Ақтөбе — 155

Көне ғимараттар — тарих куәгері

Тарихтың түрлі кезеңдеріне тән ескі ғимараттар әрдайым қала келбетін айшықтап тұрады.

Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда Ақтөбенітарихи архитектуралық ғимараттарға бай қала деп айта алмаймыз.Әр кезеңде және түрлі себептерге байланысты қаладағы көптеген ескі архитектуралық ғимараттар жойылып кеткен. Бекініс салынған алғашқы жылдардағы ғимараттар ағаш пен саман тастан салынуына байланысты бізге дейін жетпеді.  Ақтөбедегі сапалы материалдардан тұрғызылған алғашқы құрылыстарды 1891 жылы уездік қала мәртебесі берілуімен байланыстыру керек. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына тиесілі ескі ғимарттар арасында бүгінге дейін сақталғандары да бар. Олар сол заманға архитектуралық, инженерлік шешімдер арқылы бүгінгі күні де мамандар назарын аударатыны сөзсіз.

Өткен ғасырдың басында Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты Ақтөбеде теміржолвокзалы, су мұнарасы, әскери казармалар, тұрғын үйлер, басқа да жаңа ғимараттар бой көтерді. Ескі  вокзалдың өз ғимараты 1973 жылы жаңа вокзалдың құрылысы үшін сүрілгенімен, оның айналасына алғаш салынған тұрғын үйлер мен казармаларды кейін бой көтерген көпқабатты үйлердің арасынан әлі де байқауға болады. Герцен көшесі бойымен келе жатқанда алдыңыздан мен мұндалап көрінетін қызыл кірпіштен салынған шеңбер пішінді «Струя» су мұнарасының тарихы да Орынбор-Ташкент теміржолымен тығыз байланысты. Су мұнарасын 1903 жылдың көктемінде алғаш іске қосар кездесу қатып қалып, паровоздарға су құю қиынға соққан. Бұл өз кезегінде Ақтөбе теміржол вокзалының уақытында тапсырылуын кешеуілдеткен. Бұл олқылық 1904 жылдың қаңтар айында алғаш 6 вагоннан тұратын Орынбор-Ташкент пойызы келетін уақытқа дейін реттеліп, су мұнарасы іске қосылды. Азамат соғысы жылдарында ақтар мен қызылдар арасында осы мұнараның үстіне зеңбірек қоймауға уағдаластық болды. Су мұнарасының бүгінге дейін бүтін жетуіне осы келісімнің пайдасы тиген. 1930 жылы оның жанына сегізбұрышты екінші су мұнарасы орнатылды. Қазіргі уақытта нысан «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС меншігінде және өзінің бастапқы функциясын әлі де орындап келеді.

Сақталған көне ғимараттардың екіншітобы — оқу-ағарту ісінің қалыптасуымен байланысты ғимараттар. Бөрте болысында 1881 жылы ашылған 2 кластықорыс-қырғыз (қазақ) училищесі Ақтөбе уезіндегі алғашқы оқу орны болып саналады. Уезд орталығындағы училище ғимаратының құрылысы 1883 жылы аяқталып, 1884 жылы жаңа оқу жылына қарай училище Бөрте болысынан көшіріп әкелінген.Бұл ғимарат қазіргі Шернияз және Некрасов көшелерінің қиылысында орналасқан. Қазан мұғалімдік семинариясын бітірген Арсений Мазохинучилищенің алғашқы мұғалімі болып тағайындалды. Халық ағарту ісінің дамуына елеулі үлес қосқан Ы.Алтынсариннің 1879 жылы Торғай облысындағы училищелерді бақылайтын инспектор болып тағайындалуына байланысты ел арасында бұл оқу орны Ы.Алтынсариннің мектебі деп те аталған. Қазір бұл ғимаратта облыстық тері-венерологиялық диспансері орналасқан.

Сол кезеңде Ы. Алтынсариннің бастамасымен қазақ қыздарына арналған оқу орындары да ашыла бастады.1894 жылы біздің қалада ашылған тұңғыш орыс-қырғыз (қазақ) қыздар мектебі ғимаратының құрылысына Ақтөбе уезінің бай қазақтары өз еркімен қаражат жинаған.Бұл ғимарат қазіргі Некрасов және Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан.Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде жекеменшікке өтіп кетуіне байланысты, ғимараттың бастапқы келбеті сақталмаған.

Ы.Алтынсарин жәнеЖанқожа батыр көшелерінің қиылысында орналасқан екі қабатты ғимарат1908 жылы қалалық училище ретінде салынған. Бұл ғимарат 1925 жылға дейін Тихон Устиновтің жекеменшігінде болды. Кейіннен онда губком, баспахана (облыстық газет басылған), земправление, тіпті түрме деорналасты. Сол уақыт үшін ғимараттың едәуір аумақты екенін ескерсек, онда әртүрлі бағыттағы бірнеше мекеме қатар орналасқан. Соғыс кезінде бұл жерде архив болып, ал 1956 жылы ғимарат түгелдей Пионерлер үйіне беріледі де, Жанқожа батыр көшесіне шығатын алаңы кеңейтіліп, қайта салынады. Қазір ғимаратта Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы орналасқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қаламыздағы бірқатар ғимараттар жаралыларды емдейтін госпитальге айналды. Қазіргі Ы.Алтынсарин және Т.Ахтанов атындағы көшелердің қиылысында орналасқан қалалық жер қатынастары бөлімінің ғимараты да солардың қатарында болды. Ол 1938 жылы қонақүй ғимараты ретінде салынған. 1941-1944 жылдары мұнда 3601-көшпелігоспиталь орналасты. Одан соң 1961 жылға дейінгі аралықта бір уақыт облыстық партия комитетінің ғимараты болды. Ахтанов көшесіндегі қазіргі қалалық№2 емхананың ғимаратында да Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери госпиталь орналасты. Аурухананың бастығы майор Милославский болды. 1944 жылы оны Ялтаға көшіріп әкеткен. Жалпы, бұл — Ақтөбе қаласында салынған алғашқы іргелі медициналық ғимарат. Құрылысы 1935 жылы басталып, 1937 жылы қолданысқа берілген.

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекет қорғауына алынған тарихи ғимараттардың бірі — 1928 жылы салынған теміржолшылар Мәдениет үйі. Ғимарат архитектурасы 30-жылдардағы конструктивизм стилінде салынған. Сыртынан қарағанда паравозды еске түсіреді. Қазір бұл ғимаратта «Локомотив» кинотеатры орналасқан.Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген бұл ғимараттың тарихындағы айшықты оқиғалардың бірі — 1942 жылы Мәскеуден Ташкентке бара жатқан жазушы А.Толстойдың Ақтөбеге де аялдап, қала еңбекшілерінің жиынына қатысып, сөз сөйлеуі.Кейіннен осы оқиғаға орай мемориалды тақтайша орнатылған. Айта кетейік, бұл жиынға Нұрпейіс Байғанин де қатысқан.

Ескі ғимараттар — қала тарихының куәгері. Сондай-ақ олар туризм саласын дамытуға да септігін тигізеді. Алайда уақыт өте келе ғимараттар тозып, жаңартуды және қалпына келтіруді қажет етеді. Әрине, бұл жұмыстарды олардың бастапқы келбетін сақтай отырып жүргізу керек. Қала тұрғындары мен басшылығы, қала сәулетіне жауапты мамандар жанашырлықпен қарап, күтімі жолға қойылған жағдайда ғана көне ғимараттарды сақтап, ертеңгі ұрпаққа жеткізе аламыз.

Б.ҚОШАН,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button