Жаңалықтар

Коммуналдық қызмет қысқа дайындық үстінде

Облыс әкімі Асхат Шахаров «АТК қызмет» коммуналдық мекемесінің базасында болып, техникалардың қысқа дайындығын қарап шықты.

2023 жылдан бастап мекеменің тұрағы 85-тен астам техникамен толықты. Соның ішінде 18 тұз шашатын, 14 қар таситын көлік және 8 жүк тиегіш, 4 жаңа автогрейдер, 8 жаңа трактор қысқы маусымға әзір. 200 тоннадан астам инертті материал да дайындалыпты.

Өңір басшысы қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына жауаптыларға қысқа дайындықты күшейтуді, сонымен қоса, жолдар мен тұрғындар жүретін аумақтарға қыста мұзды ерітетін қоспаларды көбірек пайдалану керектігін айтты.

«Біз биыл облыс орталығының бірнеше көшесінің бойына брусчаткалар төседік. Қала көркін аша түскені анық. Енді қысқы кезеңде күтіп-ұстау мәселесіне көңіл бөлу керек. Тротуарларға мұз қатады, оны коммуналдық қызмет қатты металмен ояды. Дұрыс емес. Арнайы қоспаларды пайдаланып, мұзды уақытылы жинап алу керек. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды», – деді Асхат Шахаров.

«АТК қызмет» директорының орынбасары Қуаныш Оңалбаевтың сөзінше, мекеменің өзіне бекітілген аумақта техника жетіспеушілігі жоқ. Барлық техника екі ауысыммен жұмыс істейді. Одан бөлек, мекемеде көктемде су соратын техникалар, 2 автокран, жұмысшыларды таситын 4 жеңіл газель бар.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button