Жаңалықтар

Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді

Сессия жұмысына қатысқан өңір басшысы Асхат Шахаров бюджет қаражатын қайта бөлудің маңыздылығын атап өтті.

«Бюджетті түзету ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларды қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді, бұл біздің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды үлес саналады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясында депутаттар Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізіп, 15,4 млрд теңгені қайта бөлді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а. Айгүл Ерғалиева депутаттарға 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жобасын ұсынды.

Жобаға сәйкес, облыстың құрылыс басқармасы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алуға, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында салынып жатқан білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне инженерлік желілер салуға, Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылында екі коммуналдық үй және Хромтау ауданының Қопа ауылында спорт кешенінің құрылысын аяқтауға және де басқа мақсаттарға 2,2 млрд теңге бөлді.

«Бюджет қаражаты бірқатар нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге бағытталған. Олардың арасында Жем қаласындағы амбулатория және Шалқардағы В.Цеханович атындағы спорт мектебі бар. Спорт кешенінде бір ауысымда жүзден астам спортшы жаттығады. Алтын Орда шағын ауданында бес мың орындық тағы бір спорт кешенін салу жоспарлануда. Сондай-ақ, 420 орындық үлкен залы және 280 орындық кіші залы бар Ақтөбе облыстық драма театры үшін ғимарат салуға ЖСҚ дайындалады», – деп түсіндірді Айгүл Ерғалиева.

Сонымен қатар, бюджет қаражаты өзекті мәселелерді шешу үшін білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, энергетика және басқа да басқармаларға жолданды.

«Биылғы қиындықтарға қарамастан, су тасқынына байланысты біз өңірді дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруды қысқартқан жоқпыз. Бірінші кезекте бюджет қаражаты өзекті мәселелерді шешу үшін бөлінді. Бұл – ауруханалар мен мектептер салу, жұмыс істеп тұрған объектілерді заманауи техникамен жарақтандыру, елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз ету, жолдарды, инженерлік желілерді жөндеу және салу. Ауыл шаруашылығын дамытып, мал басын көбейтіп, егістік алқаптарын кеңейтуіміз керек. Аграрлық секторды қолдау үшін екі миллиард теңге субсидия бөлінді. Бұл қаражат жергілікті фермерлерге қажетті техникалар, сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды сатып алуға, сондай-ақ мал азығын өндіру көлемін ұлғайтуға көмектеседі», – деді әкім.

Асхат Шахаров жұмыстарында олқылығы көп, тұрғындар тарапынан көп шағым түсетін мердігерлік ұйымдарға қатысты мәселелер бар екенін атап өтті. Еске салайық, облыс әкімі өткен аптада ғана мердігерлермен кездесіп, жұмыстардың сапасы мен аяқталу мерзімдері бойынша талаптар күшейтілетінін ескерткен еді.

«Біздің алдымызда көптеген міндет тұр және оның әрқайсысы өз шешімін табады. Желтоқсан айында облыс бюджетіне тағы да өзгерістер енгізіледі. Бұл қаражатты қосымша қаржыландыруды талап ететін басым бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік береді. Біз бюджет ресурстарын тиімдірек пайдалану және өңір үшін маңызды жобаларды қолдау үшін шығындарды анықтап, қайта түзетуді жоспарлап отырмыз», – деді әкім сессия жұмысын қорытындылай келе.

Сессия соңында Асхат Шахаров депутаттарды Республика күнімен құттықтап, өңірдің игілігіне бағытталған жұмыстарына табыс тіледі. Мерекенің елдің бірлігі мен өркендеуінің символы ретіндегі маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өңірдің өсіп-өркендеуі жолындағы бірлескен күш-жігер жаңа биіктерге жетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button