шағын, қайрат-қуат мол жылдарын Шоқанды әлемге танытуға арнадым. Мүмкін, сол себептен кезектегі өзімнің еншімнен қағыс қалған шығармын, көкіректе сайраған талай ойлар бар еді. Бірақ өкінбеймін. Шоқан — көп адамдар өмірін арнауға тұратын жан. Ол өте алғыр, көптеген ұшқыр ойдың иесі еді, оның еңбегін ұрпаққа түгел жеткізбеу обал болатын болды», — деген екен ғалым Шот-Аман Уәлихановқа. Осы орайда «Көзі тірісінің  өзінде-ақ, көптің аузында аңызға айналатын ақылман алыптар, айтулы батырлар болады. Сондай біртуар сиректердің, феномендердің бірі академик Әлкей Марғұлан еді. Алып Мұхтар Әуезов Абай тұлғасын  әлемге қалай танытса, академик Әлкей Марғұлан да Шоқан бейнесін жер жүзілік аренаға солай танытып кетті. Осы еңбектің өзі–ақ оған өлместік кітабының төрінен сыйлы орын әперер еді» деп жазған ақын Мұзафар Әлімбайдың пікірі әбден орынды екенін түсінеміз»деп жазады автор.

Әлкей Марғұлан мен оның жары, медицина ғылымдарының докторы Раушан екеуі Данель есімді қызды дүниеге әкелді. Бүгінде Данель Әлкейқызы да әкесінің жолын жалғастырып, ғылым кандидаты атанды.«Әкеміз үнемі жұмыстан қолы босамайтын. Ғылым оның хоббиі болды, ол өмірін археологияға арнады. Күндіз-түні ұйықтамай, үш-төрт сағат қана көз іліп, қайтадан жұмыс үстеліне отыратын. Өмірінің соңғы жылдарын Қазақстан архитектурасын зерттеуге арнады, кейіннен дәл осындай атаумен еңбегі жарық көрді», — деп еске алады қызы Дәнел Әлкейқызы.

Әлкей Марғұлан қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Ғалым өмірінің соңғы күніне дейін зерттеулерін тоқтатпаған. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар, 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми мұра қалды. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлдерiне де аударылды. Әлкей Марғұлан педагогика бағытында да еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегі мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады.

Ғалым 1985 жылы 11 қаңтарда 80 жасында қайтыс болды.

1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да, республиканың көрнекті ғұлама ғалымы Ә.Марғұлан академияның корреспондент-мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болып сайланды. 1960 жылы оған профессор, 1961 жылыҚазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Ғалым «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» атты монографиясы үшін Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ ССР ҒА-ның сыйлығына ие болды. Әлкей Марғұланның ұзақ жылғы қоғамдық өмірдегі және ғылымдағы үлкен еңбегі жоғары бағаланып,Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, медальдармен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен  марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды.

1991 жылғы 6 қыркүйектегі Қазақ  КСР Министрлер Кабинетінің  арнайы №73 Қаулысымен  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Археология орталығы негізінде Археология институты құрылып, оған көрнекті ғалым археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, академик  Ә.Марғұлан есімі берілді.

Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалалары мен Баянауыл ауданындағы мектептер мен көшелерге Әлкей Марғұланның есімі берілді.Павлодар, Астана, Алматы мен Екібастұзда Марғұлан атындағы көшелер бар. Елімізде Әлкей Марғұлан атында мектептер мен музейлер де бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Әлкей Марғұлан атындағы стипендия тағайындалып‚ музей ашылды әрі бұл шаһарда ғалымның ескерткіші орнатылды.Сонымен қатар оның атымен халықыралық қор ашылған.2004 жылы Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен әлемдік деңгейде аталып өттi.2008 жылы қаңтарда Алматыда Әлкей Марғұланның ескерткіші салынды.

Биыл 11 мамырда Әлкей Марғұланнывң туғанына 120 жыл толды. Елімізде ғалымның мерейтойына байланысты бірқатар іс-шаралар өткізідіп жатыр. Марғұлан университетінің қабырғасында Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Марғұлан оқулары-2024» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

«Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады», — деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде. Есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылатын тұлғалардың бірі де бірегейі Әлкей Марғұланның ұлтына қалдырған мұрасы өлшеусіз.

Мақала ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button