Жаңалықтар

Депутаттар бастады, студенттер қостады

Республика күні қарсаңында облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен студенттер «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, 100-ге жуық ағаш егіп, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты.

Экологиялық іс-шара Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан «Дина» гипермаркеті аумағында өтті.
ШаҺарды көгалдандыруға қатысты игі іс-шаралар негізінде қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. «Бұл— туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық», — дейді акцияға қатысушылар. Облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов ағаш отырғызу — экологиялық таза болашаққа жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
— Бұл уақытша науқан емес. Осындай маңызды жобалар жыл бойы жалғаса беруі қажет. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау қала тұрғындарының күнделікті дағдысына айналуы керек. Ал табиғатты ластап, қоршаған ортаға зиян келтіретін адамдардың әрекетін заң бойынша қадағалау маңызды, — деді ол.
Жаңадан егілген тал-көшеттер қалаға сән беріп қана қоймай, осы шағын аудандағы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді. Акцияға қатысушы қоғам белсенділері де жас көшеттерге дұрыс күтім жасаудың маңызды екенін айтты.
— Бұл акция — қаланы абаттандыруға қосқан үлесіміз. Болашақта миллион тұрғыны бар қала болуға жақындап келеміз. Сол үшін қаланың архитектурасы бірінші орында екенін ескеру керек. Соның қадамдары жасалып, көрікті жерлер, көгалданған саябақтар қатары толығып жатыр. Осы еккен ағаштардың күтімі мен суару мәселесіне де көңіл бөліп жатырмыз. Сонымен қатар бірлескен отырыста қала сыртында орналасқан қоқыс алаңдарына да тал егу жұмыстарын ұсынған болатынбыз, — деді қалалық мәслихат депутаты Амантай Үмбетай.
Айта кетейік, бағдарламаны іске асыруға 405 мыңнан астам ақтөбелік қатысқан.
Биыл көктем мен күз айында облыс аумағында 350 мыңнан астам ағаш егілді.
Сенбіліктер кезінде 98 мыңнан астам аула, 300-ге жуық саябақ пен сквер жиналды. Сонымен қатар 206 су айдынының жағалауы, 85 мың метрден астам арық, 42 субұрқақ, 257 ескерткіштің айналасы қоқыстан тазартылып, полигонға 71 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Аумақтарды жинауға және қоқысты шығаруға 5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button