Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жайлы жағдай жасалуы керек
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өңірге жұмыс сапары барысында жауаптыларға осындай тапсырма берді.
Жексенбіде Тимур Мұратов Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Алға ауданының Тоқмансай ауылында күніне 25 адамды қабылдауға қауқарлы жаңа медициналық пункт жақында ашылады. Бұған дейін жергілікті дәрігер ескі ғимаратта 300-ге жуық ауыл тұрғынына көмек көрсеткен. Заман талабына сай медициналық пунктте жалпы практика дәрігерінің кабинетінен бөлек процедуралық, күндізгі стационар және дәріхана пункті жабдықталуда. Нысан желтоқсан айының басында халық игілігіне берілмек.
Ал Мұғалжар ауданының Жарық ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы жанданды. Мердігер ҚР Денсаулық сақтау вице-министрін жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтайтынына сендірді. Тимур Мұратов құрылыстың тез салынуы медициналық мекеме сапасына әсер етпеуі керек екенін алға тартты.
Мұғалжар аудандық ауруханасында жаңа жылдан бастап Ауданаралық тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу үшін қосымша нысан салу жұмыстары басталады. Бұл бірнеше аудан тұрғындары үшін көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттырады, сондай-ақ Ақтөбе-Астрахань автожолында орын алатын Төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді жеделдетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары өңірге жұмыс сапарының екінші күнінде Ақтөбедегі қалалық және облыстық балалар стационарлары, көпсалалы облыстық аурухана, облыстық перинаталдық орталық, Ақтөбе медициналық орталығы, сондай-ақ бірқатар қалалық емхананың жұмысымен танысты. Әрбір медициналық мекеменің проблемалық мәселелерін Тимур Мұратов өзінің жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, ол ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаментіне барып, «Ақтөберентген» АҚ зауытында шығарылатын медициналық техникалармен танысты.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.